МҰҚАҒАЛИДІҢ МҰҒАЛІМІ
2021 ж. 09 ақпан
3459
1
Қарасазға барғанымда бізге қазақ әдебиеті мен қазақ тілінен сабақ берген Жалғас Келдібекова апайға бір соғатынмын. Оның өзіндік себебі, ұлағатты ұстаз, көненің көзі деп құрметтеуім. Жалғас апай әңгімені де жақсы айтатын. Оны сол кезде Энгельс атындағы колхоздың төрағасы болған, нағашым Кәкен Есмолдаевтың үйінде естігенмін.
Жалғас апай нағашымның замандасы, әрі жас жағынан қарайлас болды. Нағашым ол кісіні сыйлап, құрметтейтін. Бірде нағашым колхоздың жұмысы жайлы Әбдіқаштың тоғанының суының берекелі екенін айтқанда, Жалғас апай: – Сен Әбдіқашты білесің ғой, 1937 жылы мен мектепте 4-сыныпта оқып жүргенмінде ол кісі «халық жауы» болып ұсталды. Алдымен Ораз Жандосов ұсталғанын естідік. Одан соң «Екпінді малшы» деген газеттің 2-3 беттеріне «Жандосовтың жансерігі Бақтыбаев Әбдіқаш пен Кенеков Келеке ұсталды» деген үлкен мақала шықты. Мақаланы оқымадым, бірақ көрдім. Не үшін ұсталғандарын білмедік. Сөйтсе, Әбдіқаш Шалкөденің суын бұрып, егістікті суару үшін тоған қазған үшін сотталыпты деген сөздер ауыл ішінде тарады. Кейін сол тоғанның қызығын ел боп көрдік дейтін. Көп жыл өткен соң, Әбдіқаш ақталды», – деген-ді.
Жалғас апай
«Иә, бізде сол тоғанның берекесін көріп жатырмыз. Анау Шакрамбал сайының ауызынан мына Шибұт ауылының астын басып, Таласқа дейін қазылған тоғанның ұзындығы 15-20 шақырым келеді. Білетіндер тоғанды «Әбдіқаштың арығы» дейді, білмейтін бүгінгілер Белтоған деп айтып жүр. Колхоздың суармалы егісін суарғанда бір гектардан 60-70 центнер өнім алдық. Мұндай көрсеткіш республикада бұрын-соңды болмапты. Рекорд жасалды, колхоз еліміздің «Құрметті кітабына» жазылды!» – деп нағашымның мақтанышпен айтқаны бар. Ол жылдары нағашымның Қарасаз ауылының тарихына қолтаңбасын қалдырып, ірге тасын қалаған кездері еді. 1960 жылдары ескі «Энгельстен» ауылды осында жаңа қонысқа көшіріп, талай құрылыстың қазығын өз қолымен қаққан. Он-он екі жылда Елшенбүрек етегіне ақ шағылды үйлер бой көтерсе, үш қабатты мектеп пен Мәдениет үйін, Ұлы Отан соғысына қатысқандарға арналған ескерткіш, емхана, үлкен дүкен, гараж бен монша ауылдың сәнін кіргізген. Одан бері алпыс жылдан астам уақыт өтіпті. Өмірден нағашым да, Жалғас апай да кеткені болмаса, Қарасаздың келбеті сол қалпы. Ауылды көріп, оқушылық кездерім есіме түседі. Бұдан алты-жеті жыл бұрын апайдың тірі кезінде үйіне барып, сәлем бергенім бар. Апай келгеніме қуанып, орнынан тұрды. Жасы келген үлкен кісіге құшағымды ашып құшақтадым. Апайдың жүзі күлімдеп, амандық-есендікті сұрап жатыр. Көненің көзі болған ардақты ұстазым өткеннен әңгіме айтты.
