Тұңғыш Президент және жаңғырған Түркістан
2020 ж. 25 қазан
4165
0
Сейдулла САДЫҚОВ,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік
университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы,
«Түркістанға сіңірген еңбегі үшін» медалінің иегері
Адамзат баласы тарихындағы түркі әлемі деген қастерлі ұғымның түпқазығы, рухани шаңырағы ұлы бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің отаны – қасиетті Түркістанда бабалар рухы жаңғырып жатыр. Қазақ хандығының астанасы болған ежелгі Түркістан – тегі бір, ділі бір, діні бір күллі түркі халықтарының Атажұртында басын қосып, рухын асқақтататын руханият орталығы, рух астанасы. Кезінде «Дін – апиын» деген қағида ұстанған Кеңес өкіметінің тұсында Ясауи бабамыздың кесенесі де, Түркістан қаласы да «өгейлік» көрді. Кеңестік империя идеологиясы ұлт перзенттеріне байланысты сыңаржақ көзқарас қалыптастырғанымен, халық жадынан тарихи ақиқатты өшіре алған жоқ. Соңғы деректерге сүйенер болсақ, қазақ халқының Түркістанда жерленген хандары мен билерінің, даңқты батырларының жалпы саны 130-дан асып отыр. Олардың 21-і хандар, қилы кезеңдерде таққа отырған ұлт асылдары. Өзінің «Даналық кітабымен» әлемге танылған әулие баба Қожа Ахмет Ясауидің есімін Түркістаннан немесе Түркістанды Ясауиден ажыратып қарау мүмкін емес. Ұлы ақын-әулиені рухани көсем санаған мұсылмандар тоғыз жүз жылдан бері оның ілімімен бірге жасап келеді. Бұл жөнінде Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында ағынан жарыла былай деп жазды: «Түркістаннан тараған аса қуатты рухани сәулемен нұрланған түркілердің тұңғыш сопысы – Қожа Ахмет Ясауи 1093 жылы туған. Ол негізін қалаған исламның тылсым құпиясы – сопылықтың (суфизм) қарапайым халықтық нұсқасы тез уақытта Қазақстанның солтүстігі мен шығысына дейін тарады. Қожа Ахмет Ясауи Орталық Азиядағы, оның ішінде Қазақстанда да, барлық түркі халықтарына ұлттық рухани ілім жүйесін өрнектеп берді...
Түркілердің өмірлік, практикалық философиясын құраған салдар ретінде Ясауинамада тәңіршілдік элементтері өздерінің мағынасын сақтап қалды. Нақ осы Ясауи ілімі арқылы ислам қазақтардың рухани өмір салтына айналды да, кейінгі сегіз ғасырдың өн бойында соларды жебеп келді. Қазақ хандығы мен қазақ халқы құрылғанда, солардың бастау бұлағында осы ілім тұрды. Егер қазақтардың рухани тарихы жазыла қалса, Қожа Ахмет Ясауидің хикметтері («Даналық сөздері») сөзсіз оның бір бөлігі болып кіруге тиіс. Ясауидің ұстазы Арыстанбабтың Отырардағы кесенесі мен Қожа Ахмет Ясауидің Түркістандағы кесенесі – қазақтардың ұлттық руханиятының аса маңызды орталықтары. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қазақ мемлекеттігінің нысанына айналып, кейінгі уақытта жалпыұлттық зиярат-қорым (пантеон) қызметін атқарды. Қазақ халқының ұлы перзенттерінің мүрделері осы жерде сақтаулы. Сондықтан, осынау тамаша ескерткішті қалпына келтіріп, бас біріктірер ортақ кіндікке бүкіл ұлттың назарын аударып отырғанымыз дұрыс».
Түркістанды өзінің тарихи орнына сәйкес биікке көтеру басты міндет болып табылады. Соның бірі – Түркістан қаласына айрықша мәртебе беру мәселесі болатын. Бұл – жұртшылықтың көптен бері көтеріп келе жатқан сұрауы еді. Түркістанның 1500 жылдық юбилейі қарсаңында осы мәселенің шешілетініне халықтың сенімі күшті болды. Өкінішке қарай, республиканың ол кезде экономикалық дағдарысты бастан кешіруі бұл проблемаларды жүзеге асыруға мұрша бермеді.
Қазіргі кезде Қазақстанның экономикалық қуаты өрлеуге бет алып келеді. Осы жағдайды есепке ала отырып, Елбасының Жарлығымен Түркістан облысы дүниеге келді, ежелгі Түркістан облыс орталығына айналды. Қасиетті шаһарда кең ауқымды құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.
