Қазақстандағы вакцинациалау. Ең маңызды сұрақтардың жауабы

1 ақпанда Қазақстанда коронавирусқа қарсы жаппай екпе жүргізу шаралары қолға алынады. Осы іс-шара қарсаңында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті вакцинацияға қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды "Қазақ үні".

  1. Қазақстанда вакцинация міндетті әрі мәжбүрлі ме?

Жауап: Қазақстанда вакцинация ерікті болып табылады. ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 77-бабына сәйкес кез келген медициналық ем-шара, оның ішінде вакцинация егілетін адамның тек ақпараттандырылған келісімімен ғана жүргізіледі. Қазақстанда вакцинациядан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік көзделмеген, кез келген қысым көрсету заңсыз болып табылады.

  1. Қазақстан Республикасында қандай вакцина қолданылады?

Жауап: 2021 жылғы 1 ақпаннан бастап ҚР-да Ресейде шығарылған Гам-КОВИД-Вак («Спутник V») вакцинасын пайдалана отырып, КВИ-ға қарсы вакцинация басталады. Одан әрі 15 ақпаннан бастап вакцинациялау процесіне Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы қосылатын болады. 2021 жылдың 2 тоқсанынан бастап вакцинациялау процесіне отандық өндіріс - QazCovid-In препаратын қосу жоспарланып отыр, бұл вакцина қазіргі уақытта клиникалық сынақтардың 3-кезеңінен өтуде.

  1. Коронавирусқа қарсы вакцинаны кім ала алады?

Жауап: Вакцинациялау вакцинаның келіп түсуіне  байланысты кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Бұл ретте, бірінші кезекте, коронавирустық инфекцияны жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары халықтың осал топтары коронавиустық инфекцияға қарсы вакцинациялауға жатады, одан әрі иммундауға жататын халықтың осал топтары қамтылады.

Бірінші кезеңде инфекциялық аурулар ауруханаларының, жедел медициналық көмек, реанимация, МСАК, қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері, санэпидқызмет қызметкерлері вакцинациямен қамтылады. Екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, жоғары оқу орындарының педагогтарын, бірінші кезеңге кірмеген медициналық қызмет қызметкерлері вакцинациялаумен қамтылады. Үшінші кезең мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі мекемелердің педагогтары, студенттер мен созылмалы аурулары бар адамдар қамтылады.

Бұдан басқа, халықтың қосымша осал топтары: ТЖМ, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлерін және басқаларды қоса отырып, контингентті кеңейту жоспарлануда.

  1. Вакцинация ақылы бола ма? Бір вакцинацияның құны қанша?

Жауап: халықтың осал топтары үшін коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация тегін ұсынылады.

  1. Коронавирусқа қарсы вакцина қауіпті ме? Вакцинаның жанама әсерлері бар ма?

Жауап: Қарсы көрсеткіштерді анықтау үшін вакцинаның көрсетілімдері, қарсы көрсетілімдері, иммунизациядан кейінгі ықтимал көріністері, вакцинаны енгізу және сақтау және тасымалдау шарттары туралы толық мәліметтері бар вакцинаның нұсқаулығы талап етіледі. Осыған байланысты, қарсы көрсеткіштерді қазіргі уақытта тізіп шығу мүмкін емес. Адамның организмі  кез-келген вакцинаны енгізуде иммунитетті қалыптастыратынын, сондай-ақ иммундаудан кейін дене температурасының қысқа мерзімді жоғарылауы, вакцина орнында қызару мен ісіну сияқты жағымсыз көріністердің пайда болатынын  атап айту маңызды.

  1. Адамда коронавирустық вакцинаға аллергиялық реакцияның болуы мүмкін бе?

