Темірхан Момбекұлы: ЖЕРГЕ ИЕМІЗ ДЕЙМІЗ-АУ...
2021 ж. 28 қаңтар
2904
0
Сырым Датұлы, Махамбет-Исатайлар, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденов, Жұмабек Тәшенов, Шона Смаханұлы, Жұбан Молдағалиев, Шерхан Мұртаза, Ақселеу Сейдімбек, Жағда Бабалық, Сәбетқазы Ақатаев, Айсұлу Қадырбаева, Мұнайдар Балмолда секілді ардақтыларымыз халық мүддесі дегенде, әділдік, Отан, Жер, Ел дегенде ешқандай ымыра да, шегініс те, жалпақшешейлік те, салғырттық пен немқұрайдылық та, қарақан бастың күйін күйттеудің де болмау керектігін айтудай-ақ айтты, өз өмірлерімен, күрестерімен көрсетіп те берді.
Ал біздер, бүгінгілер қайтіп жүрміз?
Тіпті кейде Ел де, өзіміз де болып-толып шалқып тұрғандай-ақ - қағанағымыз қарқ, сағанағымыз сарқ. Көзді ашып қарасақ, айналамызға оймен үңілсеңіз, еңсеңді езетін, жігеріңді құм қылатын, «Бұлай кете берсек, ертеңіміз не болар екен?!» деген жанысірі қауіп пен күдік жаныңды жейді. Жанды жеген қасіреттің жайы түсініктірек болу үшін жазушы Елтай Бимахамбетұлының «Шындық жеңеді» (2015 жыл. 213-214 беттер) кітабынан тұздық келтірейін.
«Өткен ғасырда біздің қазақтың зиялы азаматтарының көбі өзге ұлттың (татардың, башқұрттың, орыстың) қыздарына үйленгендеріне – тарих куә. Бұған дәлел: 1894 жылы Петорборда 14 беттік жұқа құжат-кітапша жарық көргенінен зиялы қауым өкілдері хабардар. Сол құжатта ақ патшаның бұратана халықтарды билеп-төстеп отырған генерал-губернаторларына, ірі әкімдерге арнайы берілген мына төмендегідей құпия нұсқаулары бар, «Елді мекен атауларын мүмкіндігінше орысша қою. Ескерту: орыс тіліне аударып, қағаз жүзіне (әскери картаға, географиялық картаға, ғылыми мәні бар еңбектерге, кеңсе және іс қағаздарына түсіргенде) оның орысша баламасы жазылып, оның қалыптасуын іске асыру. Егер украин зиялылары немесе қазақ, татар, башқұрт оқығандары жер атын өзгертуге қарсылық білдірсе, онда оны орысшаға аудару. Мысалы Қызылжарды - Красный Яр, Ақсуды – Белые воды, Борандыны – Бурное деген сияқты. Сондай-ақ, Ресейлікке үйленген оқығандарына сый-сыяпаттар жасау, оларды салықтан босату, жер учаскесін молырақ беру, қызметтерін өсіру, еңбекақысын көбейту, оқуды Ресейде бітіргендерінің шенін жоғарылату т.с.с. көтермелеп отыру.»
Ал шын мәніне келгенде, бұл «қамқорлықтың» бәрі – алдап-арбау, құйтырқы саясат.
Тағы да осы құжаттың 1 бетінің жоғарғы жағына : «Бұл құжатпен танысып шыққаннан кейін кері қайтар» деп жазылған. (06. 12.1994 ж. «Егемен Қазақстан» газеті, оқыңыз).
Міне, Қазақстанды жаулап алғаннан кейінгі Ресейдің қазақ даласына миссионерлер мен географ, этнограф ғалымдарды қаптатып жіберуінің түпкі сыры – осы.»
