Біздің аңсаған арманымыз, көздеген мақсатымыз не еді?..
2021 ж. 17 қаңтар
1906
2
«Арманына жеткен, мақсатына
жете алмаған Айша-Бибі».
Ханбибі Есенқарақызы
1.Қоғам бұрынғыша өмір сүргісі келмейді немесе дауыл алдындағы тыныштық«Пеpементpебyют наши сеpдца, Пеpементpебyют наши глаза, В нашем смехе, и в наших слезах,
и в пyльсации вен – Пеpемен!Мы ждем пеpемен!»
Виктор Цой
Сонымен, сайлау да өтті. Әрине, бәрі де әдеттегідей, бәрі де «сценарий бойынша» болды – билеуші партия «Нұр Отан» 70 пайыздан астам дауыс жинап, өзінің мызғымас (көрінетін) үстемдігін тағы да бір рет паш етті, қалған «қуыршақ» төрт партияның бұл жолы да бұрынғы екеуі – «Ақ жол» мен коммунистер ғана Парламентке өз өкілдерін өткізе алды. Үш партияның да құрамында қазақтың өзімен кететін ескі ауруынан – аңғалдығынан арыла алмаған, уәдеге жомарт «билеушіге» де, «түбегейлі өзгеріс қажет» секілді әдемі сөзге ұста «билемеушілерге» де сеніп, «биліктің ішінен шалмасақ болмайды» деген біраз ұлтшылдар да жүр. Отыз жылда халықты дәмелендіретін «2030», «2050» сияқты небір «сағым» бағдарламаларды жасаудың ұшығына шыққан биліктің бұл жолы да алдырмайтынын да, шалдырмайтынын да бәрінің іші біліп тұр, бірақ, құлшыныс өте күшті. Оның сырын бұрынғы ұлтшыл, бүгін «Нұр Отанның» атынан Мәжіліске жайғасқан саясаттанушы Айдос Сарым былай түсіндіреді: «Жаңа Парламент партиялық үкіметті жасақтайды. Үкіметтің бағдарламасы партиялық бағдарлама болады. Аймақтардағы мәслихаттар да партиялық мәслихат болмақшы. Аймақтардың даму бағдарламалары да партиялық болмақ. Бұл партиялық-парламенттік жүйенің орасан зор күшеюі».
Бұл жүйеге не үшін көшпекшіміз?«Біз отыз жылдан кейін бүгін тағы да өтпелі кезеңге келдік. Бізді тағы да формациялық транзит күтіп отыр. Біз мұнайлы-шикізаттық экономикадан жаңа, адам мен адам энергиясына негізделген экономикаға аяқ басамыз».
Айдос ащы ақиқаттан аттап кете алмапты, бірақ, жасаған қорытындысы қате – біз 30 жыл бұрынғы орнымызға қайта айналып келген жоқпыз, біз кем дегенде 60 жыл артқа кеттік! «Өйткені өз елінде, өз топырағында қазақтан абыройсыз, қазақтан құнсыз, қазақтан арзан адам болмай тұр – дейді қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы. – Үй жалдап қаңғырып жүрген кім – қазақ. Несиесін төлей алмай шырылдап жүрген кім – қазақ! Өзге ұлтпен жанжалдасып қалса сотталатын кім – қазақ! Жаңа Өзенде оққа ұшқан кім – қазақ! Тілім деп шырылдап жүрген кім – қазақ. Жерім сатылмасын деп жүрген кім – қазақ. Қазақ… Қазақ… Неге бұлай деп билікке қарасаң, онда отырғанның да бәрі дерлік қазақ. Онда неге болып жүрміз өзгелерге мазақ..?!»
Дұрыс айтады, адам баласының ең басты құндылықтарында – денсаулық, білім, жұмыс пен баспанада біз тегін білім алған әрбір жас маман бірден жұмысқа орналастырылып, үш жыл ішінде тегін пәтермен қамтамасыз етілетін (кәзіргі жастар сенбейтін сөз) кеңес кезеңіне маңайлай алмай да қалдық. Ол кезде жұмыссыздық пен баспанасыздық дегенді білмейтін халықтың денсаулығы да жақсы еді. Ал, бүгін қай қала, ауылға барсаңыз да қолында тұрақты жұмысы, басында баспанасы жоқтықтан үйлене алмай жүрген Тәуелсіздік құрдастарын, сол екі жоқтықтың салдарынан инсульт алған науқастарға тола ауруханасын көресіз.