Жауап: Медицина қызметкерлері кез-келген вакцинаны салмас бұрын адамның аллергиясы бар-жоғын анықтайды. Егер ауыр аллергиялық ауру болса, адамға вакцина салу медициналық тұрғыдан бас тартылады. Бұл ретте, аллергиялық реакцияны болжау мүмкін емес, себебі әрбір адамның организмі әр-түрлі. Уақтылы ден қою үшін адам вакцинация алғаннан кейін алғашқы 30 минут ішінде (медициналық мекеменің қабырғасында) дәрігердің бақылауында болуы керек: дәл осы аралықта вакцинаға аллергиялық реакция болуы мүмкін.

  1. Ресейде вакцина алған адамдарға күнделікті телефон арқылы хабарласып, зерттеп-қарау жүргізіледі. Бізде де осындай техникалық сәттер қарастырылған ба?

Жауап: Вакцина алған барлық адамдар алғашқы 30 минут бойы  медициналық мекеменің қабырғасында, дәрігердің бақылауында болады. Ордан әрі 3 күн бойы, тіркелген жерлері бойынша учаскелік дәрігерлердің бақылауында болады. Бұдан басқа, вакцина алған әрбір адамның қолына вакцинаның ықтимал кері әсерлері көрсетілген және мұндай әсерлер орын алған жағдайда хабарласа алатын емханалардың телефон нөмірлері көрсетілген арнайы жадынама беріледі.

  1. Балаларға коронавирусқа қарсы вакцина егіле ме?

Жауап: «Спутник V» вакцинасын 18 жасқа дейінгі балаларға қолдануға болмайды. Екпені тек ҚР 60 жасқа дейін кәмелетке толған азаматтары ғана ала алады. Қазақстанда өндірілген вакцина қазіргі уақытта клиникалық сынақтың 3-ші кезеңінен өтуде. Бүгінгі күні отандық вакцина жөніндегі бекітілген нұсқаулық жоқ, сондықтан осы вакцина бойынша контингент анықталуда.

  1. Қарағанды зауытында шығарылатын вакцина қайда қолданылады?

Жауап: Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы тек Қазақстан Республикасында қолдану үшін пайдаланылатын болады.

  1. Неліктен вакцинаны екі кезеңде алу керек?

Жауап: коронавирусқа қарсы вакцинаны 21 күндік аралықпен екі кезеңмен енгізу керек. Бірінші доза антиденелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа қорғаныс әсерін береді. Екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және нығайтады, адам организміндегі антиденелер саны артады.

  1. Ресейлік «Спутник V» вакцинасының сапасы жеткілікті деңгейде тексеруден өтті ме?

Жауап: Аталған вакцина Ресей Федерациясында мемлекеттік тіркеуден өтті және бірнеше ай бойы халықтың осал топтарын иммундау үшін қолданылып келеді. Ресей Федерациясының Тікелей инвестициялар қорының мәліметтері бойынша  бұл вакцинаны сатып алуға 50-ге жуық мемлекет өтініш берген, ал кейбір елдер (Беларуссия, Аргентина, Сербия) қазірдің өзінде оны сәтті қолдануда.

Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағына тіркелмеген дәрілік заттарды әкелу кезінде дәрілік заттың сапасын растайтын өндірушінің қазақ немесе орыс тілдеріне аудармасы бар құжатының электрондық көшірмесі болуы қажет (талдау сертификаттары немесе сынақ есебі немесе сапаны бағалау көрсеткіштері бар сапа паспорты). Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы №850 қаулысымен Қазақстан Республикасында өндірілген COVID-19 коронавирусына қарсы вакциналарды уақытша мемлекеттік тіркеу ережелері бекітілді.

  1. Интернетте халықты вакцинация арқылы жаппай чиптеу туралы айтылып жүр. Бұл қаншалықты ақылға қонымды?

Жауап: Қазақстан Республикасында бірде-бір вакцинация адамды чиптеумен байланысты емес. Вакцинация жасамас бұрын, әрбір адам вакцина құрамы туралы ақпарат беретін нұсқаулықпен танысуға құқылы.