Қазақтың мұнайы ешқашан қазаққа басыбайлы тиесілі болмады - Бисенбай Бисенғалиев
2020 ж. 06 тамыз
7628
0
Ғаламтордағы ашық дереккөздерге сүйенсек, Қазақстанда 200-ден астам мұнай-газ кен орындары бар екен. Жалпы мұнай қоры 11-12 миллиард тоннаны құрайды. Бұл Еліміз қара алтын көлемі бойынша әлемнің 15 ірі мемлекетінің қатарына кіреді. Мысалы, аса ірі саналмайтын Бозашыдағы Қаламқас-Жетібай мұнай кен орнының ғана 2015 жылы мұнай сатудан түскен пайдасы 401,552 миллиард теңгені құрағаны туралы KIOGE халықаралық көрмесінің сайтында ақпарат келтіріледі. Осыншама байлығы бар Қазақстан халқы әлі күнге дейін Үкіметтің 42500 теңгесіне қол жайып отырғаны, тіпті, ақылға саймайды. Қазақтың мұнайының қызығын кім көріп жатыр, мұнайшылар халыққа қандай көмек көрсетіп жүр, мұнай өндіру ісі экологиямызға қандай зиян келтіріп жатыр? Осы және өзге де өзекті мәселелер бойынша Ақтаудағы ардагер геолог-барлаушы, «Құрмет» орденінің иегері Бисенғалиев Бисенбай ағамызбен көлемді де сүйекті сұхбат ұйымдастырдық. Ештеңені жасырмай, барды бар, жоқты жоқ деп, мұнай саласының ішкі әлемін тұтас ақтарып шықтық. Оқырман – таразы!
МҰНАЙШЫ ДЕГЕН КІМ?
- Өзіңіз мұнай саласына қалай келдіңіз? Мұнайшы жұмысының қиындығы туралы айтып берсеңіз.
- Мен 1951 жылы 5 желтоқсанда Гурьев (қазіргі Атырау) облысы, Мақат ауданындағы Сағыз деген шағын мұнай кәсіпшілігінде мұнайшылар отбасында дүниеге келдім. 1959-69 жылдары орта мектепте оқыдым. Жақсы оқушы болдым, кітап оқуға құмар едім. Жастайымнан кітап оқығаннан болар қиялым жүйрік. Мұғалімдерім менің болашағыма «жақсы инженер боласың» деген жорамал жасайтын. Біздің ауылда «жақсы инженер» болу жоғары бағаланатын. Қазіргі кезде ойлаймын, біздің ауылдың үлкендері жақсы оқушыларға неге «жақсы жазушы, жақсы мұғалім, жақсы дәрігер, жақсы құрылысшы, жақсы әскери...» деген сияқты мамандықтарды таңдап айтпады екен деп. «Жақсы инженер» болуды неге қалады екен ұрпағына?! Ал мұғалімдерім де, ауылдың үлкендері де осындай үлкен үміт артқан мен «сварщик, не болмаса шофер» болуды қалайтын едім. Бала кезімнен техникаға жақын болдым, әсіресе, ауылымыздағы темірден түйін түйген шебер сварщик Макар ағайдың жұмысына қарау мен үшін кереметтей қызық болатын. Сваркаға үңіліп қараймын деп бірнеше рет көздерім де көрмей қалды, ұзақ уақыт ауыратын еді, жұмылып, былшықтанып аша алмай қалатынмын. Қою шаймен шайып, шайдың шамасын, шикі картоп басып, тағы да әртүрлі халықтық ем-домдар(жас сәбидің дәретімен жуып) жасап жанарымды ретке келтіріп алатынмын. Бірақ Макар ағайдың жұмыс жасап жатқанын көргенде барлық азаптарымды ұмытып, сиқырлы сваркаға жіпсіз байланып қалатынмын. Артынан отқа күйген әйнектің сынығы арқылы қарағанда көзге көп зақым келмейтінін білдім. Сол заманда біздің ауылда, тек біздің ауылда емес, бүкіл елде де, шопыр деген кереметтей сыйлы, сиқырлы мамандық болды. Машинасын күтіп баптап, жуып-сүртіп, майлап-сайлап, құдды бір жаны бар мақұлықтай мәпелеп, сақадай сай қылып, рульге отырып алып жүйткітетін шопырларға қарау да керемет еді. Өз ісінің шеберлері керемет шопырлар да біздің ауылда жетерлік еді. Жасыратыны жоқ, мен бала кезімнен(6 класстан бастап) гараждағы шопырларға, тракторшыларға жөндеу жұмыстарына көмектесіп жүріп, ақысына машиналарын, тракторлерін айдауға, үйренуге рұхсат алатынмын. Техникамен айналысу мен үшін өте қызықты еді, әрине кітап оқу бірінші орында болатын. Осы екі мамандықтың иелеріне қарап менің де қиялым біраз жерге шарықтап кететін. Бірақ өмір өз дегенін жасады да, мен ойламаған жерден мұнай кенорындарын іздестіретін геолог-барлаушы деген мамандық иесі болып шыға келдім. Геолог-барлаушы бола жүріп мен бала кезімдегі сүйген мамандықтарымды ұмытқан жоқпын. Бұрғылау қондырғыларында жұмыс жасай жүріп сварщик мамандығын да тәжірибелі сварщиктерден үйреніп алдым, ал шопыр болуды институтта әскери істер кафедрасында (военное дело) жүріп оқып алдым, бірінші курста қосымша сабақ ретінде жүрген тракторшы-комбайнер мамандығына да оқыдым. Бірінші, екінші курстан соң жазғы практикада Қостанай, Целиноград облыстарында егін орағына комбайнер болып қатысып, бидай да ордық, жинадық. Осылайша мен бала қиялымдағы армандарымды қолымнан келгенінше іске асырған болдым.
Мен тікелей мағынасындағы мұнай өндіретін мұнайшы емеспін, мен – мұнай кенорындарын іздеп табатын геолог-барлаушымын. Мұнай өндірісі негізінен бірнеше ірі-ірі салалардан тұратын күрделі өндіріс. Қарапайым тілмен айтқанда, ең әуелі мұнай кенорнын іздеп табу керек, содан соң ғана өндіру басталады, одан кейін өндірілген мұнайды құбырлар, темір жол, теңіз танкерлері арқылы керек жеріне (мұнай өңдеу зауытына, шетелге...) тасымалдайды, ең соңында мұнай өңдеу зауытынан шыққан дайын өнімді сатады. Жалпылама айтқанда осы салалардың барлығының еңбеккерлерін МҰНАЙШЫЛАР деп атайды. Ал шынтуайтына келгенде, осы салалардың әрқайсысының өз атаулары, кәсіби мерекелері бар. Мұнайшылар деп, өз арамызда, тапқан мұнайды өндіретін еңбеккерлерді атаймыз. Осындай күрделі салалардың әрқайсысының өз ішінде бөлінетін, бұлар да біршама күрделі, қызмет түрлері баршылық.
Мен осылардың ішіндегі ең ауыры, қызығы мен шыжығы жетерлік ГЕОЛОГ-БАРЛАУШЫ деген мамандықтың иесімін. Аты айтып тұрғандай, соғыс кезінде БАРЛАУШЫ деген ержүректерді, батыр, батылдарды ғана таңдап алатын алғы шептің жауынгерлері сияқты мұнай саласының алдыңғы шебіндегі геолог-барлаушылармыз. Геолог-барлаушы болу мақтаныш, бірақ азабы да жетерлік. Менің фейсбуктегі парақшама 21 – 22.05.2020 жылы жариялаған «Мен – бұрғышымын. Ұстаздарым» деген жазбамды оқып түсінік алуға болады.
