Отбасы банк жалдау ақысын субсидиялау өтініштерін Baspana market порталында қабылдайды
2022 ж. 01 ақпан
1507
1
Отбасы банк («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) қазақстандықтардың тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялауға қатысты онлайн өтінімдерін қабылдау үшін платформаның функционалдығын пысықтауда. Жұмыс барысын автоматтандыру үшін банк 6 мемлекеттік органның 16 дерекқорымен интеграция жасауы қажет. Сондықтан баспананы жалға алу ақысын субсидиялау бағдарламасы 2022 жылдың мамыр айынан бастап іске қосылады.
Көп балалы отбасылар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар жалдау ақысын субсидиялауға өтініш тапсыра алады. Алайда үміткерлер тұрғын үй алу кезегінде тұрулары қажет.
Олардың әрбір отбасы мүшесіне шаққанда соңғы 6 айдағы жиынтық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің бір мөлшерінен аспауы тиіс (2022 ж. 1 КМ – 36 018 теңге).
Мұндай отбасыларға көмек ретінде бюджеттен 50 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражатқа мемлекет 70 мың қазақстандықтың баспананы жалға алу құнының жартысын субсидиялайды.
– Бұл тізімдегілердің дені, 51 мыңға жуығы, көп балалы отбасылар. Тағы 10 мыңы - 1 және 2 топтағы мүгедек жандар, 7 мыңы - мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған аз қамтылған отбасылар, 2 мыңы - жетім балалар. Олар аталмыш бағдарлама арқылы отбасылық бюджетке түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік алады. Ал үнемделген қаражатты жеңілдетілген несие беру бағдарламаларына қатысу үшін жинақтауға болады, - деп түсіндірді «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Бағдарламаға қатысатын азаматтардың тізімін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қалыптастырады. Оны алғаннан кейін Отбасы Банк үміткерлерге хабарландыру жасайды. Ізінше үміткер банк филиалына келмей-ақ, Baspana market платформасы арқылы онлайн өтініш бере алады.
qazaquni.kz