Басты мәселе – Сыртқы Істер министрінің кім болатындығында….
2015 ж. 03 шілде
3426
3
Ұлттық мүддесіз ұсақ мәміле кімге керек?
…Кенеттен Сыртқы Істер құрылымы сапырылысқа түсті. Себеп: сыпсың-сыбыр ғана… Ақпарат кеңістігіне ақыл-кеңес беруші бір іргелі ұйымның құпия-тұжырымдары тарап кетті. Тұжырымдардың тоқетері – Қазақ елінің алдымыздағы 5-10 жылдық сыртқы саясатының даму бағыттарын таяуда жаңадан тағайындалатын Сыртқы Істер министрі айқындайды-мыс. Қазіргі сыртқы істеріміздің бақылаушысы Ерлан ЫДЫРЫСОВтың «сөзі жұмсақ, бағыты ортақ» болғанымен, Кеден Одағы және Еуразия Одағы дейтін құрылымдардың мыңқатпар астарында «тұншығып қалуы» жиілеп барады. Біраз жылдар әлемнің алып елі Америкада елші қызметінде болып, мол тәжірибе жинақтаған Ыдырысов, өкінішке қарай, шығыс адамының шыңырау түйсігін түсіне алар емес… Осындай ойран олқылықтардың кесірінен – Қазақ Елі мен ұлтының мүддесі тиісті дәрежеде қорғалмай, ұпайдан ұтылуда. Оған бүгінде екінші рет министр болып отырғанымен, сыртқы саясатымызды жүргізетін Ерлан Ыдырысовтың қанша тіл білсе де, ең бастысы , қазақша қақпауында… Ал тілін білмегенннен ұлттық мүдде күту – бос сөз екені анық… Оның үстіне Ерлан Ыдырысов – Елбасының алаңсыз сенетін оншақты тұлғасының тізіміне кірмейді… Естеріңізде шығар, кеңес кезеңінде МОЛОТОВ деген мейлінше мәмілегер әрі айрықша талапшыл дипломат болған. Бүгінгі алмағайып заманда, әсіресе, күні кешегі Байқоңыр ғарыш аймағына орыс ракетасы құлағаннан кейін, қазақ дипломатиясына – “қазақтың Молотовы” ауадай қажет болып тұр. Басқаша айтқанда, қазақтың жаңа бас дипломаты – еліміздің тыңнан түрен түретін аймақтық саясатының діңгек-қазығын мықтап қадауға тиіс. Яғни, жаңа мәмілегер – Сыртқы Істер министрі – өркениетті дипломатияның қыр-сырын терең меңгерген, еліміз бен ұлтымыздың мүдделерін де жан-тәнімен қорғай алатын әрі Елбасына етене жақын адам болуы керек. Ең ақыры, орыстың бүгінгі бас дипломаты ЛАВРОВпен терезесі тең жағдайда сөйлесуі қажет… Ұзынқұлақтың айтуынша, қазақтың Бас дипломатының лауазымына 7 адамның аты аталған. Олар: қазіргі Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, бұрынғы Мемлекеттік хатшы Қанат САУДАБАЕВ, «Болашақ» бағдарламасының ешкім танымайтын білдей 3 түлегі және экс-сенатор Ғани ҚАСЫМОВ пен Мәжілістің вице-спикері Дариға НАЗАРБАЕВА. Біздіңше, соңғы екі адамның мүмкіндіктері молырақ сияқты. Ғани Қасымов – өжет те, білікті саясаткер. Саяси партия серкесі. Өз орынын да біледі, өзгенің орынын да көрсете алады. Бірақ, ең басты кемшілігі - орыстілді, қазақша білмейді… Яғни, Ыдырысовтан айырмашылығы шамалы... Дариға Назарбаева – Қазақ Еліне ең танымал ханымдардың көшбасында тұр. Жеке саяси партия құрып, бірқатар жемісті жұмыстар жасады. Мінезі қаншалықты жұмсақ болса, соншалықты талапшыл. Мәскеу сахналарын ұнатады… Меніңше, басты мәселе – Сыртқы Істер министрінің кім болатындығында, яғни, «Кім біздің еліміздің мүддесін мейлінше мықты қорғай алады?» деген өткір де өзекті сауалда болуы керек. Әйтпесе, ұлттық мүддесіз ұсақ мәміледен бізге не пайда?Қажымұқан ҒАБДОЛЛА,
www.qazaquni.kz
Қараңыз: ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙ АЛМАЙТЫН БИЛІК ҚАЗАҚТЫ ҚОРҒАЙ АЛА МА?!. http://www.qazaquni.kz/?p=37777