ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
2020 ж. 22 наурыз
3603
0
Міне, Ұлыстың ұлы күні, береке мен бірліктің бастауы, Жыл басы – Наурыз мейрамы да келіп қалыпты.
Жақсылықтың жарқын мерекесі – Наурыз тойында шын көңіл, ақ ниетпен елімізге бақ-береке, әр шаңыраққа қуаныш тілейміз. Ұлыс оң, ақ мол болсын!
Наурыз – жаңару мен жаңа істің, ырыc пен ынтымақтың алтын арқауы.
Дастарханға ақ толатын, елге бақ қонатын, арайлы шақты халқымыз – ұлыстың ұлы күні деп бекер атамаған.
Күллі шығыс жұртына ортақ мереке – Наурыздың тарихы тым тереңде жатыр. Күн мен түн теңелетін, ырысы мол мереке жанымызды шуаққа бөлейді.
Наурыз – Қазан төңкерісіне дейін қолданылып келген қазақ күнтізбесіндегі азаматтық жылдың бірінші айы. Бұл атау бізге ежелгі парсы тілінен келіпті. Алайда ол парсыша ай аты емес, айдың бірінші күні ғана. Байырғы қазақ күнтізбесі бойынша, наурыз күні күн мен түн теңеседі. Бұл – жазғытұрғы теңесу. Осы кезде басталатын ай, григорян күнтізбесі бойынша, наурыздың 22-сі мен сәуірдің 20-сы аралығы «Наурыз айы» деп аталған.
Ал байырғы қазақ күнтізбесі бойынша, наурызда отыз күн болған екен. Оның алғашқы күнін Жаңа жылдың басы деп біліп, «Ұлыстың ұлы күні» деп атаған. Бұл күні жер бусанып, жаңарып, қозы-лақ жамырасып, мал төлдейді. Жер-Ананың төсі иіп, ақ мол болады, кәрі-жас құшақтасып көрісіп, бір-біріне ақ ниетпен ақ тілеуін, арман, пейілін білдіріп, наурыз жырын айтатын болған. Жеті түрлі тағам қосып «Наурыз көже» жасаған. Ән шырқап, балуан күрестірген. Топ-топ болып ауылдан-ауылға қыдырып, наурыз көже ішкен.
Бір жақсысы, бүгінде бүкіл Қазақ елінде Наурыз мерекесін тойлау бір ізге әбден түсті деуге негіз бар. Ұлыстың ұлы күні жер-жерде тәрбиелік мәні орасан ұлттық мүддеге негізделген түрлі іс-шаралармен басталады. Мысалы, «Бұлақ көрсең – көзін аш» атты дәстүрлі бұлақтардың көзін ашу рәсімі атқарылады. Оған ұлттық киім киінген облыс әкімінен бастап ресми қонақтар, ақсақалдар мен зиялы қауым өкілдері қатысады. Мұндай салт «Ұлыстың ұлы күні көңіл ақ болсын!» деген наурыздық тілектерге жалғасады. Саябақтарда қатар-қатар киіз үйлер тігіліп, Наурыз ауылдары бой көтереді. Тұс-тұсқа қазан қойылып, жиналған қауымға Наурыз тағамдары –бауырсақ, наурызкөже, қазақша ет, басқа да ұлттық тағамдар таратылады.
Дала сахналарында мерекелік концерттер қойылып, «Наурыз айтысы» өткізіледі. Бұлар «Қасиетті халық тойы –Нұрлы Наурыз» атты театралдырылған көріністер қанат жаяды. «Табиғаттың оянуы», «Аластау рәсімі», «Көшкеруен» көрінісі, «Салт -дәстүр» көрінісі, «Қызғалдақтар» биі, «Шашу», сәбиді бесікке салу, бүлдіршіндердің тұсауын кесу сияқты қойылымдар көрсетіледі.
Аймақ басшысының тұрғындарды мерекелік құттықтауы тыңдалады.
