ЖЕМҚОРЛАРДЫҢ ЖЕГЕНІ ЖЕЛКЕСІНЕН ШЫҒА БАСТАДЫ
2022 ж. 20 шілде
2008
5
ОТЫЗ ЖЫЛДА ҰРЛАНҒАН ХАЛЫҚ ҚАРЖЫСЫ ТОЛЫҚТАЙ ҚАЙТАРЫЛСЫН
Байлығы жағынан әлемде алдыңғы орындардың бірінде тұрған, басқалармен салыстырғанда халқының санын саусақпен санап алуға болатын Қазақстанға деген өзге елдердің көзқарасы әртүрлі. Біреулері байлығымызға қызыға қараса, енді біреулері халқымыздың тұрмысының төмендігіне таңғалып, жанашырлық білдіріп жатады. «Қолда барды ұқсата алмаған сорлы қазақ» деп табалайтындар да бар. Кім қалай десе де соның бәрі ұлтымызға тікелей қатысты, одан ешқайда қашып құтылмаймыз, ешкімнің аузына қақпақ қоя алмаймыз. Досқа күлкі, дұшпанға таба болмас үшін кемшіліктерімізді түзеп, халықтың тұрмысын жақсартып, мемлекетіміздің қуатын арттыруға міндеттіміз.
Мемлекеттің қуаттылығы алдымен ел экономикасына байланысты екені белгілі. Оның өндіруші күштерінің қарыштап дамуы сол экономиканың деңгейін анықтайды. Оның бәрі не үшін жасалады? Әрине сол мемлекетте тұратын халықтың мүддесі үшін, оның тұрмысын жақсартуға бағытталуға міндетті. Жерінің асты-үсті байлыққа толы болғанмен халқы нашар өмір сүрсе ондай мемлекетті дамыған ел деп, немесе тұрғындары тиын санап, есесіне ондаған миллиардерлері, жүздеген миллионерлері болғаны үшін ол мемлекетті дамыған елдер қатарына ешкім қоспайды. Керісінше оған аттөбеліндей санаулы байлары халықты қанаған, жемқорлық жайлаған қоғам деп баға берері анық. Өкінішке орай, біз өткен отыз жылда дәп сондай қоғамда өмір сүріп келдік. Шексіз байлықты иемденуді мақсат тұтқан авторитарлық билік пен жемқор жүйені құрушылар қарабастарының қамын ғана ойлап, қатардағы миллиондаған қарапайым халықты кедейшілікке жеткізді. Ресми орындардың мәліметі бойынша еліміздегі орташа жалақы 250-280 мың теңгеге жетті деген жалған ақпарат шын мәнінде мардымсыз жалақымен өмір сүріп жатқан қарапайым адамдардың тұрмысын жақсартқан жоқ. Керісінше тұрғындарымыздың басым бөлігі түрлі банктерден амалсыздан несие алып, оны төлеуге шамалары жетпей қарыз қамытын киді. Тіпті мемлекеттің өзі де шетелдерге белшесінен қарыз болып қалды. Отыз жыл бойы ол туралы ашық айтуға билік мүмкіндік бермеді. Митингіге шығып, саяси және әлеуметтік теңдікті, әділеттілікті талап еткендер тұтқындалып түрмеге қамалды.