...Бисенғалиевтар әулетінің табаны Атырау өңірінің Қызылқоға, Қарабау, Тайсойған жерлеріндегі Қаракөл елді-мекені. Ол жерде арғы аталарымыздың сүйегі жатыр. Бұл-Қазақ мұнайының аталары болып саналатын марқасқаларды өмірге әкелген өңір. Негізінен мал шаруашылығымен айналысқанымен, жастары революциядан бұрын табыс іздеп Доссордағы ағылшындар жаңа бастап игеріп жатқан мұнай кенішіне келіп жұмысқа тұрған, оқыған, жаңа кәсіпті игеріп көтерілген, мұнай өндірісінің зор болашағы бар екенін сол кездің өзінде-ақ сезе білген. Ұрпақтарын сол кәсіпке баулыған, оқытқан. Біздің әулет те сол алдыңғы көштен қалмай 1938 жылы Сағыз мұнай кәсіпшілігіне көшіп келеді. БұлАқтөбе облысынан бастау алатын Сағыз өзенінің ең аяғында, үлкен сорларға(Бесбөлектің сорларына) келіп құйып суы тартылатын жерінде, Мақат пен Доссордың ортасында орналасқан мұнайшылар ауылы. Ауылымыздың аты ауызекі тілде «промсыл Сағыз» деп аталатын «Сағыз мұнай өндіру кәсіпшілігі». Біздің әулеттің мұнай тарихына қадам басуына ұйытқы болған Тапырыш көкем екен. Ол 1939 жылы Гурьевтегі мұнай техникумының бұрғылау бөлімін «өте жақсы» деген бағамен аяқтап, жолдамамен Сағызға мұнай ұңғыларын қазу үшін жіберілген жас маман еді. Тапырыш көкемнен Бисенғалиевтардың мұнайшылар династиясы бастауын алды. Өкінішке қарай Тапырыш көкемді 1940 жылы армия қатарына шақырып, арты Ұлы Отан соғысына ұласты. Тапырыш көкем сол сұрапыл соғыстан оралмады, Польша жерінде тұтқындар лагерінде опат болды. Біздің әулеттің ең бірінші бұрғылау маманы Тапырыш көкем, содан кейін менмін. Әрине, әулетімізде мұнайшылар көп қой, алған білімі бойынша кәсіби түрде мұнай ұңғымаларын бұрғылаумен шұғылданған Тапырыш көкем, содан кейін мен, біздерден кейін осы мамандықты жалғастырғандар, біздің әулеттің бұрғылау мамандары жеткілікті. Менің анам Балжан 1939 жылы 16 жасынан жұмысқа тұрған атақты мұнайшы маман, алғашқылардың бірі болып соғыс кезінде америкалық дизель-генераторды(сол заманның ең озық техникасы, америка елінің «ленд-лизинг» бағдарламасы бойынша біздің елге көмекке берілген) меңгерген жоғары дәрежелі машинист, оның алдында мұнай өндіруші оператор болған. Көптеген үкімет наградаларына ие, көпшілігі соғыс кезіндегі табысты еңбегі үшін берілген. Көп шәкірт тәрбиелеген, шәкірттері соңғы кезге дейін анамды естеріне алып әңгімелеп отыратын. Ал Сағыз мұнай кәсіпшілігіне соғыстың нағыз қызып тұрған шағында, 16 жасында, 1944 жылы үйренуші стажер болып орналасып, ең соңғы таратылатын уақытына дейін еңбек еткен, сол мекеменің ең соңғы басшысы менің Құлымғара ақкөкем. Ұжымның комсомол, кәсіподақ, партия ұйымдарына жетекшілік жасап, керек кезінде аздаған уақыт ауылдың кеңесіне де төрағалық жасап, сол мұнай кәсіпшілігінің, жұмысшы халықтың барлық жағдайынан хабардар болды, қолынан келгенінше жақсы басшылық жасады, халықтың мақтауына ие болған басшы болды. Әулетіміздің басы Бисенғали атам. Руы Ысық, оның Жақсыбайы, оның Қодаш бөлімінен. Конфискацияға дейін дәулетті болған. Мұсылманның бес парызын қаза қылмаған, діни білімді, арабша еркін жаза да, оқи да алатын. Молдалығы да болды, қасиетті Құранды үнемі оқып, көшіріп жазып отыратын. Латынша, жәдидше, кириллше де оқи да, жаза да алатын сауатты адам. Балаларының барлығына дерлік білім алуларына жағдай жасап оқытқан. 1969 жылы 9 наурыз күні 92 жасында дүниеден озды, бейіті Сағыз ауылының сыртындағы қорымда.
Сәби кезімнен, көзімді ашқалы, көргенім мұнай өндіретін қондырғылар (станок-качалкалар) болатын. Туған ауылым қарт Ембінің Ұлы Отан соғысының алдында ғана ашылған мұнай кеніштерінің бірі еді. Мұнайы жоғары сапалы, көгілдір түсті, өте сұйық. Тайыз тереңдіктен шығады. Сол кездегі кейбір айтушылардың айтқандарына қарағанда соғыс кезінде ешқандай өңдеп жатпай-ақ самолеттерге мұнайды тікелей құйып ұша берген дейді, мүмкін, шын да болар. Бұндай әңгімелерді мен есейген кезде де көптеген ардагер мұнайшылардан талай мәрте естігенмін, олардың мақтаншақтық жасап жалған айтулары мүмкін емес. Еліміздің абыройын асқақтатқан көптеген атақты мұнайшылар шыққан ауыл еді, 1987 жылы мұнай қорының азаюына байланысты елді мекеніміз жабылды, бірақ мұнай өндірісі тоқталған жоқ, вахталық әдіспен мұнайын өндіріп алу 2015 жылға дейін жалғасты. Құлағымызға да, санамызға да бала кезімізден сіңіп қалған әңгімелердің көпшілігі, тіпті барлығы десек те болады, тек мұнайшылар, олардың жеткен жетістіктері мен сіңірген еңбектері, абырой-атақтары, өндірістің жағдайы жайында болатын. Марқұм менің Бисенғали атам үнемі айтып отырушы еді: «Мұнайдың ИЕСІ болады, ол – АЛЛАМЫЗ, және де мұнайдың КИЕСІ де болады, шимұрындар да мұнай шыққан жерде көп болады» деп. Білетін де болар, атам білмеген нәрсесін айтпайтын адам ғой. Ауыл жастарына үлгі болған, ерен еңбектерімен еліне адал қызмет жасаған біздің ауылдың мұнайшылар династияларын атап өтпесем болмас, көпшілігі отанымыздың ең жоғарғы наградаларын бірнеше мәрте иеленген, арттарынан ұрпақтары даңқты істерін жалғастырғандар: Есмағанбетов Досқали, Жұмабаев Мерген, Кенжеғалиев Сағынғали, Долдановтар, Алиев Сүйеу мен Құлжан, Жамауов Орынғали мен Қыдырбай, Бағыт Ботағариев, Мұқанғалиев Қабдол, Есберген мен Қадыр Қайырлиевтар, Қаби Оразғалиев, Сабуғалиев Қажымұрат, Құрманқұлов Қойшекен, Жаңаберген Матайбаев, Атағозиев-Бисенғалиевтар, Атшыбаевтар. Бұл әулеттердің барлығының да арттарынан өрген ұрпақтары қазір Қазақстан мұнайының мақтаныштары. Бір қызығы біздің ауылдан бір де бір «Еңбек Ері» шықпағанымен, еңбектегі жетістіктері үшін берілетін «Ленин» орденінен бастап отанымыздың жоғары наградаларының барлығын да алған мұнайшылар көп болатын.
Бастарын бір иіп, бір көтеріп, жерге сәлем етіп, тағзым етіп тұрған адамдай ұдайы жұмыс жасап тұратын кішкене станок-качалкалардың үстіне мініп ойнап өстік балалық шағымызда. Әрине, қозы-лақтарды қырға шығарып жайып жүріп, қырдың үстіндегі қызғалдақтарды теруге шыққанда, Сағыз өзенінің тұзды суына шомылуға барғанда, операторлар көрмей тұрған кезді аңдып тұрып мініп алатын едік. Ауылымыздың іргесіндегі «Северный» деген учаскеде көбіне кішігірім жеңіл СКН-2, СКН-3 деген тайыз тереңдіктен мұнай шығаруға жарайтындай станок-качалкалар болатын. Қазіргі кездегілермен салыстырғанда баланың ойыншығы сияқты. Ауылға жыл сайын барғанымда сол «ойыншықтардың» әлі күнге дейін, иіліп-бүгіліп елімізге адал қызмет жасап тұрғанын көріп қуанып қаламын. Біздің балалық шақтың әткеншегі еді олар, қазіргі балалардың «качелиі» сияқты. Сондай ортада өскен балалардың басқа мамандықты таңдай қоюы екіталай нәрсе, ішінара болмаса. Біздің ауылдың көпшілік баласы, жастары елімізге әйгілі, атақты мұнайшылар болып шықты, жоғары білім алды. Барлығы дерлік мұнайшылар династиясын жалғастырған өкілдер еді. Қаншама Кеңестер Одағының жоғары наградаларын иеленген майталмандар шыққан ауыл еді, менің Сағызым. Менің өмірім де олардан басқаша болуы мүмкін емес еді. «Егіншінің баласы арық қазып ойнайды» демей ме? ...
...Есімді білгелі бері, Алматыға оқуға кеткенше, біздің ауылда жаңадан мұнай ұңғылары бұрғыланған емес. Сондықтан да мен бұрғылау қондырғысының жұмыс жасап тұрған «тірілей» түрін көрген емеспін. Ауылымыздың шет жағында, жалпақ сордың арғы шетінде, бір төбенің басында «Разведка ауыл» дегеннің көшіп кеткен жұрты болатыны есімде. Сол жұрттан «ара дөңгелек» тауып алуға болатын еді де, балалар сол көшіп кеткен ауылдың орнына сондай бір нәрселерді іздеу үшін ғана баратынбыз. Сол маңда ағаштан жасалған бұрғылау мұнарасы бар болатын, тек біреуі ғана қалыпты. Төбесіне дейін шығатын қалың ағаштан қиып жасалынған баспалдақтары да болатын. Тек мұнараның қаңқасынан басқа ешқандай жабдықтарын, дүниелерін қалдырмаған. Сондай бір мұнара Қошқар елді мекенінде де тұрған. Бір замандарда тап осындай мұнаралардың темірден жасалынған, бұлардан әлдеқайда үлкен, қуатты түрімен жұмыс жасаймын деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Есімді білгелі жоғары оқу орындарында білім алып келген біздің ауылдың жастарының барлығы да мұнай іздеуші емес, мұнай өндіруші инженерлер болатын, немесе геолог, немесе механик, әйтеуір, іштерінде бір адам бұрғылау инженері болыпты дегенді естімеппін. Алматыда оқып жүргенімде ауылға келгенде баяғы ағаш мұнараға басқаша көзбен қарап, ол мұнарамен қалайша жұмыс жасағандарын ауылдың ардагер қарт мұнайшыларынан талай рет сұрастырғанмын да. Ертеректе ағаш мұнараны атан түйелермен сүйреп жүріп бір орыннан екінші орынға алып барады екен. Азапты жұмыс қой.