– Сендердің оқушылық кездерің менің көз алдымда өтті ғой. Бәрің жақсы азамат болып өстіңдер. Сендерді әр қашан да еске алып отырамын. Өзіңмен бірге оқыған Нұрбатыр Орынбаев қандай еді. Көп жыл аудандық оқу бөлімін басқарды. Осындағы Мұқағалидың барлық шараларың қасында жүретін. Мұқағалидың әр мерейтойының жақсы өтуіне атсалысты. Жыл сайын ақынға арналған республикалық, облыстық, аудандық мәдени шараларды ұйымдастырды. Одан кейінгі қазіргі мектеп директоры Әділжан Нөкеев те қолынан келген жұмысты атқарып жатыр. Жасым 91-ге келсе, өзім оқытқан шәкірттерім есімнен кетпейді. Ауылдың ең үлкені деп ел сыйлайды. Өмірімде көп ауыртпалықты көріп өстім. 1923 жылы туғанмын, құжатта 1924 жылы деп кеткен. Кішкентай кезімде осы Қарасаздағы байлардың кәмпіскесін де көрдім. Әуелі осындағы ірі байлар Әбдірешбай, Момбек, менің әкемді, әкемнің інісі Келдібайды ұстады. Әкемнің байлығы інісі Келдібайға қарағанда орташалау болатын. Інісі бай болды, еңбекқор еді. Әкем 1932 жылы ұсталып, бір жылдан кейін түрмеден шығып келді. Жылға жетпей 1933 жылы өмірден озды. Ашаршылық та елді оңдырмады. Ауылда ет салығы, жүн салығы көпке ауыр тиді. Үкімет тек сиыр мен қойдың етін алып, жылқысы мен түйеге тиіспеді. Ет салығын орындай алмағандар бір-бір жылқысын, не түйесін жетектеп, қой мен сиырға айырбастап, салықты төлеуге әрекет етті. Жүнді таба алмағандар текеметтің шала піскенін қолмен түтіп, соны өткізді. Біз кішкендай кезімізде бір үйге жиналып, талай рет текеметтің жүнін түткен күндерді бастан кешірдік. Одан кейін халық жауы деген желеумен не бір өкіметке берілген азаматтарды ұстап кеткен уақыт та елдің есінде қалды. Ұлы Отан соғысы да қиын тиді. Ол кезде мен 7-сыныпта оқыдым. Ауылдан майданға аттанғандарды жылап шығарып салдық. Солардың ішінде Мұқағалидың әкесі Сүлеймен де аттанған. Кейін 1942 жылы майданға өз қатарластарым, әрі көршілеріміз – Темірбектің Асанғазысы, Қамырдың Қанатайы және Сәрсебайдың Есенбайы да кетті. Бұлардан басқа Дәуренбекұлы Жұмабек, Дәуқабақұлы Қасым, Жаңбыршыұлы Құсайын, Атакелдіұлы Зарып, Мұқанұлы Қасым, Өмірзақұлы Бақымет, Бөкеев Айжан сияқты өрімдей жастар майданға алынды. Кейін білдік, Қарасаз ауылынан 132 адам майданға аттанып, 83-і соғыстан оралмапты, 50 азамат туған жеріне келіп, отбасымен қауышты. Солардың құрметіне Мәдениет үйінің алдына алып ескерткіш қойылды. Тірі келген майдангерлердің ішінде қазір тірі жүрген Қанатай ғана, – деген апайымыз сол жолы Мұқағали туралы да айтып еді.
– Мұқағали соғыс басталғанда он жастағы бала болған. Өзінен кейінгі Тоқтарбай мен Көрпеш тым жас еді. Анасы Нағима да ауыр күндерді біздің шешелерімізбен бірге көрді. Нағима апа мен Тоқтарбайды, Көрпешті сен де көрдің. Ауылда еңбек етті. Сөйткен Тоқтарбай анасымен біздің көшенің жоғары жағында тұрса, одан әріректе Көрпештің үйі болды. Көшеміз Мұқағалидың атымен кейін аталды. Соғыс жылдарының қиын кезін Мұқағали өлеңдерінде аз жазбаған. Өлеңінің бәрі өмір. Оның керемет ақын, ерекше таланттығы жөнінде өмірден өткеннен кейін білдік емес пе?! Ұмытпасам Мұқағалидың 60 жылдығынан кейін болу керек, бір күні аудан әкімшілігінен бір адам келіп:
– Сіз Мұқағалиға әдебиеттен сабақ берген мұғалімді білесіз бе? –деп іздеп келіпті.
– Алматыдан бір әйел әкімге телефон соғып, «менің еңбегім бар, неге ескермейсіңдер. Мұқағалидың мұғалімі болғанмын, – деп ренішін білдірген - деді. Мен: «Реніші дұрыс, ол рас. Оны іздеңдер, ол әйелдің айтқаны тура. Жалаңаштық Аужан Ниязбеков деген қазақ әдебиеттанушы болды. Руы қызылбөрік болуы керек. Аужанды мен Тургеннің педучилищесінде оқығанын білемін. Бізге қазақ тілінен сабақ берді. Сабақты өте жақсы түсіндіретін, білімді кісі еді. Сол Аужанның қарындасы бір жылдары Мұқағалиға сабақ бергенін айтқан болуы керек. Жақсы мұғалім қашан да баланың жан дүниесін түсінеді. Сіздерге сол кісі хабарласқан. Әйелдің атын ұмытып қалыптым деп жауап бердім. Бұдан кейін ол әйелді ешкім іздемеген болуы керек. Іздеп тапса, «Мұқағалидың мұғалімі» деп газет-журналдарға шығарар еді. Және де мұқағалитанушылар да оны іздемеген. Бұл әңгіме менімен біткен сияқты. Оны аудан әкімшілігі менен сұрағаннан кейін ары қарай қозғамаған тәрізді.