Соңғы жылдары ғана сірескен сең сөгіліп, саяси бағыт өзгеріп, жылымық пайда болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің жалақы жайындағысы жалған ақпарат екенін білдіріп, Қазақстан халқының көбісінің табысы 50 мың теңгеден аспайтынын айтып, жағдайды өзгертуге тапсырма берді. Президент ұлттық табыс бойынша 2020 жылы бизнестің ең жоғары үлеске (61,5) ие болғанын еске салды. Ал салықтың үлесі 7,3 пайызды құраса, қазақстандықтардың жалақысы үштен бір бөлігіне де жетпейтінін мысалға келтірді. «Бұл тым аз. Салыстырмалы түрде Ресейде экономиканың дәл осындай болғанына қарамастан, жалақы 46,7 пайызды құрайды. Бізден 1,5 есе артық. Ұлттық табысты бөлудің айқын теңгерімсіздігі байқалады әрі әділдік жағынан мәселе бар. Халықаралық сарапшылар, соның ішінде KPMG, 162 адамға еліміздегі байлықтың тең жартысы тиесілі екенін растады. Ал халықтың жартысында кіріс 50 мың теңгеден аспайды. Бұл жылына 1 300 доллардан сәл асады. Мұндай табысқа өмір сүру мүмкін емес, жағдайды шұғыл түрде өзгерту керек» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жағдайды қалай өзгерту керек? Бұл күрделі мәселені бір ғана іс-шарамен шешіп тастау мүмкін емес. Елімізді жайлаған жемқорлықты бірінші кезекте жоймай ел экономикасын көтеру, халықтың тұрмысын жақсарту құрғақ қиял күйінде қалары да анық, оны біз басымыздан өткердік. Сондықтан болар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Қазақстан азаматтарының шетелге заңсыз әкеткен қаражатын қайтару бойынша кешенді жұмыс жүргізу мақсатында Бас прокурор бастаған ведомствоаралық комиссия құрылды.
Бұл халықтың көптен бері көкейінде жүрген талаптардың бірі болатын.
Осы жайында «Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясы депутаттары Азат Перуашевтан бастап, бірнеше жылдан бері шетелдердегі оффшорларда, «Панама тізімі», «Райское досье» және, Швейцария банктерінің қазақстандықтырдың шоттарына жасырған ұрланған қаржыны елге қайтару туралы талай рет сауал жолдағаны көпшілікке мәлім. Сондай сауалдың бірінде соңғы 25 жылда Қазақстаннан шетелдік офшорларға шамамен 140-160 миллиард АҚШ доллары шығарылғаны туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мақсат Раманқұлов ашық айтқан болатын. Бұл бүкіл елдің жылдық ішкі жалпы өніміне, немесе оның сыртқы қарызына тең сома.
Қарапайым халық емес, депутаттық сауалдың өзі Үкіметке әсер етпеді, әдеттегідей үнсіз қалып келді. Тек мемлекет басшысы арнайы тапсырма бергенде ғана қимыл көрсеткендей. Ашығын айту керек, біздің Үкімет Президент тапсырма бермесе өз бетімен ештеңе істеймейтінін жақсы білесіздер. Қолында құзыры бар ең жоғары атқарушы билік болғанмен Ақорда жаққа жалтақтап тұрады. Тіпті сол Президент тапсырмасының өзін тиянақты атқара алмайды. Оған отыз жыл бойында еліміздегі мемлекеттік маңызы бар бағдарламалардың біреуінің де толықтай орындалмағаны нақты дәлел бола алады. Мұндай атқарушы билікпен Жаңа Қазақстан құру қиын, сондықтан оны жаңарту қажет. Ол күн де алыс емес сияқты. Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 13 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановқа, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке және экология министрі Серікқали Брекешовке сөгіс жариялап, Министрлер кабинетінің жұмысына үштік деген баға берді. Үштік дегеніміз екіліктің аз-ақ алды екені белгілі.
Қаңтар қасіретіне байланысты “Ақ жол” фракциясы талабымен Бас прокурордан бастап, барлық күштік құрылымдар басшылары Парламентке келіп есеп бергенде Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса: “Парламентте “Ақ жол” фракциясы 10 жылдан бері көтеріп келе жатқан шетелдердегі офшорлық аймақтарға кеткен 167 млрд долларды қайтару мәселесі күн тәртібіне қайта шықты. Президент атап айтып, арнайы тапсырма берді, енді тиісті органдар не қарап, кімді күтіп отырсыздар? Ел жағдайы қиын, ал біз халық қазынасынан ұрланған миллиардтарды қайтара алмай қарап отырмыз?!
Негізі, олигархтардан қайыр тілегендей сұрап отырғанша, Менделеев кестесінің бәрі табылатын қазақ жерінің қазба байлығын, кенен кенішін түрлі құйтырқы заңсыз жолдармен қолға түсіріп байығандардан сол байлықтың, кемінде 80 пайызын, ал қазба байлық орындарын түгел қазынаға қайтаруды қатаң талап ету керек!
