Ұлтымыз әртүрлі болса да, тіліміз БІР болуы керек - Жамалаил Элимханов
2020 ж. 06 қараша
2447
0
"Қазақстанда қазақ тілін үйренгісі келетін адам үшін барлық жағдай жасалған"
«Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумы республикалық деңгейде үшінші рет өтуде. Алдыңғы форумдарда қазақ тілін Қазақстандағы ұлтаралық қатынас тілі құралына айналдырудың көптеген қызықты тәсілдері ұсынылған болатын.
Мен, мысалы, Маңғыстау облысының тәжірибесімен бөлістім. Алдыңғы форум онлайн режимде өтті және көптеген адамдар оны көрмеген болуы мүмкін, сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып, мен өз ұсынысымды тағы бір рет еске салғым келеді.
Маңғыстауда орыс тілін жетік меңгерген қазақ басқа этнос өкілін көрген бетте әңгімені алдымен қазақ тілінде бастайды. Өзге ұлт өкілі орысша жауап бергеннің өзінде де, қазақ тілін түсінеді деген сөз. Сол себепті менің жерлестерім әңгімені әрі қарай қазақша жалғастырады. Осылайша ол өзге этнос өкіліне қазақ тілін үйренуге түрткі болады.
Біз, қазақ халқы және өзге этнос өкілдері, мемлекеттік тілді үйренгісі келетін жандарға осылай көмектесуіміз керек. Олармен қазақша сөйлесейік! Бұл олардың тіл үйренуге зор ынтасын тудырады деп сенемін.
Егер біз керісінше, толеранттылық деген сылтаумен өзге этнос өкілдерімен орыс тілінде сөйлесетін болсақ, олардың кейбіреулері қазақ тілін үйренуге тырыспайды да, өйткені олар үшін бұл өте ыңғайлы.
Жалпы, мен мемлекеттік тіл туралы неғұрлым көп ойланған сайын, қазақ тілін енді ұлтаралық қатынас үшін ғана емес, Отан алдындағы парызыңды ұғыну үшін білу керек деген ойдамын. Бұл бізді өсіріп-өндірген туған жерге деген құрмет!
Әрине, әр адамның өмірінде түрлі жағдайлар болады, біреу орыс мектебінде оқыса, енді біреу қазақ тілін білмейтін ортада өскен болуы мүмкін. Дегенмен, бүгінгі күні қазақ тілін үйренгісі келетін адам үшін барлық жағдай жасалған. Егер адам Қазақстанда өмір сүргенімен, қазақ тілін үйрене алмаймын десе, онда ол мұны шын ниетімен қаламайды деген сөз!
Сол себептен, Қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың ҚАЗТЕСТ жүйесін қоғамның әртүрлі саласында енгізу қажет. Жұмысқа тұру барысында міндетті түрде мемлекеттік тілді білу деңгейі ескерілуі тиіс. Мемлекеттік тілді білмейтін қызметкер қанша жерден мықты маман болса да, мемлекеттік қызмет атқаруға қақысы жоқ деп есептеймін.
Мен өзім қазақ тілін 25 жасымда ғана үйрене бастадым. Егер мен қазақ тілін үйреніп алсам, онда кез-келген адам да меңгере алады деген сөз.
Біз бір қарапайым нәрсені түсінуіміз керек, залда әр түрлі ұлт өкілдері отыр: қазақтар, қырғыздар, орыстар, украиндар, шешендер, ингуштар және т. б. Біз көппіз, біз әр түрліміз, бірақ бәріміз - бір халықпыз! Біз - Қазақстан халқымыз! Менің ойымша, біздің бір-бірімізбен сөйлесетін тіліміз қазақ тілі болуы керек! Осы жер үшін болған шайқастарда қанын төккен, жанын берген батырлар қазақ тілінде сөйледі! Біздің жеріміздің мәдениетін дәріптеген және шығармалары Қазақстаннан тыс жерлерде де танылған ұлы Абай қазақша сөйледі және ойлады! Біз де бір-бірімізбен қазақ тілінде сөйлесуіміз керек!
Біз - бір халықпыз! Болашағымыз бір! Тіліміз де бір болуы тиіс!
Жамалаил ЭЛИМХАНОВ,
«Емир-Ойл» ЖШС директоры, Ақтау қаласы (шешен)
Қазақ үні