Біздің аңсаған арманымыз, көздеген мақсатымыз не еді?..
2021 ж. 13 ақпан
2409
0
«Арманына жеткен, мақсатына жете алмаған Айша-Бибі». Ханбибі Есенқарақызы
3. Қызды біз өсіреміз, қызығын қытай көреді...
«Егер сіздің элита ақшасын біздің банкте сақтаса, онда ол сіздің элита емес, ол – біздің элита!..» Збигнев Бжезинский
«Егемен Қазақстан» осыдан бір-екі ай бұрын Алтайдағы балқарағайдың жаңғағын іске жарата алмай жатқанымыз жайлы «қарағай бізде өседі, қызығын Қытай көреді» деп жазды. Жалғыз қарағай ғана болса қуанасың ғой... Қытай мұнайдағы үлесінің жыл сайын өсіп келе жатқанымен шектелмей, экономикамызға салған ауызын күн санап кеңейтіп бара жатыр. Ол бүгін мұнай мен газдың Ақтөбе облысында 95 %, Қызылорда облысында – 65 %, Маңғыстау облысында – 35 % үлесін иемденіп отырса, елімізде қытай капиталының үлесі бар 2783 кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Ал, нағыз баға жетпес қазынамыз – қыздарымыздың қызығын қытай ғана емес, басқа шетелдіктер де көріп отыр. Ал, қай ұлттың болсын мәйегі ұлында емес, қызында болатынын, әкенің ұлды, әйелдің ұлтты тәрбиелейтінін, әйел бұзылса ұлт бұзылатынын біле тұра 3.12.2015 жылы «Неке туралы заңға» қыздарымыз көрінген көк аттыдан жиен туып алса, оны Қазақстан азаматы етіп өсіретін өзгерту қабылдадық. Жиендерді топырлатып жатқан негізінен қытайлар екенін көзі саудың бәрі көріп отыр. Біздегі қытай саны бейресми мәлімет бойынша кәзір 500 мың көрінеді. Бұл – бүгін болмаса да ертең ұлтымыздың 3 пайызын, соншама жиен Қазақстан азаматтығын алады деген сөз. 3 пайыз қытай қай елдің қанша байлығына ие екенін интернеттен бір қарап көріңізші, жаның түршігеді! Сонда біздің билік кімнің мүддесіне жұмыс істейтін заң қабылдады, кім жауап бере алады?.. ...Шыңғыс хан қайтыс боларда төрт ұлы: «Біз енді ұлан-байтақ жерді қалай ұстап тұра аламыз?» деп сұрағанда «ешбір мәселені түбегейлі шешпеңдер, халық айналып алдарыңа келе беретін болсын» деп жауап беріпті хан. 30 жылда біздің билік те қазақтың мәселесін ушықтырмаса, түбегейлі шешкені шамалы. Кешегі сайлаудың қалай өткені тағы белгілі. Неге бізді билік алдай береді? Өйткені, халық пен билік параллель екі әлемде өмір сүріп жатыр, олардың мүддесі ешқашан қабыспақ емес!. Билік ковидке қарсы вакцинадан адам өлсе өтеуіне, 500 000 теңге төлейтін болды. Бұл – адамның құны емес, оны қорлаудың құны! Кемеңгер Карл дұрыс айтқан – тарих көз алдымызда қайталануда. Кеңес өкіметі саяси биліктің өзін өзі реформалауға ықылассыздығынан құлап еді, біздің билік те болмысы өзгермейтінін көрсетіп бітті. Айдос қандай ақылды: «Билікке жетіп қана биліктің табиғатын өзгертуге болады». Бірақ, ешқандай билік өз тізгінін өзі бермейді ғой, оны тек тартып аласың. Тартып алу үшін не істеу керек? «Бәрің бірігіп, билікке қарсы бір партия құрыңдар, – дейді ақылман Айдос, – бірақ, ол үшін көп ақша керек». Ал, ондай ақша біздің билікте бар. Ол ақша біздің билік жүйесіне қайдан келеді? Әрине, жемқорлықтан келеді. 