Бір тілде сөйлемеген қоғамда бірлік болмайды – Ұлықбек Есдәулет
2021 ж. 31 наурыз
4621
2
ҚР Парламенті Сенатында «Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу – кешенді жаңғырудың негізі» атты тақырыпта өткен Парламенттік тыңдауда Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдаулет баяндама жасап, мемлекеттік тіл, ұлттық құндылық мәселелерін көтерді.
«Қазақ үні» баяндаманың толық мәтінін ұсынады.
Тәуелсіздік деген терең сөз
Біз «тәуелсіз азаматпыз, тәуелсіз елміз» деп күпсінгенмен осы сөздің түпсіз терең мәніне жете бойлай алдық па? Осы тәуелсіздікті аңсай, сағына жүріп арпалысып өткен ғасырларда қазақты ұлт ретінде сақтап қалған, қандай күш? Ол - әрине, бүгін ұлттық құндылықтарымыз деп атап жүрген тіліміз бен діліміз, жеріміз, елдік қасиеттеріміз, салт-сана, әдет-ғұрпымыз, әдебиетіміз бен мәдениетіміз! Отаршылдар жүздеген жылдар бойы тарихымызды өшіргенмен тарихи санамызды өшіре алған жоқ. Біз бодандық жүйеден құтылғанымызбен күні бүгінге дейін отарсыздандыру саясаты жүргізілмеген ел бола тұрсақ та, өзін өзі сәйкестендіру (самоидентификация) арқылы дербес ұлт, іргелі халық екенімізді дәлелдеуге тырысып келе жатқан жұртпыз. Президент Қ.К.Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз»,-деді. Міне, бұл үшеуі - жеріміздің тұтастығы, тіліміздің мәртебесі, еліміздің бірлігі - біздің ұлтымыздің бүгіні мен болашағы. Біздің үкілі үмітіміз де, салмақты сеніміміз де, барлық арман, мақсат, тілеуіміз де осы үшеуінің үстінде. «Қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды»,- деді мемлекет басшысы осы мақаласында. Бұл - өзін осы жердің перзентімін, осы елдің патриотымын деп есептейтін әрбір азаматтың құлағына да, көңіліне де майдай жағатын сөз. Біз ендеше осы сөздің іс жүзінде заңмен бекуін асыға күтеміз. Ардақты Парламент мүшелері, біз сіздердің осы бір аса қастерлі шаруаны асқан жауапкершілікпен тезірек тиянақтап шығуларыңызға тілектестікпен сенім артамыз. Біздің тағы бір үміттенеріміз - осыған дейін латифундистердің шеңгеліне түсіп кеткен жерлердің мемлекет пен халық игілігіне қайтарылуы. Сондай-ақ, ауылшаруашылық жерлермен қатар өндірістік маңызы, пайдалы қазбалары бар және табиғаты әсем, туризмге қолайлы жерлер де шетелдіктерге сатылмайтын, жалға берілмейтін категорияға енгізілсе дейміз. «Жер туралы» Кодекстің халықтың көңілін күпті етіп отырған шет елдіктерге жерді сату және жалға беру туралы 24-бабын түбегейлі қайта қарау немесе алып тастау керектігіне мән берген жөн.Тілдің заңын ойдағыдай түземей жатып, тілдің қамын жеу - бос әурешілік
«Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады», - дейді Президент аталмыш мақаласында. Осы жерде менің есіме бір оқиға түседі. Сонау бір жылы Түркі халықтарының дүниежүзілік құрылтайы кезінде Түркияның Мәдениет министрі Намық Кемал Зейбекпен дидарласып, сұхбаттасудың сәті түсті. Ол кісі қазақша сәлемдескен соң, «Сіз қазақша білесіз бе?» деп сұрап едім: «Мен қазақ тілін Қазақстанның кейбір министрлерінен жақсы білемін» деп естен кетпес жауап берген еді. Одан бері жиырма жылдан астам уақыт өтті. Үкіметіміз неше рет ауысты. Ал біздің кейбір министрлердің, көпетеген мемлекеттік мекемелер басшыларының қазақшасы әлі сол шалапұшық күйінде. Сонда Президент айтып-жазып отырған мемлекеттік тілді білудің парызы мен міндетінің мемлекеттік қызметкерлерге, лауазымды, шенді-шекпенділерге қатысы болмағаны ма? Біз қазір құқыққа негізделген, зайырлы, ашық қоғам құруға талпынып