ҚАЗАҚ ЕЛІ ҚАЙТСЕК КӨГЕРЕДІ?
2020 ж. 13 мамыр
1908
0
Қасым-Жомарт Тоқаевқа!
Құрметті Президент мырза!
Бір жылдан асты, шамаңыздың келгенінше қазақ мемлекетін дұрыс басқаруға тырысудасыз. «Коронавирус дағдарысы» басталғалы да аянып жатқан жоқсыз. Швеция, Беларусь секілді карантин енгізбеген елдер де бар екендігін ескерсек, жұрт қатарлы біздің де одан шығарымыз хақ. Дағдарыстардың жақсы жағы да бар – ол ерекше (неординарный) шешім қабылдауға мүмкіндік беретіндігі. Соның үлгісі ретінде әдетте Ф.Рузвельттің АҚШ-ты «Ұлы депрессиядан» шығару үшін социализм идеяларын қолданғаны айтылады. Ал, 30 жылда «Кувейттен де бай тұратын» ел болудың орнына, көбі кредитке кіріп кеткен, күні сол «кредитке алатын екі сиырға» қарап қалғандай күй кешіп отырған ұлтымызға соны шешім, шалт қимыл өте-мөте қажет. Сол тұрғыдан келгенде Сіздің әрбір ісіңіз ең бірінші кезекте өз елінде екінші сұрыпты ұлтқа айналған қазақтың рухын көтеруге, сол арқылы оны жұдырықтай жұмылдыруға, елдің халқын қазақтың айналасында ұйыстыруға, дәл сонымен бір мезгілде экономикада түбегейлі өзгеріс жасауға бағытталса екен. Бұны қарапайым қалың қазақтың Сізге деген тілегі де, қояр талабы да, билікке деген соңғы үміті де деуге болады. Соған септігі тиер деген оймен бірнеше ұсыныс жасауға рұқсат етіңіз.
Бірінші. Қазақ тілін шын мәнінде мемлекеттік тілге айналдырыңыз. Ол үшін тіпті ешқандай сөздің қажеті жоқ – алдыңызға келген құжатты қазақша дайындап әкелмесе, үн-түнсіз кейін қайтара беріңіз. Және барлық жиында тек қазақша сөйлеңіз. Қысылмаңыз, ешкім Сізге күлмейді. Бір жылдың ішінде өзіңіз де, бас маманнан бастап бас министрге дейін барлық әкім-қараңыз да, банкир менен соттарыңыз да қазақша мақалдап сөйлейтін болады.
Екінші. Кешірілмес ауыр қылмыс істеген және кәнігі (рецидивист) қылмыскерлерден басқаның бәріне, Арон Атабектен бастап Әкежан Қажыгелдинге дейін жаппай амнистия жариялау. Олар талантын, тәжірибесін, білімі мен қаржысын, қысқасы, бәрін-бәрін Қазақстанның игілігіне жұмсауына мүмкіндік алсын және міндетті түрде диспансерде тексеріліп, ауырғандары үш ай денсаулығының кем-кетігін жөнге келтіріп шықсын.
Үшінші. Арнайы Үндеу жариялап, шетелде жұмыс істеп жүрген ғалымдар, бизнесмендер мен білікті мамандардың бәрін елге шақыру керек. Оларға дәл сол шетелдегідей жағдай жасалынатын болуы тиіс. Кезінде Сталин Англиядағы Петр Капицаны СССР-ге шақырғанда, атақты академик: «Мен барсам лабораторияммен (біздегі институт деңгейінде) баруым керек, бір өзім барғанда не бітірем?» деген соң, Кеңес өкіметі оның лабораториясын да сатып алған. Бұл ретте сондай-ақ 1982 жылы Конституциясына арнайы өзгеріс (50-бап) енгізген қытай тәжірибесінен де үлгі алсақ болады.