30 жылда бұл мерездің тамырын тереңге жібергені сонша, күніге бір шенеунік ұсталғанын есітпесек ішкен асымыз бойымызға сіңбейтін болды. Өткенде Материалдық қор комитетінің төрағасы 6,7 млрд. теңгені жеп ұсталса, кеше Алматы облыстық білім басқармасының төрайымы 37 млн. теңге парамен қолға түсті. Ал бүгін Жоғарғы соттың судьясының өзі 8 мың доллар парамен ұсталса, енді не айтамыз? Бұған биліктің бауыр басып қалғаны сонша, оны заңдастырып та қойды – жегеніңді құс-тағы, сайрандап жүре бер. Қысқасы, билік халыққа «біз құрған бүгінгі нақты өмір (реальность) осы, сізге ұнаса да, ұнамаса да осы ережемен жүреміз» деп отыр. Оның дәлелі – былтыр халықтың 1 трлн. 300 млрд. теңгесін бюджетке қайтарған азамат Ислам Әбішевті 5 жылға соттағаны. Судья мен прокурордың көп жобаның бюджетке өз бағасынан 2-3 есе емес, 10, 15, 20 (!) есе артық есептеліп салынғанын көрмегені. Бюджетке соның бәрін ұсынған да өз үкіметіміз, әбден тексерген, бекіткен де өз парламентіміз, ендеше олар «көрмегенді» көре қоятын батылдық бұларға қайдан келе қойсын... Қытай тек кейінгі 20 жылдың өзінде 20 мың шенеунігін атты. «Жалмауызға да жан керек», осындай шара қолданбағанда Қытай ешқашан әлемнің екінші экономикасына айнала алмасы ақиқат еді... Арал қаласындағы жергілікті элита орналасқан төбені жұрт «Жебіртөбе» атандырып жіберіпті. Жемқорлық тұрғанда, жебір элитамыз тұрғанда біздің ешқашан дамыған елге айнала алмайтынымыз да ақиқат. Бірақ, билік оларды атпайды, демек, елдің дамуын да ойламайды деген сөз...4. Билігіміз ұнамайды, ал өзіміз қандаймыз?
«Расында қай бір қауым өзін өзі өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді».
Құран, «Рағыт» сүресі, 11-аят
Айдос досқа өкпе жоқ, ол ең ақыры елді жаппай көшеге шығарар тұлға жоқ екенін де айтты. Дәлірегі олар бар, бірақ... Менің өзім ақыны бар, әкімі бар, депутаты, бизнесмені бар бірнеше аға-інілерімнен «елді соңыңнан ерте аласың ғой, неге билікке таласатын партия құрмайсың?» деп сұрадым. Бәрі келісіп қойғандай «құртып жібереді ғой!..» дейді. Иә, «мақсат – алыс, өмір – шақ» (Абай), «Заманбек синдромы» да оңайлықпен кете қоймайды. Демек, бізге «ұлтым!» деген ұлдардың басы түгел бірігіп, біртұтас партия құрудан аспандағы ай жуық екен ғой, солай ма? Өкінішке қарай, солай деуге болады. «Ұлтым үшін сайтанмен де бірігуге дайынмын» депті қайран Әлекең. Біздің бүгінгі игі жақсылар асылып өлуге бар, бірақ, ұлты үшін өзінің таудай көкірегін басып, саяси, адами көзқарасы өзіне қарсылармен бірігуге жоқ... Бірақ, біз... «Бұл күйге бүгін емес, көптен кірдік, Алды-артын аңдамаған бетпен кірдік» (Ахаң). Кінәні кім болғанда да алдымен өзінен іздеген жөн, жемқорларды билікке алып келген де өзіміз – Құдай біздің пейілімізді алды. Екі ғана мысал келтірейік. ...1974 жыл. Тәжікүл деген жеңгеміздің асынан соң әкем екеуміз үйде шәй ішіп отырдық. Сөзден сөз шығып әкем: «Қазаққа үлкен ауыртпашылық келе жатыр...» деді. Мен таңғалдым, сосын ойланбай сөйлемейтін әкемнен сұрадым: «Аға (кемпірдің баласымын ғой), бұны неден шығарып айттыңыз?» «Бұндай молшылық заман болған емес еді, қазақ соны тарылтып жүр – пейілі тарылып барады». «Ал, енді оны қайдан байқадыңыз?» «Көрдің ғой, жаңағы жиыннан енапат тамақ артылды. Ал, ауылдың әйелдері соған таласады. Кешегі қонақасыда да сондай болды, жақсы емес...». Жоқшылық 89-жылы-ақ басталып кетті... Екінші мысал, полковник досым айтады: «1992 жылы көп жыл бастық болған ағамыз той жасады. Сол тойдың жартысына жетпей-ақ үстел үстінде тамақ қалмауға айналды. Сонда отырған ығай мен сығайдың біреуі әйеліне «бұның не?» деген жоқ. Мен ұялғанымнан той бітпей кетіп қалдым...» Біздің осы пейіліміз 20 жылдан бері тарылмаса кеңейейін деген жоқ... Адам – пенде. Оған пендешілік тән. «Арылайын десем де пенделіктен, арылатын болмадым. Ол неліктен?» деп Мұқағали бекер жазды дейсіз бе? Міне, пенденің осы осалдығын біздің билік асқан шеберлікпен пайдаланды. Бұған қоса ол бізді тіл, дін секілді бес бірдей ең маңызды мәселеде бөлшектеп отырғаннан кейін халқымыз ұлтқа ұйыса алмады – Абай атамыз айтқан тобырға айналды. Өмірдің барлық саласында билікке қояр жұрттың кінәсі көп-ақ. Біздіңше, ішіндегі ең ауыры - халықтың санасын өзгертіп, оны малдың сәл-ақ алдындағы тобырға айналдырып жібергені. Соның салдарынан біз бүгін, артық айтсақ кешірерсіздер, намыссыз, жігерсіз, сөзі мен ісі екі бөлек, биліктің айтқанынан шықпайтын массаға айналдық. Бір-екі ғана дәлел келтірейік. 1993 жылы Жоғарғы Кеңестің «өкілеттігімізден өз еркімізбен бас тартамыз және сіздердің әрқайсыңызды біздің жолымызға түсуге шақырамыз» деген Т.Әубәкіров, Е.Төлепбаев, З.Нұрқаділов, М.Оспанов, А.Жұмаділдаев, Ш.Мұртаза, т.т. 43 депутатының «көмегімен» Жоғарғы Кеңес өзінің өкілеттігін «мерзімінен бұрын тоқтату туралы» заң қабылдады. Рас, С.Әбділдин жазғандай, кейін «алданғанын біліп бармағын шайнағандар аз болған жоқ, бірақ, солардың біразына «алдану» тиімді болды, өйткені ол сауданың сыртында жеке мүдденің құлағы қылтиып көрініп тұрды». Содан бері «алданғысы» келетіндер тек көбейе түсті. Жеке сөйлессеңіз, керемет дара тұлға, халық мүддесін кеудесін оққа төсеп қорғаушы болып көрінетін депутаттар байлықтың бәрін сатқанымыз аз болғандай, атаның қаны, ананың көз жасымен мұра боп жеткен Жерді сатылсын деп қол көтерді ғой! Басқа-басқа, Парламент қабырғасында «Жерді сату – Анаңды сату!» деп арыстандай гүрілдеген, дәл осы тақырыппен Амангелді Айталы бастаған 15 өңкей жақсы-жайсаңмен бірге Үндеу жариялаған, «Ұлттың ұяты» деп атауға лайық бір адам болса, ол осы кісі шығар» деген Шер-ағаң мен «юбка киген Махамбет» атанған Фариза апамыз бұндай ақылға сыймас әрекетке қалай барды?.. Бүгін «заңды байқамай қалып, қол көтеріп жіберіппін» деген Бекболат Тілеухандар сол арыстай ағаларымыз бен аяулы апаларымыздың ізбасарлары ғана. Оппозициялық партияларымыз да іс жүзінде парламенттің 80 пайыздайын алып отырған «Нұр Отаннан» асып кете алмайтынын бәріміз білеміз. 