"ҚАЗАҚ ҮНІ" ТАҒЫ ДА АЛҒА ШЫҚТЫ!
2020 ж. 28 маусым
1864
0
"Бұл сізге мерекелік сыйлық!"
Ұлттық мүддемізді қолдап, қорғап жүретін "Қазақ үні" сайтына шабуылдар әшейінде аз болмайтын. Ал биыл 9 сәуірде Конституцияда бір ғана тіл болсын деп, Мемлекеттік тіл туралы заңды талап еткен Ұлт зиялыларының "Қазақ үні" сайтындағы Ашық хатына бір айда қол қойғандар саны 121 мыңнан асып кетуі Қазақ тіліне қарсылардың есін екеу, түсін төртеу етті. Сайтымыз шабуылдан көз ашпай күнде ашылмай қалып жатты. Ал Ашық хатымызға (петиция) арандатулар көбейіп, күнде тазалап жаттық. Ол сайттың қайта-қайта ашылмай қалуы рейтингімізге де әсер еткен еді...
Енді міне, соңғы аптада "Қазақ үні" қайта қарқын ала бастады. Соңғы үш күннен бері 9 мыңдай сайт тіркелген Zero.kz рейтинг каталогында 12-ші орынға, алдыңғы қатарға шығып, ал қазақ, орыс тілді газет сайттарынан бірінші орында келеді.
Бұл үшін әрине, алдымен қадірлі оқырман қауымға алғыс айтамыз. "Сайтымыз тағы да алға шығыпты ғой" деп, "Қазақ үні" ұлттық порталы Бас редакторы, қазақтың дарынды ақыны Азамат Тасқараұлына жазып жіберсем: " "Бұл сізге Журналистер күніне мерекелік сыйлық қой, көке!" деп жауап жазып жіберіпті! Рахмет, Азамат бауырым! Өткенде 23 сәуірде қазақ тілі үшін қайрат көрсетіп, күресіп жүрген Оғыз Доған бауырым да "Екі аптада 100 мыңнан асқан Мемлекеттік тілді қолдап, қол қоюшылар атынан туған күніңізбен құттықтаймыз" деп, ютуб арнасынан хабар жасап еді. Алла разы болсын азамат бауырларыма!
Бұл тек маған ғана емес, "Қазақ үні" редакциясына ғана емес, Ұлттық мүддемізді қорғап жүрген барлық оқырмандарымызға мерекелік сыйлық!
"Қазақ үні" бар Қазақ үніне айнала бергей!
Мереке Берекеге жалғасып, Тіліміз төрде, Діліміз өрде асқақтап, Туымыз көкте желбірей берсін!
Қазыбек ИСА,
"Қазақ үні"