Әрине, мерекелік бағдарлама жер-жерде бірдей болуы шарт емес, онда мәселен, ұйымдастырушылардың еркі бойынша «Наурыз Аруы» байқауының жеңімпаз аруларын марапаттау рәсімін өткізуі немесе «Көктем мерекесінің жарықжұлдыздары» атты жастарға арналған кешкі дискобағдарлама өткізілуі мүмкін.
Наурызда бұлақтың көзін ашумен қатар, көбінесе, ағаш еккен. «Наурызтал отырғызу» рәсімі атқарылған. Және мейрам мүмкіндігіне қарай түрлі ұлттық спорт ойындарына, қазақша күрес, армреслинг, кір тасын көтеру, арқантартыс, тоғызқұмалақ ойындары, түйепалуан, т.б.жарыстарға ұласқан.
Ұлыстың ұлы күніндегі кең тараған шарт – алыс кеткен ағайын қауышқан, араз жандар татуласқан. Бұл күн – кешірім мен мейірімге, үміт пен сенімге толы ерекше күн деп есептеледі.
Кездесіп қалғанда, бір-біріне «Аманбысыз, армысыз. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, ұлыс береке берсін, бәле-жала жерге енсін!» деп, өзара реніштерін ұмытып, кешіретін болған.
Аузынан Алласы түспеген қазақ халқының Наурыз күні бір-бірін кешіруінде үлкен мән бар. Өйткені Құдайдың қасиетті өсиетінде былай делінген: «Егер өздеріңе күнә жасағандарды кешірсеңдер, онда көктегі Әкелерің сендерді де кешіреді. Ал егер басқалардың күнәларын кешірмесеңдер, онда көктегі Әкелерің сендердің де күнәларыңды кешірмейді».
«Сен көктегі мекеніңнен құлақ сала гөр. Оларға кешірім беріп, әрқайсысына өзінің ой-ниеті мен істеріне қарай жауабыңды бере гөр. Адам жүрегінде не бар екенін Сен ғана жақсы білесің ғой. Өзің осы елді ата-бабаларымызға сыйлаған едің. Ендеше меншікті халқың бұл жерде тұрған барлық уақытта Сені терең қастерлеп, тура жолыңмен жүретін болсын!». «Алдамшы құмарлықтарыңмен өмірлеріңді құртып келген ескі күнәкар болмыстарың мен бұған дейінгі өмір салттарыңды енді тастаңдар! Рухтарың мен ақыл–ойларың түгелдей жаңарсын; осылай Құдайға рухани жағынан ұқсас жаратылған жаңа, шынымен әділетті де қасиетті адам болып өмір сүріңдер!».
«... Құдайға бұрынғыдай тек заңның баптары бойынша емес, Киелі Рухтың жетелеуімен жаңаша қызмет етеміз». (Киелі кітап)...
Иә, Наурыз – жаңару дедік. Онда адам баласы да жаңа жылмен бірге жаңарып, өзгеше өмір сүруі тиіс. Ол қандай жаңару? Сырт келбетін өзгертіп, жаңа киім кию ме? Жоқ!
Наурыздағы жаңару – ішкі дүниеңнің өзгеріп, кешірім алып, күнәсіз, таза өмір сүру. Тек сонда Құдай адамға көз қырын салып, пенденің арман-тілегі орындалмақ. «Жаратқан ие мынаны айтады: «Аспан – Менің тағым, ал жер – табан тіренішім секілді. Сонда сендер маған арнап қандай үй сала алар едіңдер? Тынығып демалатын орным қай жер болмақ?! Осы әлем түгелдей Менің қолымнан шығып, пайда болды емес пе? Ал Мен көз қырымды салатындар: күнәларына шын жүректен өкініп, сөзімді терең қастерлеп, іске асыратындар»...
Ендеше, жаңа жылда жаңаша өмір сүріп, ақ батаға кенелейік, ағайын!
Наурыз сәтінде өткен жылы атқарған жұмысымызды саралап, келешекке жоспар құрамыз. Тәуелсіз еліміздің өркендеп, өсуі жолында жаңа бастамаларға негіз қалаймыз.