жатырмыз. Ашық қоғам болғандықтан, жаһанданудан тыс қала алмайтынымыз ақиқат. Бізде келе жатқан жаһандануды төніп қалған апат ретінде көзге елестету, үрейлену басым. Өйткені, жаһанданудың не екенін бізге бажайлап түсіндіріп беріп жатқан не бір саясаткеріміз, не бір философымыз жоқ екен. Әрине, бұл - ұлттық көзқарас тұрғысынан алғанда, 30 жылдан бері тәуелсіз ел болдық, өз дербес мемлекетімізді орнаттық деген кезде, бұрынғы бодандықтан аузы әбден күйген біздер үшін қайтадан әлдебір бүкіләлемдік «көгенге» кіру секілді сезілетіні рас. «Пешке құйрығы бір күйіп қалған мысық енді қайтып ыстық пешке отырмайды. Тіпті суық пешке де...» деген афоризм бар еді ғой. Сондықтан, «аузы күйген үріп ішеді». Дей тұрсақ та, өркениетке бет түзеген қазақ пен Қазақстанның болашағы ендігі жерде әлемдік дамудан тыс қала алмас. Ал мәдениетті, ұлттық құндылықтарды қорғау деген - есік-терезеңді бекітіп алып, тас бүркеніп отыру емес. Өздеріңізге білгілі, біз қазір 4-индустриялық революция дәуірінде өмір сүріп отырмыз. Колумбия және Гарвард университеттерінің атақты профессоры, Даниел Белл «Америкалық модель: келешекке кереғарлық» деген кітабыңда болашақта әлемдік өндірісте және ақпараттық білім алмасу саласында компьютерлер мен телекоммуникациялар билік құратын заман келеді, оның аты «постиндустриалды қоғам» деп аталады деп жазған екен. Ол бұл қоғамның 11 жаңа өлшемін санамалап берген. Оның ішінде теориялық білімді орталықтандыру, жаңа интеллектуалдық технология жасақтау, еңбек сипатын өзгерту, білім өндірушілер табының қалыптасуы, тауар өндірісінен қызметшілік өндірісіне көшу, жаңа деңгейдегі ғылым, ақпарат экономикасы, ситостар мен меритократия деп кете береді. Бұл – жаһандануға барар жол, соның формуласы. Қарап отырсаңыз, бұндай технологиялық қоғамда біз айтып отырған ұлттық құндылықтарға ешқандай орын жоқ... «Бидайдың барар жері – диірмен» деген... Міне, біз осы диірменнен аман қалғымыз келсе, өзіміздің ішкі рухани ресурстарымызға, ең алдымен ұлттық құндылықтарымызға жүгінуіміз керек. Сондықтан біздің мемлекеттік идеологиямыз ұлттық мұрат тұрғысынан қалыптасуы тиіс. Бұл орайда қазір Президентіміздің тарапынан аса маңызды, қажетті шаралар қолға алына бастағанын атап айтқан жөн. Дегенмен, бұл мәселеде Сіздер мен біздер мемлекет басшысына көмекке келуіміз керек. Біздің қоғамда көп жағдайда мемлекетшілдік деген түсінік өте кемшін. Мәселен, Қаржы министрлігі ұлттық дүниеге қатысты іс-шараларға, ауқымды жобаларға қаржы бөлу мәселесіне келгенде салғырттық танытады немесе үрке қарайды. Көптеген жобалар әлеуметтік эффектісі жоқ деген желеумен кесіліп, қырқылып отыратына да өзіміз куәміз. Руханиятқа, әдебиет пен мәдениетке, ұлттық құндылықтарды сақтауға бөлінген қаржы бірден нәтиже бермейтіні белгілі. Ол уақыттың еншісінде жылдар бойы айналымға түсетін, уақыт өте келе жемісін беретін дүние. Осы тұста Парламент тарапынан әдебиет пен мәдениетке, рухани салаларға бөлінетін қаржыға оң бақылау жасалса деген ниетімізді баса айтқым келеді. Жасыратыны жоқ, Тіл тағдырын шешетін заңнамалардың ең негізгілері әлі дүбара күйінде. Тілге қатысты комитет пен институт және орталықтар дайындап ұсынған әжептәуір қаулы-қарарлардың жобалары бесіктен белі шықпай жатып күзеу-түзеуге ұшырайды. Өйткені, мемлекеттік тілдің мүддесіне бағытталған ол құжаттарды сараптау пен сүзгіден өткізіп, тұжырымдама беретін жауапты орындарда қазақ тілінен мақүрым, немесе тілі шорқақ шененуніктер