МӘСЕЛЕ ЕЛШІЛІКТЕРДЕ ЕМЕС - НАШАР ЗАҢДА
2020 ж. 13 тамыз
2970
2
«Қазақ үні» ұлттық порталында жарияланған ақын, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңестің мүшесі Қазыбек Исаның «ҚАЗАҚ ЕЛШІЛІКТЕРІНІҢ ТІЛІ РЕСЕЙ ТІЛІ МЕ?!.» атты мақаласы аз уақытта қоғам ішінде үлкен резонанс тудырды. Моңғолиядағы қазақ қызы Майгүл Аулых моңғол тілінде: "Екеуміз де қазақ қызы екенбіз, қазақ тілінде сөйлесейік" десе де, мемлекеттік тілде қызмет көрсетпеген Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігінің Консулы-II хатшысы Шынар Жұматаеваның әрекетін сынға алған аталмыш мақалаға үн қосушылар, елшіліктерде қордаланған өзге де мәселелерді көтеріп хабарласушылар көбеюде.
Біз бүгін осы аталмыш сын мақалаға Шынар Жұматаева мен Майгүл Аулых ханымдардың жауабын және редакцияның қорытынды мақаласын жариялап отырмыз.
Шынар Жұматаеваның жауабы
Құрметтті Қазыбек Иса мырза!
2020 жылдың 7 тамызында «Qazaquni.kz» интернет порталында жарияланған «Қазақ Елшіліктерінің тілі Ресей тілі ме?!» атты мақалада менің, Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігінің Консулы-II хатшысы Шынар Жұматаеваның, атына арызданушы Моңғолияның азаматы Майгүл Аулыққызының сұрағына орыс тілінде жауап бергені жарияланып, қазақ тілін құрметтейтін, ұлты қазақ азаматшаның намысы қорланғаны туралы айтылып, көптеген пікірталас орын алды.
Аталған мақала бір тараптың, яғни Майгүл ханымның сөзі мен пікірі негізінде жазылған. Ал, мәселені жан-жақты зерттеп және зерделеп жазу үшін осы оқиғаның екінші кейіпкері болып табылатын менің пікірімді, шын мәнінде жағдайдың қалай болғанын мақаланың авторы да, осы мақалаға пікір жазған азаматтар мен азаматшалар да сұрамады.
Ал осы «сорақы оқиғаның» негізге мәніне тоқталып, «ату жазасын» сосын тағайындайық.
2020 жылғы 6 тамызда түскі ас уақытында (13:19) менің ұялы телефоныма Майгул Аулыққызы хабарласып, диалогты моңғол тілінде бастады. Әңгіме моңғол тілінде бастау алғандықтан, тұтқаның ар жағындағы адамның қай ұлттың өкілі екенін анықтау мүмкін болмағандықтан, мен оған: «Извините, я не понимаю монгольский язык. Можете говорить на русском языке?» деп жауап бердім.
Одан кейін де Майгүл ханым әңгімені моңғол тілінде жалғастырғандықтан, мына адамда бір жағдай болған екен деп дереу көмекшім, Ешлікітің аудармашысы, барлық ресми/бейресми келіссөздерді моңғол тілінен ана тілімізге аударатын Айнұр Мәдетқызына 13.20 сағатта WhatsApp мэссенджерімен М.Аулыққызының телефон нөмірін жіберіп, оған хабарласуды өтіндім. Мен sms жазып жатқан кезде, Майгүл ханым маған қайта қоңырау шалды. Мен ол қоңырауды қабылдамай, Айнұр Мәдетқызына дереу хабарласуды және моңғол тілінде барлық ақпаратты беруді сұрадым. Сол арада маған моңғол тілінде жазылған sms-тер келді (скриншоты бар):
- «Қазақ адам таптым
- Қазақша сөйлестірейін
- Сен мусорсын
- Моңғолиядан жоғал! Моңғолша сөйлей алмасаң
- Не деген өркөкірексіңдер телефон алмайтын» (моңғол тілінен бейресми түрде аударылған).
13.30 сағатта А.Мәдетқызы Майгүл Аулыққызына әдейі хабарласып, мән-жәйді анықтап сұраған және COVID-19 пандемиясы уақытында арызданушының Қазақстанда қалып қойған туыстарын Моңғолияға қайтару жолдары жөнінде қажетті барлық ақпаратты берген. Осы арада айта кететін жағдай, арызданушы аудармашымен де моңғол тілінде сөйлесіп, әңгімені қазақ тілінде жалғастыру жөнінде өтінішін білдірмеген, әңгіме толық моңғол тілінде жүргізілген.Осылайша, екі қазақ моңғол тілінде сөйлескен.
13.58 сағатта А.Мәдетқызы WhatsApp мэссенджері арқылы маған: «Сізге қоңырау шалған азаматқа хабарластым, Моңғолия азаматы екен, моңғол тілінде барлық ақпаратты бердім», - деді.
Түс уақыты бітіп, жұмысқа келгеннен кейін А.Мәдетқызынан тағы бір мәрте қоңырау шалған адамды сұрап, барлық сұрақтарына жауап алғанына көзімді жеткіздім.
Ал енді, Қазыбек Иса мырза, екі жақтың пікірін білгеннен кейін, осы оқиғаны саралайық. Сіз жариялаған мақалада Майгүл ханым маған қазақ тілінде хабарласып, менің тарапымнан орыс тіліндегі жауапқа тап болған болып көрсетілген. «Жауыз» Шынар Жұматаева қазақ тілінің беделін түсіріп, ана сүтімен келген өз тілін құрметтемеген дипломат ретінде көрсетілген. Алайда, Сіздің мақалаңызда Майгүл ханымның менімен болған телефондық диалогында төмендегі дәйектер тіптен көрсетілмеген, ал кейбір дәйектер асыра бұрмаланған.
Біріншіден, Майгүл ханымның телефон арқылы менімен диалогты моңғол тілінде бастағаны жөнінде бірде-бір ақпарат жоқ. Әдетте Моңғолияны мекендейтін 120 000 қандастарымыздың 90 пайызы маған телефон арқылы хабарласқан кезде әңгімені қазақ тілінде бастайды, ал ұлты моңғол азаматтар моңғол тілінде хабарласқанда менің моңғол тілінде сөйлемейтінімді біліп, кейбір орта жастан асқандары білгенінше менімен орыс тілінде, жас буыны бірден ағылшын тілінде сөйлеседі. Бұның себебі, орта жастан асқан Моңғолия азаматтарының көпшілігі Ресейдің Иркутск, Екатеринбург, Мәскеу, Санкт-Петербург және басқа қаладарында білім алған. Ал жастары көбіне Еуропа және Америка елдерінің білім бұлағынан сусындағандар болып табылады.
Екіншіден, Майгүл ханымға менің көмекшім А.Мәдетқызының хабарласып, оның консулдық мәселе бойынша туындаған сауалдарының барлығына толық жауап алғаны жазылмаған. Демек, Елшілік қызметкерлері түскі ас уақытына қарамастан, 24 сағат бойы басына күн туған азаматтар мен азаматшаларға көмек көрсететіні жөнінде бір ауыз сөз айтылмаған.
Бұл ретте айта кетерлік жағдай, негізінен Майгүл ханымның көтеріп отырған мәселесімен Моңғолияның Қазақстандағы Елшілігі айналысады. Оның себебі, әлемді жаулап алған коронавирус індетіне байланысты біздің елімізде қалып қойған Моңғолияның азаматтарын өз елдеріне қайтару, оларды тізімге енгізіп, ұшаққа отырғызу мәселесі аталған Елшіліктің Консулының құзыретіне кіреді. Алайда, ұлты қазақ болғасын, әрі Өлгий және Қобда өңірінен Нұр-Сұлтан қаласына телефон шалып, анықтама алу оңай болмайтындықтан, біздің Елшілік қолда бар ақпаратты қандастарға таратуға және мүмкіндігінше қолғабыс көрсетуге тырысады.
Үшіншіден, Майгүл ханымның маған жазған былапыт sms-тері туралы мақалада сөз де қозғалмаған. Осы жерде сұрақ туындайды: Майгүл ханымның мені sms арқылы сөгістеуге қандай құқығы бар? Бұл менің жеке басымды қорлау болып табылмай ма?
Төртіншіден, Майгүл ханым менімен моңғол тілінде сөйлессе, мен оның айтқан сөздерін түсінбесем, қалайша мен оған «Қазақстан азаматында нең бар? Сен Моңғолия азамытысың!» деп ескерту жасаймын? Бұл айып шындыққа жанаспайды.
Бесіншіден, мақалада көрсетілгендей, мен Майгүл ханымның нөмірін блокқа қойып тастаған болсам, оның маған менің жеке басымды сөгістеп жазған sms-тері қалай жетеді? Блокқа қойылған нөмірден қоңырау қабылданбайды және sms-тер келмейді.
Қазыбек Иса мырза, Сіздің мақалада көрсетілген жалғыз ғана дәйек шындық болып табылады. Майгүл Аулыққызының менің ұялы телефоныма басқа нөмірден сол күнгі 13:50-де жазған sms хабарламасына: «Salem halnz halay apke kazakstannan beri harai halaidan halai tizmdeled jolin aitp bernzwi», шынында да мен уақытында жауап берген жоқпын. Қай телефоннан да sms келсе, оған жауап беру менің міндетім. Алайда, осы sms-ке менің жауап бермеуін, менің ана тілімде «принципті түрде» жауап бермейді деген ұғымды білдірмейді. Менің осы sms-ке жауап бермеуім, мені ана тілін менсінбейтін, өз тілінде сөйлеуге арланатын тұлға ретінде сипаттамайды.
Сіздің жарияланған мақалаңыздан кейін, осы мәселенің анық-қанығына жету үшін 2020 жылғы 8 тамызда Елші Жалғас Жұмаұлы Әділбаев (интернет желісінде Елшінің аты-жөні қазақ тілінде көрсетілген) Майгүл Аулыққызымен телефон арқылы хабарласты. Осы сұхбат барысында Майгүл ханым Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігінің консулына телефонмен моңғол тілінде хабарласқанын және диалогты моңғол тілінде жүргізгенін растады. Елшінің: «Консулдың қазақ екенін біле тұра, өзіңіз қазақ екенсіз, неге әңгімені моңғол тілінде жүргіздіңіз?», - деген сұрағына, ол: «Мен Моңғолияда тұратын болғандықтан, мемлекеттік тіл моңғол тілінде сөйлеймін, бұл Моңғолияның жері», - деп түсіндірді (Елішілікте аудиозапись бар).
Осы тұста айта кетерлігі, Майгүл ханымның моңғол тілі өте таза, оны сөйлеген сөзінен ұлты қазақ тұлға екенін телефон арқылы анықтау мүмкін емес. Тіпті Елшіліктің аудармашысы А.Мәдетқызы оның қазақ екенін анықтай алмады.
2020 жылғы 8 тамызда Елші Жалғас Жұмаұлы Майгүл ханымға қоңырау шалып, 10 тамызда Елшілікке келуін, менімен және А.Мәдетқызымен бетпе-бет жүздесу ұйымдастырып, орын алған мәселені талқылау ұсынылды. Жол ақысын мен өз қалтамнан өтейтінім айтылды. Алайда, Майгүл ханым өзінің кішкене сәбиі бар екенін, Елшілікке келуді жолдасымен ақылдасатынын айтты.
Содан кейін шалыған қоңырауға Майгүл ханым жауап бермеді және өзінің Елшілікке келетіні, не келмейтіні жөнінде ақпарат бермеді.
Құрметті Қазыбек Иса мырза! Құрметті оқырмандар! Мен, Шынар Жұматаева, өз тілімді құрметтейтін, ана тілімде таза сөйлеп, ойымды еркін жеткізе алатын тұлғамын. Мен өзімнің қазақ екенімді, отаным Қазақстан екенін және жастайымнан ана тілімді жетік меңгергенімді мақтан тұтам! Бұл әкемнің анама қалдырған соңғы аманаты еді. Осы күнге дейін анам менің ана тілімде сөлеп, өз тілімді құрметтеуге тәрбиелеген Қазақстанның азаматы.
Құрметті Қазыбек Иса мырза! Құрметті Майгүл ханым! Сіздерге қояр бір сұрағым бар. Істің анық-қанығына жетпей, біреуді айыптауға және оның тағдырына бейжай қарауға бола ма? Ол түгелі, сот үкімі шығатын бөлмеде қозғалып отырған іс бойынша міндетті түрде екі жақтың пікірі тындалып, берілген дәйектер таразыға салынады. Сараланып, жан-жақты қарастырылған іс бойынша нақты сот үкімі шығарылады.