Менің бұрғылау саласының оқуына түсуім ойда жоқ жерден болды. Құлымғара ақкөкемнің берген кеңесі бойынша мен институттың құжат қабылдайтын бөліміне барлық құжаттарымды мұнай өндіру мамандығы бойынша оқуға тапсырдым. Ақкөкем ауылдан шығарда қатты тапсырған еді: «Қарағым, мұнай өндіруші инженер болуың керек, немесе геолог бол. Ал бұрғылаушы, барлаушы(геологоразведчик) дегендерге жолама, олардың көрген күндері күн емес, өмірлері өмір емес, ылғи дала кезіп қаңғумен жүреді, сақал-шаштары өскен, көбіне орыстар осы жұмысты жасап жүреді» деп. Ақкөкемнің ақылынан асып қайда барамын, тап солайша тапсырдым құжаттарымды. Ауылдан сол жолы біраз балалар келгенбіз, барлығы да сондай ақылмен шыққандар ғой үйлерінен. Көпшілігіміз тапсырған құжаттарымызға сәйкес оқуларымызға түстік. Мен де солармен бірдеймін. Бәріміз бір группаға тап болдық. Қуанышта шек жоқ. Бір айдай оқығаннан кейін бұрғылау мамандарын дайындайтын группаға адам аз түскен болып шықты да, негізінде ол группаға ер балалар қабылдануы тиіс болса, әлдебір себептермен қыздар да қабылданыпты. Енді сол бұрғылау мамандарын дайындайтын группаға түскен қыздарды мұнай өндірушілерді дайындайтын және геология бөліміне ауыстырып, орындарына біздерді жіберді. Біздің группадан біраз баланы сол қыздардың орындарына ауыстырып жіберді. Ішінде мен де бармын. Біздің ауылдың барлық баласы бір группада, өздерінің таңдаған мамандықтары бойынша оқуда да, ал мен болсам, біздің ауылдан жалғыз өзім бұрғылау мамандығы бойынша оқитын болып шықтым. Бұл оқуды оқымаймын деп айтуға шамам жоқ, орысша сауатым да өте нашар болып діңкем құрыды. Деканатқа барып жағдайымды айтып көріп едім, ешкім құлақтарына қыстырғысы да келмеді. Ішімнен ақкөкемнің айтқан болашақта күтіп тұрған қаңғыған өмірді де ойлап қоямын, қолдан келетін дәрмен жоқ еді. Сөйтіп жүргенде жаңа группадағы балалармен де достасып үлгердім, бойым біртіндеп үйреніп те қалды. Маңғыстаудан келген ересек жігіттер, біраз уақыт бұрғылау алаңдарында жұмыс жасап тәжірибе жинақтаған сақа жігіттер(оқуға бұрғылау мекемелерінен өндірістік жолдамамен келген, өмір көрген) менің жаман ойымның барлығын жоққа шығарды. Оларға мен сабақ жөнінен көмектесемін, көбісі өндірістен келген, мектеп бағдарламасынан қарайып қалғандар еді, ал олар маған бұрғылаудың қызықты тұстарын әңгімелейді. Не керек, мен енді оқуымды ауыстырмайтын болып шештім, тағдырыма жазылғаны осы болса көріп алайын деген ой келді. Бұрғылауда да мен сияқты ет пен сүйектен жаратылған адамдар жасайтын шығар, менің олардан нем кем деген ойға әбден бекіндім. Бір білгіштердің айтулары бойынша, ең бастысы қолыңда дипломың болса болғаны, мұнайдың айналасындағы қай салада да жұмыс жасап кетуге болады деп те жұбатты мені. Сонымен мен бұрғылау саласының маманы болу үшін оқитын болдым, геолог-барлаушылық өмірге алғашқы қадамым осылайша кенеттен, ойда жоқ жерден жасалды. Бұл шешіміме өкінген кезім болған емес. Алайда ақкөкемнің айтқандары түгелдей дұрыс болмады деп те айта алмаймын, себебі, артынан жұмысқа тұрғаннан кейін, өндірістік тәжірибе жинақтау кезінде бұрғылау бригадаларында жұмыс жасағанда талай рет байқадым да ғой, айтқандарының кейбір тұстары шындыққа да жақын екенін өз көзіммен талай рет көрдім де. Ақкөкем суреттеген заман мен мен көрген уақыттың арасында бірталай уақыт өтсе де барлаушы бұрғылаушылардың өмірінде көп өзгеріс бола қоймапты. Әрине, цивилизация оларға да келген, бірақ сәл кештеу сияқты болып көрінді маған ол кезде...
ДОССОР - мұнайшылар ҰСТАХАНАСЫ
- Қазақстанда мұнай саласы дамуының тарихы қандай? Сіз осы саланың қыр-сырын жақсы білетін адамсыз ғой.
- Біздің елдің мұнай кәсіпшілігі 1899 жылы Қарашүңгіл деген кенорнынан табылған алғашқы мұнай фонтанынан бастау алады. Ашқан ағылшын алпауыттары. Қарашүңгіл мұнай кенорны қазіргі Атырау облысы, Жылой ауданындағы аты әлемге жайылған Теңіз кенорнына жақын жерде орналасқан. Былтырғы жылы (қыркүйек, 2019ж) Қазақстан мұнайының 120 жылдығы кеңінен аталып өтті.
Ал жергілікті тұрғындар қазақтардың мұнайшылық кәсіпті жаппай игерулері Доссор мұнай кенорнынан басталады. Доссор (Гурьев облысы, Мақат ауданы) мұнай кенорнын 1911 жылы ағылшындар ашты. Доссор кенорнына қарапайым жұмысшы, түйелермен жүк таситын кірекеш болып іргелес жатқан, мал шаруашылығымен айналысатын Қызылқоға ауданының(Гурьев облысы) шаруалары кірді. Қазіргі кезде Қазақстан мұнайының ірге тасын қалаған, дамытқан, қазіргі деңгейге жеткізген марқасқалары сол өңірден шыққандар және солардың балалары, үшінші, төртінші толқын ұрпақтары. Өтебаевтар, Балғымбаевтар, Шырдабаевтар, Өтесіновтер ... династиялары шыңдалып шыққан МҰНАЙШЫ деген құрметті мамандықтың ДОССОРДАН бастау алатынын ұмытпаған жөн. ДОССОР - мұнайшылар ҰСТАХАНАСЫ.
Қазақстанда Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстары мұнайлы өңірлер болып есептеледі.
Қазақстанда әлемдегі ірі мұнай-газ кенорындары болып есептелетін Теңіз(Атырау облысы), Қарашығанақ (Батыс Қазақстан облысы), Қашаған(Атырау облысы, Каспий теңізі) алаңдары бар.
Қазақстанда Атырау, Павлодар, Шымкент қалаларында мұнай өңдеу заводтары бар.
Қазақстанда жылына (2019 жылғы мәлімет) 70-80 млн тонна мұнай өндіретін де («Казмұнайгаз» Ұлттық Компания» АҚ үлесі 7-8 млн тонна төңірегінде), Қашаған кенорны толығымен жұмысқа қосылған кезде мұнай өндіруді 100-150 млн тоннаға жеткізу көзделген болатын.
Қазақтың мұнайы ешқашан қазаққа басыбайлы тиесілі болмады
- Қазақтың мұнайының қызығын кім көрді, кім көріп жатыр?
- 19 ғасырдың аяғында қазақ жерінде табылып, 120 жыл бойы өндірілген қазаққа Алла Тағаланың өзі кең байтақ жерінің астына жасырып берген мұнай деген байлығы ешқашан қазаққа басыбайлы тиесілі болмады. Қазіргі кездегі арабтар(БАӘ, Кувейт, Саудия, Оман, Катар...) сияқты қазақтар өз жеріндегі мұнай байлығына жеке-дара иелік жасай алмай келеді. Қай заманда да қазақтың мұнай байлығына ИЕ болатын біреулер, халықтың жағдайымен санаспай, өндірілетін мұнайдың өзіндік құнын мейлінше арзандатып алуды көздегендер, табылып тұрды. Революцияға дейін ағылшын алпауыттары қызығын көрсе, одан кейін КСРО деген алып мемлекет өз жерімізде өндірілген мұнайды соңғы тамшысына дейін сарқып орталық қазынаға алып отырды. КСРО ол байлықты елдің қарулы күштерін нығайтуға, космосты игеруге(бұларды любой ценой) және де өзінің әлемдегі барлық жарлы-жақыбайларды(пролетарий всех стран соединяйтесь деген ұранмен) жарылқау арқылы ықпалын күшейтуге пайдаланды. КСРО-дағы бар байлықты, оның ішінде әрине қазақтың мұнайы да бар, жарты әлемді жарылқауға жұмсады. 1960-шы жылдардың аяғында басталған әлемдік мұнай дағдарысы кезінде КСРО-да мұнай байлығы еселеп артты. Шығыс, Батыс Сібірде, Маңғыстауда жаңа, ірі мұнай кенорындары ашылып, байлыққа белшесінен батып жатқанымен, ол байлықты дұрыстап ұқсатып пайдалана алмады. Жаңа технологиялар мен техникалар алынбады, барлық күш «любой ценой» қарулы күштер(екінші дүниежүзілік соғыстан жүрегіміз шайлығып қалғанбыз деген желеумен) мен космосты(осылайша елдің алдына шығамыз, әлемді таң қалдыруымыз керек деген идея болды) игеруге жұмсалды, халыққа қажетті тұрмыстық тауарларды(киім-кешек, ұсақ-түйектерді...), өзімізде өндіруге күш салмай шетелден мұнайды сатудан түскен алтынға сатып алды. Оның ақыры біздің елдің әлемдік озық елдерден кем дегенде 50 жылға кейін қалып қойғанымызға әкеліп соқты. Бұны мен егемендік алған алғашқы жылдарда шекарамыз ашылғаннан соң елімізге келе бастаған шетелдік мұнай компанияларының техника, технологияларын көргенде байқадым. Олардың осыншама алға кеткенін көріп таң қалдым. Қазіргі кезде «застой» деген атаққа ілінген(кейбір адамдар сол заманды «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» керемет заман деп жүр) Леонид Ильич Брежневтің экономикалық саясаты осы жағдайға жеткізді біздің КСРО деген алып елді, оның ішінде мұнай байлығы еселеп артып жатқан Қазақстан да бар. Егемендіктің алғашқы жылдарында мұнай байлығымыз елдің еңсесін тіктеуіне бірден бір себеп болғаны, экономиканы алға сүйреген локомотив болғаны елге аян. Егемендік алған жылдары ел экономикасы әбден тоқырап, халыққа зейнетақы, еңбекақы, басқа да төлемдер жасайтын жағдайы болмай, бюджетте қара бақыр да қалмай қиналғанда осы мұнай құтқарып қалған болатын. Тек осынау қысқа мерзімді жылдарды ғана мұнай мен газдың қазаққа пайдасы барынша кеңінен тиген кезі деп ауыз толтырып айтуға болар еді. Себебі, тап осы алмағайып өтпелі кезеңде мұнай өндірісі әлі де болса мемлекеттің қарамағында болды, әлі де болса жекешелендіру басталмаған шақ болатын. Ал осындай тығырықтан әупірімдеп мұнайдың арқасында шыға салысымен, билік басында отырғандар әлем бойынша бағасы жоғары, сұранысқа ие мынандай өтімді товар «батпан құйрық» мұнайды тездетіп жекешелендіруге білек сыбана кірісті. Ақырында тағы да қазақ халқы өз жеріндегі өндірілген байлықтың жұқанасын жалауға ғана мүмкіндік алды. Осымен мұнай эпопеясы болды, бітті. Мұнай кенорындарының сататындарын шетелдіктерге сатты, сатылмай қалғандарын тиімді пайдаланудың орнына, өндірілген мұнайды шикізат күйінде шетелге айдап арзан бағаға өткізуде. Міне біздің елдің қазіргі жағдайы аз сөзбен айтқанда осындай.
Мұнайды иеленіп отырған олигархтар
Қазақ халқына тиесілі мұнайдың қызығын кенорындарын арзан бағаға сатып алып, өңделмеген шикі мұнайды шикізат күйінде өз елдеріне асырып жатырған шетелдіктер мен өзіміздің елдегі мұнайдың иісі мұрындарына да бармайтын олигархтардың шағын тобы, олардың туыстары мен ұрпақтары көруде. Қазақстанға өндірілген мұнайдың көлеміне қарай салық төленеді, бірақ ол салық мұнай байлығын, өңделген өнімдерін өз еркіңше сатып пайдаланғандай болмайтыны бесенеден белгілі. Мүлдем сәйкестік жоқ. Осы жерде анықтап айтуым керек, мұнайды шикізат күйінде өңдемей сату өте арзанға түседі, мүлдем тиімсіз. Ал өндірілген мұнайды өңдейтін заводтар жоғарыда көрсеткенімдей бар болғаны үшеу-ақ. Олардың да жағдайы мәз емес. Атырау заводы соғыс жылдарында салынған, өте ескі, мұнайды тереңдетіп, әлемдік стандартқа сай келетін өнім алатындай қылып өңдеуге шамасы жетпейді. Соңғы жылдары ғана ол заводты модернизация жасауда. Ал қалған екі заводтың да жағдайлары шамалы, өнімдері әлемдік деңгейдегі стандартқа жетпейді, мұнайды тереңдетіп өңдей алмайды. Бұл үш завод та шикі мұнайды тек 60% тереңдетіп өңдей алуға қауқарлы және өнімдерінің сапасы да сын көтермейді. Бұл заводтардың өнімдерінің сапасын еліміздегі көліктерге құятын бензиннің сапасына қарап та білуге болады. Сапасы ең төмен, бағасы қымбат бензин біздің отандық заводтардың өнімі екендігін мұнай өндірісі саласынан хабары шамалы әрбір көлік жүргізушісі де айтып бере алады. Ал әлемдік деңгейдегі мұнай өңдеу заводтары шикі мұнайды 90%-ға дейін тереңдетіп өңдейді және де шығарған өнімдері жоғары сапалы. Ендігі бар мәселе осы жерде болып тұр. Қазақстан мұнай өндіруде көптеген елдерден алда болғанымен, мұнай өңдеу заводтарының саны жағынан ұяттымыз. Бар болғаны үшеу-ақ, олардың да сапасы сын көтермейді. Салыстырып айтар болсақ, мұнайы біздер сияқты көп емес(жоққа жақын) Жапон елінде оншақты мұнай өңдейтін заводтар бар болса, көршіміз Қырғыз елінде де үлкен мұнай кенорындары жоқ болса да бірнеше мұнай өңдейтін заводтары бар. Парадокс! Осыдан-ақ біздің елдің мұнайын иеленіп отырған олигархтардың аса көп шығынға бармастан, тек шикізат сатып болса да баюға ден қойғанын, қалған шаруаға бастарын ауыртқысы келмейтінін анық көруге болмай ма. Мұнай кенорындарын сатып алып, еліне шикі мұнайды айдап жатқан шетелдік компанияларды айтпағанның өзінде. Шикізат сатудың пайдасы мен өңделген товар сатудың пайдасын салыстырудың өзі артық. Мысалы, малдың жүнін шикізат ретінде сол күйінде сатқаннан тиын табуға болады да, ал ол жүнді әбден өңдеп, әдемі костюм, көйлек, мата ... қылып сатқанда түсетін пайданың көлемін салыстыруға келмейді. Егемендіктің алғашқы жылдарында(мүмкін КСРО-ның соңғы жылында) Маңғыстаудан еліміздегі төртінші мұнай өңдеу заводын салуды бастады, сәлден соң бұл жұмыс аяқсыз қалды. Соңғы бірнеше жылда төртінші завод салу мәселесі әлсін-әлі көтеріледі де, қайда салынуы керектігі талқыланады, бірақ іс одан арыға бармай, арты сиырқұйымшақтанып құрдымға кетеді. Еліміздегі мұнай өңдеу заводтарының жыл сайын көктем, күз мезгілінде(жер жырту, егін салу, орақ науқанында) аяқ астынан жөндеуге тұрып, дихандарды жағар-жанар майсыз қақсататынын айтпағанның өзінде. Тап осы мәселе бойынша менің ойым, мұнай өндіретін әр облыста бір-бір мұнай өңдейтін заводтан болғаны дұрыс. Шикі мұнайды ұзақ қашықтыққа тасымалдамастан, өндірілген өңірінен өңдеп, әлемдік стандарттарға сай жоғары сапалы өнімдермен елдің ішкі нарығын қамтамасыз етіп, артық өнімді алыс-жақын шетелдерге шығару керек. Сонда қазіргідей сапалы шетелдік мұнай өнімдерін долларға сатып алмай, ақшамызды далаға шашпай, өз еліміздің сапалы өнімін алып пайдаланамыз, ақшамыз елімізде қалатын болады. Өңделмеген шикі мұнай сатып қазынаға аздаған салық төлегеннен, сапалы түрде әбден өңделген мұнай өнімін сатқаннан қазынаға салық ондаған есе мол түсер еді. Бұл жазғаным бизнестен хабары шамалы жас маманға да түсінікті, бірақ жоғарыда мұнайға иелік ететіндердің ойы басқаша. Біздің елдегі мұнай өндіретін әр облыстың өндірген мұнайы кейбір мемлекеттерді байытып жіберер еді, мұнай байлығы жоқ көптеген мемлекеттердің арманы екені сөзсіз. Ондай мемлекеттердің (әсіресе европалық шағын мемлекеттер) мұнайдың әр литрін шегіне жеткізе өңдеп пайдаға асырар еді-ау. Ал біз болсақ ... Қазір КСРО-ны «застой» кезінде басқарған Л.И.Брежневтің заманы басқа бір қырынан көрініп тұрғанын байқауға әбден болады. Ол заманда «любой ценой» жарты әлемге билік жүргіземіз деп бар байлықты шашсақ, қазіргі кезде «любой ценой» бүкіл әлемнің алдына шығамыз, дамыған елдерді шаң қаптырып кетеміз деп әлімізге қарамай таңымыз айырылуда. Л.И.Брежнев әлем пролетарларын (жарлы-жақыбайларды) жарылқаймын деп қазаққа тиесілі байлықты оңды-солды шашса, қазір біздің олигархтар әлем байларынан қалыспаймыз, асып түсеміз деп бар байлықты ашкөзденіп (мөріне қарамай), обал-сауап, экология, ел қамы дегендерге пысқырып та қарамай асап қарпуда.
Осы жерде айта кету керек сияқты, ғаламтордағы деректерге сүйенсек, біздің елдің бюджетінің 60 пайызы шикі мұнай сатудан, 25 пайызы металл сатудан түскен пайдадан тұрады, қалған 15 пайыздайы не өзгерте алады, ештеңені де. Ал біздің елде шығарылатын «Жалпы Ішкі Өнімнің» 3 пайызға жетер жетпесі ғана машина жасау өндірісінің, 1 пайыздайы ғана химиялық өндірістің бұйымдары болса не күтуге болады? Міне елдің қаншалықты әлеуетті екендігін көрсететін осы екі көрсеткіштің(елдің бюджеті неден құралатынын, елдің өндірісінің жай – күйін көрсететін ЖІӨ) өзі-ақ барлық жағдайды ашып көрсетіп тұрған жоқ па?
Бірақ біздер өзімізді көрші, қазба байлықтары аз, немесе мүлдем жоқ, елдермен салыстыруға құмармыз, солардан озып кеттік, халқымыз бай тұрады деп жар салып мақтануға құмармыз. Ал енді сәл ойланып қарайықшы, біздің халқымыз шын мәнінде бай тұра ма, әлде тек салыстырмалы түрде (кедей көршілерімізбен) ғана баймыз ба? Байлығымызға сай(қазба байлықтардың үлес салмағына пропорционально) дәулетті емеспіз, олай деуге қалай ауызымыз барады. Дәулеттілер бар, олар мұнайды иеленіп отырған олигархтар.
Мұнай табысының барлығы ел қазынасына құйылып тұруы керек
- Мұнай компаниялары әлеуметтік мәселелерге қаншалықты көңіл аударып жүр? Ел жағдайына қарайласып, өңірде ғана емес, ел бойынша қандай көмек шараларын ұсынуда халыққа?
- Еліміздегі мұнай өндіретін шетелдік ірі компаниялар өздері жұмыс жасайтын өңірлерге, елге әртүрлі көмектерін көрсетіп жүргені өтірік емес. Біреулері елді мекендерге жол салып, газ тартып, спорт кешендерін тұрғызып, мәдениет ошақтарын, мектептер мен емханалар салып, қымбат медтеникалар алып беріп дегендей қайырымдылық шараларын жасайды. Бірақ, бұл шаралар ол компаниялардың миллиардтап тапқан пайдасының шөкімдей бөлігі ғана ғой. Садақа сияқты. Шынтуайтына келгенде, сол компания өзіміздің елдің ұлттық компаниясы болып, тапқан табысының барлығы еліміздің қазынасына құйылып тұруы керек емес пе? Солай болуы керек те ғой.
Экологтардың дабыл қаққанына ешкім көңіл бөлмейді
- Қара алтын өндіру ісі экологияға да айтарлықтай залалын тигізіп келеді. Батыстағы экологиялық ахуал қалай қазір?
- Тағы бір толғандыратын келелі мәселе, мұнай өндіру саласындағы экология жағдайы. Маған бұл жерде табиғатқа орасан зор экологиялық зардап шектіріп отырған Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған сияқты өте ірі мұнай-газ кенорындары жөнінде айту өте ауыр. Себебі, бұлар жөнінде БАҚ беттерінде жазылудай жазылып келеді. Жыл сайын Каспий теңізінде аққулар мен итбалықтар, балықтар белгісіз себептерден қырылып жатыр, Батыс Қазақстан облысында киіктер мен құстар да қырылуда, ал Теңіз кенорнында мұнайдан бөлінген улы күкірт тау-тау болып үйіліп, 2014 жылға дейін ауаны былғағаны белгілі. Біздің бағымызға(мүмкін сорымызға?) тап болған осы үш алып мұнай кенорындарына жеке-жеке сәл тоқтап өтейін.
Қарашығанақ. Мұнай мен газ өндіру кәсіпшілігінде экологиялық жағдай өте нашар, сақталмаған. Жыл сайын сол өңірдегі киіктер белгісіз себептерден мыңдап қырылуда, тіпті сол маңдағы ауада ұшқан құстар да топ-тобымен қырылуда. Экологтар дабыл қаққанына ешкім көңіл бөлмейді, өндірісті экологиялық тұрғыдан модернизация жасау жағы көңіл көншітпейді.
Мысал үшін,1970-ші жылдарда еліміздің кең даласында 1,2 миллион бастан асатын киіктер болған екен. Жөн-жосықсыз құртудың нәтижесінде қазіргі кезде елімізде 100 мыңға жетер жетпес қана киіктер қалыпты. Нашар экология бар, аспаннан жауып тұрған гептиль деген у бар, мұнайға ілесіп шыққан улы ілеспе газ бар, қытайға асырып жатырған киіктердің мүйізіне деген үлкен сұраныс бар ..., осылардың барлығы жиналып келгенде киіктердің санын күрт азайтты.
Теңіз. Бұл кенорнының басқаларға қарағанда өзіндік ерекшеліктері өте көп. Мұнайы өте тереңнен өндіріледі, құрамында «сероводород» деген улы газы бар. Теңіз кенорнының өзіне тән спецификалық технологиялық бағыттағы проблемалары жетерлік. Кенорнын алғаш ашушы, елге белгілі ардагер мұнайшы мамандардың бір тобы БАҚ беттеріне берген әр кездегі сұхбаттарында Теңіз кенішінің қазіргі жағдайына, оның көптеген келеңсіздіктермен, экологиялық талаптарға сай келмейтін технологиялық қателіктермен эксплуатация жасалып жатқанына және алғаш фонтан атқан №37 скважинаның консервациясы көңілден шықпайтынына алаңдаушылық танытуда. 2014 жылға дейін Теңіз кенорнындағы үйілген тау-тау күкірттер ауаны бүлдіріп, ластап келді. Кенорнындағы ауамен демалу қиын.
Қашаған. Каспий теңізіндегі жасанды (қолдан жасалған) аралдарда орналасқан мұнай кенорны. Өте тереңнен шығатын, құрамында өте қауіпті «сероводород» газы көп мұнай кеніші. Құрғақ жердегі мұнай кенорындарын экологиялық талаптарға сай игере алмай отырып, теңіздің ішіндегі осыншама қауіпті газы бар, өзіндік өндіру құны аса қымбатқа түсетін мұнайды алуға бізді кім итермелегенін түсінбеймін. Дәл осы Қашағансыз да біздің елдің мұнай байлығы жеткілікті еді ғой.
Каспий теңізіндегі мұнай кеніштерін бұрғылау кезіндегі жіберілген әртүрлі қателіктерден (бұл жағдайды еш мекеме әлі ресми мойындаған емес) теңіздегі итбалықтар (кейбір есептер бойынша жүз мыңнан асатын итбалықтардың он мыңға жуығы қалған сияқты теңізімізде, олардың бұлай қырылуын олар қорек қылатын балықтардың тым азайып кетуінен және климаттың тез өзгеріп, өте жылы болғандықтан теңізде мұз қатпай, туылған «күшіктердің» кіндіктері ашық қалуында, мұзға кіндігін қатыра алмағандығынан әртүрлі инфекциялар кіріп ауру болуда ... деген сияқты дәлелдермен жапқысы келеді, тек теңіздегі қазылып жатырған ұңғыларға шаң тигізбеудің амалы), аққулар, әртүрлі басқа да жан иелері әлсін әлі көптеп қырылып жатырғаны шындық қой. Каспий теңізін бағзы заманнан бері бүлдіріп, теңіздің ішінен мұнай өндіріп жатқан Әзербайжандықтардан неге сабақ алмаймыз? Бакудың маңындағы теңіз жағалауының экологиясы адам шошырлықтай, теңіз беті кілкіген мұнай қалдықтары мен мұнай қоқыстары.
Менің қатты қауіптенетінім, Мексика шығанағындағы 2010 жылғы болғандағыдай жағдай біздің Каспий теңізінде(оның жолы әрмен) бола қалса, онда қазақтың соры бес елі болып арылмас бәлеге қалды дей бер. Каспийді жағалай отырған төрт мемлекет қазақ еліне өмірі өтей алмайтындай айып салып жеп қоятын шығар. Ол авария мұхитта болса, мынау оған қарағанда көлемі шағын теңіз ғой, теңіздегі барлық тіршілік иелері түгелдей жойылатын шығар.
Онда Арал теңізінің проблемасы ойыншық болып қалады, себебі ол қазақ елінің өз ішінде болғандықтан да көпке дейін білінбеді, ал мынау айнала теңізді жағалай орналасқан бізден басқа төрт елдің пайда көріп отырған ырысы ғой. Ойлауға да қорқамын. Әлдеқандай келеңсіздіктер орын алып Каспий теңізіне зиян келтірер болсақ, нағыз экологиялық катастрофа сонда болары айдан анық. Кенорнын бастап іске қосқан бойда-ақ келеңсіздіктер басталды, бірнеше айға созылған жөндеу, жіберілген қателіктерді жою жұмыстары орын алды. Еліміздің өміріне тереңдеп енген жемқорлық, коррупция, алаяқтық, ештеңені ойламастан ыңғайы келген жерден оңай пайда табу сияқтылар тап сол Қашаған кенорнында жоқ дегенге мен сене алмаймын. Жоба бойынша қарастырылған жоғары сапалы, қымбат бағалы материалдың орнына, оның түбі қандай апатқа әкеліп соғатынына мән бермей, арзан, сапасы нашар материалды салып кету арқылы пайда табу ол жерде жоқ деп кім сендіре алады?
Қашаған кенорнын игеруді біз дәл осы заманда бекер бастадық, еліміздің жағдайы түзелгенше, еліміздің экономикасын тұралатқан алаяқтық пен жемқорлық ақи-тақи жойылғанша, осыншама қауіпті, өзіндік ерекшеліктері бастан асатын кенорнын игеруге жарайтын мұнай техникасы мен технологиясы әлде де болса дамығанша, елімізге жаны ашитын білімді, білікті жастарымыз көбейгенше ... бастамауымыз керек еді. Бұндай алып, өзіндік ерекшеліктері бастан асатын «уникальный» кенорнын келешек ұрпақтың үлесіне қалдыру, кем дегенде 20-25 жылдан соң игеру, дұрысырақ болар еді. Өз басым Қашағанды тап осы заманда игеріп жатқанына түбегейлі қарсымын. Елдегі қазіргі жағдайға байланысты қорқынышым көп, сенімім аз.
Мен жоғарыда тек ең ірі – ірі дегендерін ғана жазып отырмын. Күнделікті өмірдегі мұнай өндірісінің басшыларының салақтығынан болып жататын көл болып мұнайдың далаға төгіліп жатқандарынан экологияға келетін зиянды айтпаймын. Оның бер жағында Атырау, Маңғыстау облыстарында Каспий теңізі суының астында қалған, жағалауға жақын жердегі, қаншама мұнай скважиналары теңізді бүлдіріп жатырғанын айтып экологтар жыл сайын дабыл қағады.
Қағаз сапырғаннан басқа қолынан түк келмейтін мамандар көп
- Ал, бұл саладағы ең күрделі мәселелер қандай? Жалпы, қазір жастардың көбі мұнай компанияларында жұмыс істегісі келеді. Алайда «біліктілік», «тәжірибе» деген ұғымдар бар. Соңғы жылдары батыстағы мұнай кен орынбарында шетелдік жұмысшылар көбейіп кетті. Өз елімізде мамандар жоқ па?
- Еліміздегі мұнай саласының ең өзекті проблемаларының бірі де бірегейі, жас мамандар дайындау және оларды кәсіби біліктілігіне байланысты жылдар өте, жинақтаған тәжірибесіне, біліміне сай сатылап дәрежесін өсіру мәселесі. Ешкімге жасырын емес, елімізде жаңбырдан кейін қаптап шығатын саңырауқұлақтардай шеті шегі жоқ колледждер, институттар, университеттер, академиялар баршылық. Солардың барлығы бірдей сапалы, білімді маман дайындап жатыр деп айтуға аузым бармайды. Бұл жерде мен мұнай саласына мамандар дайындау жайын сөз етіп отырғандықтан, басқа салалар жағын қозғамаймын. Мәселенің тіпті ушығып кеткенін көрсететін мына жағдайды айтсам да қандай деңгейге дейін төмен кеткенімізді(ниже плинтуса) байқау қиын болмас. Кейбір мұнай өндіретін компаниялар БАҚ беттеріне мамандар іздеп жұмысқа шақыру жайында хабарландыру бергенде, «Осындай институттың дипломы бар мамандар қажет емес, резюмелеріңді жібермесеңдер де болады» деп атап көрсетуге дейін барады. Бұдан артық сорақылық, институт үшін масқаралық болар ма?! Бірақ ондай масқаралыққа қарап жатқан институттар жоқ, студенттерден ақшаларын жинап алып, топырлатып «дипломды» мамандарды шығаруда. Осындай қарайған миллиондар шығарып «оқыған дипломы» бар мамандар жұмыссыздар қатарын толтыруда. Бұған не деуге болады?! Дипломды жастардың барлығына күйе жағудан аулақпын, бірақ осындай келеңсіздіктер қазіргі өміріміздің бір көрінісі екені де жасырын емес. Қазіргі кезде мұнай саласын (басқа да салаларда да ғой) ілгері сүйреп келе жатырған негізінен КСРО кезінде білім алып қалған мамандар, олар өз білімдерін тәжірибемен ұштастырып, біліктіліктерін ондаған жылдар бойы арттырып, елге танытып үлгергендер. Ал дұрыс білім алған, жеткілікті тәжірибе жинақтаған жастарды қазіргі заманда жоғары басшылыққа көп жібере қоймай тұр. Себебі, жоғары жақта бос орын жоқ. Жоғары жақтағы жайлы орындардың барлығында билікке жақын Бәленшекеңдер мен Түгеншекеңдердің мұнайдың иісі мұрнына да бармайтын, мұнайды түсінде де ұстап көрмеген, кейбіреулері шетелде оқып келген, бірнеше тіл білетін, бірнеше дипломдары да, ғылыми атақтары да бар тума-туыстары жайланып орналасқан. «Раздутый штат», көпшілігі балласт, пайдалы ісі жоқ, тек орасан зор шығын (үлкен жалақы, жеке жұмыс көлігі, қымбат жиһаздарымен жабдықталған жайлы кабинет, қымбат оргтехника ...) келтіретін «мамандар». Бұлардың қолынан қағаз сапырғаннан басқа түк келмейді, орнын қолынан іс келетін жастарға босатпайды. Мұнай саласының жоғарғы орындарындағы осындай «балласт» мамандардың 50-60% қысқартып жіберіп, тазартып алуға әбден болады, одан еліміздің мұнай-газ өндіру саласы ақсамайды. Сонда ғана мұнай саласының иығынан ауыр жүк түсіп, паразиттерден арылып біраз жеңілдеп қалатыны сөзсіз және бұл қысқартудан ұтпасақ ұтылмайтынымыз да айдан анық. Еліміздің мұнай саласын тазалаудан қалған 40-50% қолынан іс келетін дұрыс білікті мамандар саланы еш қиындықсыз жеңіл басқарып, алға сүйреп кетер еді. Саланы білімді, білікті, өз ісінің мамандары басқарғанда ғана жастарға жол ашылары анық. Ал қазіргі кезде бәрі керісінше. Осы жерде айта кететін тағы бір жайт, бесіктен белі шықпаған жастарды шетелге жіберіп оқыту жағы. Мені дұрыс түсінерсіздер, жастардың жағдайы көтерсе, білім деңгейі жетіп тұрса оқи берсін. Ал еліміздегі жоғарғы оқу орнын бітіре салып, тамыр-таныстық арқылы шетелге барып(біздің ақшамызға) тағы да біліктілігін жетілдіру үшін оқуға жіберуді дұрыс емес деп ойлаймын. Дұрысында, жоғарғы білім алып алғаннан соң бірнеше жыл бойы өндірісте жұмыс жасап, мұнай өндірісінің қыр-сырына қанығып алып, тәжірибе жинақтап барып шетелге біліктілігін жетілдіру үшін оқуға барған жақсы. Сонда ғана салыстырмалы түрде шетелдегі жағдай мен біздің елдегі өндірісті байқап қарап, ой түюге болар еді. Әйтпесе, өндірісті көрмеген, түк тәжірибесі жоқ жастың қандай ой түюі мүмкін екенін түсінбеймін. Біздің елдің мұнай саласының мамандары шетелдіктерден кем емес, тіпті көпшілік жағдайда олардан артық та. Бұл мәселені өз тәжірибемнен жақсы білемін. Біздің елде елі үшін, жері үшін барын салатын патриот, білімі мен біліктілігі жағынан шетелдік мамандарды шаң қаптырып кететін МАМАНДАР жеткілікті, өсіп келе жатқан жастар да баршылық. Әттең, әттең, сол мамандарға біздің елде қолдау жоқ, керемет идеяларына жол ашып, жүзеге асыруына көмек жоқ, мамандығына сай дәрежесін жоғарылатып басшылыққа тағайындау жоқ. Жоғарыда отырған мұрындарына мұнайдың исі де бармайтын «балласттар» жол бермейді, идеяларды тұншықтырады... Басқаларын айтпағанда, бұл айтқанымның көзге көрініп тұрған дәлелі, бірдей дәрежедегі, бірдей жұмысты атқаратын отандық мамандар мен шетелдік мамандардың айына алатын еңбекақыларының бірнеше есе болатын айырмашылығын келтірсем де болар. Түкке тұрмайтын жұмыс үшін, жердің түбі америкадан бір жұмысшы біздің елге келеді де, жол шығынынан, басқа да әртүрлі тұрмыстық шығындардан басқа, қарайған жалақы алып кетеді еліне. Дәл сол жұмыс үшін аса көп білімнің де, біліктіліктің де қажеті жоқ. Бір ғана мысал келтіре кетейін, осыдан да мәселенің қандай екенін анық көруге болады. Ай сайын Теңіз кенорнына сонау Мексикадан, екі күн ұшып, бір индус келеді. Соншама алыстан келгенде жасайтын жұмысы, қыс кезінде машиналардың моторларын жылыту үшін «тепловая пушканы» (калорифер) уақытымен қосу ғана. Жалақысы біздің түсімізге де кірмейтін цифр. Инженерлерін, басқа мамандарын сөз етпегенде де, тек жай ғана, өзіміздің ауылдың кез келген арнайы оқу оқымаған қара баласының қолынан осы жұмыс келмей ме, келеді ғой. Шетелдің қарапайым қара жұмысшысының да біздің елден тапқан әрбір тиыны өз елінің қазынасына құйылатыны түсінікті емес пе. Бұндай мысалдарды көптеп келтіруге болар еді, кез келген шетелдік компанияны жақсылап мониторинг жасаса бұдан да сорақылары шыға берері сөзсіз. Шетелдік компаниялардың басшылары біздің елдегі жағдайды өте жақсы зерттеп, зерделеген, сондықтан да өз білгендерін жасайды, ол үшін еш қысылмауға болатынын жақсы біледі. Шетелдік компаниялар тек кадр мәселесінде емес, экология, тағы да басқа мәселелер жөнінен өздерін біздің елде өте еркін ұстайды, дегендерін істеуге болатынын жақсы біледі. Біздің елдің мұнай саласына қатысты әртүрлі инвестициялар (құрылыс, қызмет көрсету, өндіру) салған шетелдіктер (америкалықтар, европалықтар, арабтар, түріктер, қытайлар, үндістер) осылайша өз еліндегі квалификациясы жоқ мамандарды да біздің елдегі жұмысқа тартып, салған қаржысын өз еліне шығарып алуда. Осындай дискриминацияға не деуге боларын да білмеймін. Бізден басқа барлық елдер өз халқын қорғайды, шетелдіктерден жоғары қояды, тек бізде ғана өз халқын(барлық байлықтың иесін) арзан жұмыс күші ретінде шетелдіктерге жұмыс жасатқызудың еш сөкеттігі жоқ.
Егемендік алған алғашқы жылдары атақты Теңіз мұнай кенорны ашылуына байланысты Атырауда үлкен салтанатты жиналыс болды. Сол жиналыста шетелдіктер де, өз еліміздің басшылары да биік трибунадан сөйлеген сөздерінде, осы күннен бастап оншақты жылда Атырау өңірі адам сенгісіз, адам танымайтындай өзгерістерге ұшырайды, мынандай керемет, әлемде теңдесі жоқ байлығы бар кенорны бұл өңірді құлпыртып жібереді дегенін мен теледидардан аузымды ашып тыңдағанмын. Осыншама байлық тек Атырау өңірін емес, бүкіл тәуелсіз елімізді жарылқауға молынан жетеді дегенді республикалық газеттер жарыса жазып жатты. Сол кездерде мен жұмыс бабына байланысты Теңіз кенорнына жиі барып тұрғандықтан, ол жерде жүріп жатқан адам сенгісіз үлкен жұмыстарды көзіммен көргендіктен, сөйлеген шешендерге де, газеттердің жазғандарына да имандай сендім. Қуандым, мақтандым. Бірақ... Бәрі де бос сөз екенін көп ұзамай көрдім, куә болдым. Содан бері ештеңе өзгерген жоқ. Атырау өңірі баяғы сол таз қалпында қалды. Өзін сыйлайтын ел, мемлекет өзінің тарихына құрметпен қарауы керек. Мысалы, Атырау өңірін түгелдей құлпыртып жіберуге шамасы жетпесе де, ең болмағанда қазақ елінің мұнай индустриясының бастауында тұрған Доссор кентін тарихи орын есебінде жаңғыртып, жаңалап, сол маңдағы көптеген Доссормен қатар ашылған, соғыстың алдында, соғыс жылдары ашылған, мұнай өндірген, қазіргі кезде мұнайы таусылғасын жабылып қалған ауылдардың орындарына ескерткіштер орнатып, тарихын жазып, ұрпаққа өнеге қылуға болмай ма? Жоқ, бұндай жұмыстардың біреуі де істелмеді. Доссор сол баяғы күйінде, тек сырты боялған революциядан бұрын салынған, соғыс кезінде тұрғызылған ескі үйлердің жиынтығы ғана. Қазақ елінің мұнай саласының марқасқаларын тәрбиелеп шығарған ҰСТАХАНА, әлі де болса қойнауындағы мұнайын беріп тұрған ауылдың күйі, айналасын тұзды сорлар қоршаған шағын ауылдың күйі адам аяғандай. Әлемде теңдесі жоқ бай кенорны бар өңірде адам танымастай өзгерістер болмады, тарихқа құрметпен қарау да болмады. Өзім сол өңірден болғандықтан, мынандай келеңсіздіктерді көру, Теңіз кенорны ашылғанда естіген ертегіге сәби сияқты сеніп қалған мен үшін бұларды көру ауыр. Тарихын құрметтемеген мемлекеттен не күтуге болады?! Ештеңе де! 2016 жылы ауылдастарым туған аулымызды мәңгілік есте қалдыру мақсатында идея көтеріп, ауылдастар болып жиналып Сағыз мұнай кәсіпшілігінің орнына ескерткіш орнаттық, қысқаша тарихын жазып ұрпаққа қалдырдық. Бұл ісіміз тап осындай жағдайға тап болған көптеген ескі кәсіпшіліктердің азаматтарына үлгі болып, Қошқар, Комсомольск, Қаратон, Мұнайлы, Ескене, Байшонас сияқты ауылдардың да орындарына халық өзі ескерткіштер орнатты. Үкіметтен де, мемлекеттен де қайыр болмасын халық сезді, қолынан келгенінше артына із қалдырды.
Қашағанды келер ұрпаққа мұра қылып қалдырғанымыз жөн
- Өзіңіз айтпақшы, мұнай қоры үлкен елдердің біріміз. Қазіргі уақытта да өндіріліп жатқан мұнай көлемі аз емес. Соның өзімен-ақ халықтың бар тесігін жамауға болар еді. Алайда, жыл сайын мұнай өндіру көлемін арттыру мәселелері көтеріледі. Бұл туралы не айтасыз?
- Соңғы кездері еліміздегі мұнай қоры таусылады, ары кеткенде 50 жылға жетуі мүмкін, сондықтан экономиканы шикі мұнайға тәуелділіктен құтқару керек деген әңгімелер жиі айтылуда. Басқа қандай жолдар бар деген де сұрақтар төңірегінде сөзталастар, әртүрлі пікірлер айтылуда. Көптеген әртүрлі жауаптар да бар. Қазір жер қойнауындағы барлық қазба байлықтарды, ішінде мұнай мен газ да бар, сарқып алғаннан соң, келер ұрпаққа не қалады деген де мәселе күн тәртібінде тұрғаны шындық. Осы мәселелер жөніде өз ойымды айтайын. Менің бұл жазғандарыма ешкім көңіл бөле қоймасы анық, себебі орындалуы өте қиын шаруалар (олигархтар үшін). Еліміздің бірінші президенті де жыл сайын шикізатқа тәуелділіктен арылу қажет, өндірілген шикізатты өңдеу жолына түсу керек деп айтады да жатады, бірақ оған құлақ асатын адам болмайды. Президентті тыңдамағандар... Бірақ елге пайдасы тиер деген оймен жазуды дұрыс көрдім.
Біздің елге осыншама мұнай өндіру (жылына 70-80 млн тонна, ары қарай 150 млн тоннаға дейін жеткізу) қаншалықты қажет? Елге, бұқара халыққа пайдасы шамалы, тек мұнайды жеке дара иеленіп отырған шағын топ олигархтардың жеке байлығын арттыра түсу үшін бе? Және де Қашаған сияқты өте қауіпті аймақтың мұнайын өндіруге ұмтылу, басымызды қатерге тігу дұрыс па? Меніңше, Қашағанды тоқтату керек (орындалмайтын ұсыныс қой), жоғарыда жазғанымдай келер ұрпаққа мұра қылып қалдырғанымыз жөн. Еліміз бойынша өндіретін мұнайдың көлемін жылына 50 млн тоннаға дейін шектеу керек. Осы көлемдегі мұнайды жеріне жеткізе өңдеп, сапалы өңделген мұнай өнімдерін ішкі, сыртқы нарыққа шығарудан түсетін пайда қазіргі кездегі 70-80 млн тонна шикі мұнайды сатқаннан да артығырақ болары сөзсіз. Ол үшін қазіргі кездегі үш түйір мұнай өңдеу заводтарының қатарын көбейту керек, мұнай өндіретін әр облыста бір-бір МӨЗ(мұнай өңдеу заводы) салу керек. Және Теңіз, Қарашығанақ кенорындарын экологиялық талапқа сай өндіріске айналдырумен шұғылдануды күн тәртібінен түсірмей, қысқа мерзімде орындап шығу керек. Құрғақ жердегі мұнай өндіру алаңдарындағы экологиялық жағдайды да қатаң бақылауға алған дұрыс. Жылына өндірілетін мұнайдың көлемін шектегеннен соң, жанталаса мұнай өндіру көлемін арттыру болмайды, негізгі мақсат мұнай өндірісін экологиялық талаптарға сай жасақтау болатын болады. Және де, өзім геолог-барлаушы бола тұра, жаңадан мұнай-газ кенорындарын іздестіру, барлау жұмыстарына мораторий жариялаған дұрыс. Соңғы жылдарда онсыз да, мен айтпасам да, геологиялық барлау жұмыстары жүргізілмейді, өте қымбатқа түсетін болғандықтан олигархтар геологиялық барлауға қаржы шығармайды. КСРО кезінде геологиялық барлауға мақсатты түрде өндірілген мұнайдан түскен пайданың 8% жұмсалатын да, ұзақ жылдар бойы үздіксіз жүргізілген іздестіру жұмыстары нәтижелі болатын еді. Өзіміз көріп отырғандай, геолог-барлаушылардың жанқиярлық еңбегімен табылған мұнай-газ кенорындары пышақ үстінен сатылып кетіп жатыр ғой, сондықтан кенорындарын іздестіруді, барлауды кейінгі ұрпақтың үлесіне қалдырған жөн. Біздің елде геология министрлігі бірнеше рет жабылып, әлденеше рет қайтадан ашылды. Соңғы рет ашылғанда «Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі» деген атау иеленді. Яғни, министрліктің жұмысының басым бағыты экология деген сөз, геология екінші орында, меніңше, қазіргі елдегі жағдайға байланысты бұл өте дұрыс.
