Нығматулин: Бейбіт жиынды ұйымдастырушылар үшін барлық жағдай жасалу керек
2020 ж. 26 наурыз
1904
0
Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтті. Онда депутаттар елімізде бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы және оған ілеспе заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобасының мақсаты азаматтардың бейбіт және қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер мен пикеттеу өткізуге конституциялық құқықтарын іске асыру, сондай-ақ елді мекендердегі мамандандырылған орындарды айқындау.
Құжат жобасында пикеттер, митингілер, жиналыстар нысанындағы бейбіт жиналыстарды өткізу үшін хабардар ету тәртібі енгізіледі. Бұл ретте жергілікті атқарушы органның жауабы болмаған жағдайда, бейбіт жиналысты өткізу үнсіз келісім бойынша келісілді деп есептелетін болады.
Сонымен қатар, құжат жобасында бейбіт жиналыстарды мамандандырылған орындарда ғана өткізу көзделеді. Өз кезегінде, осындай мамандандырылған орындарды айқындау кезінде бейбіт жиналыстардың мақсатына қол жеткізу мүмкіндігі, ұйымдастыру ыңғайлылығы, орындардың көліктік қолжетімділігі, ұйымдастырушылар мен қатысушылардың инфрақұрылым объектілерін пайдалану мүмкіндігі, санитариялық нормалар мен қағидалардың сақталуы, бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылар мен қатысушылардың, басқа да адамдардың қауіпсіздігі ескеріледі.
Нұрлан Нығматулин Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдар, парламенттік емес партиялар, ҮЕҰ мен азаматтық қоғамның өкілдері бірлесіп жұмыс атқарған жаңа заң жобасы халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасына сәйкес келетінін атап өтті.
Отырыс барысында депутаттар бірқатар мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, бейбіт жиналыстарды өткізетін арнайы орындар мәселесі.
Осы ретте Мәжіліс Төрағасы:
- Меніңше, біздің депутаттарымыз енгізген ұсыныс өте орынды. Себебі, бейбіт жиынды ұйымдастырушылар үшін барлық жағдай жасалу керек. Арнайы жиын өтетін орындар туралы ақпараттар да ашық болу керек. Әйтпесе, ол орын бос па, бос емес па олар қайдан біледі? Сондықтан, әкімдік өз сайтында, жаңа айтылғандай, бос орындар туралы ақпаратты толық орналастыру керек. Бұл қай жақтан алып қарасаң да пайдалы және тиімді, - деді.
Сонымен қатар, депутаттар бейбіт жиналыс өткізу туралы хабардар ету мерзіміне ерекше назар аударды. Мәжілісмендердің пікірінше, үкіметтік нұсқада ұсынылған мерзімдер қысқартылуы тиіс. Бұл норма екінші оқылымға дейін пысықталатын болады.
Депутаттардың пікірінше, қолданыстағы БАҚ туралы Заңның нормаларын қайталайтын журналистердің құқықтары туралы үкіметтік нұсқада ұсынылған нормаларды қайта қарау қажет.
Әзірлеушілердің, сондай-ақ ІІМ өкілдерінің түсініктемелерін тыңдағаннан кейін мәжілісмендер нормалар санын қысқарту мен пысықтаудың маңыздылығын атап өтті.
Жалпы құжат жобасында заңнамаға бейбіт жиналыстардың базалық қағидаттарын енгізу көзделеді. Олар зорлық-зомбылықсыз сипат, заңдылық, мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, денсаулық сақтауды, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету және қатысу еріктілігі.
Бұған қоса, демонстрация, шеру нысанындағы бейбіт жиналыстарды өткізу үшін жергілікті атқарушы органның келісімін алу қажет. Жобада бейбіт жиналыстарды өткізу үшін баламалы орынды ұсыну құқығы да көзделген.
Сонымен қатар, бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылардың, оларға қатысушылардың, журналистердің мәртебесі, құқықтары мен міндеттері бекітіледі. Бұл бейбіт жиналыстарға қатысушылар мен оларды ұйымдастырушылар бола алатын адамдарға қойылатын талаптарды айқындауға мүмкіндік береді.
Заң жобасында бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органның, азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның, жергілікті өкілді органдар мен жергілікті атқарушы органдардың құзыреті көзделген.
Сондай-ақ, бейбіт жиналыстарды өткізуден бас тарту, оны тоқтату және тоқтата тұру үшін негіздердің толық тізбесі белгіленеді.
Заң жобасында үгіттеу институтын енгізу де көзделген. Мәселен, бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының үгіттеуді кедергісіз жүргізуге, Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған символиканы, иллюстрациялық материалдарды пайдалануға құқығы болады. Бұл ретте ұйымдастырушы үгіттеуді жүргізетін уақытты және мамандандырылған орынды хабарлауға тиіс болады.
Заң жобасына сәйкес, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы, аудандық маңызы бар қаланың әкімі бейбіт жиналыстардың нысаны мен оған қатысушылардың санына қарай бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушыға бейбіт жиналыстарды өткізуге, оның ішінде медициналық көмекті және өзге де қажетті көмекті ұсынуға жәрдем көрсету мақсатында өз өкілдерін тағайындайды.
Осы заң жобалары бойынша Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин:
- Сонымен біз, еліміздің демократиялық даму жолында тағы бір маңызды заң жобасын мақұлдадық. Осы бейбіт жиындарды ұйымдастыру мен өткізу тәртібіне енгізілген өзгерістер ең алдымен, мемлекеттік органдардың халықпен байланысын күшейтуге ықпал етеді. Ал, екіншіден, азаматтардың кез-келген мәселені ашық және еркін жеткізуіне мүмкіндік береді. Мысалы, бұрынғы Заңда митинг өткізу үшін бірінші кезекте рұқсат алу керек болатын. Ал қазіргі құжатта ең бастысы, бейбіт жиынға қанша адам қатысатынын, қандай мәселе болатынын және қайда өтетінін алдын-ала ескерту қажет. Тағы бір ерекшелігі ол, ұйымдастырушылар мен қатысушылардың, мемлекеттік органдардың жауапкершілігі қаралып, журналистердің құқықтары мен міндеттері белгіленіп отыр. Осының барлығы, мемлекет үшін де, қоғам үшін де өте қажетті деуге болады, - деді.
Осылайша, заң жобасында халықаралық тәжірибені ескере отырып, азаматтардың саяси құқықтарын іске асыруына ықпал ету көзделіп отыр. Бұл бейбіт жиналыстарды, митингілер мен демонстрацияларды ұйымдастыру және өткізу тәртібін реттеудің құқықтық тетігін жетілдіруге мүмкіндік беріп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің конституциялық кепілдіктерін арттырады.
Сонымен қатар, бүгінгі отырыста депутаттар Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандар мәселелері туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Аталған заң жобасының негізгі мақсаты Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың оқ-дәрілері арсеналдарының, базалары мен қоймаларының қауіпсіз жұмыс істеуін, сондай-ақ оқ-дәрілерді сақтау кезінде төтенше жағдайдың туындауы мүмкін болған жағдайда халықты, азаматтық және басқа да инфрақұрылымды қорғауды қамтамасыз ету бойынша заңнаманы одан әрі жетілдіру.