Қазыбек Иса. Халық қасіретін саудаға салғандар аяусыз жазалануы керек!

Үрей ауруды ауырлатып, үміт күш береді

Кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналардан халыққа үндеу жасады. Кейінгі кезде еліміздегі пандемия күрт өршіп, қайтыс болып кетіп жатқандар саны артып кеткесін 5 шілдеден бастап екі апталық карантин енгізілгені белгілі. -Бұл аса қажетті шешім болды. Жағдайдың тұрақталатыны сөзсіз. Оның алғашқы белгілері де бар. Сондықтан, алдағы екі апта біздің болашақ қадамдарымыз үшін шешуші кезең болмақ. Барлық азаматтарды тағы да карантин ережелерін қатаң сақтауға шақырамын. Індетпен күрестің нәтижелі болуы, ең алдымен, барша жұрттың саналы әрекеті мен жауапкершілігіне байланысты. Бұл – өте қауіпті, батпандап кіріп, мысқалдап шығатын дерт,-деді мемлекет басшысы. Иә, екі апталық карантиннің алғашқы белгілері байқала бастауы көңілге жұбаныш. Істелген істің нәтижесі болса ғана ел үміті оянады. Осыдан үш-төрт күн бұрын "Қазақ үні" ұлттық порталында "Төтенше жағдай - халық қорғаны" атты еліміздегі ауыр жағдайға алаңдаған бір топ зиялының ҚР Президентіне жасаған Үндеуінің де мақсаты - елдегі қауіпті індеттің таралуына тосқауыл қою мақсатынан туындаған еді. Жалпы "еститін мемлекет" болу деген тек Президентке ғана байланысты емес, барлық мемлекеттік органдарға байланысты болуы керек қой. Мысалы, «Ақ жол» партиясы және парламенттегі фракция депутаттары, наурыз айынан бері осы пандемия қаупі мәселелері бойынша жауапты мемлекеттік органдарға 6 (!) үндеу жолдады. Ауруханаларда орындардың тапшылығы және азаматтардың ауыр жағдайына қарамастан ауруханаларға қабылдамайтыны, "жедел жәрдем" қызметінің кемшіліктері мен дәрігерлер, медқызметкерлердің жетіспейтіні туралы айтты. Шенеуніктердің емделушілердің індетпен бірге ілеспе ауруларды сылтауратып, жасырып қалғысы келетіні туралы жазды. Дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігі, олардың алыпсатарлық бағалары туралы көрсетті және тб көптеген фактілер туралы айтты. Осынау қауіп-қатерді еңсеру туралы жиырмаға жуық нақты ұсыныстар жіберді. Бірақ Президентке дейін естіген, ескерген, өз бетінше жауапкершілік алып, шешім қабылдаған ешкім болмады... Президент үндеуінде ұсыныстарымыздың біршамасы қамтылғанын көріп, дәтке қуат алдық. «Әр қазақ менің жалғызым» дегендей, әрбір азаматымыздың қазасы менің жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетуде. Бүгінде қара жамылып отырған азаматардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Сол үшін 13 шілдені ұлттық аза тұту күні деп жариялаймын, – деді президент телеарнадағы үндеуінде. Әлемді жайлаған алапат індет Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесі мен фармацевтиканың жағдайы сын көтермейтін нашар екенін көрсетіп берді. Бұл туралы Қасым-Жомарт Кемелұлы қатаң айтты. -Коронавирустың таралуына байланысты денсаулық сақтау жүйесіне көп ауыртпалық түсуде. Ашығын айту керек, денсаулық сақтау жүйесі індетке тойтарыс беруге дайын болған жоқ. Осы мәселе бойынша біз тергеу жүргіземіз және бұл жағдайдан сабақ аламыз. Әкімдердің жіберген қателіктеріне тиісті баға береміз, -деді. Шындығы да сол, әлеуметтік желілерде толып қалған ауруханалардың "жедел жәрдеммен" жеткен аурулардың