отыр. Сондықтан да, олар мұндай құжат жобаларындағы кейінірек өздеріне және өздеріндей мемлекеттік тілді өгей көретіндерге тиімсіз, ұнамсыз тұстарын өзгертуге мәжбүр ететін тұжырымдама беруге тырысады. Соның кеселінен қаулы-қарарлардағы мемлекеттік тілдің бағын ашатын баптар жол-жөнекей өзгертіліп, немесе қырқылып қалып жатады. Бұл мәселеде үнемі, әлгі, «Тау толғатып тышқан тапты» дегеннің кері келеді де шығады. Қазіргі «Тіл туралы» заң да, қаулылар да, бағдарламалар да осындай қияметтің қылкөпірінен өткен құжаттардың шалажансар нұсқалары десем, сізге – өтірік, маған – шын. Туған тіліміздің өгізі өліп, арбасы сына беретіні осыдан. Тілдің заңын ойдағыдай түземей жатып, тілдің қамын жеу - бос әурешілік. Тілге бөлініп жатқан қыруар қаржының орасан бөлігі Қазақстанда тұратын көптеген этникалық топтар мен ұлыстардың тілдерін дамытуға, олардың жексенбілік мектептерінің мүддесін көздеуге жұмсалуда. Жалпы, менің ұғымымда, бір тілде сөйлемеген қоғамда бірлік болмайды, бірлік болса да баянды, берік боларына кепілдік жоқ. Келешекте біз Қазақстанның тұрақтылығын сақтауға күш салған кезде, азаматтардың мемлекеттік тілде түсінісуіне, қызмет істеуіне жол ашуға ұмтылғанымыз жөн болар еді деймін. Қазірдің өзінде қоғамда екі тілге бөліну нышаны көрініс беріп отыр. Өз Отаны бар басқа тілдер мемлекет қамқорлығына дәл қазақ тіліндей зәру емес. Сондықтан, Тіл заңын қайта қолға ала отырып, ерте-кеш деместен туған республикамызды жуық жылдарда тұтастай мемлекеттік тілге көшірмесек, келешектегі ішкі тұрақтылымызға сенімді бола алмаймыз ба деп қауіп етемін. Өйткені, бізді іштен ірітуге мүдделі сыртқы күштердің ықпал-ызғары қазірдің өзінде сезіліп отырған жоқ па? Кейбіреуіміз қазақ екенімізді Наурызда ғана еске түсіретін дәрежеге жеттік.Ұлттық құндылықтарды қорғау - кезек күтпейтін көкейкесті іс
Біздің қазіргі қоғамның алдында шекаралық аймақтарды дамыту, халықты кедейшіліктен құтқару, жұмыссыздықты жою, ақпараттық экспансиямен күрес, сыртқы күштерге сүйенетін казачество сияқты әскери құрылымдарды ауыздықтау, т.б. күрделі мәселелермен қатар ұлттық құндылықтарды сақтау мен қорғау дейтін кезек күтпейтін көкейкесті, өзекті істер шешімін күтіп тұр. Олардың ішінде ел мен жер, тіл мәселесінің орны бөлек. Құрметті халық қалаулылары, бұл жерде сіздерге артылар жүк, түсер салмақ аз емес. «Күшің барда істеп қал, Тісің барда тістеп қал» деген мақал бар екен. Біз тістеп қалмайық, істеп қалайық! Сенатор Бақытжан Жұмағүловтың баяндамасыңда айтылғандай, биылғы «Балалар мен жасөспірімдер кітабын қолдау жылы» рухани байлықтың төрге шығуына биік баспалдақ болсын. Бұл жыл Абай атамыз өсиет етіп, қазіргі күнде мемлекетіміздің даму концепциясына айналған «толық адам» ілімінің айшықты қадамы болуы тиіс деп есептеймін. Рас, балаларға кітап жетіспейді. Сондықтан балалар әдебиетін дамытуға арналған арнайы, жеке мемлекеттік бағдарлама қабылдануы керек. Бұл мәселеде біз де қолдан келгенше көмектесуге әзірміз. Мәдениетсіз адам болуы мүмкін, бірақ адамсыз мәдениет болмайды. «Кітапханасы бар елдің мәдениеті ешқашан да құрымайды» деген академик Дм.Лихачев. «Өз мәденеиеті мен тарихын, салт-дәстүрлері мен ұлттық қаһармандарын үмытқан ел түбінде құриды» деген Лев Толстой. Біз жасампаздық жағына ұмтылайық. Ұлтымыздың рухани қазына-байлықтарын, ұлттық құндылықтарымызды көзіміздің қарашығындай сақтап, келешек ұрпаққа аманаттайық. Келе жатқан Тәуелсіздік мерекесінің 30 жылдығын лайықты қарсы алайық!