Биыл, қарап отырсақ, Ел тәуелсіздігінің 29-шы жылын атап өтеміз. Ендеше айбыны асқақ, Көк туы көкте желбіреген Қазақ елінің болашағы жарқын, бақыты баянды болсын деп тілейік.
Рас, халқымыз дәл осынау кезеңдерде түрлі ауыртпалықтарды өткеріп жатқаны жасырын емес. Мысалы, төл теңгеміздің бағамы түсіп, доллар құнының артуы секілді жәйттер жұртты бірталай алаңдататыны түсінікті.
Дегенмен, мұндай экономикалық ауыртпалықтарды өзге елдер де бастан өткермей отырған жоқ. Қазір жалпы әлем тынышсыз күйде. Төрткүл дүниенің кей тұстарында алапат соғыс өрттері тұтанып, күйзеліске түскен өңірлер бар. Құдайға шүкір, біздің еліміз ондай зұлматтан ада. Береке мен бірлікті ту еткен ағайындарымыздың сәулетті болашаққа деген үлкен үміт, асқақ арманы алға жетелейді. «Отан – елдің анасы, ел – ердің анасы» деген қанатты сөзде үлкен мағына бар. Отанға деген шексіз сүйіспеншілік – мемлекеттік сананы орнықтырады. Елдік рухы мықты халықтың келешегі кемел болары сөзсіз.
Кейбір уақытша қиындықтарға қарамастан, байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде жекелеген өндіріс, жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындар жұмыспен қамтылып жатқан жағдайлар аз емес. Көлемді инвестициялар тартылып, жолдар жөнделіп, көрікті, сәулетті ғимараттар бой көтеруде. Елдің бірлігі мен берекесінің арқасында арайлы таңдар да жетіп, үлкен табысқа жетеміз деген тілек мол...
Ұлыстың ұлы күні мерекесіне оралсақ, қазіргі уақытта жаңаша сипатқа ие болған Наурыз – достық пен еркіндіктің де мерекесі.
Олай болса, Наурыз құтты болсын! Төрт түлік сүтті болсын. Асқа толсын қазаның, кең пейілді қазағым! Еңбегің жемісті болсын, жан-дүниең жаңарсын, көңілік сүттей ағарсын! Бір Құдай жар болсын, бойыңда ар болсын. Жаңа жыл ұлысты болсын, Еліміз ырысты болсын!
Наурызда айтылған барлық тілек қабыл болады деген наным бар. Ендеше, Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болып, еліміздің қуаты арта бесін дегіміз келеді.
«Қазақ үні» газеті.
Жыр-шашу
КӨКТЕМГЕ СӘЛЕМ
Армысың, жарықтық көктем!
Самалын аңсап сәуірдің зарықтық көптен.
Көктемнің исі аңқиды бозала таңда,
Жауады жаңбыр даланы қарық қып көктен.
Күн ғой бүгін киелі Ұлыстың ұлы,
Шыңдардың ұшын жібітті шығыстың нұры.
Қонақтар келсін, барайық қонаққа біз де,
Жолыға берсін Қыдыр боп қырықтың бірі.
Жаңа жыл екен, Наурызым – жаңа күн екен,
Қарсы адып жатыр ел аман, қазағым есен.
Сенесздер ме, даланы сүйетіндіктен,
Сағыныш жасы көзімнен тамады десем.
Жанады десем жүрегім ән естілгенде,
Жауласып көрген жерім жоқ әлі ешкіммен де.
Ағалар басқа, бұл күнде інілер – жаңа,
Біз көрген бала күндердің бәрі ескірген бе.
Батасын бізді жаңа күн асқақ арманға,
Жаратушыдан бақ тіле, аспа жалғанда.
Адал жандардың арқасы осының бәрі,
Бас иіп тағзым етейік жақсы адамдарға!
Қайырбек ШАҒЫР
qazaquni.kz