Тоқаев: "Арселор Митталдың" алдында тұрған міндеттер аз емес
2020 ж. 24 қараша
1487
0
Қасым-Жомарт Тоқаев «АрселорМиттал Теміртау» АҚ металлургия комбинатындағы мырышпен және алюминиймен қаптау цехының жұмысымен танысты.
Кәсіпорынның атқарушы директоры Вадим Басин Президентке өндіріс процесін ұйымдастыру және жабдықтау жұмысының қағидалары туралы айтты.
Цех мырышпен қапталған орамды және табақша өнімдерін өндіреді. Цехтың жалпы өндірістік қуаты жылына 700 мың тонна өнім шығаруға жетеді.
Мемлекет басшысы цехтың дайын өнімдері мен жұмыс жүктемесін қарап көрді. Мырышпен қапталған табақшаларға конструкциялық материалдар өндірісі мен құрылыста сұраныс жоғары. Металлургия өндірісіндегі бұл өнімнің қосымша құны қымбат.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Наир Биджу Мемлекет басшысына кәсіпорынды одан ары дамыту перспективасы, жаңа кокс батареясы құрылысының жоспары, экологиялық қалдықтарды азайту жөнінде қабылданып жатқан шаралар жайында мәлімет берді.
– Бұл қазақстандық металлургиядағы көшбасшы кәсіпорын. Мұнда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің еңбек жолын бастаған. Біз өндіріс қуатын арттыруды мақсат етіп отырмыз. Маған жаңа инвестициялық жобалар, өндірісті жаңғырту, әлеуметтік жағдайды жақсарту жайында баяндады. Кәсіпорынның алдында тұрған міндеттер аз емес. Сондықтан оны ретіне қарай шешу керек. Ол жайында бұған дейін Премьер-Министрмен сөйлестім. Жаңа облыс әкімімен де бірқатар мәселені талқыладық. Барлық мәселені ақырындап шешу қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Сонан соң Қасым-Жомарт Тоқаев металлургия зауытының еңбек ұжымымен әңгімелесіп, жұмыстарына табыс тіледі.