Жағдайдың дәл осындай екенін көріп отырған, тісі саясатпен сарғайған Сарым былай тұжырымдайды: «Қоғам оянды, ол бір қалыптан шаршап-шалдығып, екінші бір жаңа, бұрын-соңды болмаған қалыпты аңсап отыр». Мәселе осында! Тұрып қалған су сияқты отыз жыл бойы өзгермей, саси бастаған қалыптан шаршаған қоғамға өзгеріс қажет, ауадай қажет! Көпшілік кешегі сайлаудан сол өзгерісті Құдайдай күтіп, үміттеніп отыр еді, билік оның көңілін су сепкендей басты, тағы да «артық еткіміз келген, бәрібір бұрынғыдай болып шықты» (В.Черномырдин). Елімізде бүгін «төменгі жақ ескіше өмір сүргісі келмейтін, жоғарғы жақ жаңаша басқара алмайтын» деп, Ленин тайға таңба басқандай сипаттап кеткен революция қарсаңындағы жағдай қалыптасып тұр. Біз оның аяғы еліміз өзгеге бодан болуға немесе ыдырап кетуге апарып соғуы әбден мүмкін деп болжамдауға мәжбүрміз.
Бұл қауіп туралы сонау 2004-2005 жылдары-ақ марқұм Алтынбек Сәрсенбаев айтса, Әзімбай Ғали «Контуры национальной идеологии и политики» деген кітабында «При первом серьезном политическом кризисе наша страна может распасться» деп жазған болатын... Осылай ойлайтын тек саясаткерлер немесе өзін «дауасыз оптимист» санай тұра осындай түйін жасауға мәжбүр біз ғана болсақ мейлі еді ғой, өкінішке қарай, ондай адам өте көп. Сол көптің ойын Сәуле Мешітбайқызы біраз күн бұрын былай жеткізді: «Соңғы уақытта мені қатты толғандырып жүрген дүниенің бірі – ел болып қала аламыз ба, жоқ әлде, жер бетінен қаңбақтай көшіп жоғаламыз ба деген ой».
Және бұл қауіпті дәлелдейтін жемқорлықтың шектен шығуы (ең ұзақ, 623 жыл жасаған Осман империясын күйреткен де осы мерез болғанын ұмытпайық) мен «мемлекет күйреуге жақындаған сайын оның заңдары нақұрыстана түсетіні» (Тацит) секілді айқын белгі жетіп артылады. Сондықтан, іс жүзінде 31 жылдан бері ауыспаған билік ертелі-кеш ауысқанда «Қазақстан» деген ел саяси картада қалса, өзіміз риза боламыз...
Әлеуметтік жағдайымыз жоғарыдағыдай болғанда, 2008 жылы кірген дағдарыстан әлі шыға алмай келе жатқан еліміздің экономикалық ахуалы қандай екенін бәріңіз де жақсы білесіздер, сондықтан екі-үш дерек пен дәйек қана келтіре кетейік: біз 1991 жылдың көрсеткіштерінің ішінен өндірілген мұнай көлемі жағынан ғана оздық. (Және 10 000 адамға шаққанда адам өлімінің санынан. Ал, жасөспірімдер арасындағы «суицид» деген сұмдық жөнінен Азияның алдына шығып кеттік...)
Әлемдік тәжірибеде елдің жалпы ішкі өніміндегі (ЖІӨ) ғылымға бөлінер жылдық қаржы үлесі 3 пайызға жетпеген ел дамымайтыны анықталған. Ал, бізде бұл көрсеткіш 1991 жылдан бері бір де бір рет, «мұнай доллары» науадай құйылған 2000-2007 жылдары да, 0,30 пайызға жеткен емес, кейінгі жылдары 0,2-ден де төмен түсіп барады...
Стратегиялық, үдемелі индустриалдық-инновациялық даму (СИИД, ҮИИД) бағдарламаларымыздың, бірде Ә.Исекешев айтқан 50 млрд.доллар инвестицияның нәтижесі қандай? Көріп отырсыздар – 30 жылда ең болмаса заманауи бір де бір ірі зауыт ия фабрика, оны айтасыз екі астананың арасына автожол да сала алған жоқпыз. Бензиннің 30 пайызын Ресейден сатып аламыз... «Мұнайға қарап қалмаймыз, экономиканы әртараптандырамыз!» деген ұран мүлде ұмытылды. Ал, ұрандатудың орнына нақты іспен айналысқан Араб Әмірліктері шөл даланы жердегі жұмаққа айналдырып үлгерді, жақында мұнай сатуды мүлде тоқтатады! Ғарыш агенттігін құрған олар ертең Марсқа адам ұшырмақшы. Арабтар айтты ма – істейді. Нұрекең билікке келген 1989 жылы біз «көкте» едік, арабтар «жерде» еді, енді бүгін олар – көкте, біз – жердеміз...
