Тыныштықбек Әбдікәкімұлы. АРУАҚ ШЕРУІ
2015 ж. 17 маусым
6220
6
Күндердің бір күнінде,
Қаны басына тепкен іңірде,
Ібілісті де тәубесіне түсірер
Алапат дұға бұрқаған қанқызыл жалқын ішінен
Заманақыр аламанындай ақтарыла жосылып!..
Иә, иә,
Ауыздығын екі езуімен де парт-парт шайнаған,
Екі көзінде екі Дүниенің сұсы ойнаған
Кіл ақсайтан-арғымақтар үстінде,
Адырналарынан «Қорқыттың зары» аңыранып,
Қылшандарынан қара ала қарғыс шуласып,
Найзаларының ұшынан жын сөйлеп,
Алдаспандарының жүзінен ажал тілі жалаңдап,
Қанжығаларындағы бұғаулар қара айдаһар тұлданып,
Қалқандарына да ақсиған азу тіс бітіп,
«Ақсарбаз!»-ұраны Айдан жаңғырыға анталап,
«Ата Тіліміз қайда?!-лап,
«Атамекеніміз қайда?!»-лап,
Астана дәтін қақ жарып,
Жығалары – ақ жарық,
Көбелері көк жарық
Бабалар өтсе түмен де түмен күркіреп!
Түмен де түмен күркіреп!..
Шүлдір де шүлдір Бійліктің әуселесін көрер едім мен сонда!
О, Тәңірі, қолдай гөр!
Аспанменен тілдескен Ақындар аман болса егер,
Ондай күнді де көреееміз әлі мына Біз!
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы
Семей
15. 06. 2015.
qazaquni.kz