Тәуелсіздік жарияладық деп қуаныштан жүрегіміз жарылып кете жаздады. Ал сосын ше? Қайткенде де атқаруға тиісті міндеттерімізді мүлдем жылы жауып қойдық. Қазақтық, перзенттік борыш-қарызды да, парызды да ұмыта бастадық. Басқасы басқа, ұлт республикаларының ішінде саяси да, психологиялық та, материалдық та, рухани да, экономикалық та, кемсітілу тұрғысынан да теперішті ең көп көрген халық ретінде отарсыздану әрекеттерін жүйелі де мақсатты түрде үздіксіз жүргізудің орнына, біз, сорлағанда, көрші патшалықтың басқыншылықты ғана көздеген жоғарыдағы арампиғылына өзіміз қызмет етіп кеттік. Сөйтіп өз ұлтымыздың тамырына өзіміз балта шабу әдетке айналды. Біреулеріміз мұны біліп істедік, біреулеріміз білмей істедік. Бұл орайда «Басымның іскені не? Басқалар істесін» деген бейшара тоғышарлығымыз да, басылып қалған кеудені көтеруге де жарамайтын ынжықтығымыз да, ұлт мүддесін қаузасақ, басқалардың көңіліне келеді деген жалтақтығымыз да, «Әй, қойшы, онда тұрған не бар» дейтін салғырттығымыз да, «Өй, бұл жер - ондай қитықты проблеманы айтатын орын емес. Ұят болады» деген жалған сыпайылығымыз да бүгінгі өмір салтымызға айналып барады. Бір замандастарым қайғы-зарымызды тез түсіну үшін мысал келтірейін. Пәленбай жыл астанамыз болған Алматыда, Абай даңғылы мен Мұқан Төлебаев көшелерінің қиылысында, Жер Жаннаты – Жетісу деген ұлы ұғымды мазақ қылғандай, бір жағына Семиречье деп гранит тасқа көрнекі етіп жазыпты. Жазушы Елтай Бимаханбетұлы жоғарыда ашынып айтқан патшалық басқыншылардың арампиғылды құпия нұсқауын өте тиянақты орындаған. Сонда бұл не? Өзімізге өзіміз көр қазу! Айдаладан кеп біреу істеген жоқ, өзіміз істеп жүрміз. Баяғыдан тұр. «Жер , адам аттарының аударылғаны – масқара! Құрту керек» деп айта-айта шаршадым. Осыны айтсаң, біреулер «Ұят болады. Бізге қатысы жоқта нең бар» дейді шылп етпей. Бүкіл ақпарат құралдары ауа райын айтқанда, Солтүстіктен бастап, басқыншының атына берілген қаланың атымен бастайды. «Біз сендерді адам қылдық. Ел қатарына қостық. Тіпті жеріңнің де, қалаларыңның да атына дейін біз қойып бергенбіз» деп кергіген пиғылды сезіп жүрміз, соны айтатындарды көріп те жүрміз. Жұрттың ең көп көретіні де, тыңдайтыны да - ең бірінші кезекте ауа райы жайындағы мәліметтер. Әдетте кез-келген информацияның басы мен аяғы бірден көзге түседі, есте қалады. Басқыншының атындағы қаланы бірінші қойып, біз өзімізге өзіміз қарсы жұмыс істеп жүрміз. «Орысша аталған қалалардың аттарын өзгерте алмасақ та, солардың жексұрын аттарын бірден жарқ еткізіп ең алдымен бермей, қазақша аталған қалалардың арасына бөліп-бөліп жіберген дұрыс» деген ойымды жаздым да. Сол ақпарат орындарындағы отандастарыма арнайы жолығып айттым да. Бірнеше рет. Хабар - 24 қана, аталарына мың рахмет, Кертаев Думанұлы Ринат, Қожаев Мұқашұлы Шалқар қандастарыма кіріп, бір рет құлаққағыс қылғанда-ақ бірден өзгертті. Ал басқа ақпарат орындары басқыншының атын сүйінші сұрағандай, әлі күнге ең алдымен береді. Намыссыздықтары мен салғырттықтарына мың сылтауды көлденең тартады. Көбісі «Ең суық жерден бастаған дұрыс. Бұрыннан солай қалыптасқан» деп кінәні өтіп кеткен буындарға сілтейді. (Сол ең суық деген аймақтарымызға кімдердің көзі түсіп жүргені ашық шындық қой. Осындай жағдайдың өзінде де сол арампиғылға көрсоқырлықпен бас шұлғығандай болып, «Ауа райы қандай екен?» деп телмірген миллиондаған көрерменге (тыңдаушыға) әп дегеннен «Петропавловск» деп жарқ еткізу - санаға қалай әсер етеді! Есі енді кірген баланың да, үлкеннің де, кішінің де кейде жиі, кейде сирек еститін «Біз сендерді адам қылдық, тіпті жерлеріңнің де, қалаларыңның да атына дейін біз қойғанбыз» дегені дұрыс екен-ау» дейтін құлдық тоқтамы одан арман беки түседі. Ал «жерімізге, қалаларымызға ат қойғыштар» бұрынғы кергіген кергіген бе, одан сайын тұмсық көтереді. Негізі, ауа райын беруде ұстанатын қағида көп. Солардың арасынан ұлттық мүддеге сай келетін біреуін ұстанса, ешкім қой демейді. (Облыс орталықтарына қатысты айтып отырмын. Ал енді тілімізді бұраңдатып, зорға айтатын, жаттың тіліндегі сол сұрықсыз аттарды құртып, өзінің байырғы, табиғи қазақша атын қайтару да – үлкен арманның бірі болып жүр.)
