АЙТУҒА ОҢАЙ емес - ҚАЛЫҢ ҚАЗАҒЫҢНЫҢ ҚАБЫРҒАСЫ ҚАЙЫСУДА
2020 ж. 18 мамыр
3453
0
Бүкіл қазақтың бауырындай болып кеткен Бейсен Құранбек бауырымыз да мәңгілік сапарға аттанып кетіпті!..
Келісті келбетінен имандылық пен парасаттылық нұры есіп тұратын есіл бауырым-ай! Алладан бұйрық келген екен, алдыңнан жарылқасын!
Бейсен бауырым ағаға ізеттілігі мен ініге ілтипатынан танбаған зады зиялы жан еді... Халық қамын ойлап, елге болсын деп тұратын мейірім бар еді жүрегінде. Ең бастысы Ұлтшыл еді. Ұлттық мүддені қорғауға келгенде қайсарлығы ол жүргізген, тележурналистика саласындағы жарқын рухани дүниеге айналған "Айтуға оңай", "Қарекет" хабарларында айқын аңғарылып тұратын.
Анау бір жылы құйрықты жұлдыздай жар еткен жасын жырлы ақберен ақындар Есенқұл Жақыпбек пен Әмірхан Балқыбек туралы еске алу хабарын ерекше зейінмен, білікті бейілмен жүргізіп еді. Енді Бейсен Құранбектің өзі туралы да өткен шақпен естеліктер айту басталып кетті... Қасиетті Рамазан айында бақи дүниеге аттанып кеттің! Алдың пейіш, артың кеніш болғай бауырым! Ердің жасы елуіңде айтылар ел сөзі бір жыл қалғанда, мүшел жасыңда өткен шақпен өкінішпен айтылуы жүрек ауыртады... Жалған өмір деген осы! Өзіңді елге танытқан әйгілі хабарларыңның аттарындай, барлық нәрсе "Айтуға оңай", ал "Қарекет" ету қиын екенін білдіріп кеттің... Ал АЙТУҒА ОҢАЙ емес, қиын да өкініштердің боларын өзіңнің өміден өтуіңмен көрсетіп кеттің... Қалың қазағыңның қабырғасы қатты қайысуда!..
Ауруханада аурумен алысып жатқанда да Алашыңды ойлап, қайратыңды жиып, елге сәлем айтып, амандық тілеп жүргеніңді де білеміз.
Бүгін қалың ел қоштасу сөзін жазып отырған жарқын бейне Бейсен бауырым парақшасына ең соңғы рет былтыр 25 шілдеде шығыпты...
"Абайды оқыйық" атты рухани этафетаны қабылдап, елге жолдапты. Ұлы Абайдың елге еңбек ету туралы айтқан ұлағатты сөзін әдемі келтіріпті. Бұл оның экрандағы соңғы бейнесі болуы керек. Оның алдында 1 наурызда "Жазылдым" деп жазба қалдырған екен қайран бауырым...
Экраннан кетсең де, Ел жадынан кетпеген, Өмірден өтсең де, Көңілден кетпейтін Алаштың арда ұлы Бейсен бауырым, бақұл бол!
Күрсінді қазақ, күркіреп аспан көктемде,
Қасиетті айда Алладан бұйрық жеткен бе?-
Өмір дегеннің жалған екенін білесің,
Өлімге қимас өзіңдей ерлер кеткенде!
Иманың серік болсын, бауырым!
Құдай отбасыңа қуат беріп, артыңда қалған ұрпақтарыңа ұзақ ғұмыр берсін!
Қазыбек ИСА,
"Қазақ үні"