Қазыбек Иса: Көшіп келген қандастарға бірден азаматтық берілуі керек
2021 ж. 17 наурыз
3170
6
КӨШ ҚАРҚЫНЫ 100 ЕСЕДЕЙ АЗАЙЫП КЕТКЕН...
ҚР Парламенті мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі А.Ұ.Маминге депутаттық сауал жолдады.КӨШ КӨБЕЮІ ҮШІН КӨШІ-ҚОН АГЕНТТІГІ ҚАЙТА ҚҰРЫЛУЫ ТИІС
Биыл Тәуелсіздіне 30 жыл толатын Қазақстан үшін халық санының көбеюінің маңызы зор. Ал басты қауіптердің бірі де осы халық санының азаюынан туындайды. ҚР Президенті Қ.Тоқаев "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты бағдарламалық мақаласында: «Соңғы жылдарда түрлі себептерге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды солтүстік және шығыс өңірлерге орналастыруды жандандырамыз» деп атап көрсеткен болатын. Аумағы бойынша әлемде 9-орынды, халық саны бойынша 64-орынды иеленген Қазақстан әлемде халықтың орташа тығыздығы бойынша БҰҰ таныған 195 тәуелсіз елдер тізімінде 184-ші орында. Бізде бір шаршы км – 6,7 адамнан келетін болса (Өзбекстанда – 76 адам), әлемдік орташа көрсеткіш - 56 адам. 2012 жылдан бері миграцияның теріс айырма сальдосы 30 мыңның үстіне шықты, соның салдарынан сырт елдермен шекаралас солтүстік пен шығыс өңірлерде ауылдар босап қалуда. «Отандастар» қоры мәліметінше шет елдерде 7 млн-ға жуық қазақ тұрады. Бұл Қазақ халқының 50% пайызға, яғни жартысына жуығы. Олардың алдағы уақыттарда ассимиляцияға ұшырау қауіпі өте жоғары. Демографиялық аспектіде қазақ ұлты үшін бұл үлкен әлеует болып табылады. Қазір Қазақстанға қоныс аударуға ынталы шетелдік қазақтардың саны 1,5 млн адамға жуықтайды. Осы адами ресурсты біз неге дұрыс пайдаланбаймыз? Кім кедергі? Тұңғыш Президент - Елбасы жарлығымен басталған Ұлы көшке де биыл 30 жыл толады. Осы уақытта елімізге 1 миллионнан астам қандастармыз келді. Алайда соңғы жылдары көші-қон тым баяулап, кедергі қатты көбейіп тұр. 1993-2021 жылдар аралығындағы бөлінген квота кестесіне қарасақ, адам саны 100 еседей азайып кеткен? 1993 жылы енді ел болып, есімізді жиып, етегімізді жауып жатқанда 60 мыңдай (10 мың отбасы), 2009 жылы 100 мыңнан аса адам (20 мың отбасы) қабылдаған Қазақстан ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында 1426 адамға ғана квота бөлді. Осыншама, бұрынғы межеден 100 еседей азайып, анти-рекордқа жететіндей басымызға не күн туды? Бұның бірден бір себебі, кезінде көші-қонды жандандырған Көші–қон агенттігінің жойылып, миграциямен айналысу әр министрлікке, квотаға ұсыныс беру әр облыс әкімшілігіне берілгенінен болып тұр. Әкімдер шетелдегі қандастарымызды шақыруға оларды орналастырудың қиындығынан қашып, елдің ырысын емес, жанның тынышын ойлап отырғандықтан, барлық облыстарда квота бөлу күрт төмендеп кеткен. Мысалы, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстары 2017 -2021 жылдары бес жыл қатарынан квота бөлуге бір де бір адам ұсынбаған? Ол облыстарға еліміздің сртатегиялық мақсаты - халқымыздың санын қандастарымызбен көбейтудің қажеті болмағаны ма? Ал 2012-2017 жылдар арасында қатарынан 6 жыл бойы еліміз бойынша қандастардың келуіне бір де бір квота бөлінбеген?!. Демек, бүгінгі таңдағы квота жүйесі мемлекеттің көші-қон және демографиялық саясатына ешқандай оң әсерін бермеуде. Сондықтан бүгінде бірнеше министрлікке шашырап кеткен басқармаларды бір органға жинап, Демография және көші-қон жөніндегі Агенттікті қайта құру керек. Қандастарды қабылдау квоталарын жылына 20 мың отбасыға жеткізу керек.ҚАНДАСТАРҒА БІРДЕН АЗАМАТТЫҚ БЕРІЛУІ КЕРЕК
Екіншіден қандастарымыздың Азаматтық алу мәселесі әлі қиындықтан шыға алмай келеді. Ресей, Израиль және тб мемлекеттерде Азаматтық алу үшін бір ғана құжат талап етіліп, мәселе бір күнде шешілсе, кең байтақ жерімен салыстырғанда халқы өте аз Қазақстанда 48 құжат жинау керек. Оның бәрін жинаймын дегенше, алдында алған құжаттардың мерзімі өтіп кетіп жарамсыз болады. Бізде де ұлты қазақ қандастар үшін керек құжат санын барынша шектеп, бірден Азаматтық берілетін болуы тиіс. Қазақстанның Азаматтығын алудағы басты талап - "Ақ жол" партиясы ұсынғандай, Қазақ тілін білуден емтихан тапсыруы керек.ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЗАҚ ЕКЕНІН КІМ АНЫҚТАУЫ КЕРЕК?!.
