КӘСІПТІК БІЛІМ - НӘСІПТІК МАМАНДЫҚ

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ОҚУЛЫҚТАР ЖЕТІСПЕЙДІ

КОЛЛЕДЖ БІТІРГЕН ЗАҢГЕР мен ҚАРЖЫГЕРДІ КІМ ЖҰМЫСҚА АЛАДЫ?

ЖЕКЕ КОЛЛЕДЖДЕРДЕГІ БІЛІКТІЛІК ҚАНДАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?

Жақында, Наурыз мерекесі қарсаңында 16 наурызда Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік –мәдени комитетінің «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытудың өзекті мәселелері: білім беру процесін жаңарту және колледждерді материалдық-техникалық жарақтандыру» атты кеңейтілген тақырыптық отырысы өтті. Әлеуметтік–мәдени комитет төрайымы Жәмилә Нұрманбетова жүргізген комитет отырысына Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева және бейнеконференция байланысы арқылы Білім және ғылым, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау вице-министрлері, облыстар және республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарлары, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Негізі тақырып өте маңызды. Әсіресе өндірістік салада жас мамандар дайындау тұрғысында келелі кеңес болды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы 27 мамырда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде техникалық және білім беруде академиялық дербестікті енгізу, жан басына шаққандағы қаржыландыруды жетілдіру және кәсіптік бағдарлау жүйесін 10-15 жыл ішінде еңбек нарығының болашағын ескеру қажеттілігіне назар аударғаны белгілі. Бұл бағыттағы жұмыс барысы қалай жүруде? Мысалы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы қалай іске асырылуда? Қазіргі таңда техникалық және кәсіптік білім беру кадрларын дайындау саласында жастарды, аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды және ауыл жастарын даярлауға 2020 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын ұлғайту жөніндегі жол картасы қалай жүруде? Отырысқа қатысушы Мәжіліс депутаттары, облыс әкімі орынбасарлары, колледж басшылары да осындай тақырыптарда өз ойларын, құнды пікірлерін ортаға салды.

КОЛЛЕДЖ БІТІРГЕН ЗАҢГЕР мен ҚАРЖЫГЕРДІ КІМ ЖҰМЫСҚА АЛАДЫ?

Бұл жерде осы салаға бөлінген 112 млрд теңге мемлекет қаржының желге ұшпауы басты мәселе болды. Бұл бағытта колледж нарық талап еткен мамандар дайындап жатыр ма? Олардың түлектері түгел жұмыспен қамтылуда ма? Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева айтқандай: «Жұмыс таппай жүрген заңгерлер көп. Өзім білетіндіктен, өзімнің мамандығым заңгер болғандықтан айтып отырмын. Колледждерде заңгерлерді оқытуға ешқандай қажеттілік жоқ деп ойлаймын. Өйткені бұл жерде балалар зардап шегеді, олар оқиды, бірақ ертең оларды ешкім жұмысқа алмайды. Мысалы, мен өзім ешқашан колледж бітірген заңгерлерді жұмысқа алған емеспін, өйткені жоғары білімі бар заңгерлердің өзі толып жатыр. Осы мәселе қаржыгер мамандығында да бар. Колледж бітірген қаржыгерлер, экономистер қайда барып жұмыс істейді? Қазір үш жыл еңбек отработкасын енгізетін болсақ, балалардың жағдайы одан да нашарлайтын сияқты. Өйткені олардың мамандықтары керек емес болып отыр. Осы мәселені министрлік терең зерттеуі керек.» Иә, сондықтан да, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасы орынбасары Олжас Отарбаевтың айтуынша, 2019 жылы 6 мың 903 жас маман құрылыс бағыты бойынша колледжді бітірген, оның ішінде түлектердің тек 14 пайызы ғана мамандығы бойынша жұмысқа орналасыпты. Ал қалған 86 пайызы мамандығы бойынша жұмыс істемейді немесе мүлдем жұмыс істемейтіндігін талдау нәтижесі көрсетті. Бұл мәселені Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы да көтерді.

ЖЕКЕ КОЛЛЕДЖДЕРДЕГІ БІЛІКТІЛІК ҚАНДАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?