Заманында Абылай Хан таққа отырған, жайлауы болған, одан басқыншылар қала саламыз деген сылтаумен әскер үшін бекініс орнатпақ болғанда, «Атамның жайлауын жатқа бастырмаймын!» деп Айғаным анамыз Көкше тау-Бурабай (Көкшетау қаласының сол жаннаты аймақтан ары 70 шақырым жерде салынуы да содан. Егер сол кезде бекініс, одан қала салынса, бүгінгі жаннаты аймақ күл-қоқысқа айналар еді. Айғаным анамызға рахмет!) аймағын адамдардың жебірлігінен сақтап қалған. Осындағы Бурабайды келімсектер де, орыстілділер де мүлдем түсінбейді. Великпен шерулетіп жүргенде де, кейін де талай рет көріп, естіп-білген запыран шындығым. Олар үшін Боровое. Тіпті тиісті қызметкерлер: дүкенші, кассир, туристердің жетекшілері, тағы басқа саладағы шенеуніктер «Баровой»деп тіліңді бұраңдатпасаң, не айтып тұрғаныңды ұқпай дымыңды құртады. Содан қорланып тұрып тіліңді бұраңдатасың. Сол тіл бұраңдатуыңмен Елді де, мәртебесін де жерге көмуге еріксіз қызмет етесің! Бұл не масқара?! Өзімізді қорлатып! Өзімізді өзіміз қорлап! Алып жеріміздің қай сайы да, дөңі де, бар сай-саласы – халқымыздың өзі, жаны, жүрегі, бауыры, өмірі, тағдыры. Кешегі, бүгінгі, ертеңгі тағдыры. Жерден, оның төл аты мен тарихынан айырылсақ, біз халық ретінде де, адам ретінде де құримыз! Ал осындай қауіпті сарынға, сорлағанда, өзіміз бас шұлғимыз. Көніп жүрміз. Сол көнуімізбен әділетсіздікке қызмет етіп жатырмыз.
Жуалы-Түлкібас пен Ақсу-Жабағылы аймағында аты да, заты да ғажап Ақбиік деген жер бар. Соны бір кездерде Высокое деп жазып, күні кешеге дейін сөйтіп Ақбиігімізді бөтенсіретуге жол беріп келдік. 2006 жылғы Алматыдан Түркістанға великпен шерулеткендегі күнделігімнен: «Жаңағы «Көлтоған» жерінде де жол екіге бөлінеді екен. Турасы – Түркістанға баратын еді. Түркістан жолына бір қарап қойып, Арыс бағытына бұрылғанмын. Әуелі Арыстанбабқа бару үшін осы бағытқа беттеу керек-ті.
Жолай әлдекімдер «Обручев» деп орысша атап еді. Ежелгі, дұрыс та заңды атауы – «Қараспан» ғой. Шамасы, сол өз атауын жақында ғана қайтарып алды ма екен? Шайханашы келіншек те «Бұрын «Обручев» еді» деп қояды. Бұл бейбақтың «бұрыны» - өзі көрген кешегісі ғана да. Баяғы заманнан келе жатқаны – Қараспан, әрине.»
Бұл мысал нені айтып тұр. Қазақтың келіншегі отызға да жетпеген. Сонда отыз жылға жетпейтін уақыт ішінде сол қандасымыз (және басқалар да) «Обручев» деп ұққан. Табиғи, заңды атау деп қабылдаған, санаға солай сіңірілген. Сонда Қараспан деген сөз де, ұғым да ол бейбаққа жат, мүлдем алыс. Ал қазақтың ұғымында Қараспан сөзі бірегейлердің сапынан саналады. «Қараспанды төндірмеші-ей!» дегеннің өзі қандай сурет, қандай астарлы!
Ал Көкаспан ше? Жасағанға қатыстыра айтамыз. Жаратушыны айтып, ойласақ та Аспанға қатыстыра сөйлейміз, соған қатыстыра ойлаймыз. Яғни аспанға қатысты сөздер мен ұғымдар біздің болмысымызға айналған. Күн райын баққанда да аспанға қараймыз ғой. Көкжиекке үңілеміз. Оның бержағын-ақ алайық, бұрынғы жыр-дастандарымыздың арасынан зерттеушілер «Қобыланды Батырды» ең көркемі деп пайымдайды. «Қараспан тауын жайлаған қалың қыпшақ елі бар, Қобыланды деген ері бар» деген айналайын иірімдер санамызда тұр ғой. Ал «Обручев» деген бір ғана басқыншы сөз соның бәрін өшіріп тастауға, мүлдем бөтен, жат етуге талмастан қызмет қылған. Басқыншылықтың ең негізгі көздегені де – сол-тұғын. Осы ащы шындықтың астарын әлі күнге дейін түсінбей (біреулер түсінбегенсіп), табақ босатқанға ғана мәз болып, сүлдерімізді сүйретіп сорлап жүрген де – біз.
Арқада Қатар көл бар. Осы орысшаға ыңғайланып жазыла келе, одан қазақшаға аударылып, ақырында Қотыр көл болып шыққан. (Алматы түбінде емдік қасиеті үшін халық ежелден-ақ Қотыр Бұлақ атаған кішкене тау өзені бар. Осындай атауға қарап, біреулер Қатар көлді де сондайға жорымасын деп айтып отырмын.)
Қатар көлдің айналып кеп, Қотыр көл болып шыққанына қарап мынадай қауіп те кейде ұйқымды қашырады. Қарағандымызды Караганда деп бұраңдатады. Солай жазады да. Күндердің күнінде осы Караганданы бір білгіштер Қарағанда деп қазақшалап, олардан да өткен тағы бір білгіш « Баяғы замандарда бір кедей жігіт байдың қызына бір қарағанда-ақ ғашық болыпты. Сол қызға бір қарағанда ғашық болған жер осы екен. Содан...» деп, ұзақ-сонарға сілтейтін аңыз шығаруы да мүмкін. Егер сондай аңыз «халық арасынан табылып жатса» оған таңырқамаймын. Міне, осындай халге жеттік. Неліктен келімсектер табиғи, заңды есімдер мен атауларды өздеріне ғана ыңғайлап, бұзып айтуға , бұзып жазуға тиіс?! Неге біз мұндай апатты арамдыққа жол береміз?! Ең бастысы, өз Елімізде, өз Жерімізде жүріп. Біз басқалардың жеріне барып, мына жерді де, қалаларды да, елді мекендерді де тегіс қазақшала, әйтпесе біз түсінбей қаламыз деп өзеуреп жүргеніміз жоқ қой. Өйтіп айтқызбайды да. Айта алмайсың да. Ал басқалар неліктен бізге айтады, солай қойғызады, әділет, адамгершілік, адам - адамға дос дегеніміз қайда қалды сонда?! Әсіресе, мұндай басынуға біз неге төзіп жүрміз?! Өз Жерімізде, өз Елімізде Жүріп!
