"Бизнес өкілдерінің жанайқайы": Кәсіпкер Президентке хат жазды
2020 ж. 20 мамыр
2444
0
Барлық өркениетті елдерде кәсіпкерлерге көмек көрсетіледі
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев мырзаға
Ішкі істер органдарының ардагері, жеке кәсіпкер Әлімхан Әбжанов Досыбайұлынан
ҰСЫНЫС ХАТ
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Алдымен сізге, бұл Шымкенттегі көптеген шағын және орта бизнес өкілдерінің уәждері мен өтініштері негізінде жазылған хат екенін айтқым келеді. Тіпті, көтеріліп отырған мәселелер Қазақстандағы барлық кәсіпкерлер үшін өзекті әрі оларды алаңдатып отырған жағдай екені анық. Сондықтан бұны қазақстандық шағын және орта бизнес өкілдерінің жанайқайы, үні, көзқарасы деп түсініңіз. Қазақстанда COVID-19 вирусының пайда болуымен инфекциясының таралуын алдын алу және болдырмау шараларыңыз дер кезінде жедел әрі тиімді қабылданды. Осының арқасында бүгінде елімізде короновирус жұқтырғандар саны айтарлықтай көп емес, 6 мыңнан сәл асады. Соңғы уақытта короновирус инфекциясының таралуы саябырсыды. Бұл төтенше жағдайда жасалынған қатаң шараларыңыздың нәтижесі деп білеміз. Десек те төтенше жағдай кезіндегі қатаң шектеулер еліміздегі шағын және орта бизнес үшін ауыр соққы болды әрі кәсіпкерлер үшін көптеген қиындықтар туғызды. Шағын және орта бизнес субъектілерінде жұмыс істейтін азаматтарға мемлекет тарапынан ең төменгі жалақы есебімен 42 500 теңге көмек ұсынылды. Өкініштісі, Сіздің нақты нұсқауларыңызға қарамастан, жұмыссыздарға берілетін бұл әлеуметтік көмектің берілуі кезінде түрлі келеңсіздіктер орын алды. Нақты айтқанда, шағын және орта бизнес субъектілерінде жұмыс істейтін көптеген қызметкер бұл көмектен қағылып, құр алақан қалып отыр. Тіпті олар төтенше жағдайдың алғашқы айында-ақ барлық құжаттарын тапсырып, АЕК төлегеніне қарамастан көмек ала алмады. Екінші айында да дәл осындай жағдай қайталанды. Барлық өркениетті елдерде қандай жағдай болса да кәсіпкерлерге үлкен көмек көрсетіледі. Еуропа елдерін айтпағанда, тіпті Ресей Федерациясында да мемлекет тарапынан шағын және орта бизнес субъектілерінде жұмыс істейтін кәсіп иелері мен ондағы әр қызметкердің жалақысының 80 пайызына (%) дейін көмек берілді. Жұмыс берушілер жұмысшылардың жалақысымен жұмыс орындарын сақтап қалу үшін мемлекеттен осылай қажетті қаржыны алып отыр. Бұл – шағын және орта бизнесті қолдаудың және жұмыссыздықтың өсуіне жол бермейтін тиімді тәсіл. Ал коммуналдық шығындар 100 пайыз (%) мемлекет есебінен төленеді. Сондай-ақ, Қазақстанда кәсіпкерлерге жалақыны жабу үшін жылдық 8 пайызбен (%) несие беру ұсынылып отырса, ал Ресейде осы мақсатта жылдық 0 пайызбен (%) қаражат беріледі. Бұл әрекеттердің барлығы жұмыс орындарды сақтап қалу мақсатында пандемия кезінде жасалып отыр. Сіз пандемияны соғыс деп атағаныңыз мәлім. Осы орайда, еліміздегі жол құрылысы саласында 225 мың азамат жұмыспен қамтылады деп отырсыз. Алайда, бұл шара жұмыссыздықты шеше алмайды. Себебі, бұл адамдардың күзде жұмыссыз қалатынын болжау