Білім вице-министрі Мәжіліс депутаттары Жұлдыз Сүлейменова, Елнұр Бейсенбаевтың мемлекеттік тілде қойған сұрақтарына орыс тілінде жауап берді. Ал менің және Берік Әбдіғалиұлының тікелей вице-министрге қойған сұрағымызға департамент директорының орынбасары жауап беруге тура келді. Біздің сұрағымыз мынау болды: -Вице-министр ханым, Сізге менің екі сұрағым бар. Бірінші. Қазір көптеген колледждер жеке басқаруға өтіп жатыр, ол – сенімгерлік басқару. Осы уақытқа дейін 10 колледж сенімді басқару арқылы жеке кәсіпорындарға өтіпті, тағы 27-сі дайын тұр екен. Осы колледждерде, сенімгерлік басқару арқылы жекелерге өткенде біліктілік талабы қалай қадағаланады? Бұл бірінші сұрақ. Екінші. Жаңа менің алдымда сөйлеген депутаттар да айтты, колледждегі оқытушылардың 30 пайызы ғана жоғары білімді. Бұл колледжде оқыған мамандардың әлсіз болуына басты себеп болады. Өздеріңіз де ең басты проблеманың бірі ретінде колледждердің тартымдылығы жоқ деп жатырсыздар. Ең бастысы оқытушылар құрамын жақсарту керек. Бізге түскен шағым бойынша сіздерде қазір, мысалы, магистрге, одан кейін категориясы бар оқытушыларға қосымша жалақы төленбейді. Олардың жалақысы техникалық қызметкерлермен бірдей. Сондықтан ол жерде жоғары оқытушылар құрамын жақсарту керек секілді. Бұл бағытта не істеп жатырсыздар? Үшінші. Бұл сұрақ емес, талап. Сіз Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарының мемлекеттік тілде қойған сұрағына өзге тілде жауап беріп жатырсыз. Бұны қалай түсінуге болады? Басқаларға қайтесіз сонда? Министріңіз қазақ тілін қолдап жүр, ал сіздер керісінше жұмыс істейсіздер. Сондықтан маған мемлекеттік тілде жауап беруіңізді талап етемін. Рақмет. Менің бұл тікелей өзіне мемлекеттік тілде қойған сұрағыма вице-министр тағы да өзге тілде: «Джамиля Нусупжановна, ответит Департамент профтехобразования, заместитель директора Ернат Гапуович»-деп, жалтарып кетті. (Бұл мемлекеттік тіл мәселесі туралы жеке мақала жазылады). -Бірінші сұрақ бойынша сенімгерлік басқаруға қазіргі кезде 10 колледж берілді. Негізгі колледждерді беру бойынша жергілікті атқарушы органдар өздері жұмыс жүргізіп жатыр. Осы сенімгерлікке берген колледждердің қазіргі кезде нақты критерийлері жоқ. Қазіргі кезде бұл мәселені шешіп жатырмыз. Ұлттық экономика министрлігімен бірге бұл жұмысты жүргізіп жатырмыз. Екінші сұрағыңыз бойынша. Педагогтардың қосымша жалақы алу мәселесі. Биылғы жылдан бастап біз 30 пайыздан 50 пайызға дейін мұғалімдердің біліктілігіне байланысты қосымша жалақы төлеуді қарастырдық. Биылғы жылдың өзінде 2 мыңнан астам мұғалім өтті, қосымша жалақы алуда. Сонымен бірге ағылшын тілінде беретін мұғалімдерге 200 пайыз үстемақы қарастырылған. Жалпы, биылғы жылы біз бұл жұмысты әрі қарай жалғастыратын боламыз. –деді Ернат Жүсіпов. Осы жеке колледждердегі жағдай туралы «Жезқазаған бизнес және көлік колледжі» құрылтайшысы Бекзат Алтынбеков те жақсы жауап беріп кетті. - Жекеменшік оқу орындары бүгінгі заман талабына сай жұмыс жасауда, барлық мүмкіндіктерін пайдаланып келе жатыр. Жаңа қойылған көп сұрақтардың ішінде еңбек жалақысын төлеу туралы мәселе жекеменшік оқу орындарының көбісінде шешілді. Қазір мемлекеттің талаптарына сай барлық деңгейдегі магистрлік, докторлыққа қосымша жалақы мен өзім басқарып отырған оқу орнында толық қарастырылған.-деді ол.

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ОҚУЛЫҚТАР ЖЕТІСПЕЙДІ

Әлеуметтік–мәдени комитет төрайымы Жәмилә Нұрманбетованың «Негізі колледждерде қазақ тіліндегі әдістемелік оқу құралдары, оқулықтар жеткілікті ме?»-деген ең маңызды, жанды сұрағына да Бекзат Алтынбеков нақты жауап берді: -Бұл бүгінгі таңдағы өте нақты, үлкен проблемалардың біріне айналып отыр. Қазір «Таlap», «Кәсіпқор» арқылы, жалпы интернет желісі арқылы барлық техникалық білім беру кітаптарын, оқулықтарын алуға болады. Бірақ бұның басым көпшілігі орыс тілінде, ал бүгінгі таңда техникалық кәсіби білім беру жүйесінде мемлекеттік тілде білім алатындардың қатары өте көбейді. Сондықтан бұл мәселе өте күрделі мәселелердің қатарында тұр. Біз қаншалықты сұраныс бар, соншалықты кітап сатып алуға, кітапхана қорын жасауға мүмкіндігінше жұмыс жасап жатырмыз. Ресейден шыққан оқулықтарды өзіміздің ішімізде аударып, оны оқу әдістемелік орталықтары арқылы пайдалану жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Дегенмен де бұл мәселе Білім және ғылым министрлігі арқылы шешіліп жатса, дұрыс шаруа болатын еді. Мемлекеттік тілде техникалық кәсіби білім беру мамандарын даярлауда оқулықтардың жетіспеушілігі бүгінгі таңдағы нақты мәселелердің бірі. -Рақмет, Бекзат Қомарұлы. Көптеген колледж басшылары Сіздің ұсынысыңызға қосылады деп ойлаймын. Негізі депутаттардың барлығы оны біліп отыр, бұл министрліктің алдында тұрған үлкен міндет!-деп Жәмила Нүсіпжанқызы бұл негізгі мәселені министрлікке жүктеді. Жалпы, кеңейтілген тақырыптық отырыста депутаттар тарапынан көптеген күрделі сұрақтар көтерілді. Енді мұның нәтижелі болуын күтеміз. Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты