ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ – ЕЛБАСЫ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОЙЫЛДЫ!

ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ – ЕЛБАСЫ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОЙЫЛДЫ!

Бүгін «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы» заңының күші жойылды.

2023 жылдың 13 қаңтарында ҚР Парламенті Палаталары бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы» ҚР Конституциялық заңының күші жойылғаны туралы заң қабылданды. 

Бұл заң 2022 жылғы 5 маусымда өткен жалпыхалықтық референдум шешіміне сүйеніп жасалды.

Еске салайық, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы» ҚР Конституциялық заңы 2000 жылы 20 шілдеде қабылданған.

Кейін 2010 жылы 14 маусымда «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, барынша күшейтілді, яғни ешқандай шектеу болмайтын болды.

Тақырыпты оқи сала, тарпа бас салып, сынай жөнелетіндер үшін ақысыз тегін ескерту:

Елбасы туралы заңдар қабылданған 2000 жылы да, 2010 жылы да парламентте «Ақ жол» партиясы болған жоқ.

Мен өз басым, кезінде төрт рет парламент сайлауына түссем де, сол кездегі билік әділетсіздік жасап, өткізбеді. 2021 жылғы 15 қаңтардан бастап, яғни жетінші шақырылымда ғана халықтың талабымен парламентке келдім. Сондықтан да «16 жыл кешігіп берілген мандат» деп жазғанымыз.

2000 жылы «Ақ жол» партиясы әлі құрылған жоқ еді. Ал 2010 жылы Елбасыға барлық шектеусіз құқықтарды үйіп-төгіп берген заңды қабылдаған 2007 жылы төртінші шақырылған Парламент Мәжілісінде тек “Нұротан” партиясы ғана болатын.

Бұл туралы 11 қаңтарда жасаған «МЕМЛЕКЕТ ӘДІЛ БОЛУЫ ҮШІН САЙЛАУ ӘДІЛ БОЛУЫ ТИІС!»- атты депутаттық сауалымызда бұл туралы айтып өткенбіз. 

 -«Иә, сайлау әділ де, ашық өтуі тиіс! Егер бұрынғыдай бұрмалаулар болса, онда Қаңтар – Наурызға ұласып кетуі бек мүмкін… Яғни, мемлекеттің тағдыры биліктің әділдігіне байланысты өз қолында тұр!

Мемлекет әділ болуы үшін ең алдымен сайлау әділ болуы тиіс!

Біз бұның бәрін қауіп еткеннен айтып жатырмыз. Себебі, бұған дейінгі сайлаулардың қалай өткенін өте жақсы білеміз. Яғни, «Сайлау маңызды емес, санау маңызды болған» талай сайлауды бастан өткіздік.

Шындығын айтайық! Осы 30 жыл бойы елді әділетсіздік пен жемқорлық жаулап алса да, қаншама экономикалық дағдарыстар, девальвация, инфлиация болса да, сайлау сайын билік партиясы “Нұротанға” 80-90 пайыз дауыс бергеніне кім сенеді? Ел сене ме? Өздері де сенбейді биліктің!

Әйгілі Авраам Линкольннің «Сайлау бюллетені оқтан да күшті»-дегеніндей, бұндай бұрынғы әділетсіз сайлаулардың халық жүрегіне қадалған оқ болғаны анық!

Мысалы, біз 2007 жылы парламентте тек “Нұротан” партиясы ғана 100 пайыз өткен әділетсіз сайлауды сол кездегі президенттен бастап, қатты сынағанбыз. «Елбасыға деген ел сенімі біткен сайлау» атты өткір мақала жазғанбыз «Қазақ үні» газетіне. (Назар аударыңыздар, 2022 жылғы 5 қаңтардан кейін емес... осыдан 15 жылдан астам бұрын 2007 жылдың 24 тамызында)»-деп мәлімдедік парламентте.

2010 жылы 14 маусымда 14 минутта қабылданған, шектеусіз құқықтармен толықтырылған «Тұңғыш Президент - Елбасы туралы» заңы кезінде ұмытпасам, бір депутат қарсы болған еді... Сол кезде де біз мақала жазғанбыз... «Елбасы туралы» заңға қарсы шыққан бір депутат- Елбасыға жаны ашитын жалғыз депутат» деген едік...

Сонымен, 2000 жылы 20 шілдеде қабылданған және 2010 жылы 14 маусымда толықтырылған «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы» заңы 2023 жылы 13 қаңтарда жойылды.

Қаңтар қасіретінің бір жылдығы қарсаңында жалпыхалықтық референдум шешімі бойынша «ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы» заңы жойылуы әділеттілік тұрғысынан жаңа қадам деуге болады.

Ендігі қадамдар «Әділетті Қазақстан» деген атқа лайықты қарқын алуы тиіс деп үміттенеміз.

Қазыбек ИСА, 

Қазақ үні