2005 жылы президент сайлауында «Халқым, сен үшін жаным пида!» деп жаһанға жар салған Жармахан Тұяқбай Шымкенттегі қонақүйде «Жабайы Арман» атанып кеткен жас боксшы жігіт «Жармаханды көрсет маған!» деп, оққағарларды допша домалатып келе жатқанда, «айналайын, балам, Жармахан көкең менмін» деп алдынан шығудың орнына, Алтынбек Сәрсенбаев екеуі екінші қабаттан секіріп қашты. (Қайта ол екеуіне қарағанда қашпаған Болат Әбілов абыройлы болды). Мынадай масқарадан кейін олар ең болмаса 30 жыл үйінен шықпаған З.Камалиденовтей де бола алмады, ұялмай-қызармай тағы да партияға жетекшілік етті... Ж.Тұяқбайдың көп жыл оң қолы болған Әміржан Қосанов екі жыл бұрын сатқындықтың, екіжүзділіктің үлгісін көрсетті... Ұлтшылдарымыз да сөз жүзінде «қазақтың мүддесіне қарсы Қазақстан халық ассамблеясы (ҚХА) таратылсын!» дейді-дағы, оның берген сөлкебайына бүкіл елден сүйінші сұрайды, бірін бірі әйелі ұл тапқандай қуана құттықтап жатады... Намыс қайда?! Бұның бәрі сол тобырға айналғанымыздан шығады. Қазақ бүгін намыстан жұрдай ұлт болуға айналды. Өздеріңіз ойлаңыздар, Несіп Жүнісбаев ағамыз өңкей қазақ балалардан «Намыс» атты футбол командасын құрды. Сол командаға қаржылық демеуші болатын бір қазақ табылмай, команда ақыры тарап кетті... Қазақта намыс болса «Казахская правда» газетін 63 жасында бастап, 75 жасында дүниеден қайтқанынша бір өзі шығарып отырған, құдыретті «Караванның» қожайыны Геллер мен «Казахстанская правданың» редакторы Срыбных секілді шовинистердің мойнын қайырып, елден қуып жіберген Алдан Айымбетовтің газетінің толыққанды газетке айналуына қол үшін беретін бір қазақ кәсіпкер табылар еді ғой!.. Қазақта намыс болса әлемде теңдесі жоқ «саусақтарымен» мақта жинайтын машина; егіннің тек дәнін оратын ұшақ; бір жүріп өткенде жерді жыртып, тырмалап, тыңайтқышын құйып, дәнін сеуіп кететін тұқымсепкіш машина; бір жүріп өткенде жолды таптап, нығыздап, асфальт төсеуге дайындап кететін әмбебап машина ойлап тапқан Сейілбек Қышқашұлына ең болмаса бір техникасының жасалуына қол үшін берер бір қазақ табылар еді ғой... Қазақта намыс болса әлемдегі ең ірі шөлдің бәрін жаяу жүгіріп өткен, Гиннесс рекордтарының 7 дүркін иегері Марат Жыланбаев 1995 жылы «Жер шарын жүгіріп айналып шығуға даярмын» дегенде, министр мен одан да жоғарылар уәде беріп тұрып, лақтырып кетпес еді ғой, қазақтың кім екенін әлемге танытар бір керемет сәттен айрылып қалмас еді ғой... Адамды да, ұлтты да оятатын ар-намыс, ал оны құрып кетуден аман сақтап қалатын қайрат-жігер ғана. «Ақша жоғалттың – аз жоғалттың; ар жоғалттың – көп жоғалттың; жігер жоғалттың – бәрін жоғалттың!» деген аталы сөз сондайдан шыққан. Ақшамыз бен арымызды жоғалтып отырған біз енді бәрін жоғалтып алмас үшін не істеуіміз керек?5. «Қазақ көшеге шықса не болады?»
