Ғаббас Қабышұлы: ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ МҰҢЫ – ИСІ ҚАЗАҚТЫҢ МҰҢЫ
2020 ж. 21 сәуір
2105
0
«Қазақ үні» ұлттық порталында қазақ тілін қолдап, қол қойғандардың саны – 100 099 болды!
Бұл 100 МЫҢ ҚОЛ - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың; "Қазақ тілі -ұлтаралық қатынас тілі болуы керек!"-деген сөзінің айқын көрінісі! Мемлекет басшысының Мемлекеттік тіл туралы бастамасын қалың халықтың қатты қолдауының жарқын үлгісі!
Ашық хатқа ең бірінші болып қол қою құрметі әлемге әйгілі жазушымыз, Қазақстанның Халық жазушысы,
КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, былтыр 95 жасын бүкіл ел тойлаған, яғни, ең үлкен қол қоюшымыз ӘБДІЖӘМІЛ НҰРПЕЙІС! Жазушы, публицист Ғаббас Қабышұлы ұлт зиялылары бастаған 100 мыңнан асқан қолдың ішінде 11-ші болып қол қойған болатын. АЛ 100 000-ыншы қолдың - бақытты сан иесі ӘСИЯ АМАНОВА, мұғалім.
Жазушы, публицист Ғаббас Қабышұлы ұлт зиялылары бастаған 100 мыңнан асқан қолдың ішінде 11 -ші болып қол қойған болатын. Қай кезде де қолынан қаламы түспей, қазақ тілінің мәселесін көтеріп келе жатқан қарымды қаламгерге хабарласып, ой-пікірін білген едік.
ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ МҰҢЫ – ИСІ ҚАЗАҚТЫҢ МҰҢЫ
КҮНІ БҮГІНГЕ ДЕЙІН БІРДЕ-БІР ДЕПУТАТ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАУ КЕРЕКТІГІН АЙТҚАН ЕМЕС... Қазақ тілінің мәселесі – баяғыда-ақ, шешімін тауып қоюы тиіс еді. Өкінішке орай отыз жылдан бері әлі жырлап отырмыз. Онымыздан да түк шыққан жоқ. Конституциямызда қазақ тілі – мемлекеттік тіл деп көрсетілгенімен, орыс тілі – ресми тіл деп жазылғанының бізге келтірген кедергісі көп болды. Орыс тілін ресми тіл деп, көкке көтере отырып көпті шатастырдық. Ел егемендігіне қол жеткізген сәттен бастап, шама-шарқымша қазақ тілінің мәселесін көтеріп, БАҚ бетттерінде жиырмаға жуық көлемді материалдар жарияладым. Бірақ оған құлақ асқан біреу бар ма? Халықаралық қағидада: «Мемлекеттің азаматтары өздерінің мемлекеттік тілінде сөйлемесе, мемлекеттік тіл сол ұлттың ана тілі ретінде құрметтелмесе, онда ол мемлекет ұлттық мемлекет емес» деген заң бар. Осыдан-ақ өз мемлекетіміздің тағдырына өзіміз балта шауып отырғанымызды ұғыну қиын емес. Біздің шенділер Қазақстанда тұрып, орыс тілінде сөйлейді немесе екі тілде аралстырып, былапыт жасайды. Ал шетелге шыққанда қазақ тілін тіпті ұмытып кетеді. Өзге мемлекеттерге іс-сапармен барғанда «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген білікті мамандарды аударма ісінде неге пайдаланбасқа?! Қазақ тілінің тазалығын сақтауға салғырт қарайтын қазақтілді кейбір басылымдардың әрекеті жанымды ауыртып жүргенін несіне жаасырайын?! Өздерін еліміздің бас газеті – санайтын «Егемен Қазақстанның» өзінде, кейбір мақалалардың тақырыптары орыс тіліндегі сөздер араласып беріліп жататынын көз көріп жүр. Ел газетінің елдің мемлекеттік тіліне жаны ашымаса, онда біздің тіліміздің кімге керек болғаны? Неге жорналшылар, тілшілер БАҚ-тың ең ірі идеологиялық құрал екенін ұқпайды? Енді ғана өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ, жалпы қалың ел бізге қарап үлгі алады деп өздерінің қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінбейді? Күні кеше ұлт жанашыры Қазыбек Исаның бастамасымен қазақ тілінің мәселесін шырылдап айтып келе жатқан «Қазақ үні» порталында Мемлекеттік тіл – қазақ тілін қолдау туралы ұлт зиялылары бастаған Ашық хат қайта жаңғырып, жарияланыпты. Бүгінгі күні 10 күнге жетпей, 100 мыңнан аса қол жинауы халықтың тіл тағдырына бей-жай қарамайтынын көрсетіп отыр. Игі бастаманы халық бұдан да биік деңгейде қолдап, қуаттап, бәріміз бірлікте қазақ тілін тұғырына қондырадмыз деген ойдамын. Негізгі міндет – Мемлекеттік Тіл туралы жібі түзу қабылдау. Сонымен қатар, еліміздің барлық саласында, барлық мекемелерде іс-қағаздарының қазақ тілінде жүргізілуін, қызметкерлердің халыққа тек ғана қазақ тілінде қызмет көрсетуін заң жүзінде қатаң талап ету. Сонымен қатар, жоғарыда атап өткеніміздей, орыс тілінде шүлдірлейтін шенеуніктердің бәріне де қазақ тілін білуді, және сөйлеуді міндеттеу. Әйтпесе, «балық басынан шіридің» керін келтірген Парламент төрінде отырған шенділерге, Ассамблея мүшелеріне қазақ тілінің қажеті шамалы ғана. Күні бүгінге дейін жағымыз талмай айтып келе жатқан бір нәрсе –ҚАТАҢ ТАЛАП. Біздің Парламенттегі депутатардың дені Президенттің аузынан шыққан әрбір сөзге бас шұлғу ғана біледі. Олардың бәрін бірдей өзіндік ой-пікірі бар азамат деп есептемеймін. Егер шын мәнінде олар отаншыл, халықшыл азаматтар болса, ең құрымағанда біреуі күні бүгінге дейін «Мемлекеттік Тіл туралы арнайы заң қабылдайық» деп шырылдар еді ғой. Осындай немкеттілік жайлаған заманда билік тізгінін ұстаған азаматтардан үміт күтіп отыра берсек, қазақ тілінің көсегесі көгереді деп айта алмаймын. Қазақ тілі өзінің шынайы мәртебесіне ие болсын десек, «Қазақ үніне» қазақ тілін қолдап, қол қойып, өздеріңіздің бар екендеріңізді, нар екендеріңізді көрсетіңіздер, ағайын! Қазақ тілінің мұңы – исі қазақтың мұңы. Ендеше, қазақ тілінің тағдыры таразыда тұрған сәтте қалыс қалмай, тегіс қолдайық! Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ, жазушы, публицист. qazaquni.kz