Өйткені, ол қазба байлықтар олардың да, ешкімнің де ата-бабасынан қалған мұра емес, Құдай берген қалың Қазақтың байлығы!”-деп, талап еткен болатын.
Естеріңізге сала кетейік, осы атың өшкір жемқорлықпен біз отыз жыл болмаса да, кемінде ширек ғасыр күресіп келеміз. Қаншама бағдарлама жарияланып, жемқорлардың өзін жеп қоятындай жоспарлар құрылды. Ал нақты нәтиже болған емес. Демек, бәрі де қағаз жүзінде қалды. Рас, мемлекет қаржысын миллиардтап ұрлаған кейбір шектен шыққан лауазымдыларды ұстап, тіпті түрмеге де отырғызған болды. Солардың бірқатары елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жылап-сықтап, жаздым-жаңылдым деп хат жазып, кешірім сұрап бостандыққа шығып кетті. Олардың аты-жөнін атамасақ-та жұрт жақсы біледі. Осыдан-ақ біздің қоғамды заң емес, бар билікті уысында ұстаған бір ғана адамның басқарғанын көруге болады.
Қаңтар қасіретіне байланысты “Ақ жол” фракциясы талабымен Бас прокурордан бастап, барлық күштік құрылымдар басшылары Парламентке келіп есеп бергенде Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса: “Парламентте “Ақ жол” фракциясы 10 жылдан бері көтеріп келе жатқан шетелдердегі офшорлық аймақтарға кеткен 167 млрд долларды қайтару мәселесі күн тәртібіне қайта шықты. Президент атап айтып, арнайы тапсырма берді, енді тиісті органдар не қарап, кімді күтіп отырсыздар? Ел жағдайы қиын, ал біз халық қазынасынан ұрланған миллиардтарды қайтара алмай қарап отырмыз?!
Негізі, олигархтардан қайыр тілегендей сұрап отырғанша, Менделеев кестесінің бәрі табылатын қазақ жерінің қазба байлығын, кенен кенішін түрлі құйтырқы заңсыз жолдармен қолға түсіріп байығандардан сол байлықтың, кемінде 80 пайызын, ал қазба байлық орындарын түгел қазынаға қайтаруды қатаң талап ету керек!
Өйткені, ол қазба байлықтар олардың да, ешкімнің де ата-бабасынан қалған мұра емес, Құдай берген қалың Қазақтың байлығы!”-деп, талап еткен болатын.
Жақында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшылары мен қызметкерлеріне қатысты іс бойынша Гонконг пен Біріккен Араб Әмірлігінен шамамен 3 млн. АҚШ доллары қайтарылғаны туралы Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия мәлім етті. «Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшылары мен қызметкерлеріне қатысты іс бойынша Гонконг пен БАӘ-ден шамамен 3 млн. АҚШ доллары қайтарылды. Қаржылық мониторинг агенттігі Боранбаевқа қатысты істі тергеп-тексеру барысында «Қазмұнайгаз» АҚ-ға шамамен 11,3 млрд. теңге өтелді. Жамбыл облысында сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп алу және талан-таражға салу фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп-тексеру шеңберінде «ТаразЭнергосбыт» АҚ мемлекеттік ұйымына 2,2 млрд. теңге өтелді» – деп хабарлады.
«Сол сияқты қазіргі уақытта «Олимп» БК лауазымды адамдарына қатысты қылмыстық іс аясында алынған $5,5 млн. және €200 мың көлеміндегі қаражатты Ұлттық Банкке аудару рәсімі жүріп жатыр», -деп жазылған ведомствоаралық комиссияның ақпаратында. Сондай-ақ, 95 млрд. теңгеге залал келтірген осы букмекерлік кеңсенің бұрынғы басшысын қоныс-колониясына ауыстыру (ұстау шарттарын жеңілдету) туралы Қапшағай қалалық сотының 06.06.2022 жылғы қаулысының күшін жою туралы жекеше өтінішхат енгізілгені мәлім болды. Комиссияның дерегіне сүйенсек, аталған іс бойынша мемлекет пайдасына шамамен 3,6 млрд. теңге тәркіленген. Нақтырақ айтқанда, Алматы қаласында 4 ұшақ, 5 жер учаскесі, 15 автокөлік, 30 жылжымайтын мүлік нысандары, тұрғын және тұрғын емес үй-жайлар және тағы басқа бағалы мүліктер қайтарылған.
Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия өкілдері Қайрат Сатыбалдыұлы, Гүлмира Сатыбалды, Қайрат Боранбаев және «ӨКМ операторы» ісіне қатысты кейбір мәліметтерді де жұрт назарына ұсынды.
Комиссия ірі көлемде, оның ішінде шетелге ақшаны жылыстату белгілері бар ең резонанс істерді тергеу ерекше бақылауда екенін айтады. Комиссияның ресми өкілдерінің айтуынша қазіргі уақытта тергеу органдары қабылдаған шаралар бойынша 230 миллиард теңгеге жуық шығын өтелген. Оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан қайтарылған қаржы да бар. Мысалы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеп жатқан іс бойынша сотталушылар 170 миллионнан аса долларды өз еркімен қайтарыпты. Люксембургтен «Қазақтелеком» АҚ, «Көлікке қызмет көрсету орталығы» АҚ және басқа компаниялар мүлкін жымқыру ісі бойынша тергеу органына 36 миллиард теңгеге жуық шығын өтеліпті.
Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің ұлы Нұрхан Нұрланов қылмыстық іс бойынша айыпталушы атанғаны туралы Бас прокуратураның соңғы мәліметтерінде айтылды. Хабарламада «Қазфосфат» ЖШС басшылығының 697 млн. теңге көлемінде монополиялық табыс алуына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталғаны жазылған.
Бұған дейін, 5 сәуірде монополияға қарсы қызметкерлер «Қазфосфат» ЖШС-ға қатысты үлкен сұранысқа ие ауыл шаруашылығы тыңайтқыштарының бірі – аммофос бағасын едәуір және негізсіз көтеру фактісі бойынша тергеудің басталғаны туралы мәлімдеген болатын. Осылайша Мәжілістің бұрынғы Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ұлдары – Нұрхан мен Нұржан Нұрлановтың «Қазфосфат» ЖШС-нің ауыл шаруашылығы тыңайтқыштарының бағасын көтеруден пайда тапқаны белгілі болып, тергеу бойынша қылмыстық іс қозғау үшін монополияға қарсы мамандар материалды құқық қорғау органдарына берген-ді.
Ал, ауыл шаруашылығы тыңайтқыштарының бағасы елдегі тамақ өнімдерінің құнына тікелей әсер етеді. Нәтижесінде қарапайым халықтың қалтасын қағады. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өз сөзінде «Қазфосфаттың» заңсыз кірісі туралы та айтқан болатын. Алдында айтқанымыздай Президенттің ескертуінен кейін құқық қорғау органдары қауырт қимылдай бастағанға ұқсайды.
Осы жерде мына бір мәселеге назар аудармасқа болмайды. Байқап отырғандарыңыздай, тергеліп жатқандардың барлығына жуығы лауазым иелері және еліміздегі белгілі тұлғалардың туыстары болып келеді. Қайрат Сатыпалды Нұрұлтан Назарбаевтың немере інісі, Қайрат Боранбаев Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы, Нұрхан мен Нұржан Нұрлановтар Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің ұлдары. Билік басына туысқандары мен тамыр-таныстарын топтастырудың нәтижесін көріп отырмыз. Бұл тізімді шексіз жалғастыра беруге болады. Егер бұрынғы және бүгінгі лауазымдыларды дұрыстап тексерсе талай былықтардың шығары анық. Олардың қатарына ақшаларын арқалап шетел асып кеткендерді қосып қойыңыз.
Бұл ашылып жатқан қылмыстардың шеті ғана, су жиегіндегі ұсталған шабақтар сияқты. Азулы акулаларға әлі кезек келмеген секілді. Қуырдақтың көкесін сонда көретін шығармыз...
Зейнолла АБАЖАН
Qazaquni.kz