Түркістан қаласының тарихи-мәдени орталығы көне кезеңнің сәулет үлгісі ретінде сол қалпын сақтап қалады. Сонымен қатар, бір мезгілде заманауи үлгідегі технология енгізіліп, бірегей жаңа ғимараттар бой көтеріп, көне шаһар «ақылды қалаға» айналады. Бұл мәселе облыс әкімдігінде Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде жан-жақты сөз болды.
Киелі шаһардағы ғимараттар, саябақтар, көпірлер мен аллеялар бір үлгіде жарақтандырылып, жаңа кейіпке енеді. Бұл жоба бірнеше айдың ішінде жүзеге асты. Түркістан қаласының символына айналған Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне ерекше қамқорлық жасалуда. Тартымды нысандардың бүкіләлемдік тізіміне кірген қасиетті мекеннің қабырғалары алыстан жарқырап көрінетін болады.
Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы. Ортақ мақсат – Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесін, оның ішінде буферлік, яғни, айналасындағы аймақ пен онда орналасқан археологиялық паркті халықаралық стандарттар мен ЮНЕСКО талаптарына сәйкестендіру. Туристер мен зиярат етушілер қасиетті мекенге жай келіп қана қоймай, оның 2000 жылдық бай тарихын жан-жүрегімен сезіне білуі керек.
Сондай-ақ, Түркістан облыстық әкімдігінің басқармалар ғимараты аяқталып, ел игілгіне қызмет етуде.
Қазіргі кезде Түркістан қаласындағы жаңа әуежайдың және оған апаратын автомобиль жолының құрылысы аяқталды. Нысан облыс орталығынан 16 шақырым қашықтықта орналасқан. Терминалдың өткізу қабілеті жылына 3 млн. жолаушыны құрайды деп жоспарлануда.
Түркістан қаласының орталығындағы «Желілік саябақ», «Аттракциондар саябағы», «Оқушылар сарайы», «Конгресс орталығы», «Жабық бассейні бар спорт сарайы», «Орталық стадион» және «Қ.А.Ясауи мұражайы», «Драматеатр» ғимараттары биыл ел игілігіне берілетін болады. Әрқайсысы 120 бөлмеден болатын «Rixos Turkestan» және «Hampton by Hilton» қонақ үйлерінің, құрылысы таңдай қақтырады.
Құрылысы қарқын алған әлемде теңдесі жоқ «Керуен Сарай» туристік кешенінде Шығыс базары, этникалық үлгідегі мейрамханалар мен қонақ үйлер салынуда. Көпсалалы сарайда көне шығыс театры, ұлттық дәмханалар, жасанды көлдер, саябақтар салу жоспарда. Шеберлер көшесінде кәдесыйлар сататын шеберханалар сап түзейді.
«Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түркістан қаласының дамуына ерекше көңіл бөледі. Мұнда Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің саммитін өткізу жоспарланған. Осыған орай, барлық қажетті нысандардың құрылысының уақытылы әрі сапалы аяқталуын қамтамасыз ету қажет», – деді ҚР Премьер-Министрі А.Мамин.
Өткен жылы Түркістан бүкіл әлемдік «Біріккен қала және жергілікті билік» ұйымына мүше болды. Бұл тек республика ішінде ғана емес, халықаралық туристер орталығына айналуға жасалған маңызды қадам. Бір жылда 120 елдің 1000-нан аса қаласымен тәжірибе алмасылды. Жаһанкез саяхатшылар әлемінің тағы бір кереметі Түркістан болуы тиіс. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуінде: «Түркі әлемнің бесігі – Түркістан қаласы қазір қайта өркендеуді бастан кешіп жатқанын» атап өтті. «Өз кезегінде қала баршамыздың ортақ мақтанышымызға айналатын керемет мегаполиске айналмақ. Осыған орай, Орталық Азияның бауырлас мемлекеттерінің басшыларын келесі күзде осы көне қалаға шақырамын», – деген еді.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев үлкен жиында сөйлеген сөзінде тебіреніспен былай деген болатын:
– Біз Түркістанды Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлының жобасы деп білуіміз керек. Сондықтан, әрбіріміз үлкен жауапкершілікпен жұмыс істеуге тиіспіз. Тіпті, жауапкершілікпен өмір сүруіміз керек. Мен Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа әр барғанымда ол кісі маған «Біз сені Түркістан облысына әдейі жіберіп отырмыз. Онда мен барғанда да Елбасының жобасы деп жүремін. Бұл жерге сенім артып отырмыз. Сен осыны біліп жүр, – дейді. Сол себепті, Түркістанның түлеуін Елбасының есімімен тікелей байланыстырғанымыз жөн.
