Қырғызстан президенті отставкаға кету жөнінде шешім қабылдады
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков бүгін, 15 қазан күні Қырғызстан азаматтарға елде қалыптасқан қоғамдық-саяси жағдайға байланысты үндеу жасады. Бұл туралы ҚазАқпарат Қырғызстанның Кабар ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Президенттің баспасөз қызметі мемлекет басшысы үндеуінің толық мәтінін жариялады.
«Құрметті отандастар! Еліміздің астанасы Бішкек қаласында қоғамдық-саяси жағдай күрделі болып отыр.
Кеше Жогорку Кенеш Үкімет құрамын бекітті, мен Қырғыз Республикасы президентінің тиісті тағайындаулар туралы жарлығына қол қойдым.
Бірақ бұл шиеленіскен жағдайды қалпына келтірмеді. Өкінішке қарай, агрессия азаймаған. Менің тез арада отставкаға кетуімді талап етіп жатыр. Қазіргі жағдай екіжақты қақтығысқа жақын.
Бір жағынан – наразылық білдірушілер, екінші жағынан – құқық қорғаушылар. Әскери қызметкерлер мен құқық қорғау органдары Мемлекеттік резиденцияны қорғау үшін қару қолдануға міндетті. Мұндай жағдайда қан төгілетіні сөзсіз. Мен екі тарапты да арандатушылыққа берілмеуге шақырамын.
Құрметті менің отандастарым!
Мен үшін Қырғызстандағы бейбітшілік, ел бүтіндігі, халқымыздың бірлігі мен қоғамдағы тыныштық бәрінен де жоғары. Мен үшін әрбір отандасымның өмірінен асқан ештеңе жоқ. Мен билікке таласпаймын.
Қырғызстан тарихында өз азаматтарына оқ жаудырып, қан төккізген президент ретінде қалғым келмейді. Сондықтан мен отставкаға кету жөнінде шешім қабылдадым.
Жапаров пен басқа саясаткерлерден өз жақтастарын ел астанасынан алып кетіп, Бішкек тұрғындарына бейбіт өмірді қайтарып беруді сұраймын.
Ешқандай билік еліміздің бүтіндігі мен қоғамдағы татулықтан артық емес.
Барлығыңызды Тәңір қолдасын, туған жерімізде бейбітшілік пен тыныштық болсын» делінген үндеуде.