қиын емес. Ал бұл соғыстағы жеңіліске әкеп соқпай ма? Жалпы, жол құрылысы саласын жұмыспен қамту – уақытша шешім. Бұлай мемлекет банкроттықтың алдында тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің мәселесін шеше алмайды. Үкімет пен кәсіпкерлер дәл қазір бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлесе отырып жұмыс істеу керек деп ойлаймыз. Бүкіл дамыған елдерде мемлекет азаматтардың тұрақты жұмыс орындарын сақтау үшін кәсіпкерлерді қолдауға тырысады. Бұл бағытта біздің елде де дұрыс жұмыс жасауға болады. Мұнай бағасының құлдырап жатқан дәл қазіргі кезде ортайған қазынаны қажетті қаражатпен қамтамасыз етіп отыратын күш – шағын және орта бизнес. Төтенше жағдайдан зардап шеккендерге және әлеуметтік жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да көмекке бірінші болып шағын және орта бизнес өкілдері жұмылады. Үнемі алғы шепте жүретін сол шағын және орта бизнес өкілдеріне дәл қазір қолдау көрсету – әділ әрі қисынды әрекет. Сондықтан біз мемлекеттен келесі қолдауды сұрағымыз келеді: Президенттің жарлығына сәйкес, 2020 жылға шағын және орта бизнес өкілдеріне жылдық 6 пайызбен (%) жеңілдетілген несие үшін 1 трлн. теңге бөлінді. Біз екінші деңгейлі банктермен кездесулер өткіздік, нәтижесінде бұл несиені алуға өтініш берген кәсіп иелері өте аз екеніне көз жеткіздік. Сонымен қатар, несие тарихы жақсы кәсіпкерлер несие ала алады, ал несие алмаған, тарихы жоқ кәсіпкерлер несие алуға өтініш бере алмайды. Осыдан-ақ, бұл 1 трлн. теңгенің жыл соңына дейін кәсіпкерлерге толықтай берілмейтіндігін бәріміз жақсы түсініп отырмыз. Егер бұл қаржының жартысы биылғы жылдың соңына дейін шағын және бизнестің ағымдағы несиелері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін төлеуге жұмсалса, аталмыш қаражаттың игерілуі неғұрлым тиімді болар еді. Карантиннің ұзақ уақыт созылу салдарынан шағын және орта бизнес өкілдерінің кәсіптері тоқырауы мүмкін. Дәл қазір карантин кезінде жұмыс баяу жүріп, қаржы тапшылығы сезіліп отыр. Кәсіпкерлер өз өнімдері мен қызметін жарнамалау үшін жарнамалық және маркетингтік агенттіктердің қызметтеріне жүгінуге мәжбүр болғанымен бизнестен түскен аз кіріспен оның шығынын өтеуге мүмкіндік жоқ. Сондықтан кәсіпкерлердің жұмысы бұрынғы қалыпқа түсіп, өрлеу үшін айналымға қаржы салу қажеті туындап отыр. Егер мемлекет осы жарнама шығындарын субсидияласа, онда бұл шағын және орта бизнестің тез қалпына келуіне көмектеседі. Бұл жағдайда барлық аймақтардағы жұмыс орындарына, бюджет кірістеріне қан жүріп, қоғам бұрынғы ырғағына қайта түсуіне оң әсер етер еді. Жыл соңына дейін шағын және орта бизнес субъектілерінің коммуналдық шығындарының 50 пайызын (%) субсидиялауды сұраймыз. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Рас, қазір бәріне қиын кезең. Осындай қиын сәтте мемлекетке де, қарапайым азаматтарға да көмектесетін негізгі топ – шағын және орта бизнес. Біз сізге өз ұсынысымызды, өз уәжімізді жеткізе алдық деген үміттеміз. Құрметпен, Әлімхан Досыбайұлы Әбжанов