Төртінші. Еліміздің аумақтық құрылымы мен олардың атауы өзгертілсін. Енді онда 17 аймақ:1.Жетісу, 2.Өр Алтай, 3.Семей, 4.Баянауыл, 5.Көкшетау, 6.Сары-Арқа, 7.Ұлытау, 8.Солт.Қазақстан, 9.Қостанай, 10.Ақтөбе, 11.Ақ Жайық, 12.Атырау, 13.Маңғыстау, 14.Ақмешіт, 15. Торғай, 16.Түркістан, 17.Тараз аймағы және Астана, Алматы және Шымкент қаласының әкімдігі, барлығы 20 әкімдік құрылсын. Қазақи мәйекті үш аймақпен қатар, 1990-жылдары екі желеу, бір сылтаумен таратылып жіберілген барлық шекаралық аудандар да шұғыл түрде түгел қалпына келтірілсін.
Бұндай игі шара сондағы қалың елдің рухын көтерері сөзсіз! Ал, рухы көтерілген ел, «жауды көрген Саржан менің көз алдымда рухтанып, денесі зорайып бара жатты, оның өзімнен аруағы зор ер екенін мойындамасқа амалым қалмады» деп Ақжолтай Ағыбай батыр еске алғандай, рухы жоғары елді жеңе алар күш жоқ.
Бесінші. Сырттағы 10 млн-ға жуық қандасымыздың жағдай жасасақ ертең келуге дайын 5 миллионын алдағы 5 жылда әкеліп орналастыру – бүгінгі биліктің тікелей міндеті де, өтелмес борышы да! Мен 2005 жылы Ораз Жандосовтан сұхбат алғанымда, ол сол кездің өзінде: «Өмеке, для правительства это не проблема, нужна только политическая воля!» деген болатын...
Бұл жерде тәуелсіздік алған Алжирде қалып кеткен 6 млн.француз азаматын елге әкелу үшін президент Шарль де Голль 1968 жылы арнайы министрлік құрып, 2 жылдың ішінде оларды әкеліп, баспанамен де, жұмыспен де қамтамасыз еткенін айта кету керек. Біз де мәселенің шешуін жеңілдету үшін Ресей және Өзбекстанмен диаспора алмасуымызға әбден болады.
Алтыншы. Әліппе – өркениет дамуының ең негізгі көрсеткішінің бірі! Әлемде бар-жоғы 15 шақты ғана әліппе бар. Ендеше, бұдан 2-3 мың жыл бұрын ата-бабаларымыздың өз жазуы болуы - олардың даму деңгейі қандай биікте болғанының бұлтартпас дәлелі. Сондықтан, ұлттың езілген еңсесін тіктеп, жаншылған рухын көтергіміз, отансүйгіштігін оятып, жас ұрпақты патриотизмге баулығымыз келетіні шын болса - төл жазуымызға, ойма (руна) әліппесіне көшкеніміз жөн. «Өлі разы болмай, тірі байымайды», төл жазуды тірілтсек әруақтар бізге риза болып, әрбір ісімізді қолдап, жебеп отырар еді! Нағыз «Рухани жаңғыру» дегеніміз – осы! Израилдің бүгінгі деңгейге жеткеніне 1948-жылы өлі иврит тіліне қайта жан кіргізгені де себепкер болғаны сөзсіз.
Ойма жазуға қайта оралу негізі 2000-жылдардың басында Білім министрлігі тарапынан қолға алынған да еді. Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Шұбарсу аулындағы Б.Нұрлыбеков ат.мектептің ұстазы Ботакөз Мошқаловада төл әліппеміздің бір ізге түскен жүйесі, қалай оқытудың әдістемесі, шәкірттерінің ғылыми еңбектері де тұр.
