Қазыбек Иса: Мемлекеттік тілді бүкіл азаматтардың білуі міндетті
2021 ж. 17 ақпан
2778
5

Ұлтаралық қатынас тілінің деңгейін түсіру кімге керек?
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деді. Ал былтырғы Жолдауында мемлекеттік аппарат және квази-мемлекеттік сектор қызметкерлерін 2020 жылы 10 пайызға, 2021 жылы 15 пайызға азайту арқылы шенеуніктердің санын қысқарту мәселесі шешілетінін айтты. Үнемделген қаражаттың есебінен қалған қызметкерлердің жалақысы көбейетінін және 2021 жылғы 1 шілдеден бастап балдық-факторлық жүйе енгізілетінін, бұл мемлекеттік қызметшілердің құлшынысын арттырып, жауапкершілігін нығайта түседі деген сенімін білдірді. Ал мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту мен олардың қызметін балдық-факторлық жүйе арқылы бағалауда мемлекеттік тілді білуі қаншалықты ескерілетінін ешкім білмейді. Егер мемлекеттік тілді еліміздің басты нышандарының біріне айналдыру сөз жүзінде ғана қалып қоймай, іс жүзінде жүзеге асатын болса бұл қазақ және орыстілді болып екіге бөлінген Қазақстан халқының бірлігін нығайтып, мемлекеттік саясаттың нәтижелі болуына тың серпін береріне ешкім күмәнданбайды. Қазыбек ИСА, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты: – Мемлекеттік тіл деген сөздің өзі басқа тілдерден үстем дегенді білдіреді. Бұл бүкіл әлем бойынша солай. Мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілде сөйлемейтін әлемдегі жалғыз ел – Қазақстан. Мемлекеттік тілді мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, бүкіл азаматтардың білуі міндетті. Бізде мемлекеттік қызметкерлердің өзі білмейді. Бұл ешқандай ұғымға сыймайтын нәрсе. Бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған бізден басқа елдердің бәрінде «Мемлекеттік тіл туралы» заң бар. Бізде «Тілдер туралы» заң 1989 жылы шыққан. Ол кезде Қазақстан Республикасы деген мемлекет жоқ еді. Сол кездегі заңды 1997 жылы косметикалық өңдеуден өткізіп, сол күйі қалдырды. Ал 1989 жыл қазақтың үлесі 39 пайыз, орыстың үлесі 38 пайыз болатын. Сондықтан да ол кезде орыс тілі мемлекеттік тілмен қатар қолданылады немесе ұлтаралық қатынас тілі деп қабылданды. Қазір қазақтың үлесі 78 пайызға жетті. Біздің Конституциямызда да, ешқандай заңымызда да мемлекеттік тілді міндеттеу туралы талап жоқ. Кеше Парламентте мемлекеттік тіл туралы депутаттық сауал жолдағанда ескі заң демографиялық және демократиялық тұрғыдан өзінің күшін жойды деп айттым. 2019 жылы 6 қыркүйекте Ұлттық кеңестің бірінші отырысында да «Мемлекеттік тіл туралы» заң керек деп Президент Қ.Тоқаевтың алдында мәселе көтердім. Былтыр тамызда Мәдениет және спорт министрлігі мемлекеттік тіл туралы заңның тұжырымдамасын жасап үкіметке жіберді. Мен кешегі депутаттық сауалымда ол неге қозғаусыз жатыр деп сұрадым. Мемлекеттік тілді міндеттеу мемлекет мүддесі. Адамдар қажеттілік болғанда ғана үйренеді. Млрд-таған шығын шығарып жатыр. 15-20 жыл бұрын «Көкпар» деген бағдарламада бір депутатпен пікірталаста «қанша млрд теңге бөлсеңіздер де, қажеттілік болмаса ешкім мемлекеттік тілді үйренбейді» дегенмін. Мемлекеттік қызметкерлер бізде көп болса 100 мыңның ар жағы, бер жағында. Бұл 19 млн халықтың 0,5 пайызы ғана. Сонда жарты пайыз адам мемлекеттік тілді білетін 85 пайыз халыққа заңсыз үстемдік етіп келеді. Көлікті жүргізгенде жүргізуші куәлігін, дәрігерден операция жасау үшін дипломын талап етеді ғой. Мемлекеттік қызметкерден мемлекеттік тілді солай талап ету керек. Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»