Ғалымдар айтады. Біздің Ұр-а, Ұр-а-а! (Кейбіреулері «Аруақтан» өзгерген дейді, қалай болса да, түбі – біздікі.) - ақырында Ураға айналды деп. Солай дейік. Соны орыстың жеріне барып, «Дұрыс айтпай жүрсің, Ура емес, Ұр-а, Ұр-а-а деп айт демейміз ғой.(Олар Ұр-а-а деп айта алмайды, айтпайды да, айтқысы да келмейді. Өйтіп айта берсе, орыс емес, қазақ болып кетеді. Олар сол Ура деп айту арқылы орыстығын сақтайды. Бұл үшін оларды жазғырудың ешқандай жөні жоқ. Өмір заңы осылай. Кім-кім де өмір заңымен жүреді. Өмір заңы дегенде, әйтеуір бір бейтаныс соқпақпен емес, өздерінің ұлттық өмір заңымен жүреді. Біз де қазақтық өмір заңымен жүруге міндеттіміз. Жер бетіндегі барлық халық солай тіршілік етеді. Бұл орайда Черчилль өте дұрыс айтқан. «Мәңгілік дос та жоқ. Мәңгілік жау да жоқ. Тек Британ халқының мүддесі ғана тұрақты» дейді. Есі бар халық барлық уақытта да осыны ұстану керек қой. Мұны ұстанбаса, құриды.) Орыстардың балаларға арналған Ералаш деген хабарлар сериясы бар. Оны жасаушылар «Түрік сөзі, түріктен алдық» дейді. Ол – қазақтың кәдімгі Аралас деген сөзі. Хабарлардың мазмұны да, формасы да Араласқа келіп тұр. Ең бастысы, қазақ пен түріктің – түбі бір. Анадолы түріктерінің бүгінгі Қазақстан жерінен кеткені - кешегі Орта Ғасырлар кезеңі ғана ғой. Сонымен біздің Аралас, Ұр-а-а сөздеріміз халықаралық термин болып кетті.(Халықаралық терминге айналған қазақ сөздері, Құдайға шүкір дейік, көз тимесін, баршылық.) Олар үшін әуелгіде басқа, бөтен халықтың сөзі еді, өздеріне ыңғайлап алды да, солардың төл сөзі болып қалыптасып кетті. Салыстыру үшін айтып отырмын. Сөйтіп тілдерін байыта түсті. Әлбетте, біз де көптеген шет сөздерін өз тіліміздің заңдылығы бойынша ғана қабылдап, байыттық. Бірақ бұл үрдіс бұрынғы кезеңдерімізге қатысты. Ал бүгінгі заманда, көп жағдайда қазақ тілін, қазақ сөзін тұқыртудың есебінен болып жатқан кесірлі үрдіс болып барады. Яғни қазақтың тілін де, қазақтың сөзін де, таза қазақша атау-есімдерді де жиып қойып, орысша немесе сол орысшаға ыңғайланғаны бойынша заулата береміз. Ал қазақ сөзі де, тілі де, атау-есімдері де, түсінік-ұғымдар да тасада қала береді. Кей жерлерде тіпті күресінге тасталған фактілер де ұшырасады.
Басқасы басқа, вагондардағы үш-төрт (жүгіртпе) сөйлемді ана тілімізде беруге де жоқпыз ғой. Ал жолаушылардың ең кемі жетпіс-тоқсан пайызы – кәдімгі өзіміздің қазақ. Сонда бұл не? Мұндайға қандай ақтау айта аламыз? (Әділіне келсек, сол вагонның ішінде бір де бір қазақ жоқ болса да, әлгі сөйлемдер міндетті түрде қазақша берілу керек. Себебі – Қазақтың жерінде. Біз басқа құрылықтарға, не айға барып тағы бір Қазақстан құрай алмаймыз ғой.)
Мекемелерде аудармашы болу қажеттігі мынадай тоқтамнан туған. Барлығы мемлекеттік тілде әзірленеді, сосын басқа тілге аударылады. Ал іс жүзінде мүлдем керісінше. Үлкенді-кішілі көптеген мекемелерде құжаттардың дені негізінен бақыншы тілде дайындалады да, сосын барып (Кейбіреулердің шектен шыққаны соншалық, қазақшаны түгел аудармақ түгілі, мекеме, кәсіпорынның аты жазылған қазақша сөздің бір әрпін де кіргізбейді. ) мемлекеттік тілге аударылады. Бұл масқараны да кәдімгі табиғилықтай, заңдылықтай көріп, әбден көндігіп алдық. Бұл не сұмдық?!