Сонымен бірге шикі мұнайға негізделген экономиканы диверсификациялау параллельді түрде жүзеге аса беруі керек. Шикі мұнайға тәуелділіктен құтқаратын бірден бір жол, елімізде ауыл шаруашылығын дамыту, қазіргі кездегі құрылыс саласындағы қарқынды жұмыстарды бәсеңдетіп алмау, туризмді, сапалы жол салуды дамыту. Негізгі күшті, мұнай өнімдерінен түскен пайданы осы салаға молынан тарту арқылы, ауыл шаруашылығын дамытуға жұмылдыру. Ауыл шаруашылығы экономикамызды шикі мұнайдан тәуелділіктен құтқаратын негізгі сала болуы керек. Бұл жерде американы ашудың, немесе велосипед ойлап табудың қажеті жоқ. КСРО кезінде біздің республика 70 жыл бойы аграрлы-индустриалды экономикасы бар республика болды. Жылына миллиондаған пұт бидай жинап, бүкіл кеңес үкіметінің халқын астықпен, малымыздың саны 50 миллионға жақындап, етпен қамтамасыз етіп тұрғанымызды ұмытпайық. Мысал үшін, баяғы Тоқтамыс ханның заманында біздің елдің аумағында 20 миллионға жуық жылқы болған, ал 1916 жылғы санақ бойынша малдың саны 40 миллион болған. Демек, ауыл шаруашылығымен шұғылдану біздің қанымызда бар қасиет қой. Бірақ бір ескерте кететін жайт, мал шаруашылығын дамытқанда шетелден қымбат бағаға етті, сутті деген асыл тұқымды малдарды әкелмеу керек. Бағзы заманнан бері халқымыз әр өңірде өсірген, ондаған жылдар бойы жерсіндірген, ыңғайын жақсы білетін мал тұқымдарын өсіруді, көбейтуді жолға қою керек. Бұл жұмыстарды ұйымдастыру үшін халыққа мұнайдан түскен қаржыдан 2-3%-дық несие беру керек, мал жайылымы, егін шаруашылығы үшін пайдаланатын жер беру керек. Сатылып кеткен жерлерді мемлекетке қайтару керек. Ауылды жандандыру осы бағыттағы басты мәселе болатыны сөзсіз. Қазіргі кезде тұралап қалған машина, самолет, компьютер, телевизор ... жасау сияқты өндірістерге арналған қаражатты, олигархтардың шикі мұнайдан түскен ақшаға жүздеген миллион долларға сатып алып, айына миллиондап ақы төлеп отырған футболист, хоккейшілеріне кететін қаржыны ауыл шаруашылығына жұмсау керек. Барлығын тәптіштеп айта бермейін, негізгі ойым түсінікті ғой. Ауыл шаруашылығы дамыту ғана шикі мұнай тәуелділігінен алып шығады, ол сала қазба байлық сияқты таусылып қалмайды, керісінше жыл өткен сайын көбейе түседі. Сонда ғана халық тоқ болады, жұмыссыздық та жойылады, шетелдіктерге арзан жұмыс күші болып қызмет жасап өз жерімізде, өз елімізде қор болмаймыз. Бірақ ауыл шаруашылығы саласы мұнай саласы сияқты бірден пайда бере қоймайды, кем дегенде 5-10 жыл жүйелі түрде жұмыс жасауды талап етеді, бірақ күткен еңбегің еселеп ақталатыны айдан анық. Мені дұрыс түсінерсіздер, мен баяғы замандағыдай малшы болып кері кетуді ұсынып отырған жоқпын. Ғылым, білім қатар дами беретіні сөзсіз, жас ұрпақ өз таңдауын жасай алады. Менің айтып отырғаным қазаққа Алла Тағаланың өзі нәсіп еткен ата кәсібімізді дамыту арқылы тығырықтан шыға аламыз. Экономикамызды осылайша диверсификацияласақ, мұнай өндіру қазіргі кездегідей жанталаса жер қойнауының барлық қан-сөлін сығып алуды мақсат етпейді, бір ырғақпен, табиғат ананы бүлдірмей, жер қойнауына зорлық жасамай, барлық технологиялық регламенттерді сақтай отырып жүретін болады да, ауыл шаруашылығы негізгі бағыт болып мұнайдың көмегімен дамиды. Бірте-бірте ауыл шаруашылығы еліміздің экономикасының локомотивіне де айналуы ғажап емес. Ауыл шаруашылығы өнімдерін жан-жақты өңдейтін, нарыққа шығаратын, қазіргі кезде біздің елде құрып кеткен, жеңіл өнеркәсіп саласы қатар дамитын болады да, қытайдың, қырғыздың, европаның киімдеріне, сапасы сын көтермейтін тағамдарына, басқа да дүниелеріне тәуелділік жойылар еді. Елімізде соңғы кезде біршама жақсы дамып келе жатқан құрылыс саласы, жол салу жұмыстары одан әрі дами түсер еді. Қазақтың жаны болып есептелетін ауылдар көбейіп, гүлденіп, дамып жүре берер еді, тоқшылық заман орнар еді. Осы жылдың басында аузы дуалы әлемдік деңгейдегі бір сараптамашы: «Әлем жүз жылдан бері болмаған ірі дағдарыстарға тіреледі, мұнай бағасы құлдырайды, оның соңы аты жаман індетке соғады(ұзақ мерзімді карантинге), оның соңы «продовольственный кризиске» ұласады»,-деген болатын. Айта беруге болар еді, бірақ осыдан да біраз нәрсені ұғуға болатын болар деп бұл ойымды аяқтаймын. Мұнайға бай араб елдерінің көпшілігі қазіргі кезде экономикасын мұнайдан басқа салаға бұрып үлгерді, олар үшін қазір мұнай басты табыс көзі болудан қалды. Біздер де солардан үлгі алуымыз керек.
Қазақта: «Бір жол бар, жақын, жақын болса да алыс, ал бір жол бар, алыс, алыс болса да жақын» деген ақылды сөз бар. Біздер тәуелсіздік алысымен «...жақын, жақын да болса алыс...» деген жолды таңдадық. Халықтың жағдайын екінші, үшінші орындарға ысырып тастап, қалай болғанда да әлемді таң қалдыруға, елдің алдына шығуға ... ұмтылдық, барлық байлықты дұрыс пайдаланбай, осы бағыттың жолында шашудай-ақ шаштық. Елдің алдына шығамыз деп жүріп әлемге күлкі болдық... Дұрысында «... алыс та болса жақын ...» жолды таңдауымыз керек еді. Сонда ғана шаруа адамының әдетімен асықпай шаруамызды күйттеп, байлығымызды ұқыпты пайдаланып, елдің алдына шығамыз, әлемді таң қалдырамыз деп тыраштанбай, халқымызды күйлі-қуатты, бай-бақуатты қылып жұртқа үлгі болар едік. Ал қазір жұртқа күлкі болудамыз. Байлығымызға қол сұқпайтын әлемдік те, өзіміздің де алаяқтар жоқ.
Мұнай төңірегіндегі мәселелерді елдегі жалпы жағдаймен байланыстыра жаза отырып оқырмандарға ой тастағым келді. Осылайша жалғаса берсе біз артымыздан келетін ұрпаққа не қалдырамыз? Қойнауындағы бар байлығын талан-таражға салып, ұстағанның қолында, тістегеннің тісінде, кім көрінгеннің қалтасында жіберіп, әбден құрып біткен жер қойнауы, табиғаты бүлінген, жер бетіндегі жүгірген аң мен ұшқан құстан, судағы балықтар мен итбалықтардан жұрдай болған, таза ауасы жоқ, халқы шетелдіктерге тәуелді, соларға арзан жұмыс күші болып қызмет ететін елді, жерді қалдырамыз ба? Әлде, табиғаты жайнаған, экологиясы жақсарған, дархан даласының төрі мыңғырған малға толған, жайқалған егіні мен алма, жүзім бақтары гүлденген, халқы болашағына алаңдамайтын, сеніммен қарайтын бай-бақуатты елді, жерді қалдырамыз ба? Таңдау бізде.
- Рахмет, аға!Сұхбаттасқан: Азамат Тасқараұлы,
«Қазақ үні» ақпарат агенттігінің Бас редакторы
Барлық авторлық құқықтар қорғалған! Мақаланы көшіріп басу үшін редакцияның жазбаша түрдегі рұқсаты қажет.
- Бисенбай Бейсенғалиев
- Бағыт Ботағариев
- мұнай
- Мұқанғалиев Қабдол
- Доссор
- Есберген мен Қадыр Қайырлиевтар
- ақтау
- Қашаған
- Қаби Оразғалиев
- олигарх
- Сабуғалиев Қажымұрат
- Есмағанбетов Досқали
- Құрманқұлов Қойшекен
- Теңіз
- Жұмабаев Мерген
- Жаңаберген Матайбаев
- Кенжеғалиев Сағынғали
- Атағозиев-Бисенғалиевтар
- Долдановтар
- Атшыбаевтар
- Алиев Сүйеу мен Құлжан
- Маңғыстау
- газ
- Жамауов Орынғали мен Қыдырбай