Мақтааралға барған вице-премьер Роман Скляр қазақша сөйлеп кетті (видео)
2020 ж. 08 мамыр
8206
0
Оңтүстіктің ашуы Склярдың өзін қазақша сайратып жіберді.
Су тасқынынан зардап шеккен елге біздің биліктің аты алты күннен кейін әрең жеткен секілді.
Мақтааралдағы су тасқынынан:
* 7 ауыл зардап шекті.
* 32 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді.
* 845 тұрғын үй су астында қалды.
* 3 мектеп, 5 балабақша, 4 медицина нысаны, 1 мәдениет үйі,
* 10 дүкен тасқынның астында қалды.
* 1 көпір және республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар 54,7 шақырым автомобиль жолы су астында қалған.
* 7 639 гектар егістікті су басқан. Бұның 85 пайыздан астамы мақта алқабы.
* 8 блокпункт орнатылып, полиция департаментінің жеке құрамынан 303 қызметкер, 53 көлік жұмылдырылды.
* 986 адам, 10 дана жүзу құрылғысы, 180 дана техника жұмылдырылды.
* 5 мобильді топ апат аймағында ХҚКО бойынша жұмыс істеп жатыр.
* 24 эвакуациялау пункті тұрғындарды қабылдады.
* Жалпы шығын көлемі нақты әлі айтылған жоқ.
Осындай жағдайдағы ауданға 6 күннен кейін Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр деген өзім секілді жылтыр шеке барды.
Бұған дейінгі видеолардан көргеніміздей, сабыры таусылып, айласын ашуы жеңген ағайынның алдында Роман ағам басқа тілде сөйлеп, масқара болар ма екен деп, артым қылпылдай бастап еді, Құдайға шүкір! Қазақша тіл сындырды!
Менің қайынжұртыма барып тұрып, қазақ тілінде сөйлемесе қас масқара сонда болатын еді. Алдарынан қазақшасы қара суды теріс ағызатындай дүлділ болмаса да, шекесін күн сүйген жігіт шыққанда халық та сабырға келіп қалған сыңайлы, ап-сап басылған екен.
Ержан Жаубай, Фейсбук парақшасынан