БӘЙГЕ мен КӨКПАРДЫҢ МАҚСАТЫ АТТЫ ЗОРЫҚТЫРЫП, АЯҒЫН СЫНДЫРУ ЕМЕС!..
2015 ж. 16 маусым
7850
5

Вера Гаврилко сойылған басты көрмей жүр ме, ет базарларында өзі сүйіп жейтін шошқалардың бастары толып тұр ғой қорқынышты болып, қорықса содан қорықсын...
Соңғы бірнеше күн интернетте Солтүстік Қазақстан облысында болған көкпар жарысы мен бәйге төңірегінде біраз әңгіме қозғалып жатыр. «Ит үреді, керуен көшеді» деп үн қатпай қоя салуға да болар еді. Бірақ сол «шәуілдектерге» үн қосып, айтаққа еріп өзіміздің бауырларымыздың жүргені қынжылтты. Менің ауылымда болып жатқан оқиға болғандықтан, бір-екі ауыз пікір қоса кетуді ұйғардым. 1. Көкпар да, бәйге де спорт түрі. Кез-келген спортта көз шығып, бас жарылуы мүмкін. Тіпті футбол алаңында жүрегі тоқтап, жан тапсырғандар жайлы ғаламторда ақпарат толып жатыр. Сонда әлгі құқық қорғаушысымақтар адам өлді, тоқсан минут бойы жігіттерді жүгіртті, шаршатты деп футболға неге қарсы шықпайды? 2. Қазақстанда жылына жүздеген ат жарыстары өтеді, соның бәрінде бірдей аттың аяғы сынып жатқан жоқ қой. Оқыс оқиға болатыны анық. Бірақ менің «әріптесім» Вера Гаврилко әрбір жарыста аттарды әдейі, қасақана жарақаттайтындай қылып жазған. «Аяғын кесті» дейді. Ол не ветеринар маман ба еді мұндай кесімді сөз айтатындай? Кеспесе, жарақаттан болып ірің денесіне тарап, өліп кетуі де мүмкін ғой. 3. Варварлық, үңгірден шыққандардың әрекеті дегендей ой тастапты. Бұл сөзі ауыр тиді енді. Осы ойы арқылы қазақтың ұлттық ойыны арқылы бар қазаққа тіл тигізді. Су ішкен құдығына түкірудің жақсы емес екенін білмейді-ау.

Ербақыт АМАНТАЙ,
QAZAQUNI.KZ