Б. Сапарбаев Калачидегі құпия болған «Ұйқы ауруының» себебін атады
2015 ж. 10 шілде
2461
0
Калачи және Красногорск ауылдарының тұрғындарының «Ұйқы ауруына» шалдығуына улы газ себеп болғанын премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев мәлім етті деп хабарлайды BNews.kz.
«Бүгінде Калачи және Красногорск селолары тұрғындарының ұйқы ауруына шалдығуының себебі анықталды. Ең бастысы, екі селоның тұрғындарын медициналық тексерістен өткіздік. Ғалымдарды, мамандарды, радиация және экология, гигиена және кәсіби аурулар, ядролық физика институттарының қызметкерлерін бұл жұмысқа тарттық. Олардың зерттеулерінің нәтижесін Прагаға, Мәскеуге, Обнинскіге жібердік, олар біздің мамандардың қорытындысын растады», – деді Сапарбаев.
Вице-премьер бұл екі ауылдың тұрғындарының «ұйқы ауруына» шалдығуының себебі улы газ болып отырғанын атап өтті.
«Бүгінде ауруға улы газ себеп болып отыр, ол жерде кезінде уран шахтасы болғанын білесіздер. Кей кезде ол жерде улы газ бен көмірсутектің үлкен концентрациясы пайда болып, оттегінің мөлшері төмендейді. Осының салдарынан «ұйқы ауруы» пайда болады. Қазірде Калачи мен Красногорсктің бүкіл тұрғындарын көшіруді ұйғардық», – деді үкімет басшысының орынбасары.
Оның айтуынша, республикалық және жергілікті бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінді.
«Сонымен қатар Ақмола облысының бизнесмендері көмек көрсетті. Ауылдарда 223 отбасы тұрады, олардың 68-і көшірілді, қалғаны биыл және келесі жылы толық көшіріледі», – деді Сапарбаев.
Дереккөз: BNews. Бизнес сейчас