Жетінші. «Қазақмыс» секілді жекешелендіріліп кеткен барлық қазба байлық өндіруші өндіріс ошақтарын мемлекет меншігіне қайтарып алу, сонымен қатар мұнай өндіретін қытай компанияларымен және еліміздегі мұнайдың 60 пайызын өндіріп отырған Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарында «Өнімді бөлу туралы келісіміне» (ӨБК) сәйкес бізбен өздері ғана емес, мердігер компаниялары да қосымша құн салығы мен кедендік бажды төлемеу (т.б.) секілді ақылға сыймайтын, нағыз қарақшылық шарттармен жұмыс істеп келе жатқан осы үш компаниямен келісімді қайта жасау қажет. Бұл - қиын шаруа, бірақ, ықылас-ынта болса, адам баласының алмайтын қамалы жоқ. (Ресей «Шеллмен» келісімді қайта жасамай-ақ, заңнамалық және ұйымдастырушылық шараларды іске асырғанының арқасында Сахалиндегі кен орынын өзі қойған шарт бойынша қайтарып алды). Келісімге көнбесе, мемлекет меншігіне қайтару қалады.
Сегізінші. Мемлекет биыл ауылдағы шамамен 1 миллионға жуық қазақ отбасының ішіндегі ең әлеуметтік жағдайы нашар 40 мың отбасының әрқайсысына арнайы мақсатпен 50 саулық қойды (немесе 50 мың отбасыға 40 қойдан) орташа есеппен 50 мың теңгеден сатып алу үшін, барлығы 2 млн.саулыққа 100 млрд.теңге немесе бүгінгі бағаммен 227 млн.доллар бөлсін. Шарт мынау. «Қойшыбай (шартты түрде), 3 жылда мына 50 қойға (егіз туатыны бар, күтімі жақсы қойдың екі жылда үш рет қозылай алатыны бар), кем дегенде 150 бас қосылады. Сен сол кезде мемлекет берген 50 қойға тағы 50 бас қосып, оны сол ауылдағы басқа бір хал-жағдайы төмендеу 2 отбасыға бересің. Ал, 3 жылғы төлдің қалғанының бәрі - 100 бе, одан көп пе - өзіңде қалады. Енді сен маған қарыз емессің!»
50 қойдан алған екі отбасы да өз кезегінде үш жылдан соң тағы екі отбасыға 100 қой беруін қадағалап, іске асырсақ, біздің 2 млн. қойымызға 2029 жылы тағы 28 млн. қой қосылар еді. Шын мәнінде одан көп болатынын көріп отырсыздар. Бұл – жалаң фантазия емес, ақын Есенғали Раушанов осыдан 10 жылдан астам уақыт бұрын Қытайдан көшіп келген Серік есімді жігітке 50 қой сатып әперіп, одан бері әр үш жыл сайын жоғарыдағы нобаймен көбейіп жатқан, сынақтан өткен жоба. Енді тек осыны қолға алатын Үкімет болса деңіз!..
Тоғызыншы. Үкімет құрылымы да төмендегіше өзгертілсе дұрыс болар еді:
1.Мемлекеттік жоспарлау, 2.Сыртқы қарым-қатынас және сауда, 3.Ішкі істер, 4.Ауыр өнеркәсіп. 5.Жеңіл және жергілікті өнеркәсіп, 6. Жоғарғы білім, спорт және туризм. 7.Ауыл, орман және су шаруашылығы, 8.Қорғаныс, 9.Қаржы және салық, 10.Құрылыс, көлік және жол. 11.Ақпараттандыру, руханият пен мәдениет, 12.Көші-қон; 13. Бақыт пен байлық (Денсаулық сақтау, Отбасы және демография, Еңбек және әлеуметтік қамтамасыздандыру комитеті) 14. Ғылым және инновацияны ендіру, 15. Орта және арнайы орта білім, 16. Энергетика, мұнай және газ, 17.Әділет министрлігі, 18. Прокуратура, 19. Ұлттық Қауіпсіздік комитеті, 20. Жоғарғы сот.
