«АҚ ЖОЛ» ТҮРКІСТАНДА АУЫЗАШАР БЕРДІ
2015 ж. 14 шілде
3653
3
Қасиетті Рамазан айында «Ер түріктің бесігі» атанған киелі Түркістан қаласында Түркия Республиасының қолдауымен жаңадан бой көтерген "Түркістан – Ахмет Яссауи" мешітінде «Ақ жол» демократиялық партиясының ұйымдастыруымен ауызашар берілді.
Сауабы мол осы бір игі шараға «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев, партия төрағасы орынбасарлары, «Қазақ үні» газетінің президенті Қазыбек Иса мен Ерлан Барлыбаев, Мәжіліс депутаты Нұрлан Жазылбеков, «Ақ жол» партиясы Орталық Комитеті төралқа мүшесі, саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов, партияның бақылау- ревизиялық комиссиясының төрағасы Болат Өтепбаев, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары-ОҚО филиалының төрағасы Анарбек Орман, ОҚО филиалы төрағасы орынбасары Құдияр Ибраимов, партияның ОҚО филиалының өкілі Амангелді Өтетілеуов, Түркістан қаласының бас имамы Омар Елеуұлы, түркістандық ел ағасы Иса Пәттеев және басқа да көптеген азаматтар мен Ораза ұстаған қалың жамағат қатысты.
Алдымен ақжолдықтар Ахмет Яссауи кесенесіне табан тіреп, Құран бағыштады.
Айта кету керек, халық қалаулыларының қоғамдағы өзекті мәселелерді биік мінберден қозғап қана қоймай, елордадан шалғайда жатқан өңірлерге арнайы ат басын бұрып, елмен бетпе-бет кездесіп сауабы мол игі шараны өткізуге бастамашы болып жүргендері саусақпен санарлық. Ал, бұл тұрғыда Түркістан тұрғындары партия басшылығына деген шынайы ризалықтарын білдірді. Жиын барысында сөз алған халық қалаулысы Азат Перуашев: «Он екі айдың сұлтаны – Рамазан айы мүбәрак болсын! Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын! Жаратқан иеміз елімізді бақ-береке мен берік бірлігінен айырмасын! Осынау қасиетті айда киелі Түркістан өңірінің халқымен дәстүріміз бойынша тағы да жүздесіп отырғанымызға қуаныштымыз. Қашанда еліміз аман, жеріміз тыныш болғай! «Ақ жол» партиясы елдің мүддесін қорғау жолындағы жұмысын жалғастыра отырып, қашанда халықпен бірге екендігін айтқым келеді» деді.
Сонымен бірге Анарбек Орман, Қазыбек Иса, Мұса Пәттев және т.б. өз ойларын айтып, Ораза тұтқан жамағатқа тілектерін білдірді.
"Қасиетті Рамазан айнда бүкіл түркінің рухани ордасы Түркістанда, Әзірет сұлтан бабамыз бен қазақтың хандары мен би-батырларының рухына зиярат етіп, "Ахмет яссауи мешітінде ауыз ашып отырғанымызға құдайға мың да бір шүкірлік айтайық. Руханиятты басты назарда ұстайтын "Ақ жол" партиясы жыл сайын Түркістан мен Ерейментауда ауызашар беріп келеді. Бұл халықпен тығыз араласып, талап-тілегін тыңдап, есебін берудің жарқын үлгісіне айналуда"- деді Қазыбек Иса өз сөзінде.
Жиынға 150-ге жуық жамағат қатысты. Ауызашарға ел ақсақалдарымен қатар жастардың көбірек жиылғандығы да көңіл қуантты. Имандылыққа бет бұрған жас ұрпақ қатарының көбеюі ел ертеңінің жарқын екендігін көрсетсе керек.
Ауызашар кезінде Орталық мешіттің бас имамы Омар Елеуұлы Рамазан құрметіне Құран бағыштап, уағыз айтып, жиналған жұртшылық тарауық намазын оқыды.
qazaquni.kz