Түркістанды дамыту үшін бүкіл мемлекеттің ресурсын осы жерге шоғырландырып жатыр. Өздеріңіз көріп жүрсіздер. Былтырдан бері қаншама инвестиция құйылды. Еліміздегі барлық облыстар ауыртпалыққа қарамай, Түркістанға қол ұшын созып, өз өңірлерінің қазынасынан қаржы бөліп, оны тұрғындарының алдында Түркістанға бағытталатынын түсіндіріп, халық қалаулылары яғни, халықтың келісімін алу үшін тер төгіп еңбек етіп жатыр. Немесе өздеріне бекітілген жобаларға демеушілер тартып, қаржы бөлуде. Бұл оңай шаруа емес. Осының барлығы Елбасының арқасы. Соны терең түсінуіміз керек.
– Халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шаралардың Түркістанда өтуі біз үшін, яғни қала тұрғындары үшін үлкен абырой, сонымен қатар үлкен жауапкершілік, – дейді Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов.
Жергілікті халықтың әлеуметтік ахуалын жақсарту инструменттерінің бірі – туризм саласы. Ендігі мақсат – туристік кластер құру арқылы, қаланың рухани астана екенін таныту. Осы орайда, үстіміздегі жылы Түркістанда шаңырақ көтерген Халықаралық туризм және қонақжайлылық университетінің алғашқы оқу жылы 1700-ден астам студентпен бастағанын айту қажет. Қалай болғанда да, рухани азықтың негізі кәдімгі материалдық қажеттіліктен құралады. Яғни, жайлы жатын орын, ыңғайлы көлік, сапалы байланыс, тамақтану және көңіл көтеру орындары болмаса және осы бағытта сапалы қызмет ету аса маңызды.
Түркі елдері мемлекет басшыларының Саммиті Түркістанда өткізіледі, деп күтілуде, қазір дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шаралардың Түркістанда өтуі қала тұрғындары үшін үлкен абырой, сонымен қатар үлкен жауапкершілік. Бұл Саммитке көптеген турист келеді. Және де осы жерде басты назарда ұстайтын мәселе: туристерді тек мәдени нысандарды көрсетіп мақтану үшін емес, олар өз қаржыларын жергілікті халықтың қызметіне төлеп, табыс әкелу мақсатын да көздеу қажет. Қасиетті Түркістанда әлемдік деңгейде аты шыққан 5 қонақ үй кешендерін іске қосу жоспарда бар. Қай қайсысы да инвестиция тарту арқасында жүзеге аспақ, ал оның мөлшері – 12 млрд. 200,0 млн. теңге болмақ.
Журналист-жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт ағамызбен әңгімелесудің өзі бір ғанибет. Ол кісінің толғанысына құлақ түріп көрелік:
– Қазіргі уақыт ел тізгінін ұстаған азаматтар үшін шешенсініп, көсемсініп көп сөйлейтін кезең емес. шешенсінбей-ақ шешімдер қабылдап, көсемсінбей-ақ кесімді, келісімді бағдарлар белгілеп, нақты істер тындыратын уақыт.
Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев көп сөйлеп, сөзбұйдалыққа салынбайды. Ең қуанарлығы, жұмысты көп істейді. Елбасының, Президенттің, Үкіметтің тапсырмаларын орындауда, елдің қамын ойлауда, халыққа жақындауда құлшынысы ерек, ұмтылысы бөлек.
Түркістан шаһарына бір-екі апта келмей қалсақ, таңданып, қайран қаламыз. Астанаға барғандай күй кешеміз. Барлық салаларда тындырымды тірліктер жасалуда. Облысымыз республикада өнім өндіруден бірінші орыннан, жұмыспен қамтудан екінші орыннан көрінді. Облыс әкімі төтенше жағдайдан зардап шеккен Арыс қаласын қайта қалпына келтіруге бар қажыр-қайратын жұмсады. Облысымыз да құрылысы қайнаған қалаға айналды. Өзгесін айтпағанда, Өмірзақ Естайұлының өзі бастаған «Қамқорлық» бағдарламасы елді, әлеуметті қатты қуантып отыр. Түркістанымыз түлей берсін!
