Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керек - зиялы қауым
2020 ж. 30 маусым
3063
0
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа
АШЫҚ ХАТ
Елбасының "Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы" жарлығына сәйкес Қазақстан үкіметі әліпбиді 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен ауыстыру үшін шаралар жоспарын" бекіткен болатын. Ол жоспар бүгін орындалмай межеленген уақыттан кешеуілдеп тұр. Мәселен дәл осының себебінен 2021 жылы әліппе оқулығы латын графикасымен емес, қайта кирилл әрпімен ескіше шығарылмақ. Оған тек осы Үкімет жанындағы ұлттық комиссия құрған орфографиялық топтың кәсіби білім деңгейінің төмендігі қолбайлау болып тұр:
1) 2018 жылдың 19 ақпанында бекітілген акут нұсқаның ғылыми негізі жоқ, қолдануға жарамсыз екенін біле тұра, жөн білетін ғалымдар мен көкірегі ояу өзге де азаматтардың БАҚ-та, және өздері ұйымдастырған латынға арналған жиындарда айтқанын ескермей, орфографиялық топ менбілемге салып, елді дүрліктіріп латынның осы шикі нұсқасымен диктанттар, сауалнамалар алды. Қазір сол акут нұсқамен жасалған жұмыстар мен үкімет қаржысына шыққан өнімдер босқа қалды. Егер осы орфографиялық топ, өзге ғалымдарды тыңдап, бұл нұсқаның тілдің бірнеше заңдылығын бұзып тұрғандығын жоғары жаққа бірден ескертсе, мұншама уақыт жоғалтпас едік, мұншама ресурс босқа шашылмас еді...
2) Орфографиялық топ мүшелері ғылыми көпшіліктің талқысына салмай, білетін мамандардың айтқандарын елеместен емле ережелерін Үкімет отырысында мақұлдатып, 2019 жылы 18 қаңтарда «Егемен Қазақстан» газетіне жариялап жіберді. Қазір ол емле жобасы да тілдің бірнеше заңын бұзатындықтан жарамсыз құжат болып қалды...
Ең сорақысы дәл осы орфографиялық топ құрамы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter желісіндегі парақшасында «Әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға жуықтады. Бірақ қарпімізде әлі де олқылықтар бар. Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керек. Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұловаға тиісті тапсырма бердім. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр»-дегеннен кейін де тоқтамай, ғылыми көпшілікпен ақылдаспай жеке азаматтардан, ұйымдардан келген ұсыныс нұсқаларын мүлдем елемей, ғылыми негізі жоқ қазақ тілінің емле ережелеріне қайшы келіп, ертең тағы жарамсыз болатын және бір кезекті нұсқаны ұсынбақшы.
Осыған орай, латын қарпіне қатысты істерімізді тіл жүйесін жетік білетін мамандар мен ұстаздар ертең қайта теріске шығармас үшін үкімет бекіткен латынға қатысты шаралар жоспарына кесірі тиіп отырған, кәсіби деңгейі күмәнді орфографиялық топтың жұмысы тексеріліп, көшбасшыларына шара қолданылып, топтың өзінің құрамын қайта жасақтауды сұраймыз.
- Нұржеке Бексұлтан – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі жазушы, қазақ тілінің емлесі бойынша бірнеше мақаланың авторы
- Қалиұлы Байынқол – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор, 10 томдық түсіндірме сөздіктің бас редакторы
- Сәдуақасұлы Жеңіс – Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы, қазақ синтаксисінің белгілі маманы
- Салқынбай Анар – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.
- Жексенғалиев Болат – Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің БҚО филиалының төрағасы, тілші-маман;
- Сабыр Мұрат – Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.
- Сағындықұлы Бекен – Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.
- Хасанов Ғабит – М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарың докторы
- Қапалбек Бижомарт – Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты
- Бахадурова Гүлзира – М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты оқытушысы.
- Исқан Бейбіт– Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің Қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент
- Тұяқбаев Ғабит – Қорқыт ата атындағы ҚМУ қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент
- Зейнуллина Айман – С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің қазақ тілі және журналистика кафедрасының меңгерушісі, профессор, филология ғылымдарының кандидаты;
- .... барлығы 55 маман