КЕҢЕС ДҮЙСЕКЕЕВ ҚАНДАЙ СЫЙЛЫҚҚА ДА ЛАЙЫҚТЫ ДАРАБОЗ - Қазыбек Иса
2020 ж. 31 тамыз
4063
1
Ерекше дарындар үшін қатып қалған шартты бұзу да... ерекше шартқа жатады...
Таяуда ғана қатерлі індет соғысында қаза болған көрнекті композитор, бір дәуірді әнімен әлдилеп өткен Кеңес Дүйсекеевті мемлекеттік сыйлыққа ұсыну туралы белгілі сатира сардары Көпен Әмірбек бастаған зиялылардың "Алматы" арнасындағы "Сәуле-ғұмыр" хабарында ұсыныс жасауы өте дұрыс! Біз бұл ұсынысты "Қазақ үні" сайтында жариялап едік, қолдағандар сәт сайын көбейіп жатыр. Осыған байланысты өмірден өтіп кеткен дарынды жазушы, мәдениеттанушы, сценарист Таласбек Әсемқұловтың жары Зира Наурызбаева: "Қайтыс болған адамға сыйлық бермейді. "Құнанбай" фильміне мемлекеттік сыйлық берілгенде, Таласбекті тізімге қосқызбады" деген пікір жазды Фейсбуктағы менің парақшамда. Иә, бұл өте өкінішті жағдай болған еді. "Құнанбай" фильмінің құндылығы - оның сүйегінде - қуатты сценарийінде. Біз " Қазақ үні" газет/сайтында "Таласбек Әсемқұловқа Мемлекеттік сыйлық берілуі керек"-деп мақала жарияланбыз сол кезде. Мемсыйлық тізіміне қосуға Қазақстанның Халық әртісі, осы "Құнанбай" фильмін түсіргені үшін алған мемсыйлығымен екі рет мемлекеттік сыйлықтың иегері болған (елімізде тұңғыш рет болуы керек жаңылыспасам) Досхан Жолжақсыновтың да шамасы келмеді ғой деймін, қанша тырысса да... Бірақ Мұқағали Мақатаев, Асқар Сүлейменов, Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденовтерге өмірден өткесін де берілді ғой мемлекеттік сыйлық. Кеше Мемсыйлыққа ұсынылғандар тізімін қарағанда ең алдымен өзімізден бұрын іздегеніміз көрнекті композитор Кеңес Дүйсекеевтің есімі еді. Бірақ бұның алдындағы мерзімде Мемсыйлыққа түскендер араға бір кезек салмай қатарынан мемсыйлыққа түсе алмайтынын ескеріп, аламанға қосыла алмағанын түсіндік. Кеңес Дүйсекеев менің білуімше, кемінде төрт рет ұсынылды. Бірақ ала алмады - яғни бермеді. Өзі ала алмай жатқан сыйлықты өзінің қолына су құя алмайтындар алып жатты. Бірақ біздің толқын жастық дәуренімізді әсем әндерімен тербеліп өткізген қазақтың біртуар композиторы Кеңес Дүйсекеев ала алмады. Мемлекеттік сыйлық беру комиссиясы жүйесі осылай болғандықтан ол мемлекеттік сыйлықты ала алмай өмірден өтіп кетті... Бірақ жазған бір әнін бір адам білмесе де, белгілі бір ауданнан, белгілі бір рудан болғаны үшін ғана бүгінде дүрілдеп, ойына келгенін істеп, аузына келгенін айтып, тіпті өзгенің қазығын қағып, шаңырағын көтерген мекемесін тартып алып жүргендер секілді талайлар Кеңес ағамыздың алдын орап, жолын кесіп, сыйлықты сыпырып алып кетіп жүрді...- Фейсбукке журналист Риза Әлмұқанова Кеңес Дүйсекеев туралы: "Конкурсқа 4 рет ұсынылды ғой. Мемсыйлық комиссиясында мүше болған бip кici: "Дауыс берiп болған соң, бip-бipiмiзден кiмге дауыс бергенін сұрадық, бәріміз Кеңеске дауыс берген екенбіз. Бірақ шешiм жариялағанда, басқа адамның аты айтылды. Мұнда да саясат бар ғой",- деген. Қайтыс болған адамға берілмейді деп, жауып тастауы мүмкін бұл ұсынысты. Мүмкіндік жасауды сұрау керек, егер әлгі айтқан адам шындықты айта алса, оның кiм екенін айтайын. Сол куә ғой. Аруақтың алдында арылу үшін айтар ақиқатты"-деп жазды. Иә, бұндай әңгімені біз де комиссия мүшелерінен талай естігенбіз. Көзі тірі классик жазушымыз Тынымбай Нұрмағамбетов пен дарынды ақын Серік Ақсұңқарұлының талай рет мәреге жетіп тұрып құлағанын білеміз. Осы жолы бұл екі ағамызды комиссия екінші іріктеуге өткізгенін көріп қуанып қалдық... өзімізді құлатқанға өкінсек те... Қазақ поэзиясының хас тарландары Исраил Сапарбай, Жәркен Бөдештер мемлекеттік сыйлықты баяғыда алуы керек еді... Шабысы бөлек Жәркен ақын екі-үш рет шалынғасын үмітін үзді-ау деймін... Қағысы бөлек лирик Исраил ақынды осы жолы алғашқы іріктеуден құлатты... Арынды ақын Ғалым Жайлыбайдың да екі рет аламанда алда келе жатып, аяқ астынан Батыраштардың балтасына ұшырағанын бәріміз жақсы білеміз... Марғасқа жазушымыз Марғабат Байғұт бәйгенің маңдай алдында келе жатып, маңдайы тасқа тиді... "Бар жақсымыз -балаларға" дейміз де, 1984 жылы Мемлекеттік сыйлық алған Мұзафар Әлімбаевтан бері енді балалар әдебиетінен бәйгеге түсіп отырған, поэзиядан түссе де қандай сыйлыққа да лайықты Байбота Қошым-Ноғайды бірден жолдан шығарды... Шетелдерден талай беделді халықаралық сыйлықтарды алып, топ жарып жүрген театр мен кино тарланы Талғат Теменовке өз сыйлығымызды бермей, тағы да құлатты...