Конституцияда мемлекеттік тіл тек қана қазақ тілі болуы керек - Еркін Байдаров
2020 ж. 26 мамыр
3468
0
Ал, орыс тіліне ресми тіл мәртебесін беру ақылдан адасқандық
Карантин кезінде Орталық Азияның қос елі – Қазақстан мен Өзбекстан бір мезетте тілдік мәселедегі түйіткілді қоғамдық ойға қозғау салып, кең деңгейде көтере білді. Иә, құланның қасуына, мылтықтың басуы кезеңін нақ аңғара пайдаланды. Бұл мәселе ежелден қазақ және орыс тілділер арасында үнемі теке-тірестік туғызып келетіні жасырын емес. Меніңше, бұл орайда уақыт басты рөл ойнап тұрған жоқ.
Ең бастысы: бұл дау-дамайдың аяғы неге әкеліп соқтырады? Өз басым әлдебір әлеуметтік дүрбелең туғызады деп еш ойламаймын. Бұл мәселе – қашанда қазақ тілділердің қанын қыздыратын, үнемі өзіне қайыра соқтырып отыратын қоғамдық пікір-талас кеңістігі. Бірақ бір мезетте қазақ қоғамындағы азшылықтағы көпұлттықтың табиғи даму процесін «тасталқан» ететін процеске айналмауы керек.
Асығыс шешім қабылдауға еш болмайды. Өмірдің өзі бәрін өз орнына қояды. Бейбітшілік пен тыныштық бірінші орында тұруы керек. Құмыраны тас-талқан ету оңай, ал оны қайыра қалпына келтіру оңай дүние емес, сондықтан, сәл жарықшақтың өзі-ақ жіберілген қателіктерден сыр шертеді.
Ашық мойындаймын. Өз басым орыс тілін оның бүгінгі иеленіп отырған мәртебесінен айырушылар жағындамын. Бірақ бұл қылығым менің осы тілге һәм осы тілде сөйлейтін орыс тілділерге қарсымын дегенді еш білдірмейді. Де-факто орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі болып қала береді, бұл құқығын одан ешкім тартып алғалы отырған жоқ. Дегенмен, ҚР Конституциясында мемлекеттік тіл тек қана қазақ тілі болуы керек деген берік сенімнен мені ешкім де бас тартқыза алмайды. Бұны мен затым қазақ болған соң ауызға алып отырғаным жоқ, қайта еліміз қоғамының басым көпшілігін құрайтын ұлтымыздың атын иеленіп, осы жолда қазақ жұрты азапты мехнат шегіп, алдыңғы қатарлы ұл-қыздарының қанын судай төккендіктен құқылы екендігін сөз етіп отырмын.
Ал, менің көзқарасымша, орыс тіліне ресми екінші мемлекеттік тіл мәртебесін беру ақылдан адасқындық болып табылады. Мәслен, өз басым «Avaaz қауымдастығы» мүшелерінің «шын мәнісінде қазақ тілінде еліміздің азаматтарының жартысынан астамы ғана сөйлейді» деген уәждауларымен еш келіспеймін. Бұл деректер қайдан алынып отыр?.. Немесе «Барлық саладағы құжат айналымы, техникалық құжатнама, заңнамалық акітілер не тек қана орыс тілінде, не болмаса екі тілде кезектесіп, көбіне орыс тілінен аударма түрінде, қазақ тілінен еш аударылып қолданылмайды» деген ой түйіндеулер қайдан шықты? Мен бұны факті емес, мемлекеттік қызметкерлер тарапынан ҚР «Тіл туралы» Заңын тиісті деңгейде орындамай жасап отырған қаскөй қастандықтары деп атаймын.
ҚР 2020-2025 жылдарға арналған тіл саясатын жүзеге асыруға қатысты мемлекеттік бағдарламаның мазмұндағы ресми мәліметтер бойынша елімізде орын алып жатқан жағдайға көз жіберетін болсақ, мемлекеттік тілде сөйлейтін азаматтардың саны жылдан-жылға артып келеді. Егерде Қазақстанның түркітілдес тұрғындарын алар болсақ: онда өзбектердің – 95,5%, ұйғырлардың – 93,7%, қырғыздардың – 92,7% жуығы қазақ тілінде тұрмыстық деңгейде сөйлей алса, 12% – емін-еркін қолдана алады. Славяндық этностар арасында ауызша қазақ тілін түсінетіндер саны: орыстар – 25%, украиндар – 21,05%, белорустар – 19%, поляктар – 20,9%, сондай-ақ, неміс диаспорасы өкілдері – 24% болып келсе; оқи және жаза білетіндер – 2,9% құрайды.
Алысқа бармай-ақ, 2009 жылғы санақтың нәтижесін еске алатын болсақ, онда еліміздің азаматтарының 74%-ы ауызша қазақ тілін түсінетіндерін, қазақ тілінде еркін оқи алатындар – 64,8%, өз ойын жазып жеткізе алатындар – 62% болды. Ал мынау ең соңғы 2018 жылы жүргізілген әлеуметтік зерттеудің нәтижесі: орыс диаспорасының өкілдерінің – 2,7%, өзге ұлт өкілдерінің – 9,4% қазақ тілін өз ана тілім деп көрсеткен. Демек, қазақ тілінде сөйлеушілердің үлесі тек жергілікті ұлт өкілдері арасында ғана емес, сонымен бірге өзге этностар арасында өсіп келеді. Бұл түйіндеулердің бәрі аспанан алынып отырған жоқ «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының деректері бойынша тұжырымдалып отыр. Онда мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 2017 жылы – 83,1%, ал, 2018 жылы – 85,9% құрайды деп көрсетілген.
Барша һәм ресми, әм жеке зерттеулер орыс тілінің қолданылуына қатысты керісінше құбылысты аңғартса да, неліктен «Қазақстан азаматтарын Үндеудің» авторлары ел өмірінің барша саласындағы қазақ тілінің сұранысқа иелігін жоққа шығаруға тырысады? Оның үстіне екі тарап та істі дабырайтпай, ақылға салып, оңды жолмен шешуге талпыныс жасауға тиіс…
Еркін Байдаров, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану Институтының жетекші ғылыми қызметкері философия ғалымдарының кандидаты