Осы тұста, «Қазақстан Республикасының Бұқаралық ақпарат туралы» Заңының 2-1-бабына сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдары қызметінің негізгі қағидаттары: объективтілік, заңдылық, анықтық, адамның және азаматтың жеке өмірін, ар-намысын, қадір-қасиетін құрметтеу болып табылады. Осы Заңның 21-бабына сәйкес, журналист таратылатын ақпараттың анықтығын тиісті жеке және (немесе) заңды тұлғаларға сұрау салулар жіберу арқылы не Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де тәсілдермен тексеру жөніндегі шараларды қабылдауға және шындыққа сәйкес келмейтiн ақпаратты таратпауға міндетті.
Құрметті Қазыбек Иса мырза! Сіздің мақалаңызда берілген мәліметтер жоғарыда көрсетілген Заңның аясынан тыс жатыр. Сіз Майгүл ханымнан алынған ақпаратты не Елші мырзаға, не Сыртқы істер министрлігінің Баспасөз қызметіне хабарласып, тексерген жоқсыз. Сонда бұл қалай болғаны?! Сіз Қазақстан қоғамының беделді азаматтарының бірі және қазақ тілі тағдырының жанашыры бола тұрып, қалайша осындай әділетсіздіктің орын алуына жол бердіңіз?
Құрметпен, Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігінің Консулы-II хатшысы Шынар Жұматаева.
МЕН ЕЛІМНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕДІМ, АЛ КОНСУЛ НЕГЕ СӨЙЛЕМЕЙДІ? - Майгүл Аулых
"Менің моңғол тілінде сөйлеген себебім:
1.Ақпарат моңғол тілінде жарияланған.
2.Мен Монғол елінің азаматымын, сондықтан елімнің мемлекеттік тілінде сөйледім. Ал Қазақстан елшілігі консулы Шынар Жұматаева неге мемлекеттік тілінде сөйлемейді?
3. Мен Шынардан моңғолша "Қазақ тілінде сөйлейсіз бе?"-деп сұрадым ғой. Сосын смс жаздым, мүмкін, қасында аудармашысы бар шығар деп... Ал мен моңғолша, не қытайша, болмаса армян, тәжікше сөйлейін, ол Қазақстан деген мемлекеттің елшісі екені рас болса, неге мемлекеттік тілде қазақша сөйлемейді?!. Егер "Қазағым, Елім" деген ұлттық намысы болса Қазақша неге сайрамайды? "Балта көтерілгенше, дөңбек жол тауыпты" дейді, Шынар дәл сондай қылық жасап отыр. Орысша сөйлегенін мойындап отырып, өзін неге соншама ақтайды??? Мен екеуміз екі елде жатып, екі қазақ араздаспайықшы деп әлі де үндемей, өзімді доғарып отырмын...
4.Шынарға тек сылтау керек екен. Мен баламды сүндетке отырғызып, қарбалас болып жатқанымда "шақырдық, келмеді, телефонды алмады" депті.
Мен елшіліктің шақырғанына ешқашан "бармаймын" деп айтқан жоқпын. Ертеңіне қайта байланысқа шығып, ұлымның сүндетке отырғанын, сондықтан әзір шыға алмай жатқанымды айттым.
Мен Баян Өлгей аймағында емес, Ховда аймағында тұрамын.
Құдайым-ау, маған енді не істе дейді? Менің Қазақ тілін жоқтағаным бұларға зиян болды ғой!?.
Ұлтым үшін айтамын деген сөзімді мен ешкімнен қорықпай айта аламын!
Майгүл АУЛЫХ
Моңғолия, Хобда аймағы
Қазыбек Иса. МӘСЕЛЕ ЕЛШІЛІКТЕРДЕ ЕМЕС - НАШАР ЗАҢДА
Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігінің Консулы-II хатшысы Шынар Жұматаева: "2020 жылғы 6 тамызда түскі ас уақытында (13:19) менің ұялы телефоныма Майгул Аулыққызы хабарласып, диалогты моңғол тілінде бастады. Әңгіме моңғол тілінде бастау алғандықтан, тұтқаның ар жағындағы адамның қай ұлттың өкілі екенін анықтау мүмкін болмағандықтан, мен оған: «Извините, я не понимаю монгольский язык. Можете говорить на русском языке?» деп жауап бердім.
Одан кейін де Майгүл ханым әңгімені моңғол тілінде жалғастырғандықтан, мына адамда бір жағдай болған екен деп дереу көмекшім, Ешлікітің (елшіліктің болса керек. Ред.) аудармашысы, барлық ресми/бейресми келіссөздерді моңғол тілінен ана тілімізге аударатын Айнұр Мәдетқызына 13.20 сағатта WhatsApp мэссенджерімен М.Аулыққызының телефон нөмірін жіберіп, оған хабарласуды өтіндім. Мен sms жазып жатқан кезде, Майгүл ханым маған қайта қоңырау шалды. Мен ол қоңырауды қабылдамай, Айнұр Мәдетқызына дереу хабарласуды және моңғол тілінде барлық ақпаратты беруді сұрадым."-деп жазады.
Майгүлмен сөйлескенінен де байқалатын жеке эмоция жетегінде кету бұл көлемді жауабынан да айқын көрініп тұрған Шынар ханымның басқа сөздеріне тоқталмай-ақ қояйық. Тек осы бір алғашқы абзацтан туған мәселелерге тоқталайық.
1. МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ТАПТАЛУЫ
"2020 жылғы 6 тамызда түскі ас уақытында (13:19) менің ұялы телефоныма Майгул Аулыққызы хабарласып, диалогты моңғол тілінде бастады. Әңгіме моңғол тілінде бастау алғандықтан, тұтқаның ар жағындағы адамның қай ұлттың өкілі екенін анықтау мүмкін болмағандықтан, мен оған: «Извините, я не понимаю монгольский язык. Можете говорить на русском языке?» деп жауап бердім"-дейді.
Яғни, бұл жерде Шынар ханым Моңғолия азаматы Майгүлге Қазақстанның мемлекеттік тілінде емес, Ресейдің мемлекеттік тілінде - ОРЫС ТІЛІНДЕ ЖАУАП БЕРГЕНІН және ОРЫС ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕУДІ СҰРАҒАНЫН өзі де жазып, мойындап отыр. Ол үшін рахмет.