Тоқтарбайдың үйі
Соғыс жылдарында мен 9-сыныпқа сабақ бердім. Мұқағали да оқыды. Оның бір сары ала тоны болғаны есімде. Ұмытпасам ол «Сара ала тон» туралы жазғаны да бар. Ол өлеңді оқып отырып, есіме сары ала тоны түскен. Тонды Мұқағали жіппен байлап алатын. Ол белгілі жағдай. Қарасаздың қыстағы аязы қатты екенін сен де көрдің. Шығыстағы Тұзкөл жақтан соққан ызғырық желі, батыстағы Кеген жақтан соққан желі бет қаратпайтын. Оны Мұқағали өлеңдерінен табуға болады. Соның бірі «Қара қамба» деген өлеңінде де кездестіресің. «Қара қамба» Құрманбеков Ермекбай деген баланың әкесіне арналған деп ойлаймын. Ермекбайдың Жұматай деген шешесі бар еді. Әкесі Құрманбек соғысқа барып келіп, колхозда қара қамбаны ұстады. Оның қара қамба деп атануы қара кірпіштен жасалып, сырты ақталмай тұрғандықтан қара қамба деп кеткен. Қазіргі гараждың орнында мектеп болды. Қамба мен мектептің арасында біздің үй тұрған. Мектептен ескі «Энгельске» кететін жол өтеді. Ал Құрманбек деген кісі соғыс жылдарында ауылды асырап шықты десем артық емес. Түгіміз жоқ дегендерге қамбадағы тұқымдық астықтан уыстап беріпті. Құрманбектің фамилиясы Бексеріков. Бұл жерде кейбіреулер менің әкем қамба ұстаған, соны жазған деп айтып жүр. Ол рас. Соғыстан кейінгі жылдары ескі Қарасазда кейбір кісілер қамба ұстады. Бірақ Мұқағалидың «Қара қамбасын» соғыс жылдары ұстаған Құрманбек Бексеріковке тиселі. Мысалы ол өлеңді оқысаң, соғыс жылдары есіңе түседі.
Әлі менің есімде қара қамба,
Қарның тойып қалатын қарағанда.
Жеткізе алмай тұрса да әр адамға,
Әбіжауһан болатын балаларға.
Шұрқырасып сабақтан тарағанда,
Ішімізді аш тазы жалағанда,
Өкпемізді қолға алып жетуші едік,
Ашық тұрса аңқайып қара қамба.
Жаңа келген мүгедек қамбашы ата,
Бастығынан жарлықты алмаса да,
Қалтамызды арпаға толтыратын,
Қабымызға шелектеп салмаса да.
Қарып тұрған қаңтардың суығында,
Тоюшы едік қайнақ су, қуырмаға.
Қосымыз түзелгендей көрінетін,
Қисайып пәс-пәс қалған жығылуда.
Қарық қылмай тұрса да қара нанға,
Қара қамба құт еді балаларға.
Әкеміз тірілгендей қуанушы ек,
Аузы ашылып тұрса егер қара қамба, – деген өлең жолдары осыны растайды.
Соғыс біткеннен кейін ауылда 10 жылдық болмағандықтан Әділ мен Мұқағали және Әбдіке үшеуі Нарынқолда жатып, мектепті бітірген. Әділ Кенжебеков ағайың сендерге биология пәнінен сабақ берді емес пе? Бір көзі аздап шатырайып тұратын. Оның себебі соғыс жылдары мектептің балалары колхоздың жұмысына араласты. Сонда бригадир оны қамшымен ұрған деп естідік. Әбдіке Асанов та жоғары оқу орынды бітіріп, математикадан сабақ берді. Мектеп директоры одан соң, Мұқағали мұражайының директоры болып жұмыс істеді.
