Темірхан Медетбек: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ДЕ, РЕСМИ ТІЛ ДЕ, ҰЛТАРАЛЫҚ ТІЛ ДЕ ҚАЗАҚ ТІЛІ БОЛУЫ ТИІС!
2020 ж. 16 сәуір
3583
0
АЛ БАСҚА ТІЛДЕРДІҢ ЕШҚАЙСЫСЫН ТЫҚПАЛАМАУ КЕРЕК
Бүгінде қоғамымыздағы ең басты мақсат- 30 жылдан бері кейінге қалып келе жатқан Мемлекеттік Тіл туралы заңды талап ету болып тұр! Қазақ тілін қолдап 5 күнде 45 мыңнан астам қол қойылды! Бұл бұрын-соңды тарихта болмаған, бұрынғы межелерден 350 еседей көп зор рекорд! Бұл үшін Әрбір қол қойған және осы қасиетті істе қайрат көрсеткен азаматтарға, барлық Қазақтың қайсар қырандарына алғысымыз шексіз! Алашқа Алла жар болсын!
Осы мәселеге орай қазақтың көрнекті ақыны, шындықты шыжғырып айтып жүрген қайраткеріміз Темірхан Медетбек ағамызбен хабарласқан едік.
Темірхан МЕДЕТБЕК, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
-Отыз жылдан бері Тәуелсіз елдің ең басты белгісі -Мемлекеттік тіл мәселесін шеше алмай келе жатқанымыз ең алдымен билікке де, бізге де, яғни халыққа да сын! Намысың келеді! Үкімет жиыны өтіп жатқанда экранға қарасаң да, жұмыс бабымен мемлекеттік болсын, жекеменшік болсын мекемелерге кіріп қалсаң да орыс тілінде қарсы алады әлі. Кейде ойлайсың, осы біз Тәуелсіздікті алдық па, жоқ па деп?!.
Бір аптадан бері қарап отырмын, Конституциядан 7-баптың 2-ші тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы Заңды талап еткен елдің қарқыны қатты! Бес-алты күнде 45 мыңға жету деген сұмдық қой - қатты қуанып отырмын. Бұл осыдан үш жыл бұрын бүкіл ұлт зиялылары болып, бәріміз қол қойған Ашық хат қой! Кезінде де осы Ашық хаттың жазылуына бастамашы болған ақын Қазыбек Исаның бұл хатты қайта көтергені өте дұрыс болды. Ана жылы, 2011 жылы да осындай Ашық хат жазылып, ақиық ақын Мұхтар Шаханов бастап, Алматыда митингі өткізгенбіз. Былтыр Ұлттық Кеңесте де көтерілді Мемлекеттік тіл мәселесі. Өйткені, бұл мәселе шегіне жетіп келеді. Бүгінде бұлай қатты резонанс беріп жатқаны - ұлттық сананың өсуі деп білемін. Билік осыдан нәтижелі шешім шығарып, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауы керек!
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Қазақ тілі -ұлтаралық қатынас тілі болуы керек" деп айтқанын оқып, қуанып қалған едім. Иә, Мемлекеттік тіл де, Ұлтаралық қатынас тілі де, Ресми тіл де тек Қазақ тілі болуы керек! Басқа тілдерді тықпалауға болмайды енді!
Ендеше, мемлекет басшысы халықтың талабымен санасып, оң шешім қабылдайды деп сенеміз!
Ал Ұлттық мүддемізді - Мемлекеттік тіліміз туралы заңды талап еткен Ашық хатты қолдамағандар, қол қоймағандар қазақ емес! Qazaquni.kz https://qazaquni.kz/2018/09/05/65363.html