1).Мәселе сол ар жақтағы адамды моңғол екен деп Қазақ елшілігі қызметкерінің Қазақ тілінде емес- Ресей тілінде жауап бергенінде болып тұр ғой? Ар жақтағы адам моңғол бола ма, мейлі қытай, шүршіт болса да Тәуелсіз мемлекеттің Елшілігінің жауапты да, сауатты қызметкері өзінің мемлекеттік тілінде жауап беруі тиіс! Заңның талабы бойынша да, ардың талабы бойынша да.
Тағы бір жерде Шынар ханым: "Осы арада айта кететін жағдай, арызданушы аудармашымен де моңғол тілінде сөйлесіп, әңгімені қазақ тілінде жалғастыру жөнінде өтінішін білдірмеген, әңгіме толық моңғол тілінде жүргізілген. Осылайша, екі қазақ моңғол тілінде сөйлескен"-деп жазыпты. Бұл сөзі де олардың "моңғол тілінде сөйлескенін" айту арқылы өзін ешқандай ақтауға жатпайды. Себебі ол екі азамат та Моңғолияның азаматы болғандықтан өз елінің мемлекеттік тілінде сөйлесіп отыр. Мәселе - өз елінің мемлекеттік тілінде сөйлемей, Ресейдің мемлекеттік тілінде сөйлеген Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігінің Консулы-II хатшысы Шынар Жұматаевада болып тұр.
2).Бұдан және Шынар ханымның төмендегі көлдей етіп ақталған жауаптарынан байқағанымыз Қазақстанның Моңғолиядағы елшілігінде Ресей тілінде жауап беру әлі күнге дейін "заңды" болып қалған деген қорытынды шығады. Бар мәселе осында болып тұр ғой - Тәуелсіз мемлекеттің Мемлекеттік тілі қорланып, ұлттық қанымыз қайнап, жанымыз шығып, намысымыз тапталып жатқаны!
3). Шынар ханым маған екі жерде кінә қойыпты, екеуі де негізсіз.
Біріншісі: "Майгүл ханым менімен моңғол тілінде сөйлессе, мен оның айтқан сөздерін түсінбесем, қалайша мен оған «Қазақстан азаматында нең бар? Сен Моңғолия азамытысың!» деп ескерту жасаймын? Бұл айып шындыққа жанаспайды" дейді.
Моңғолия қызметкері, аудармашы Айнұрдың Майгүлге ескерту айтқанын "Шынар ескерту жасады" деп жаздыңыз" дегендей, сөзді дұрыс түсінбегендіктен өзі менің сөзімді бұрмалап отыр.
Себебі, мен: " Шынар Жуматаева өз мемлекетінің мемлекеттік тілін естігісі келмей, Майгүлдің телефонын блокқа қойып тастаған! Онымен қоймай, қазақ тілінің мүддесін ойлағыш қазақ қызын сабасына түсіріп қоймақ болып, Моңғолиялық қызметкерге шағым жасап, ол (Айнұр) Майгүлге "Қазақстан азаматында нең бар, сен Моңғолияның азаматысың!" деп ескерту жасаған"-деп, Майгүлге ескертуді Шынар емес, ол (Айнұр) жасағанын анық жазып отырмын.
Екінші, "Майгүл ханымның маған жазған былапыт sms-тері туралы мақалада сөз де қозғалмаған"-дейді Шынар ханым.
Ал менің сөзімде "Телефонды көтерген Қазақстанның Моңғолиядағы елшілігінің консулдық мәселелер бойынша 2-ші хатшысы Шынар Жуматаеваның қазақ екенін білгесін, өзінің қазақ екенін, сондықтан қазақша сөйлесуді сұрағаны үшін Майгүлге ашуланып, ұрсып жіберген! Қазақы қаны басына шапқан Майгүл де "Онда сен Қазақстанның атынан неге отырсың елшілікте жоғалмай?!-деп қатқыл қарымта жауап қайтарған"-деп Майгүлдің де "қарап қалмағанын" келтіргенмін.
Үшіншіден, Шынар ханым Майгүлдің өзіне ұрысқан сөзін келтіреді де, ал Майгүлдің өзінен "екеуміз де қазақ болғандықтан қазақ тілінде сөйлессек бола ма?" деп сұраған сөзін әдейі көрсетпей отыр...
Төртіншіден, Шынар ханым "Майгүл маған моңғол тілінде хабарласты" деп, ақталғысы келеді. Ол ешқандай ақталуға жатпайтының, өз елінің мемлекеттік тілінде сөйлеп тұрғанын жоғарыда айттық.
Ал Майгүлдің құрбысы Ақшолпан Дағысқызы да елшілікке, Шынар Жуматаеваға қазақ тілінде хабарлама жіберген. Ешқандай жауап жоқ! 24 сағат жұмыс істеуі тиіс елшілік қызметкері қайда?!.
Сонымен қатар Шынар ханым маған "Майгүлдің моңғолша сөйлегенін атап көрсетпедіңіз" дегендей кінә артады. Ең бастысы Майгүл қай тілде сөйлесе де "Екеуміз де қазақ екенбіз, қазақша сөйлессек бола ма?"-деп сұрап, оған қазақша жауап ала алмай, Ресей тілінде жауап естіп тұр ғой... Ал біздің елшілік қызметкеріне ең басты кінә тағып тұрғанымыз осы - Қазақстан елшілігі қызметкерінің Ресейдің тілінде сөйлеуі ғой. Қалған майда-шүйде ұрыс-керістерге көңіл аударып отырған жоқпыз.
Ал Майгүл Аулыхтың "моңғолша сөйледі" дегенге жауабы:"Менің моңғол тілінде сөйлеген себебім: 1.Ақпарат моңғол тілінде жарияланған. 2.Мен Монғол елінің азаматымын, сондықтан елімнің мемлекеттік тілінде сөйледім. Ал Қазақстан елшілігі консулы Шынар Жұматаева неге мемлекеттік тілінде сөйлемейді?"-дейді. (Майгүлдің жауабының толық нұсқасы жарияланып отыр)
2.ЕЛШІЛІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ЖҰМЫСЫН АУДАРМАШЫЛАР АТҚАРА МА?
Шынар ханымның тағы бір бізге қойған кінәсі: "Екіншіден, Майгүл ханымға менің көмекшім А.Мәдетқызының хабарласып, оның консулдық мәселе бойынша туындаған сауалдарының барлығына толық жауап алғаны жазылмаған. Демек, Елшілік қызметкерлері түскі ас уақытына қарамастан, 24 сағат бойы басына күн туған азаматтар мен азаматшаларға көмек көрсететіні жөнінде бір ауыз сөз айтылмаған."-дейді.
Біріншіден, "Майгүл ханымға консулдың көмекшісі А.Мәдетқызының хабарласып, оның консулдық мәселе бойынша туындаған сауалдарының барлығына толық жауап алғанын" мен қалай жазамын егер ол "толық жауап алу" мақала "Қазақ үні" сайтына шыққасын, ертеңіне ғана болса?.. Ол мақала жарияланғаннан кейінгі "толық жауап алуды" ертеңіне Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Жалғас Әділбаевтың өзі де телефон соғып айтты. Рахмет дедік елші мырзаға.
Екіншіден, "Елшілік қызметкерлері түскі ас уақытына қарамастан, 24 сағат бойы басына күн туған азаматтар мен азаматшаларға көмек көрсететіні жөнінде бір ауыз сөз айтылмаған."-дегендегі талапқа сай ма Шынар ханымның жұмысы мен Майгүлмен сөз қағысы?
Шынар ханым өзі айтқандай, ҚР дипломатиялық заңы бойынша керек болса 24 сағат бойы, түскі үзіліссіз жұмыс жасауы тиіс, өйткені елшілікке барған дипломаттар ұзақмерзімді іссапарға (длительная загранкомандировка, ДЗК деп атайды) жіберілгенін жақсы біледі. Сондықтан, түскі үзіліске кетпей, мәселені шұғыл шешуі тиіс емес пе?
Моңғолияда ғылыми зерттеу мәселелерімен жиі болатын белгілі алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Амантай Шәріп "Қазақ үніндегі" аталмыш мақалаға өз үнін қосты:
"Сұмдық болған екен! Моңғолия жастары орысша мүлде білмейді, ағылшынша сөйлейді. Біздің елшілік орысша сөйлесе, жетіскен екенбіз. Моңғолия – байырғы түркі қағандары, абыздары, бахадүрлері Білге, Тоныкөк, т.б. сүйектері жатқан жер емес пе? Ұлы рухымыздан бейхабар шалағай қазақтардың онда өкіліміз болуы – ұят нәрсе, елдігімізге сын"-деп жазады.
"Мен Моңғол тілін білмеймін" деп жер тепкілеп, ал білуі де, сөйлеуі де тиіс Мемлекеттік тілде сөйлемей заңды өрескел бұзып отырған Шынар Жұматаеваны Моңғолияға не үшін жіберген сонда? ҚР Сыртқы істер министрлігінде монғол тілін білетін дипломат жоқ па? Тәуелсіздік алған алғашқы жылдар емес, ҚР Сыртқы істер министрлігінің жұмыс жасап келе жатқанына 28 жылдан асты, содан бері Монғол тілін меңгерген дипломат маман даярлай алмаған ба? Елшілік қызметкері қай елге барса, сол елдің тілін білуі керек емес пе?! Қай мемлекетке барса да біздің Қазақстан үшін тек Ресей тілін білсе болды ма?
Негізі Сыртқы істер министрлігі қай ел болмасын дипломаттарды елшілікке мүмкіндігінше сол елдің тілін білетіндерді жіберуі керек қой. Көп елшіліктерде қызметкерлері жүз пайыз қазақ болса да, ресми жиналыстары да, жәй жиындары да Ресей тілінде өтетіні, бір-бірімен тек орыс тілінде сөйлесетіні, қазақша сөйлеуді ар көретіні қазір елдің бәріне белгілі жәйт.
Қазақстан Республикасының Дипломатиялық қызмет туралы 2002 жылғы 7 наурыздағы N 299 Заңының «Дипломатиялық қызмет органдарының негiзгi функциялары» атты 28 тармақтан тұратын 6-бабының 16-тармағында шет елдердегі елшіліктердің функцияларының бірі – қызметкер болуы тиіс елінде, яғни шет елдерде тұратын отандастармен байланыстарды және қарым-қатынастарды дамытуға жәрдемдесу болып табылады. Демек, Ш.Жұматаеваның дипломатиялық қызметтегі міндеттерінің бірі -Моңғолиядағы отандастарымызға шұғыл көмек көрсету. Ал дипломат Ш.Жұматаеваның "түскі үзіліс кезі" деп Майгүлдің сұрағын кейінге қалдыруға немесе "көмекшіме тапсырдым" деп, Елшіліктің қызметкері емес, лауазымы жоқ, уақытша аудармашыға жүктей салуын қалай түсінуге болады? Мұны Ш.Жұматаеваның өзі мойындап, бізге ресми жауабында да, Фейсбук парақшасында да жазып отыр.
Шынар ханым біздің Майгүл Аулыхтың Моңғолияда қазақ тілі үшін шырылдап, шағым айтқанын жариялағанымызды "әділетсіздік" деп кінәлапты.
1.Неге әділетсіздік болады? Егер Майгүл айтқандай, Шынардың өзі мойындағандай орыс тілінде сөйлегені рас болса?!. Егер Шынар ханым орыс тілінде сөйлемеген, мемлекеттік тілде не моңғол тілінде жауап қайтарған болса сонда ғана Майгүлдікі жала, біздікі әділетсіздік болар еді...
2.Шағым айтып отырған жағдай көшеден келген домалақ арыз емес, авторы бар, сөйлеген сөзінің смс, аудиосы бар, сондықтан жариялап отырмыз, БАҚ-тағы бұрыннан келе жатқан қалыптасқан дәстүр бойынша. Егер біз Шынар ханымның қайтарған жауабын жарияламасақ, онда әділетсіз болар еді. Ал біз мақала шыққан күннің ертеңіне-ақ хабарласқан Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Жалғас Әділбаев мырзаға "жауабын берсін, жариялаймыз" деп өзіміз айттық.
Шынын айту керек, Шынар ханымның көлдей жауабынан көңілімізге мына бір сөзі ұнап қалды. Ол: "Мен, Шынар Жұматаева, өз тілімді құрметтейтін, ана тілімде таза сөйлеп, ойымды еркін жеткізе алатын тұлғамын. Мен өзімнің қазақ екенімді, отаным Қазақстан екенін және жастайымнан ана тілімді жетік меңгергенімді мақтан тұтам! Бұл әкемнің анама қалдырған соңғы аманаты еді"-деп қорытыпты. Осы сөзіне қатты риза болып, Шынар ханымның парақшасын қарасақ, өкінішке орай қазақша бір жазбасы жоқ, барлық посты орысша екен... Тек бізге жазған жауабы ғана тұр қазақ тілінде. Көңіліміз түсіп қалды. Ал кеше көргенімізде орысша постың бәрін өшіріп тастапты. Не үшін өшіргенін өзі білер, ал біздің көңіліміз өсіп қалды. Бұл біздің негізгі мақсатымыз - Қазақ тілінің қадірін білдіру мен Мемлекеттік тілдің заңдылығын сақтау үшін жазған мақаламыздың әсері болса, онда босқа жазбағанымыз. Ал егер әке аманатын еске түсірсек, ол да игі іс деп білеміз.
Әке аманатына адал болу керек! Ана сүті мен Ана тілі бірдей, екеуінің де үмітін ақтап, мемлекет заңын сақтау керек Шынар Жұматаева ханым.
КАДРІ НАШАРДЫҢ ҚАДІРІ ҚАШАР
Жалпы, Қазақстанның шетелдегі елшісі, елшілік қызметкері қандай болуы тиіс? Әрбір Елші мен елшілік қызметкері елдің бейнесін танытады. Әрбір елшілік қызметкері арқылы ел сол елді, ұлтты, мемлекетті таниды. Яғни Шынар Жуматаеваның артында Қазақ Елі, Сыртқы істер министрлігі, мемлекет пен мемлекет басшысы - Президент Тоқаев тұр. Осындай биік талапқа сай, елшілікке тән ерен қасиеттер мен біліктілік пен көркем мінезге сай болуы тиіс әр дипломатиялық қызметкер.
Қазақта "бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген сөз бар, Дипломаттық этиканы сақтамаған, заңды бұзған бір қызметкер барлық дипломаттар туралы теріс пікір қалыптастыруы мүмкін. Бүгінде елшіліктер, консулдық пункттерді қоса алғанда шамамен әлемнің 88 елінде ҚР шет елдердегі мекемелері бар екен. Сонда қызмет жасайтын Қазақстанның барлық дипломаттарына сабақ болу үшін бұл мәселені аяқсыз қалдырмай, арнайы комиссия құрып, тексеріп, егер өз атқарып отырған қызметтеріне кінәлі болса, шара қабылданғаны дұрыс.
Қазақстан Республикасының Дипломатиялық қызмет туралы Заңының «Шет елдердегi мекемелерде жұмыс iстейтiн дипломатиялық қызмет персоналы қызметтiк мiндеттерiн өрескел бұзған, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының немесе болатын елiнiң заң актiлерiнде белгiленген жауаптылыққа әкеп соғатын әрекеттер жасаған жағдайда оған тәртiптiк ықпал ету шараларын қолдануға қоса, ол Қазақстан Республикасына мерзiмiнен бұрын керi шақырып алынады» - деген 23-бабына сәйкес, дипломатиялық қызмет персоналын керi шақырып алу шарасын қолдануды, яғни, істің ақ-қарасын арнайы тәуелсіз комиссия зерттеп, шешуі тиіс.
Бір бұл ғана министрлік емес, еліміздегі барлық министірліктер мен оған қарасты мекемелерде іс қағаздары жүз пайыз мемлекеттік тілде тиісті жерлерге жіберіліп отыр дегенімен олардың ішкі орындалу жүйесі шындығында алдымен орысша дайындалып, оны арнайы ұстап отырған аудармашының аударуы арқылы екінші рет дайындап жіберетіні өтірік емес . Біздің зерттеп, білгеніміз, жалпы елшілік қана емес, министрлікте де қызметкерлері 99 % қазақ бола тұра , қарым-қатынас , жиналыс тілдері мемлекеттік тілде жүрмейтіні айтылуда. Өзі мемлекеттік тілді білмесе де, екі рет Сыртқы істер министрі болған Ерлан Ыдырысовтың "дәуірінде" қызметкерлерді конкурспен алғанда мемлекеттік тілді жетік меңгергендігін басты назарға алуды қажет етпейтін ең басты заңсыз сорақылық әлі сақталып отырғандығы ащы шындық. Министрліктің жоғары лауазымды қызметкерлері (департамент директорлары, орынбасарлары , басқарма басшылары т.б. лауазымдар) тағайындалғанда неге мемлекеттік тілді жете меңгергендігі басшылыққа алынбайтынды? Мұндай жағдайда мемлекеттік тілдің мемлекеттік жүйеде қалай көсегесі көгермек? Министрлікте осылай болып жатқанда елшіліктерде мұндай келеңсіздіктердің көрініс таба беруі әбден заңдылық.
Мемлекеттік тілді жетік білетіндерді қызметте көтермейтіні әлеуметтік желіде көп жазылып келеді. Егер бұл шындық болатын болса , мемлекеттік тілдің мемлекеттік жүйеде қалыптасуы мен дамуы мәңгілік дауға ұласа береді. Жалпы осы министрліктің шет елдердегі елшіліктеріндегі қызметкерлерінің қандай талаптарға лайықталып іріктелетіні мен олардың мемлекеттік тілді білу деңгейі мен күнделікті сөйлеу дағдысын арнайы құрылған тәуелсіз комиссия тексеруі тиіс. Сонда Моңғолиядағыдай келеңсіз жағдай қайталанбайды. Ал саяси-қоғамдық ұйымдар мен журналистер алдағы уақытта бұл мәселені қадағалайтын болуы керек. Өйткені Сыртқы саясатымыз сындарлы болуы үшін барлық жоғары талаптарға сай болуы тиіс!
Бізге хабарласқан бұрынғы және қазіргі елшілік қызметкерлерінің айтуынша тек Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сыртқы істер министрі кезінде ғана дипломатиялық қызметкерлердің кәсіби біліктілік қасиеттерін, іскерлігін қадірлеп, мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесіне қатты талап қойылғанын айтады. Тіпті Қасым-Жомарт Кемелұлы әрбір қарапайым дипломатиялық және аппараттағы қызметкерлердің атын жақсы білген екен. Кабинеттеріне дейін аралап кіріп, қызметкерлердің жағдайын біліп жүретінін жыр ғып айтады. Көбісі жемқорлыққа белшесінен батқан мемлекеттік органдар арасында Сыртқы істер министрлігінің "Тазалық эталоны" деген атауға ие болған кезеңі де осы тұс екені жиі айтылады.
Тоқаевтан кейін тоқырап, кері кеткен министрліктің атмосферасы бұзылғанын, кадр іріктеуден қадір кеткенін айтады жұрт. Шетелдегі елшіліктерге тілді де білмейтін, тірлігін де қатырмайтын, яғни жеткілікті іс тәжірибесі жоқ, жоғарыдағы тамыр-таныстарының араласуының арқасында кете беру етек жайып кеткені жасырын емес жәйтке айналды. Ал 20-30 жылдан бері министрліктің ыстығына күйіп, суығына тоңған, мемлекеттік тілді де жетік меңгерген мамандар орындарынан қозғалмай отырып қалып жатыр дейді әлеуметтік желіде шырылдап жатқандар. Тіпті осыдан екі-үш жыл бұрын Сыртқы істер министрлігінің экс жауапты хатшысы пара алу үстінде тұтқындалып, үйін тінткенде 1,5 миллион доллар шыққаны министрлікке қара дақ болды! Ол видео интернетті әлі шарлап жүр... Ал экс жауапты хатшы да ештеңе болмағандай елді шарлап жүр... Триллион үнемдегені үшін Ислам Әбішевтер түрмеде отыр...
Енді президент Тоқаев өзі жақында мәлімдегендей, істен шыққан мемлекеттік басқару жүйесін қайта құру кезінде "Авгийдің атқорасын тазалауды" қажет ететін министрліктер қатарында сыртқа қарар айнамыз Сыртқы істер министрлігі де тұрғаны белгілі. Министрлік тізгінін былтыр ғана алған Мұхтар Тілеуберді мырза бұл маңызы зор міндетті атқара алады деп білеміз.
АУДАРМАШЫЛЫҚ - МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ БІЛМЕЙТІНДЕРДІҢ АРТЫН ЖАБАТЫН АРТЫҚ ШЫҒЫН
Бұл жерде бізге жазған жоғарыдағы жауабында бәрін аудармашысына аударып тастап отырған Шынар Жұматаева ханымның сөзінен тағы бір мәселенің шеті шығып отыр, Елшілікке жергілікті адамдардан қосымша аудармашы ұстау неге керек?
Аудармашы деген біздің Сыртқы Істер министрлігі, елшіліктер ғана емес, жалпы елдегі мемлекеттік мекемелерге сор болды.
Мысалы, бір департаментте қазақша сауатты жаза алатын бір қызметкер болады да, ол шала қазақтардың орысша жазған мәтінін көз майын тауысып аударумен айналысады. Ол қызметкерді лауазымынан ешқашан көтермейді де, іссапарға жібермейді де, ешқандай артықшылықтарға, марапаттарға ұсынбай, әйтеуір аударманың қиын жұмысына жегіп қояды. Өйткені, ресми мәліметтер бойынша әр министірліктегі құжат айналымының 100 пайызы қазақ тілінде болды деп жоғарыға ақпарат беру үшін аудармашы керек. Біз осы аурудан құтылмайынша қазақ тілі мәселесі мемлекеттік қызметте ешқашанда шешілмейді. Сондықтан, мемлекеттік тілде жаза алатын, жетік білетін мамандарды дипломатиялық қызметке көбірек тарту керек.
Ал әкімдіктегі, министрліктегі, парламенттегі, ұлттық компаниядағы, т.б. мемлекеттік мекемедегі өзге ұлт өкілдерін айтпағанда, өз ана тілі мен мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметкерлер (парадокс емес пе), барлығы аудармашыға айналып кеткен тіл басқармасы қызметкерлері қазақ тілінде қағаз апарса, түсінбейді де, „орыс тіліне аударып әкел” дейді. Оған „бұл мемлекеттік тіл” ғой десең, „бізде бәрі екі тілде ғой” деп, заңымыздың солқылдақтығын алдыңа тартады. „Онда өзің аударып ал!”-десең, „мен мемлекеттік тілді білмеймін?”- деп, сауатсыз топастығына ұялмай, қайта мақтанғандай түр көрсетеді… Оған табанының бүрі бар санаулы қызметкер ғана: „ Сенің өз ана тіліңді, қазақ тілін –мемлекеттік тілді білмеуге, өкінішке орай, құқың болса, менің де айдаладағы шетел тілін, Ресейдің тілін білмеуге құқым бар. Ал менің мемлекеттік тілді білгенім үшін ғана маған неге артық азап, артық жұмыс – тегін аудармашылық жұмыс жүктелуі керек? Керек болса, ақша төлеп, өзің аудартып ал” деп айта алады… Ал 99 пайызы бір күрсініп алып, негізгі жұмысын жиып қойып, жыл бойы „аудармашылықпен” айналысады.
Ал барлық мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында алдымен орыс тілінде дайындап, содан соң оны мемлекеттік тілге аудару үшін қаншама тонна қағаз, қаншама аудармашы үшін осындай дағдарысты кезеңде қандай алапат қаржы шығындалатынымыз, ең бастысы қаншама алтын уақыт кететінін – бұның бәрі жұмыс сапасына кері әсерін тигізетінін айту тағы бір өзекті мәселенің жүгі болады.
Бір қуанарлығы "Қазақ үні" сайтында біздің мақаламыз жарық көргелі бері Сыртқы істер министрлігі сыннан дұрыс қорытынды шығарып, мемлекеттік тілдің рөлі шұғыл қолға алынуда екен. Яғни, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың "еститін үкімет" бастамасы іске асып жатыр деген сөз. Тек ұзағынан сүйіндірсін деп тілейік.
МӘСЕЛЕ ЕЛШІЛІКТЕРДЕ ЕМЕС - НАШАР ЗАҢДА
Иә, министрлік пен елшіліктер орыс тілінен (?) Мемлекеттік тілге (???) аударатын аудармашыны не үшін пайдаланады егер ол Дипломатиялық қызмет туралы заң талабы бойынша Мемлекеттік тілді еркін меңгеруі тиіс болса?