Ғұмырым осында өткендіктен, ауылдың тыныс-тіршілігін жақсы білгендіктен, Мұқағалидың балалық щағы көз алдымда өтті ғой. Оның даңқы асқақтағанда алдымен мектепте, кейін бөлек мұражай жасау керектігіне бастама көтергенбіз. Мұражай алдымен мектепте болды. Арнайы бөлмені жабдықтап, Мұқағали мұражайын жасадық. Кейін біздің үйге жақын, көшенің арғы бетіндегі колхоздың кеңесінің қасындағы бір үйді мұражай жасауды жоспарладық. Оны аудан мен облыс басшылары көріп, ойларынан шықпады. Осыдан кейін қазіргі мұражайды жасауға жоғары жаққа ұсыныс жасадық. Ұсынымыз қабыл болып, жаңа мұражай салынды. Мұражайға Мұқағалидың мұраларын жинау, жәдігерлерін іздеу жұмыстарына қатыстым. Жастарға ақыл-кеңесімді беріп те жүрдім. Сол жылдары колхозды басқарған Тұрсын Шорманов және мектептің директоры Нұрлан Артықов менің қоғамдық жұмысқа белсенділігімді және Мұқағалиды насихаттаудағы еңбегімді жоғары бағалап, бір топ оқушылармен бірге 6 күнге демалыс үйіне демалуға жіберді. Бұл мен үшін құрмет болды. Ал жаңа мұражай салу жұмысына аудан әкімдері – Бақыт Оспанов, Бағжан Сабаншиев және Қаһарман Күдеров сияқты азаматтар қашан да көмегін беріп тұрды. Облыс әкімі де мұражайды назарында ұстап, қол ұшын берді. Жаңа құрылыс тез бітіп, оның іші Мұқағалиға қатысты жәдігерлермен толықты. Жаңа мұражай біз үшін емес, бүкіл елдік мұражайға айналды. Бұл Мұқағали поэзиясының құдіреттілігінен. Ауылдың кез келген баласы ақын өлеңін жатқа айтуы да ақынға деген сүйіспеншілікті білдірсе керек. Сендер оқыған жылдары Мұқағалиға мұндай құрмет болмады. Өйткені ол әлі оқырмандарына танылып үлгермеген болатын. Және де ол жылдары Мұқағалидың талантты қанаттанып, жаңа таныла бастаған. Сол талант биіктеп, осы дәрежеге жетті», – деген-ді. Жалғас апайдың сол әңгімесі ешқашан ұмытылмастай есімде қалды.
Одан бері біраз жыл өте шықты. Соңғы жылдары Қарасазға бір барғанымда мұражайдағы Мұқағали тұрған үйдің шағын макетін көріп, есіме ақын ағамыздың інісі Тоқтарбайдың үйі түсті. Тоқтарбайдың үйі нағашымның үйінен онша алыс емес, келесі көшеде болатын. Есіктің алдында шыққанда, не терезеден Тоқтарбайдың шағын үйі көрінетін. Есік алдында Нағима апайды, Тоқтарбайды да көріп қалатынбыз. Кейде сол көшемен жүргенімізде Тоқтарбай ағаны кездестіріп сәлем беретінбіз. Мұражайдағы макетті көргеннен соң, Мұқағалидың інісі Тоқтарбайдың тұрған үйін көрейін деген ой туды. Себебі, көп жыл Нағима апа Тоқтарбайдың қолында болып, Алматыдан Мұқағали сол үйге түсіп, сол үйден аттанатынын ауылдағылар айтып жүретін. Яғни, ақын ауылға келгенде аунап-қунап жататын үйі Тоқтарбайдыкі. Сол үйді көрдім.Үй иесі үйді Тоқтарбай сатып алғандығын айтып, ішке кіргізді. Шағын кішкентай үйдің сырты баяғы бала кезде көрген қалпынан өзгермепті. Именіп ішке кірдім. Кіреберіс аяқ киім тастайтын есіктен үйге кіргенімде шағын екі бөлмелі болып шықты. Есіктен кіргендегі бөлме кішірек, от жағатын пеш бар екен. Терезесі көше жаққа қарапты. Екінші бөлме үлкендеу, терезінен Елшенбүйрек тауы көрініп тұр. Кезінде ақын ағамыз үйім деп келіп демалатын Нағима анасының үйі өте қарапайым. Аядай ғана екі бөлмелі үй. Неше бір керемет жыр тудырып, шабытына шабыт берген қасиетті мекен. Себебі Мұқағали 1960 жылдардан бастап, 1970- жылдары керемет жырлар мен дастандар жазуына себепші болған осы үй екені даусыз. Мұқағали Алматыдан Қарасазға аңсары ауып келгенде осы үйде анасы мен бауыры Тоқтарбай қарсы алып, сағынштары мен қуаныштарын бөліскені анық. Бұл үйді көріп, 1960 жылдардың ішінде ескі «Энгельстен» бұзып, осында көшіріп әкелген үй ме десем, мұражайдағы макет келіңкіремейді. Сонда бұл үй ұлы Мұқаңның ұшқан ұясы, құт мекені екені рас.
Жексен АЛПАРТЕГІ
qazaquni.kz