Енді Түркістан өңірінің абыройлы азаматы, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлының жүрекжарды лебізіне зер салайық:
– Біз үлкен тарихи кезеңнің бастауында тұрмыз. Қазір көне шаһар жаңа бағытта дамып келеді. Күн санап түрлене түсуде. Бұл игі істердің барлығының басында Елбасы Н.Ә.Назарбаев тұр. Мың жылдан кейін де Қ.А.Ясауи кесенесін Әмір Темір тұрғызған десек, Түркістанды тұңғыш облыс етіп, оның орталығын Түркістан жасаған Нұрсұлтан деп айтылады. Түркістан мен Нұрсұлтан қазақ тарихында ажырамайтын егіз ұғым. Ал, сол ұлы бастамалар мен үлкен құрылыстың басында Өмірзақ Шөкеевтің тұрғаны бізді қатты қуантады.
Бүгінгі күні Түркістанда ірі құрылыстар салынып, көшелер жөнделіп, тал-дарақ егіліп жатыр. Табиғи газ тартылып, су жүйелері реттеліп, құдықтар қазылуда. Шағын және орта бизнес өркендеуде. Осының барлығының бір мезгілде жоғары деңгейде атқарылуы облыс әкімінің іскерлігінің нәтижесі.
Түркістан – түркі жұртының бас иіп, тәу ететін қаласы. Келешекте туристер миллиондап келетін үлкен шаһар болады деген сенімдеміз.
Қасиетті Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық мұражайының гүлдене түсуіне тиісті министрлік қамқорлық жасап, нақты көмек көрсетіп отырса, нұр үстіне нұр. Киелі Түркістанда классикалық философиялық, археологиялық, тағы да басқа бағыттарды кең өріс алдыру үлкен маңызға ие. Бұған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғалымдары өз үлестерін қосуға дайын. Олай дейтініміз, ғылыми әлеует бар. Бір таң қаларлығы сол, күні бүгінге дейін Ахмет Ясауи терең зерттелмеген, ұлы ғұламаның жеке өмірі, тарихы жөнінде там-тұмдап қана білеміз. Ясауи музейі қажет-ақ. Сондай-ақ осында жерленген хандарға, батырлар мен билерге арналған ашық аспан музейін іске қоссақ, қала мәртебесінің биіктей түсері сөзсіз. Осы орайда, мына мәселелерге де баса назар аударсақ нұр үстіне нұр болар еді: Түркістан атырабында ескі шаһарлар тұтасып жатыр. Демек, қазба жұмыстарын кең бағытта жүргізіп, саяхатшылар тамсана тамашалайтындай жағдай туғызу қажет. Ата-бабадан мирас болып қалған ұлттық қолөнерді жаңғыртып, оны жаңа сәулет өнерімен үндестіре білсек, қанеки. Осындай игілікті істерді Арыстанбабта, Сығанақ қалашығында, өзге де тарихи мекендерде жүргізер болсақ, бұл туризмнің дамуына негіз болар еді. Осы тұрғыдан келгенде, Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстары әкімдерінің ынтымақтаса отырып, іс-қимыл танытуы маңызды.
Қазақ елі Тәуелсіздігінің отыз жылға жуық мерзімі ішінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көтерген идеясы киелі Түркістанның ұлы қасиетінің жандана түсуіне, бүгінгідей ізгілікті істердің белең алуына басты негіз болды. Қасиетті мекеннің жасарып-жаңғыруында, өсіп-өркендеуінде Қазақ елі тәуелсіздігі қарсаңында дүниеге келген Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ерекше рөл атқарып отыр десек, артық айтқандық емес. Білім ордасы Қазақ елі Тәуелсіздігінің символына, күллі түркі халықтарының білімі мен ғылымының, мәдениетінің алтын бесігіне айналып келеді.
[caption id="attachment_152672" align="alignnone" width="696"] default[/caption]
Осы ретте университет ректоры, профессор Болатбек Серікбайұлы Абдрасиловтың білім ордасының мәртебесін арттыра түсу жолындағы сан қырлы ұйымдастырушылық қызметін ризалықпен айтуға тиіспіз. Ол игілікті істерімен жергілікті тұрғындардың университет оқытушы-профессорларының, студенттердің құрметіне бөленуде.
Кезінде Елбасымыздың халыққа дәстүрлі Жолдауындағы «Ендігі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Ендеше, Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы – Мәңгілік Ел!» деген тебіреністі сөздерінің жүректерге ұялап, толқытқаны ақиқат. Елбасының идеясымен шаңырақ көтерген, ерекше мәртебеге ие болған Халықаралық білім ордасының студенттерін Мәңгілік ел идеясы нұрландырып, патриоттық сезімдерін алаулата түсуде.