Шыдай алмай, осындай сұмдықтарды айтсаң, біреулер тіпті жақтырмайтын деңгейге дейін құлдырады. Сондайлардың шектен шыққан қарабеттері «Қазақшаң итіме керек пе!» деген табалауы мен астамшылығын ашықтан-ашық сездіріп те тұрады. Өзіміздің қандастарымыз өстеді. Осыдан кейін қазақтың өзін де, сөзін де, тілін де, ділін де көрінген басынбағанда, қайтеді?!
Басқыншылар атымен, немесе ойсыз-мәнсіз, әншейін қойыла салған қала, елді мекендерге түгел өзінің байырғы табиғи, қазақша төл атауын қайтарып беру керек деп талайлар талай рет шырылдады. Тиісті орындар болса, анда-санда ғана бұл салада бірдеңе істеген болып көрінеді де, көп жағдайда аяғы сиырқұйымшақтанып кетеді.
Тарихтан бір мысал. Орыстың ұлы ақыны Пушкиннің жақын бабасы кәдімгі араб болғанын дүние жүзі біледі. Лермонтовтың да бабасы европалық басқа ұлттан болатын. Лермонт Ресейге келіп тірлік етеді. Орыс ортасына келген соң, жергілікті жұртпен сіңісе бастау – өмір заңы. Бір күні атамекеніне барып келмекке ниет етпей ме, сонда Ресейдің тиісті мекемесіндегілер құжатындағы Лермонтқа овты қосып жібереді. Көрдіңіз бе, қандай мүмкіндікті де құр жібермейді. Овты қоспаса да, сол Лермонттың кейінгі ұрпақтары бәрібір орыс болып кетері даусыз. (Өйткені қалың орыстың арасында өседі.) Сонда-дағы «қасқырдың орманға қарап ұлитынына» басып отыр. Ал біз ше? Адамдық, елдік, ұлттық мүдде дегенде сүйекке қарысқан сондай болмысымыздан айырылып бара жатқан жоқпыз ба? Ов пен ованың, евич пен евнаның астарында қандай пиғыл тұрғанын көзге шұқып көрсету үшін де бұл мысалды әдейі келтіріп отырмын.
Сөздің тоқетері, тегімізге ов пен ованың, евич пен евнаның қосылуы да, жер аттарының орысша қойылуы, аударылуы немесе орысшаға ыңғайланып қана жазылуы да – басқыншылық мақсаттан туған небір қитұрқы арамдықтардың санаулы ғана түрі, көрінісі . Бұған заңмен тыйым салу – бір міндет,( Қазақ қандастардың бір-бірімен қоғамдық орындарда басқа тілде сөйлесуіне де тыйым салумен бірге, жауапкершілікке де тартқан дұрыс, өйтпесек, сондай азғындар айналасына теріс ықпал етеді. Мәселен, соны көрген жас балалар «Е, осылай да өмір сүруге болады екен ғой» деген қауіпті бағытқа ондап-жүздеп емес, он мыңдап ыңғай бере бастады.) екіншіден, ұлттық, елдік, адамдық мүддеге қатысты түсінігімізді де өзгерту. Мемлекеттік тілге басқыншы тілді өз қолымызбен қосақтап қойғанымыз да кері кетіретін өте зиянды шешім болғанын күнде көріп жүрміз. Келімсектерді айтпай-ақ қояйық, өзіміздің қандастарымыздың қанша пайызы қазақ тілді екен деп ойлансаң, зәрең ұшады. Осындай таркезеңде тұрмыз.
Шын жанашыр қандас! Жанайқайымыздың кейбір тұстары ащылау көрінсе, «Дос жылатып айтадыны» есте ұстағайсыз.
Темірхан Момбекұлы-Түркістан, Қазақ үні