Заң дегеннен шығады, бар кілтипан біздің осы заңдарымыздағы мемлекеттік тілдің статусының әлсіздігінде.
Иә, мәселе бір елшілік қызметкерінде де, елшіде де, тіпті министрде де емес, солқылдақ заңымызда. Ал бұл Дипломатиялық заңның кемшіліктерін өткен мақаламызда да айттық, 18 жылдан бері зарлап келеміз, бұл 2002 жылы сол кездегі Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов елдің мүддесі үшін емес, өзінің қара басының жеке мүддесі үшін жасап алған заң болатын... Өткенде де жаздық, тағы да қайталап өтейік.
2002 жылы егер миын ауыстырмаса, өз ана тілі мен мемлекеттік тілін үйрене алмайтын Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың «Если вы мне не поменяйте мои мозги, мне казахский язык не выучить!» деп анау-мынау емес, парламенттің алдында мәлімдеп, (қазір Қазақстанның Ұлыбританиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі) Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы заң жобасынан дипломатиялық қызметкерлер мемлекеттік тілді білуі міндетті деген талапты алдырып тастағанының кесір-кесепаты әлі толық жойылмай келеді. Оны парламенттегі бір де бір депутаттың "Қазақ тіліне миың жетпесе қалай қазақ министрі болып отырсың?!"-деп қуып шықпағанынан парламенттің де қауқарын білуге болады.
Кейін бұл негізі басынан басты талап болуы тиісті «мемлекеттік тілді білуі міндетті» деген бап 2009 жылы ғана сенатор Қуаныш Айтахановтар бастаған депутаттардың күш салуымен енгізілді.
Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы заңның 9-шы бабы, 1-ші тармағы бойынша: «Дипломатиялық қызметке жоғары бiлiмi бар, мемлекеттiк тіл мен орыс тiлiн еркiн меңгерген және өзiне жүктелген мiндеттердi орындау үшiн тиiстi iскерлiк, моральдық, кәсiби қасиеттерге қол жеткiзген әрi денсаулық жағдайы дұрыс Қазақстан Республикасының азаматы тағайындала алады»-деп жазылған.
Ал 19-ыншы бабы бойынша «Дипломатиялық қызмет персоналы өзiнiң кәсiби деңгейiн, бiлiктiлiгiн, жалпы саяси даярлығын арттыруға, мемлекеттiк және шет тiлдердi бiлуiн жетiлдiруге міндетті.
Бұл заң бойынша, шынында да Қазақстан әлі Ресейдің отары секілді.
Біріншіден, Тәуелсіз Қазақстанның елшілік қызметкері неге шет мемлекет Ресейдің мемлекеттік тілін білуге міндетті?!. Әлде бұл заң сол баяғы әлі орыс тілінде сөйлейтін, мемлекеттік тілді білмесе де екі рет министр болған, әлі елші боп жүрген ыдырысовтар үшін жасалған заң күйінен әлі жетілмеген бе? Бұл жерде негізі «мемлекеттiк тіл мен ағылшын тiлiн еркiн меңгерген» деп жазылуы тиіс қой халықаралық қағидаларға сай.
Екіншіден, 19-ыншы бап бойынша елшілік қызметкері шет тілін жетілдіруі түсінікті, ал неге өзінің мемлекеттік тілін «жетілдіруі» керек, ол «мемлекеттік тілді жетік, еркін білген соң» қызметке алынуы керек емес пе? 19-шы бап 9-шы бапқа қарсы шығып тұр ғой бұл жерде?!.
Сонда елшілікке аталмыш заңның 9-шы бабына сай «мемлекеттік тілді еркін білетіндер емес, 19-шы бабына сай қызмет істеп жүріп ақырын мемлекеттік тілді үйрене беретіндер (олардан қазақ тілін үнемі талап етіп жатқан Майгүлдер жоқ, сондықтан үйрене қоюы көзбояушылық) алынып келе жатқаны белгілі болып тұр.
Заңда «мемлекеттiк және шет тiлдердi бiлуiн жетiлдiруге міндетті» дегенде, мемлекеттік тілдің деңгейі шет тілімен бірдей шеттеп тұр… Ал бұл жерде «жетілдіруде» орыс тілі жоқ, өйткені ол Ресей тілі ешқашан жетілдіруді қажет етпейтін, бәрі 100 пайыз жетік білетін «өз тілдері…»
Жалғыз бұл оқиға емес, жалпы елшілік пен Сыртқы істер министрлігі қызметкерлерінің мемлекеттік тілде сөйлемейтіндіктері баспасөзде жиі сыналатынының себебі заңның осындай шикілігінде жатыр. Кезінде бұл мәселені белгілі зиялылар да көтерген болатын…
Осыдан екі-үш жыл бұрын Сыртқы істер министрлігі мемлекеттік тіл саясатымен айналысатын бас маманға конкурс жариялады. Сондағы талаптарды көріп, көзіміз шығып кете жаздап, бұл біраз жерде сөз болды. Конкурс талабында - "мемлекеттік білуі тиіс" деген жерге - "мүмкіндігіне қарай" (по возможности) деп жазылған. Айналысатын негізгі жұмысы - мемлекеттік тіл саясаты болса, мемлекеттік тілді мүмкіндігінше ғана білетін "маман" онымен қалай айналыспақ?!.
Елшіліктегі мұндай масқара кемшіліктер жойылмаса, «Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек» деген Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың «Мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды. Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты» деген сөзі қалай іске аспақшы?!. Елшілік қызметкерлері Ата заңды да, басқа заңдарды да белінен басып, шетелде Мемлекеттік тілін қорлап отырса, қалайша «Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады?!.»
Қорыта айтарымыз біздің мақсат - елшілікте істеп жүрген бір қызметкерді негізсіз кінәлап, жұмыстан шығару емес. Біздің мақсат -Тәуелсіз Мемлекеттің Мемлекеттік тілін қорлатпау! Заңды бұзбау! Елшілік қызметкерлері Моңғол түгілі Қытайға да, тіпті Орысқа да Қазақша - Мемлекеттік тілде сөйлеуі тиіс!
Бұл - заманның да, заңның да талабы!
Қазыбек ИСА,
"Қазақ үні"