Тұңғыш Президент бағдарламалық мақаласының қорытындысында екі дәуір түйіскен өлара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отырғанына халықтың назарын аудара отырып, «Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін» дейді. Қасиетті Түркістан халқы мен білім ордаларының студенттері Елбасының рухани жаңғыруға бағытталған тебіреністі ой-толғамдары мен тұжырымдарына ден қойған. Елбасының Мәңгілік елдің алтын арқауына айналған бағдарламалық еңбегі уақыт өткен сайын жаңа қырларымен жарқырай түсіп, жасампаз белестерге бастауда!
Тәбәрік
ТҮРКIСТАН. ӘЗIРЕТ СҰЛТАН КЕСЕНЕСI
Сан ғасырдан бүгiнге жеттiң де өзiң,
Мәңгiлiкке жеткiздiң көптiң көзiн.
Көк аспанның көркем бiр көшiрмесi
Көкке қолды жайғызар көк күмбезiң…
Сағанаңды саңлақтар саялардай,
Қасиеттен зерделi ел ой алардай…
Қас шебердiң төбесi көкке жетiп,
Көктен алған көк түспен бояғандай…
Кереметке киелi қарай қалып,
Келгендердiң кетедi бәрi ойланып…
Боз биенiң сүтiне иленген қыш,
Күндiз-түнi тұрады арайланып…
Түгел түркi пiр тұтып үкiлеген,
Бiр өзiңе арналар бүкiл өлең.
Жұлдыздармен шегелеп күмбезiңдi
Жуады ылғи Айлы түн сүтiменен…
Қырға бiткен қырмызы жапырағы,
Өрнектелiп, өзiңе шақырады…
Құралатын Құранның аятынан,
Оюларың ойға елдi батырады.
Бозiнгеннiң тамырын қуса күйшi,
Боз даланың үнiне сусар үйшi…
Әлемдегi әйгiлi жалғыз қала
Желпiндiрер желменен жусан исi…
Қылқұйрықты қосқан соң қыртыс қалмай,
Кетiгi жоқ келiстi кiрпiш қандай.
Түгiн тартсаң… түркiлiк тарих шығар,
Тұлғаларға Тұрандық Түркiстан бай.
Тартыспенен атқан-ды талай таңы,
Көкбөрінің көкке әлi көп айтары…
Ай таңбасы айқындап бағытымды,
Шабытымды бiр Алла молайтады…
Мұнарадан естiлсе құдiреттi үн,
Тұра қалып мен дағы күбiр еттiм…
Әзiреттен әдiлет тiлеп келiп,
Айтылады өзiңе мұңы көптiң…
Шаңыраққа баладық Күндi биiк,
Бiр құдайға ден қойдық бiрлiк ұйып.
Топырағыңды басқанда жалаңаяқ,
Тұла бойға туған жер нұрды құйып,
Алтын жұққан табаным тұрды күйiп…
Алуан үн бойыңда қырқысқанда,
Аруағың жаныңды шын қысқанда,
Бiр Құдiрет eмiрде бар екенiн,
Бiлгiң келсе –
Келiп қайт Түркiстанға!
2000 жыл
АХМЕТ ЯССАУИ АРУАҒЫМЕН ТIЛДЕСУ
Iнжудiң өзiн iрiктеп,
Маржанның таңдап тазасын,
Фәнидiң сырын бiлiп көп,
Бақидың жырын жазасың.
Арыстанбабқа түнегем,
Түркiстаннан тiлегем,
Құраннан тарар ұлы өлең,
Сүйекке сiңер сүремен...
Құдайға құлай сенгенде,
Iлгерiлейдi iс анық.
Кiшi Меккеге келгенде,
Кетемiн үлкен күш алып.
Дiттедiң дiннiң бұтағын,
Күткенiң – жарлық әр демнен...
Даналық жайлы кітабың,
Далалық оймен әрленген...
Пенде көп бәрiн қарманған,
Кiм бiлсiн қашан жетерiн?..
Жерiген кезде жалғаннан
Жер асты болды мекенiң...
Ай таңба – айшық өмiрге
Жыр жаздың тiзiп жұлдыздан...
Аруағың Ақсақ Темiрге
Аспани күмбез тұрғызған.
Байқамай барын қауiптiң,
Бас қойдым түрлi сезiмге...
Қышыңды сипап сауықтым,
Қысылып қалған кезiмде...
Шақырып ылғи тұратын,
Шаршатты шаңқой жолдар көп...
Әзiрет қойдым ұл атын,
Әз әулие дәйiм қолдар деп...
Тағдырдың жүгiн мына мен,
Қылмойын нардай көтердiм...
Қылғанда тарлық бұл әлем,
Қылует iздеп жетермiн!.
Қазыбек ИСА
2000 жыл
qazaquni.kz