Экономикамыздағы келеңсіздіктің бәрінің бастауы қайда десек, ол біздің жоғарғы басшылықтың нарықтық экономиканың «шоковая терапия» түрін таңдағанында, атап айтқанда ауыл шаруашылығындағы талай білікті, халыққа жаны ашитын директор-төрағаның: «дұрысы – совхоздарды колхозға айналдырайық, онда жұмыс істейтін адамның бәрінің пайлық үлесін шығарайық, малда мұнша, техникада мұнша, жерде мұнша үлесің бар деп, тіпті оны ақшаға да шағып, мөрімізді басып, құжат ретінде қолдарына беріп қояйық, акционерлік қоғам дегеніміз осы емес пе, сол арқылы сағаттай сыртылдап жұмыс істеп тұрған механизмді бұзбайық» деген ұсынысын саналы түрде қабылдамағанында жатыр. Өнеркәсіпте де сол соқпақпен кеттік. Себебі, жоғарғы билікке кеңес өкіметінен қалған байлықты баурына басу үшін мемлекеттік меншік дегенді қалай да жойып, ондағының бәрін жеке меншікке ауыстыру керек болды. Соның арқасында ешқашан бизнес істемеген қаншама шенеунік бір күнде миллионер болып шыға келді, алды миллиардер болып жүр. «Балама жол болмады» емес болды, болғанда қандай – көз алдымызда реформасын ауыл шаруашылығын күрт көтеруден бастаған Қытайдың керемет үлгісі тұрды, тек біздің көргіміз келмеді. Қай реформа, жалпы, қай істің болсын мағынасы нәтижесінде ғой – 1988 жылы Қазақстанға «қаржы-несие сіздерден, технология бізден» деп келген Қытай (https://kitap.kz/author/1987) қайда бүгін, біз қайдамыз?...Сататын нәрсеміз таусылуға айналды, енді тек Жер қалды, Ұлттық компанияларды сатуды бастап та жібердік.
Бірақ, экономикамыз әлі сол көтерем күйінде...
- «Қандай ел екеніңді айтайын, би мен бектеріңді көрсетші!..»
«Ер үстінде қалғымасаң,
Атқа қонып нең бар?
Елдің қамын ойламасаң,
Датқа болып нең бар?»
Саттар Ерубаев
Біз бұндай күйге бір күнде тап болған жоқпыз – ол сонау 1991 жылдың 16-желтоқсанында басталған. «Істің қалай болмағы аяқталуынан емес, басталуынан белгілі болады» деген Абайдың даналығына тағы бір рет тәнті болмасқа амал жоқ – 1991 ж. 8-желтоқсанда заңды түрде таратылған елдің жұртында жалғыз қалған біз Тәуелсіздігімізді қай күні жарияласақ та өз еркімізде еді ғой? Біз оны алаңда қаны судай шашылған қазақ жастарының аруағын аяққа таптап («Аллаға жазсаң да, аруаққа жазба!» деген ұлағатты өсиетті ұмытқанның ісі алға басқанын көріп пе едіңіз?), неге нақ сол 16-желтоқсанда жарияладық, соны түсіндіріп бере алар біреу биліктен табылар ма екен?..
Екіншіден, 1992 жылдың 15 қаңтарында – не деген асығыстық! – түрлі діни ағымдарға есік-терезені айқара ашып тастаған ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңын қабылдадық. Оның сойқан зардабы шыға бастаған соң 2009 жылы өзгерістер енгізбек болып едік, діни лоббидің «дүмі диірмен тартып», Конституциялық Кеңес «ұсыныс Конституцияға қайшы» деп кері қайтарды. Өзгеріс заңға тек 2011 жылы 11 қазанда ғана енгізілді. Бірақ, кеш еді, «нәтижеде» бүгін еліміздің Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінде ресми түрде әрқайсысы он солдатқа татитын 20 мыңнан астам діни фанат тіркеліпті, тіркелмегені қанша...
Ендеше, санаға емес түпсанаға бағынатындығы, сезімге байланатындығы себепті ең нәзік, ең қатерлі сала – діни сенімдегі алауыздық елді сына секілді қақ жармай тынбайтынын біле тұрып сондай заңды жазғандар мен қабылдағандардың ісін қалай бағалауымыз керек?«Ойламапты, білмей қапты» дейміз бе?
Үшіншіден, билік қазаққа тән, бірақ, сонау Тоқтамыс пен Ақсақ Темір заманында болмаса, басқа уақытта тұмыстық деңгейден аспаған руға бөлінудің – жапондар мен кәрістерге ұқсап – нарықтың ұжымдық түрі секілді жақсы жағын пайдаланып, жаман жағын ыстық темір басып, жоюға тырысудың орнына оны одан бетер күшейтіп, мемлекеттік деңгейге көтеріп жіберді. Бүгін бір рудың 20 шақты ұл-қызы министр және соған пара-пар қызметте жүргенінің өзі-ақ соны дәлелдеп тұрған жоқ па?..