Біз 5 ия 10 жыл мерзімге арнап құрылар Жоспарлау министрлігіне 2020-жылғы 1-қарашаға дейін 2021-2025 жылдарға арналған бесжылдық жоспарды дайындап, Парламент қарауына ұсынып, Президент бекітіп, 2021- жылдың 1-қаңтарынан күшіне кіретін етуіміз керек. (Айтпақшы, «келмеске кеткен кеңестің жоспарын несіне еске алып отырсыз?» дейтіндерге: әлем алпауыттары - Трансұлттық корпорациялар - бүгінгі дәрежесіне нақ сол жоспарлы экономиканы жүйелі түрде қолданғандықтан жетіп отыр, 1-жылдық, 5-жылдық жоспарлардың көкесі соларда!) Бесжылдық жоспардың ішіне толық орындалу мерзімі бір жылдан бес жылға дейін нақты көрсетіліп, төмендегі 7 салаға:
1. Жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) ғылым саласына бөлінер үлесін – ауызға алуға ұят 0,12 пайыздан(?!) - 2025 жылы 3 пайызға дейін көтерудің нақты бағдарламасын жасауға;
2. Өзіміздің іс жүзінде ең жоғары деңгейдегі қорғаныс өнеркәсібімізді құру үшін 2022-жылдың 1-қаңтарына дейін қарағандылық ғалым С.Жантасовтың пулемет-пистолетін, зеңбірегі мен танкісін, олардың оқ-снарядын жасап шығаратын зауытты іске қосуға.
3. 2021-жылдың 1-қаңтарына дейін отандық ғылыми-техникалық жаңалықтарды Ғылым министрлігімен бірлесе отырып түгендеп (инвентаризация), 3 венчурлық компания құруға;
4.Ауыл шаруашылық машиналарын шығаратын отандық зауыттарды қайта тірілтуге, жаңа техника сатып алуға;
5.Жапондармен бірлескен бензинмен, уранмен, сутегімен және электр қуатымен жүретін автомобильдер зауытын салуға;
6.Әлемдік деңгейдегі отандық құрылыс заттары индустриясын құруға қажетті зауыттар салуға;
7. Республиканың жоғарыда көрсетілген барлық аймақ орталықтарын бір-бірімен жалғастыратын жаңа, халықаралық стандарттарға сай жаңа автомобиль жолдарын салуға, жалпы, осы 7 салаға кемі 200 млрд.доллар қаржы бөлінуі тиіс.
Оныншы. Еліміздегі қытайлық тауар экспансиясын тоқтату, белең алып бара жатқан «қытайлану» үдерісінен тазарту және «силикон жазығының» рөлін атқарып, экономикалық секіріс жасау үшін Қорғас еркін экономикалық аймағының маңайында жоғары технологиялық өнімдер шығаратын ондаған жапон-қазақ қалашықтарын салу, ол үшін 1 миллионнан 5 миллионға дейін жапон маманын ұзақ мерзімдік келісім-шартпен әкелу жайлы жобаны іске асыру. Бұл шынында да әлемде теңдесі жоқ мега-жоба болғандықтан, ол жайлы менің «Жауғашты Нәбиев – істің адамы» деген еңбегімде кеңірек танысуға болады (https://kitap/kz/author/1987, 415-424бет)...
Он бірінші. Үкімет өзі бастамашылық жасап, қазақстандық жеке және заңды тұлғалардың шетелге тыққан миллиардтаған қаржысын 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін «берсе – қолынан, бермесе – жолынан» алып, елімізге қайтару, сөйтіп сыртқы қарыздардан тезірек құтылу қажет. Ол үшін арнайы Мемлекеттік комиссия құрып, оның төрағалығына Ә.Қажыгелдинді қоюға болады.
Алла жар болсын ісіңізге!
Құрметпен, Өмірзақ Ақжігіт, инженер-механик, тәуелсіз журналист.
qazaquni.kz
.