Осы Азаматтық алуда жинайтын қаптаған құжат саны аздай, кейінгі кезде тағы бір қиын кедергі - шетелдегі Қазақтардың өздерінің Қазақ екенін дәлелдеу, оны құжат жүзінде рәсімдеу ең басты мәселенің бірі болып отыр. Ол, қазақтың қазақ екенін растайтын құжатты бұрын 1992 жылғы 23 қыркүйекте шыққан Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң №791 қаулысына сәйкес «Дүниежүзі қазақтарын қауымдастығы» беретін. Алайда, бұл №791 қаулы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 9 ақпандағы №124 қаулысымен күшін жойғанымен де Қазақстанға көшіп келген қандастардың азаматтық алуына қауымдастықтың анықтамасы жарай беретін. Бұл жұмыстар 2017 жылға дейін заңды негізі болмаса да, қалыптасқан тәжірибе ретінде жалғасып келген. Қауымдастық тарапынан анықтама беру тоқтағаннан кейін, мәселе қандастар арасындағы қоғамдық ахуалға әсер ете бастады, әлеуметтік желілерде үлкен талқыға түсіп, резонанстық жағдайлар бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Сонымен, 2017 жылдан кейін 4 жылда бұл шаруамен ешкім айналыспай, ақырында қазақ екенін дәлелдейтін анықтама ала алмай, қаншама қазақ Қазақ еліне келе алмай жүр, келгені әлі Азаматтық ала алмай жүр. Сондықтан «этникалық қазақ» екендігін дәлелдейтін құжатты беру механизмін тез дұрыс жолға қоймасақ, алдағы аз уақытта көп қандастарымызды «жоғалтып алу» қаупі бар. Шетелдегі қандастар Қазақстанға келуі үшін тағы бір кедергі, олардың мұнда тікелей туысы болуы керек. Бір түсініксіздігі, бұл талапты шетел емес, біздің ел қойып отыр.СОЛТҮСТІК пен ШЫҒЫСТА БОСАП ҚАЛҒАН АУЫЛДАР КӨП...
«Ақ жол» партиясы бағдарламасында жазылғандай, «Қандастарымызды тарихи отанына қайтару, елге оралған бауырларымызды баспанамен, жұмыспен қамтамасыз ету және көмек көрсету, олардың Қазақстан Республикасының толыққанды азаматтары ретінде тезірек бейімделіп кету жөніндегі жұмыстарды күшейту керек» деп санаймыз. Иә, қандастарды мемлекет басшысы айтқандай, әсіресе елдің солтүстігі мен шығысына қоныстандыру керек. Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданының өзінде ғана 270-тей көл бар. Мысалы "Екатерина" ауылында барлығы 100-дей отбасы болса, 80-дей үй бос тұр. Ғ.Мүсірепов ауылында үлкен мектепте 35 бала ғана оқиды. С.Мұқанов ауылында 35 отбасы ғана бар. Бұл өңірлердегі ауылдарда бос қалған жап-жақсы үйлердің бағасы 200-500 мың теңгенің арасы. Ал әкімдік салып беріп, қандастарға ұсынып жатқан үйлердің бағасы 7,5 млн теңге!?. Қандай адам баспана алу үшін бағасы 40 есе қымбат үйге ұмтылады?ҚАНДАС ҚАЛАЙ КҮН КӨРЕР?
Қарап отырсақ, біздің үкіметтің талаптары мен ережелері бір-біріне қарама-қайшы. Елге келген қандастар мал жайылымы үшін әкімдіктен жер сұраса, жер бермейді, өйткені жер беруі үшін оның малы болуы керек екен. Өзі зорға жеткен қандаста қандай мал болуы мүмкін?!. Мал алайын десе, банк несие бермейді, өйткені несие беру үшін кепілге қояр жері де, малы да жоқ. Сонда, Көк туды көру үшін көзі жасаурап, елім деп еңіреп көшіп келген қандастарымыз қалай күн көреді?!. Алдымен несие беріп, содан соң алған малы мен жер телімін неге кепілге қоймасқа? Одан соң қандастар жұмысқа орналасайын десе, олардың шетелде алған дипломдарын біздің мемлекет танымайды. Біздің үкіметтің қандастармен жұмыс істеу жүйесіне қарасақ, "Қойшы көп болса, қой арам өледі", "Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын" деген мақалдар еріксіз есе түседі. Негізгі міндеті шетелдегі қазақтардың этникалық бірегейлігін сақтау болып табылатын «Отандастар қоры» қоғамының бюджеті Ресейдің "Россотрудничество" мекемесі бюджетінен 60 есе аз немесе оның бюджетінің 1,6 пайызын ғана құрайды. Шетелдердегі қандастарымызды елімізге жүйелі түрде көптеп көшіріп алудың ерекше екі маңызы бар. Біріншіден, Тәуелсіз мемлекетіміз үшін аса маңызды болып тұрған халық санын арттырады. Екіншіден, қазір кейбір шет елдерде өз тілінде оқи алмай, ана тілі мен ұлттық ғұрыптарынан айрылып қалудан және саяси қысымдарға түсуден құтқарады Адами капитал мемлекетіміздің басты құндылығы болғандықтан, біз келесі нақты шараларды қабылдауды ұсынамыз. 1.Қандастарды қабылдау квоталарын 2009-2011 жылдардағыдай жылына 20 мың отбасына дейін ұлғайту;- Өңірлерде қандастарды бейімдеу-кіріктіру орталықтарын құру.