ҚАЗАҚ ЖЕРІНЕ 2500 ТОННА ГЕПТИЛ ТӨГІЛГЕН

Өткен бейсенбіде (маусымның4-і күні) ҚР Парламенті Сенатының отырысында Сенатор Мұрат Бақтиярұлы (суретте) Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев пен әріптестерінің назарын «Байқоңыр» ғарыш айлағының айналасында туындап жатқан экология мәселесіне аударып сөз сөйледі. Айлақтың әлемде теңдесі жоқ жаһандық бренд екенін сөз қыла отырып сенатор былай деді:

Құрметті әріптестер!

Осы өңірден сайланған депутат ретінде «Байқоңыр» ғарыш айлағына байланысты қордаланып қалған бір-екі мәселелермен ой бөліскім келіп отыр. Байқоңыр ғарыш айлағынын ең өзекті мәселелерінің бірі - экология мәселесі. Әрбір ұшырылған зымырандарға қарап жергілікті тұрғындар жанын шүберекке түйіп отырады. Қызылорда облысы, әсіресе, Байқоңыр, Төретам, Ақай, Қармақшы өңірлерінің тұрғындарының арасында үлкен алаңдаушылық бар. Көптеген хаттар да келіп түсуде. Байқоңыр ғарыш кешенінің № 15, 25, 148-ші сынақ айлақтарында соңғы 30 жыл бойы «Протон» зымырандарын сынақтан өткізу барысында гептилмен ластану деңгейі орасан зор болғандықтан, бұл ара өмір сүруге қауіпті аймаққа айналды.

«Росавиакосмостың» бұрынғы бас директоры Юрий Коптевтің айтқанына сүйенсек, ғарышқа ұшырылған 250 зымыранның әрбір оныншысы жерге құлап түскен. Гептил отынымен негізінен Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылғандықтан, Қазақстан жеріне 2500 тонна гептил төгілген. Гептилдің аса улы цианит кислотасынан да алты есе улы екенін ғалымдар дәлелдеп отыр. Елімізде гептилмен ластанған жер көлемі өкінішке қарай, жылдан-жылға кеңейіп келеді. Қазір ластанған жер аумағы Қызылорда облысынан басқа Қарағанды, Қостанай аймақтарына да жетті. Мысалы, 1999 жылы «Протон» зымыраны Қарқаралы өңіріне құлағаннан кейін Қарағанды мен Қостанай облыстарының 50 мыңдай тұрғыны медициналық зерттеуден өткізілген. Зерттеу нәтижесінде Қарқаралы, Жаңаарқа, Ұлытау аудандары халқының 87 пайызы әртүрлі ауруларға шалдыққаны анықталған.

Қызылорда облысындағы бала туу жасындағы қыз-келіншектердің 73 пайызы анемиялық, қан аздығы сырқатына ұшыраған. Сонымен бірге, қан-тамыр жүйесі мен жүрек аурулары және психикалық ауытқулар, сондай- ақ жүйке ауруларына шалдыққан адамдар саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Гептил уынан зардап шеккен аймақтардағы азаматтарды медициналық тексеруден өткізу мен зерттеу жобалары да жоқ. Аурудың таралу картасының да болмауы және апат болған аймақ тұрғындарын дер кезінде шынайы ақпараттандырудың дұрыс жолға қойылмауынан осы өңірдегі халықтың үрейі мен қорқынышын сейілте алмай отыр. Аса улы гиптел отынымен ұшатын «Протон» зымырандарынан бас тартудын бір жолы осы хаттамада көрсетілген «Анкара» ұшыратын кешенді салып үлгеруіміз керек. Жергілікті тұрғындардын денсаулығы мен өмірі, экологиялық қауіпсіздігі бірінші орында тұру керек деп есептеймін.

Өзімнің жеке пікірім, өкінішке орай Ресей тарапынан «Байтерек» ғарыш зымыран кешенін құруға байланысты нақты ұстанымы жоқ сияқты. Олар кешенді іске асыруға асығар емес. Оның үстіне олар қазір «Байқоңырды» ауыстыру үшін Қиыр Шығыс «Восточный» ғарыш айлағын тұрғызып, «Ангараны» сонда пайдаланбақшы, демек олар космосқа «Байқоңырсыз» шығуға ұмтылып жатыр. Демек Ресей барлық коммерциялық ұшырулардан басқа федеральдық-үкіметтік ұшыруларын жаңа космодромға көшіреді. Жаңа мен Талғат Аманкелдіұлына жоба жүзеге аспаған жағдайда оған кім жауап береді деген сұраққа бір «Алла» біледі деген жауап алдым. Сонда бір «Алла» біледі деп, 223 млн. долларды шаша салуымыз керек пе? Келісімде Ресей мемлкетінің жауапкершілігі болу керек, болмаған жағдайда біз не істеуіміз керек? Жалпы «Байқоңырға» қызығушылық танытып жүрген мемлекеттер баршылық. Экономикалық тұрғыдан келгенде дамыған инфрақұрылымы бар тиімді «Байқоңыр» ғарыш айлағын елімізге қаржы құятын бизнес жобаға айналдырудың да жолдарын іздестіру қажет. «Байқоңыр» халықаралық ғарыш орталығына айналуына толық мүмкіндігі бар. Бұған Франция, Канада, Индия, Оңтүстік-Шығыс Азияның дамыған елдерін үлескерлік қатыстыру арқылы тартуға болады.

Abai kz