АЛАШ АҚИЫҒЫ МАҒЖАН АТЫНДАҒЫ МҮШӘЙРА ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

АЛАШ АҚИЫҒЫ МАҒЖАН АТЫНДАҒЫ МҮШӘЙРА ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

«Ақ жол» демократиялық партиясы ұйымдастырған Алаш арысы, ұлтымыздың ұлы ақыны Мағжан Жұмабайдың 130 жылдығына арналған халықаралық мүшәйра мәресіне жетті. ҚР Жазушылар одағы мен ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының қолдауымен өткен жыр бәйгесінің қортындысы желтоқсанның 15 күні Алматы қаласында өтті.

Тұғырлы Тәуелсіздік күні қарсаңында өткен салтанатты марапаттау рәсіміне еңістен шауып төсте озған, ертемен шауып кеште озған кіл «сен тұр, мен атайын» дейтін поэзия сәйгүліктері қатысты. Тұма жырдың тұнығынан қануға келген көзайым көрермендер қарасының көп болғаны сонша, бес жүз адамға арналған Жазушылар одағының концерт залына адам сыймай қалды. Кешкі бесте басталған шараға кешігіп келген өлең сүйер қауым залдың қос қанатын жағалап, екі сағаттық жыр кешін тік тұрып тамашалады.


Марапаттау рәсімінің екі тізгін, бір шылбырын ұстап, кешті жүргізген қазақтың талантты ақыны Әлібек Шегебай алдымен мүшәйраға қазылық еткен ақындарды көпшілікке таныстырып өтті. Атап айтсақ, дүбірлі додаға ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет төрағалық етсе, қазылар құрамында ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай, Платиналы «Тарлан» сыйлығының иегері Исрайыл Сапарбай, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қасымхан Бегман, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Нұрлан Әбдібек, VII шақырылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақпал Мыса, ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-при иегері Азамат Тасқараұлы секілді ақындар болды.



Алғашқы болып сөз сөйлеп, кеш шымылдығын ашқан Ұлықбек Есдәулет мүшәйраға еліміздің әр өңірінен жүзге жуық ақын қатысып, соның ішінен үздік боп он тоғыз ақын іріктелгенін атап өтті. 


Кешке «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, белгілі ақын Қазыбек Иса, ҚР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, ТасКредит компаниясының басшысы, «Ақ жол» демпартиясы атынан Алматы қалалық мәслихатының депутаты Дулат Тастекей, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының өкілі Арман Қабылбеков, «Ақ жол» партиясының Алматы қалалық филиалының жетекшісі Олжас Нұралдинов, «Ақ жол» партиясының Алматы облыстық филиалының жетекшісі Мейраш Шынасылова секілді белгілі тұлғалар қадірлі қонақ болып қатысты.



Марапаттау рәсімі аясында Бас жүлдені табыстаған Азат Перуашев осындай мүшәйраны партия жыл сайын дәстүрлі түрде өткізетінін атап өтіп, «Ақ жол» демпариятысының қазақ руханияты мен Алаш мұрасын насихаттауға талмай өз үлесін қоса беретінін тілге тиек етті.




Кеш барысында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші Сұлушаш Нұрмағамбетов, танымал әншілер Жандос Райымбеков, Нұржан Жампейісов, Азамат Үмбетовтер әннен шашу шашып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.



Сонымен, қазылар алқасының шешімі бойынша жыр додасының қортындысы келесідей болды:

БАС ЖҮЛДЕНІ белгілі ақын Аманғазы Кәріпжан иемденіп, 2 000 000 теңгені қанжығалады.

Әлихан Бөкейхан атындағы I орын - Бекжан Әшірбаев

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы II орын - Елена Әбдіхалықова

Мұстафа Шоқай атындағы II орын - Жанат Әскербекқызы

Міржақып Дулатұлы атындағы III орын - Сұраған Рахмет

Сұлтанбек Қожанұлы атындағы

III орын - Жарас Сәрсек

Әлімхан Ермеков атындағы

III орын - Батырхан Сәрсенхан

Жүсіпбек Аймауытұлы атындағы ІІІ орын - Мирас Асан

Арнаулы жүлделер:

1.Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Арнаулы жүлде - Жұлдызай Ысқақ. 

2.Шәкәрім атындағы Арнаулы жүлде - Нұрғали Ибрайым.

3.Нәзір Төреқұл атындағы Арнаулы жүлде - Наурызбай Жарбосын.

4.Мұхамеджан Тынышбай атындағы Арнаулы жүлде -Тортай Сәдуақас.

5.Райымжан Мәрсеков атындағы Арнаулы жүлде -Иманғазы Нұрахмет.

6.Садық Аманжол атындағы Арнаулы жүлде -Мағиза Құнапия.

7.Жалау Мыңбай атындағы Арнаулы жүлде- Роза Сейілхан.

8.Нұртас Оңдасын атындағы Арнаулы жүлде - Тұрмағамбет Кенжебай.

9.Жұмабек Тәшенев атындағы Арнаулы жүлде -Айгүл Пірімжанова.

10.Өзбекәлі Жәнібек атындағы Арнаулы жүлде -Олжас Сәндібек.

11.Азамат Жәкібаев атындағы "Қазақ үні" газетінің Арнаулы жүлдесі - Сезім Мергенбай.

Гүлмира Садық,

Қазақ үні