Сәбит Досанов: ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚОЛДАУДА ҚАЙСАРЛЫҚ ТАНЫТУЫМЫЗ КЕРЕК
2020 ж. 22 сәуір
2044
0
«Ұлттың сақталуы мен жоғалуына да себеп болатын – халықтың өзі. Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады», – деп ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, қазақ тілін сақтап, оны өз тұғырына қондырғысы келетін халық «Қазақ үні» порталы арқылы Мемлекеттік тілді қолдап қол қойып жатыр. Тілді қолдаушылардың саны бүгінде 100 мыңнан асып кетті. Олардың қатары сәт сайын артып келе жатқанын ескерсек, бұл көрсеткіш еселеп көбейетіні сөзсіз.
Ұлттық мәселеге қашан да үн қосып жүретін белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәбит Досановқа хабарласып, ол кісінің ой-пікірін білген едік.
Тіл – ұлттың жаны. Сондықтан, тілді біздің мемлекетімізде өмір сүріп жатқан адамның барлығы бірдей білуі керек. Түркістан майданының бас қолбасшысы Михаил Фрунзе: "Саяси қызметкерлер мен командирлердің барлығы өздері қызмет етіп жүрген жерлерде жергілікті ұлттың тілін үйренуге міндетті" деген талап қойған-ды. Ал бізде осы елдің ауасын жұтып, нанын жеп жүрген талайлардың тілімізге пысқырып та қарамайтыны өзегімізді өртейді. М.Фрунзе секілді барша азаматқа бірдей қатаң талап қойғанда ғана, қазақ тілінің өрісі кеңейе түспек.
Тіл жоқ жерде ұлттың да жоқ екені аян. Тіліміз болмаса, біз кімге керекпіз?!
Қазақ тілі мәселесін көтеруде үнемі алдыңғы шептен көрініп жүрген, тіліміздің шынайы жанашыры – «Қазақ үні» газеті мен порталы кезекті рет өзінің қайсарлығын көрсетіп отырғаны көңіл қуантады. Мемлекеттік тілді қолдап қол қойғандардың қатары сәт сайын артып, бүгінде олардың саны 100 мыңнан асты.
Коммунистік партияның қылышынан қан тамып тұрған кезінде, белгілі ақын Расул Гамзатов: «Ана тілім болса егер құрымақ, мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ» деп жырлап, өзінің туған тілін қызғыштай қорыған еді. Сол секілді, осы «Қазақ үніндегі» 100 мыңнан аса адамның қолдауының артында, сан мыңдаған қазақтың қолдауы жатыр. Қазақ тілін қолдайтындардың саны күн санап арта беретінін ескерсек, бұл – барша халықтың қолдауы. Осынау індеттен еліміз аман-есен өткен соң, Ашық хат негізінде Мемлекеттік тілді дамыту туралы арнайы заң қабылдауды талап етуіміз керек.
Қазақ тілі мен орыс тілін қатар қоятын кезеңнен біз өтіп кеттік. Орыс тіліне Атаңнан ешқандай орын берілмеуі тиіс. Қазақстанда бір ғана тіл болуы керек, ол – қазақ тілі. Екі тіл деген улы жыланда ғана болады. Ендеше, туған тіліміз өз орнын табатын кез келді. Тек бұл тұрғыда әрбіріміз табандылық таныта білсек, қазақ тілі шын мәніндегі азат тілге айналары анық.
Сәбит ДОСАНОВ,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері.
qazaquni.kz