Г. Әбдіқалықова: Ұлт денсаулығы мемлекеттік саясаттың маңызды басымдығының бірі
2015 ж. 17 маусым
4012
0
Кездесуге денсаулық сақтау және әлеуметтік даму бірінші вице-министрі С. Қайырбекова, медицина саласындағы жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелер басшылары, ауыл дәрігерлері, жаңашыл медиктер, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету және санитарлық авиация дәрігерлері, фармация мамандары қатысты.
Кездесу барысында денсаулық сақтау саласына, соның ішінде алғашқы медициналық көмек көрсетуге, өңірлік ғылыми мамандандырылған медициналық ұйымдар мен ауылдық медициналық мекемелер жұмысына байланысты және өзге де өзекті мәселелер талқыланды.
Г. Әбдіқалықова өз құттықтау сөзінде ұлт денсаулығы мемлекеттік саясаттың маңызды басымдығының бірі болып табылатынын атап өтті.
Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық табысты дамуы және 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған озық 30 елі қатарына қосылуы денсаулық сақтау саласын жаңғыртумен тікелей байланысты.
Биылғы жылы «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аяқталатыны белгілі. Осы жылдар ішінде Денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесі құрылды. Ол медициналық мекемені таңдау еркіндігі, медициналық көмек көрсету шараларының ашықтығы, медициналық қызмет көрсету ісінде бәсекелестік орта қалыптастыру, медициналық қызмет көрсетудің көлемі мен сапасына қарай ақырғы нәтижеге сәйкес қаржыландыру қағидаттарына негізделген.
Мемлекет басшысы 2014 жылы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауында атап өткендей, тек «салауатты өмір салтын орнықтыру және медицинаны дамыту ғана қазақстандықтардың өмір сүру жасын ұзартуға мүмкіндік туғызады».
Соңғы 5 жылда қазақстандықтардың өмір жасының ұзаруы отандық медицинада қол жеткізілген табыстың айғағы болып отыр. Өмір жасының ұзақтығы 3 жылға артып, 2014 жылы 71,6 жасты құрады. 2010 жылмен салыстырғанда ана өлімі 2 есе, бала өлімі 1,7 есе азайды. Қазақстан 2011 жылы Мыңжылдық дамудың төртінші және бесінші мақсаттарына мерзімінен бұрын қол жеткізді.
Талқылау қорытындысы бойынша Мемлекеттік хатшы құзырлы мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.
Кездесу соңында Г. Әбдіқалықова медицина қызметкерлерін алдағы кәсіби мерекелерімен құттықтап, зор денсаулық және ел игілігі жолындағы жұмыстарына табыс тіледі.
akorda.kz