Түркістан облысында демалыс орталығының қызметкерлері ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ қызмет көрсетуден БАС ТАРТТЫ
2020 ж. 05 тамыз
5101
0
Кеше ғана тіл жанашыры, ақын Қазыбек Исаның парақшасынан: «ОРЫСША БІЛМЕСЕҢ ҚАЗАҚСТАНДА НАН СҰРАП ЖЕЙ АЛМАЙСЫҢ» атты видеоны көріп, әттеген-ай деп едім, бүгін менің басымнан да осындай жағдай өтіп, қынжылып отырмын.
Бұл еліміздің солүстігінде немесе шығысында күнделікті болып жатқан, тіпті үрдіске айналған мәселе болса, менің көргенім Шымкенттің түбіндегі Төлеби ауданына қарасты "ASR tau" деп аталатын демалыс кешенінде орнын алды. Үлкендер тұрмақ мына карантиннен балалар да әбден зәрезап болып, үйге сыймай бара жатқан соң, бірнеше немерелеріммен жүргізуші ретінде баруға тура келді. Ойымда жұмыс күні адам аз болар деген үмітпен бір сағат жүріп, демалыс орнына жеттік. Қайдағы! Көлік қарасы көп, адамдар да ығы- жығы, басқа орынның бәрі жабық, бұл жер кәдімгідей жұмыс жасап жатыр.
Ішке енгеннен сақшысы бастап, орысша шүлдірлей жөнелді. Менің қитығым ұстап, бір орыс жоқ қой мұнда, неге қазақша сөйлемейсің дедім. Мені адам құрлы көріп тұрған жоқ, санымызды есептеп, орекеңнің тілінде адам басына үш мың теңгені санап беріңдер деді. Менің білуімше, өткен аптада кіру ақысы екі мың болған. Бұл қалай, елдің бәрі жұмыссыз, әзер күнін көріп отырғанда неге қымбаттасыңдар деп едім, шүлдірлеп, рациямен басшысын шақырды. Лезде етжеңді жас әйел жетіп келді де сөзбен тарпа бас салды. Орысшалап. Қазақша сөйлеуін өтініп едім қазақша білмеймін деді. Шынын айтсам, қаным басыма шапты. Кіру ақысы неге қымбаттағанын түсіндіруін сұрадым. Оны өзіміз білеміз, ұнамаса шығып тұрыңыздар деп әңгімені төтесінен бір ақ қойды! Суретке түсіре бастап едім, сотқа беремін деп қорқытты. Білгеніңді істе деп, мен де қайтпадым. Расын айтқанда, өте ұят тірлік болды...
Карантин талаптарын сақтамай, бар қуатымен жұмыс істеп жатқандарына қарағанда, мұның иесі- жүрегі түкті, дүмі мықты біреу болды ау деген ойда қалдым.
Бұған Төлеби ауданының әкімі не дер екен? Жоқ әлде Мемлекеттік тілге пысқырмайтын, індеттен қорықпайтын, теңгеге құныққандарды қолдап, қуаттап отыра бере ме?
Асқар Мамырбаев, Фейсбук парақшасынан