өзін қабылдай алмай жатқандарына байланысты наразылықтар толып жүр. Әсіресе, ауруханаларда жансақтау бөлімдерінде жатқандардың өкпесіне ауа жіберетін жасанды өкпе желдеткіштерінің (ИВЛ) жетіспеушілігі көп науқастардың көз жұмуына себеп болуда... "Егемен Қазақстанның" жарты беті, "Қазақ әдебиеті" газетінің екі беті елге танымал зиялылардың қазанамасына толып кетті... Аз уақытта аты белгілі қаншама адам көз жұмып жатса, сонда қарапайым халықтың ішінде не болып жатыр? Бір ауылда бір күнде үш-төрт жаназа болып жатқаны жан шошытады. Бір отбасынан екі-үш адам, тіпті төрт адамға дейін қауіпті тажал тырнағына ілінгендері де кездесуде. Дәріханалар адам ауруын саудаға салып, бағаларын аспандатып жіберді... Бұндай маңызды мәселелерге Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы тоқталып, қатаң шаралар қабылданып жатқанын айтты. -Сол сияқты дәрі-дәрмектің бағасын бірнеше есе өсіріп, қалыптасқан жағдайды өз мақсатына пайдаланғысы келген алыпсатарларды да құқық қорғау органдары менің тапсырмама сәйкес жауапқа тарта бастады. Қазір мемлекеттік органдар елді мекендерді қажетті дәрі дәрмекпен толық қамтамасыз етуде. Осыған орай, тиісті қор жасақталған. Төсек орындары да, медициналық қызмет көрсету ісі де толығымен қамтамасыз етіледі,-деді Иә, еліміздің дәріханаларында бұрын шашылып жататын қарапайым парацетамол мен аспириннің жоғалып кетуін қалай түсінуге болады? Бұл дәрілер ғана емес, барлық дәрілер, бетперделер мен қолғаптар бірнеше есе өсіп кеткен. Бұны қажетті дәрілердің бағасын көтеру үшін қолдан жасалып отырған қасақана қастық әрекет деп танып, қатаң жазалау керек! Мысалы, " СК-Фармация" компаниясы Катар Республикасынан 21 мамырда, яғни 50 күн бұрын келген 9 тонна медициналық гуманитарлық көмекті осы күнге дейін не үшін сақтап отыр? Мұражайға қоймақшы ма немене? Компания басшыларының: "Катар Республикасынан келген гумманитарлық көмектің құжаты жоқ, сондықтан жатыр" дегені қай сасқаны? Қаншама адам медициналық аппараттар мен дәрі-дәрмектер жетіспегендіктен қайтыс болып кетіп жатқанда, Катар елінің өздері тегін беріп жатқан 9 тонна медициналық жабдықтардың құжатын 50 күннен бері ала алмай отыруы не бейшаралық немесе қандай жымысқы әрекет?!. Соғыс кезінде мұндай кесепатты әрекет үшін трибуналда атылады. Ал қазір соғыстан да көп адам шығыны болып жатқан нағыз майдан кезі ғой! Ендеше, кінәлілер қатаң жазалануы керек! Сол секілді жансақтау бөлімдерінде ауыр науқастардың жанын сақтау үшін бәріне баратынын білгендіктен ИВЛ аппараттарын пайдаланудың бір тәулігі 50 мың теңгеге дейін көтеріліп кеткені не деген сұмдық?!. Халық қасіретін саудаға салғандар кім болса да ашық әшкереленіп, аяусыз жазалануы керек! Дәрілер мен ИВЛ секілді өмірді сақтап қалуда маңызды медициналық аппараттардың қолдан жасалған жетіспеушілігінен қайтыс болғандардың обалы осыған кінәлі жемқор қылмыскерлердің мойнында. Елімізде денсаулық қызметкерлерінің жетіспеушілігі де айқын көрінуде. Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша қазір өте қат болып тұрған мамандықтар, 616 анестезиолог-реаниматолог, 158 инфекционист, 60 эпидемиолог, 166 кардиолог, 68 пульмонолог, 84 реабилитолог жетіспейді. Ендеше өзге медициналық мамандық иелерін осы қазір аса қажетті мамандықтарға қайта даярлау жұмысы жүруі тиіс. Медициналық жоғары, арнаулы оқу орындары студенттері мен зейнеткерлерді ынталандыру арқылы жұмысқа тарту керек. "Кемедегінің жаны бір" дегендей, пандемияға қарсы күресте жекеменшік ауруханаларды толық тарту керек. Калмақ елінің Денсаулық сақтау министрі Юрий Кикенов инфекциялық ауруханаға кәдімгі қатадағы дәрігердей 14 күндік ауысымға шықты. "Мен қатерлі жұқпалы ауруханада өзім дәрігерлік міндетімді орындамасам, қалай дәрігерлерді ондай қауіпті жерге жұмсауға моральдық қақым бар?. Әрі мұнда мен жағдаймен жақсы танысамын және болашақта инфекциялық ауруханалар қандай болуы керектігін білетін боламын. Ал бұлар министрдің кабинетінен көрінбейді"-деп жауап берді ол. Міне, нағыз денсаулық министрі! "Дегенмен, мемлекет тарапынан барлық қажетті шаралар қабылдануда. Қабылданған шаралар мен медицина қызметкерлерінің ерлігінің арқасында емделіп шығып жатқан азаматтардың саны едәуір көбейді. Көптеген елдердегі жағдай бізден де қиын,-деген мемлекет басшысы елді сабырлылық сақтауға шақырды. -Бірақ, біздің күресіміз жалғаса береді. Бұл індетті адамзат жуық арада жеңе қоймас. Алайда, уайым мен қайғыға батып, түрлі қауесеттерге сеніп, еңсемізді түсіруге тағы да болмайды. Салмақты, сабырлы болайық! Біздің жұмысымыз – айқын, қоғам алдында ешнәрсені жасырмай, ашық айтамыз. Болашақта да солай болады. Бүкіл күш жігерімізді жинап, індетпен күресе беруіміз керек,-деді президент. Иә, ел ішін індеп бара жатқан тажал індетпен Күрес болғасын оған бәріміз атсалысуымыз керек! Жайпап келе жатқан коронавирус жағадан алып тұрғанда, етектен тартып, жегіқұрттай жеп келе жатқан, қазақтың ұлттық антибрэндіне айналған жемқорлық вирусының жолын кесуіміз керек! Сын сағатта Президенттен бастап, барлық басшылар, ауылдың әрбір жауапты қызметкерлеріне дейін қайыңның қатқан безіндей қатайып, зор жауапкершілік алуы керек! Қамал бұзар қайрат көрсетуіміз керек! Күлтегін толғауындағыдай "Түркі халқы үшін түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым"-дейтін кез келді! Өйткені Қазақ Елінің басына ауыр сынақ төніп тұр. Мың өліп, мың тірілген, Ақтабан шұбырындыда да Қаратаудың басынан көрінген көшті алдағы күнге сенімі сүйреген, ақсүйек ашаршылықтан да ақ үмітінен нәр алып, аман қалған Қазақ мемлекетінің халқы кеше ғана 19 миллионға жетті. Енді мынау қарулы соғыстан бетер қатарымызды сиретіп келе жатқан қарусыз майданда тізгіннен айрылып, тізерлеп қалмау үшін, тізе қосып күресейік халайық! Елді сақтау жолында Ел басшысы - Президентке барлық жауапкершіліктің артылғанындай, барлық билікті де беруіміз керек! Бізді құртатыны - әрқайсымыздың әр жаққа тартып, бөлініп шыға келуіміз. Ал "Бөлінгенді бөрі жейтіні" белгілі. Жақсы күндерден үміт үзбейік, ағайын! Қатерлі індет қауіп төндіріп, екі өкпеден дерт қысса да, үрейге алдырмау керек! Медицина мамандарының айтуынша, үрей ауруды екі есе ауырлатып, үміт пен сенім сауығуға күш береді. "Күніне мың бәлеге жолықсаң да, Сонда да күдер үзбе бір Алладан"-деген ата-бабаларымыз небір қиындықты жеңіп шыққанын білеміз. Бәрі жақсы болады, құдай қаласа! Алла жар болсын Алашқа! Қазыбек ИСА, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі