Путин Кенесары ханның сүйегін Қазақстанға қайтаруға уәде берді
2021 ж. 02 шілде
11251
0
Ресей президенті Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевқа Кенесары ханның сүйегін елге қайтаруға көмектесуге уәде берді, деді Тұңғыш Президентінің баспасөз хатшысы, кеңесшісі Айдос Үкібай.
«Елбасының Ресей Федерациясына жұмыс сапары аясында талқыланған мәселелердің бірі - қазақ халқының қасиетті жәдігері – Кенесары ханның сүйегін іздеу және Қазақстанға қайтару болды. Келіссөздер кезінде Нұрсұлтан Әбішұлы Ресей Президентінен осы іске көмектесуін сұрады», - деді Үкібай.
«Елбасы қазақ халқы үшін соңғы ханның сүйегі туған жерінде жерленіп, оның жаны тыныштық тапқаны өте маңызды екенін баса айтты. Владимир Путин Қазақстанның Тұңғыш президентіне Ресей тарапы жан-жақты көмек көрсетеді деп сендірді. Путиннің айтуынша, артефакт табылып, Қазақстан халқына қайтарылады», - деді баспасөз хатшысы.
Сондай-ақ бірнеше сағатқа созылған келіссөз айтарлықтай жемісті болғаны айтылды. Бұған дейін де атап өтілгеніндей, тараптар ЕАЭО аясындағы интеграциялық процестердің даму перспективасын талқылап, өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша өзекті мәселелерге қатысты пікір алмасты.