Смағұл Елубай: Мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілді білуге міндетті болуы керек!
2021 ж. 07 ақпан
2978
4
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал жолдап, мемлекеттік тіл мәртебесін жеке дара анықтауды талап еткен болатын.
Осыған байланысты белгілі жазушы, қоғам қайраткері Смағұл Елубай те өз пікірін білдірді.
- Ұлт жанашыры, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Исаның «Ақ жол» партиясы фракциясы депутаттарының атынан мемлекеттік тілдің мәртебесін жеке дара анықтауды талап еткен депутаттық сауалын үлкен ризашылықпен қабыл алдық. Қазақ тілінің мәселесін қаншама уақыттан бері көтеріп келе жатқан қоғам қайраткері ретінде Қазыбек Исаның Парламент қабырғасындағы алғашқы депутаттық сауалының мемлекеттік тілге арналуы заңдылық деп білемін. Осы сауалы арқылы ол бір партияның ғана емес, тілім деп жүрегі тілімделген барша халықтың үнін жеткізді деп есептеймін. Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінің мемлекеттік мекемелердің төріне шыға алмай есігінен сығалап жүрген бүгінгідей өліара шақта Қазыбек Исаның үнін бар қазақтың баласы қолдайтынына нық сенімдімін.
Шынтуайтына келгенде, Мемлекеттік тіл туралы заңымыз бар ма жоқ па, жұмыс істей ме, істемей ме оны ешкім білмейді. Ал енді Алматы, Нұр-Сұлтан секілді ірі қалалдардың көшелеріне шықсаңыз, көптеген мекемелердің атауы ағылшынша жазылып кетті. Бұл тіл туралы заңды ешкім елемейтіндігінің көрінісі. Одан қала берді мемлекеттік мекемелердің қайсыбірінің есігін қақсаңыз да, орысша сайрап шыға келеді. Мұның барлығы өз кезегінде қарапайым халықтың наразылығын тудырып отырғаны жасырын емес. Міне, осындай жағдайда Қазыбек Исаның «мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілді білуге міндетті болуы керек» деген талабы өте орынды. Тіпті бұл – кезек күттірмейтін мәселе. Қажеттілік тудырмасақ, мемлекеттік қызметте жүрген шен-шекпенділерді міндеттейтін заң болмаса, біз бұл мәселені шеше алмаймыз. Сондықтан да, Қазыбек Исаның заң жүзінде мемлекеттік тілді мемлекеттік қызметкерлерден талап етуі – уақыт талабы, - деді жазушы.
https://qazaquni.kz/kogam/155482-qazybek-isa-memlekettik-tilding-marte