Төртіншіден, билік аз қазақты «жергілікті», «оралман» етіп тағы екіге бөлді. 1961 жылы жарты айда Қытайдан өткен 300 мың қазаққа ат қойып, айдар тақпай-ақ, бар-жоғы екі аптаның ішінде кеңес өкіметі бәрінің басына баспана, алдына мал, қолына төлқұжатты үйіне әкеп бергенін көзіміз көріп еді... 1980-жылдардың аяғында қандастарымызды Моңғолиядан ұшақпен тасыған билігіміз бүгінгі таңда «соңғы көшті» іс жүзінде тоқтатты деуге болады. Енді отыз жылдан кейін түгелдей қытайға, өзбекке айналған бауырларды ат басындай алтын берем деп әкеле алмаймыз. Отыр ғой кәзір Түркиядан (жағдайы жақсы болса да) келмей түріктенген қырық мыңдай, Ресейден келмей орыстанған 1 миллиондай қазақ... Қиындықтан қорықпай Ауғанстаннан, Ираннан ұлттық келбетін жоғалтпағандар ғана келді.
2005 жылы Ораз Жандосовтан «сырттағы ресми 5 млн. қазақтың (шын мәнінде одан көп) 1 миллионы келмей-ақ қойсын, қалған 4 миллионын төрт жылда әкеліп, Ресейге, Қытайға шекараға бойлай орналастыра аламыз ба?» деп сұрағанымда, экономиканы бес саусағындай білетін азамат: «Вопросов нет, нужна только политическая воля!» деп еді...
Бесіншіден, бұрын қазақта жоқ қасыретке – тілден бөлінушілікке тап келдік. Биліктің 30 жылда қазақ тілін мемлекеттік етуге тырыспағанының кесірінен 2 миллионға жуық «орыстілді қазақ» халқы пайда болды. Билікті де, байлықты да қолында ұстап отыр олар. Бұл мемлекет үшін өте қауіпті. Неге? Үйреншікті өмірінен айрылып қалмауға бола қазақтың Ұлттық мемлекетін құрғызбай отырған олар ертең Ел мен Жерді құрбандыққа шалып жібермесіне кім кепіл?.. Бір емес бірнеше рет қазақ тіліне қарсы қаулы қабылдаған, Жармахан Тұяқбай басқарған Мәжіліс депутаттарының ісін «халық қалаулыларының» халыққа деген жанашырлығы» дейміз бе, не дейміз?..
Алтыншыдан, енді «әліппеден екі бөліну» тұр. Тұтас қазақтілді болмаған халықтың әліппесін ауыстыру іс жүзінде орыстілді қазақты орыстың қатарына түпкілікті өтуін заңдастыру деген сөз... Ең өкініштісі – латын әліппесі ешқандай дамудың кепілі емес! Ол жай ғана құрал. Әлемде ағылшын тілінің өзін мемлекеттік, ресми тіл ретінде қолданатын, халқының саны 100 млн. тұрғыннан астам 4 ел бар, тұрғыны 10 млн. адамнан астамы – 14, тұрғыны 1 млн. адамнан астамы – 17. Енді осыншама көп елдің ішінен дамыған елдер саны (қала-мемлекет Сингапурды қосқанда) – 5 ғана!
Жетіншіден, бүгінгі күннің ең басты мәселесі де осы, 2003 жылы жерді сауда нысанына айналдырған Жер кодексін ұсынған Үкімет пен оны қабылдаған Парламент депутаттарының ісін қалай бағалауымыз керек? Бүгінгі ең дамыған ел Израильде жер мемлекет қарамағында, ал, біз неге «Жерді сатпасақ көгермейміз» дейміз?..
Неге бүгін билік, халықтың қамын ойлайтын болса, Жер кодексіне «қазақ жері ешкімге, Қазақстан азаматтарына да сатылмайды, шетелдіктерге жалға да берілмейді» деген өзгеріс енгізіп, қазақтың көңілін біржолата тыншытпайды? Жоқ әлде биыл, мораторийдің соңғы жылында күзге қарай халықтың 2016 жылғыдай тағы да көтерілгенін күтіп отыр ма?
Айтпақшы, көп аңқау қазақ «өзгеріс әкеледі» деп үміт артып отырған жаңа Мәжілістің қауқары осы мәселеде-ақ белгілі болады...
(Жалғасы келесі санда)
Өмірзақ Ақжігіт
qazaquni.kz