Қазақ еліне алғыс айтудың орнына қарғыс айтатындар қатаң жазаға тартылуы керек!
2020 ж. 23 қыркүйек
2090
0
Ютуб әлеуметтік желісінде украиндық блогермен болған әңгіме барысында Солтүстік өңіріміздегі Рудный қаласының тұрғыны Кирилл Божко қазақ халқына қасақана тіл тигізіп, аузына келгенін айтып, көк езу боп, кеуде соғып отырған видеосын мен де көрдім.
Қазақ халқын - маймылға, қазақ тілін - маймылдар тіліне теңеген тексізге тіпті әңгімені жүргізіп отырған украиндық блогердің өзі ашуланып, "Ұлы қазақ халқына алғыс айтуың керек!" деп сөз қайтарды. Алайда, ымды білмеген, дымды да білмейді дегендей, мына сорлы "Қазақтың жері - Ресейдің жері" деп өзінің ашық сепаратистік пиғылын жалпақ жұртқа жаюдан тайынбады.
Өкінішке орай, осындай "орманына қарай ұлитын" шибөрілер біздің елде аз емес.
Құзырлы органдар уақытылы әрекет етті ме, әйтеуір, бірер уақыттан кейін әлемжеліде "бесінші колонна мүшесінің" кешірім сұрап, қазақ халқын қадірлейтінін айтқан видеосы да тарап кетті.
Алайда, бізге, қазақ халқына, оның кешірім сұрағаны керек емес!
Бұл бір жаман тенденцияға айналды. Осынай есі жоқ еріккен әрбір тұрғын ел, жерге қатысты ойына келгенін айтып алады да, артынша кешірім сұрап, жөніне жүре береді.
Біз осыған дейін өзге ұлттарға қарасты ашумен сөз айтқан қазақ балаларының да сотталып кете барғанын көп көрдік қой. Алайда, қазақ халқына тіл тигізгендердің әрдайым кешірім сұрап, құтылып кетіп жүргенін ғана байқап жүрміз.
Әлеуметтік шиеленіс деген де осындайдан туындайтынын билік жақсы түсінеді деп ойлаймын. Түсінбесе, жаман әрине...
Мына ватниктің видеосына да құзырлы органдар назар аударып үлгерді, әзірге білетініміз осы.
"Әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында полицейлер "YouTube" арнасынан аталмыш видеоны анықтап, шұғыл тексеріс жүргізді. Қазір күдіктінің тұлғасы анықталып, тергеу шаралары басталды. Күдікті 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін", деп мәлімдеді Қостанай облысының полиция департаменті.
Қылмыстық іс қозғалды.
Енді ашық сот пен заңға сай лайықты жаза кесілуін ЕЛ боп талап етейік!
Қазақ еліне алғыс айтудың орнына қарғыс айтатындар қатаң жазаға тартылуы керек!