«Не приведи Бог видеть русский бунт, бессмысленный и беспощадный!» А.Пушкин.
Бізге шынымен-ақ бәрін жоғалтып алатын қатер төніп тұр ма сонда? Иә, және бір-бірімен байланысып қалған бірнеше, ішкі және сыртқы қатер. Билікте отырғандардың не ойлайтыны бізге меймәлім, бірақ, 2008 жылы басталған кризистен әлі күнге дейін шыға алмай отырып, «бұрынғы жолды жалғастырудан» танбаса және майда-шүйде «косметиканы» реформа ретінде көрсетіп, «бір адым алға, екі адым кейін» басатын өгіз аяңын дұрыс көретін болса, қатты қателеседі. Бүгін – уақыт барынша сығымдалған заман. Шыдамы шексіз қазақтың да төзімі таусылып келеді. Кез келген, айталық, қытай бастықтың қазаққа күш көрсетуі, немесе казачествоның әскери формасын киіп алған көкшетаулық орыстың «как хочу, так одеваюсь, я живу на своей исторической земле» деген сөзі секілді титтей оқиғадан, қазақтың даласының кез келген бұрышынан өрт бұрқ ете қалуы әбден мүмкін. Оған дәлел – кеңес өкіметінің қылышынан қаны тамып тұрған 1967 жылғы ең қазақы деген Шымкенттегі «шоферлер көтерілісі», милиция біткен әйелінің етегіне тығылғаны. Көтерілісті өкімет Ташкенттен әскер әкеліп басқан. Қазақ көтерілмесін, қазақ бір көтерілсе Пушкин айтқан русский бунт ойыншық болып қалады. Бұл, әрі, тақырыптағы сұраққа жауап. Бүгін қазақ биліктің әділетсіздігіне қарсы көшеге шықса, мыңдап емес, он мыңдап, жүз мыңдап шықса не болады? Билік тізгінді халыққа ұстата сала ма? Жоқ, әлде көңілі көктегілер «біз – бай, біз – Құдай, кім келеді сайма сай!» деп, «Жаңаөзенді» қайталай ма? Қайталаса не болады? Ғалым Ә.Ғалидың 2004 жылғы жорамалындағыдай ыдырап кетпей ме? Жоқ, әлде Қытайды көмекке шақыра ма? Мәселе осында, оқиғаның қалай өрбитінін дәл болжау мүмкін емес... Бұндай жағдайда «тілегені алдынан, іздемей-ақ табылған» Қытай «экономикалық нысандарымызды қауіптен сақтаймыз» деген сылтаумен әскер кіргізбейтініне кім кепілдік береді? Екіншіден, «тарихи жерімізді қайтарамыз» деген желеумен орыс әскері де кіруі мүмкін екендігін жоққа шығара аламыз ба? Үшіншіден, сондай сәт пайда болса, еліміздің күнгейіндегі аз уақыт Қоқан хандығы билеген аймағына, 90-жылдары соғысуға сылтау таппай, 30-дан астам шекарашымызды атып өлтірген, сарбазының саны көп, әрі жақсы қаруланған, ең бастысы ұлттық рухы мықты өзбек әскері басып кірмесіне, басып кірсе 500 мыңнан астам өзбек диаспорасы «5-колоннаның» рөлін ойнамайтынына сенімді бола аламыз ба? «Жаман айтпай жақсы жоқ», осындай жағдай туа қалса не істеуге тиіспіз? Оны бәріміз де ойлануымыз керек. «Мен саясатқа жоламаймын» деген кертертпа ойдан арылатын уақыт жетті. Ойымызбен бөлісейік. Ал, біз өз пікірімізді алдағы нөмірлердің бірінде беретін боламыз. Өмірзақ Ақжігіт qazaquni.kz