ҚАЗАҚТЫҢ ТОЙЫ КОРОНАВИРУСҚА ҚАРАМАЙДЫ!
2020 ж. 15 наурыз
5620
0
Бірақ "Құдай сақтансаң - сақтайды"
Тура бүкіл қоғамдық шараларға, жиын-тойға Үкімет ресми тыйым салған күннің ертеңіне, кеше кешке жұмыстан кетіп бара жатқанда Алматыдан Қасқабай көкем телефон соқты... Қасымда Мұқағали бар еді. Қасқабай Асанов - кезінде Су министрінің орынбасары болған, Қазақ ССР мемлекеттік сыйлығының иегері, Мырзашөл мен Шардараны суландыру мен нуландырудың басында болған еңбек ардагері, белгілі ел ағасы. Дауысын шығарып қойған телефонымнан 84-тегі ақсақалдың дауысы саңқылдап естіліп тұр. Амандық-саулықтан соң, көкеміз тікесіне көшті: -Мен тағы да ауруханаға жатып қалдым. Өкпеме су жиналып қалған екен, соны алдырып жатырмын! Так, мені қойшы, сексеннен асқан шалды жау алмайды. Ал саған тапсырма - көріп жатсың, анау коронавирус деген індеттің біздің елге де келгенін. Сен енді ешқайда шығушы болма! "Құдай сақтансаң - сақтайды!" Сенің жиын-шараларың бітпейді, ел аралап көп жүресің ғой, оның бәрін, әсіресе, ас пен той-томалақтарға баруды доғару керек. Сен өзіңді сақтауың керек! Өйткені сен қазаққа керексің! Сондықтан сенің өзім білемдікке салып, қалаған той-жиынға бара беруіңе хақың жоқ! Вот, солай, Қазыбек мырза!
Жөпелдемеде не дерімді білмей қалдым. Дәл сол кезде Алтынбай бауырымыздың шақыруымен тойға бара жатқанымызды, әрине, жасырып қалдым. -Әрине, көке, той-жиынды доғарамыз ғой енді. Менің денсаулығыма алаңдағаныңызға көп рахмет көке! Өзіңіз аман болыңыз! Тағы да ауруханаға жатып қалыпсыз Алла шипасын берсін!- деп жатырмын. Көз алдымнан Шымкенттегі ағайындар, құда-жегжат, достардың тойларының шақыру билеттері көлденеңдеп өтіп жатыр... Енді қайтсем екен деп отырмын. Онымен қоя салатын Қасқабай көкем бе, қадалып тұрып: -Уәде бересің ғой осыған?-дейді ғой. Шамасы сөзім сенімсіздеу болған болуы керек. -Уәде беремін, әрине!-деймін. Бірақ өзіме өзім сенімсіздеумін бе қалай?.. -Ешқайда бармаймын көке! Тек Сарыағашқа Әлімхан бауырымыз шақырып жатыр, шипажайда ем алып,дем алып, жұрттан оңаша жатамын!-деп жатырмын, ең болмаса көкемнен сол жерге "жолдама" алып алайын деп... Қасқыр көкем Қасқабай оған да қарсы шықты: -Сарыағашта нең бар? Елдің бәрі сонда емес пе? Жат тыныш үйден шықпай! Екі-үш айда екпіні жаман індеттің де беті де қайтады. "Кеп қалады" деп қорқып, жаман аурудың атын айтпайтын еді қазақ! Айтып-айтып, ақыры, "наконец-то" келтірген бас санитар Бекшин індеттің қай кезде келетінін білсе, біз қашан қайтатынын білеміз. Соған дейін екі-үш айда ішің жарылып кетпес!
Ал, әйтпесе, енді қайтеміз деп мен отырмын. Алдында ғана менің алдағы сапарларымның тізімін естіп алған, бүгінгі тойға бірге бара жатқан Мұқағали інім "енді қайтесіз" деп, мырс-мырс күліп ол отыр...
Ал енді қайтеміз, ағайын шынында да?!. Жан-жаққа хабарластым. Алматыдағы "Жиделі-Байсын күйлері" байқауы кейінге қапты Гүлайна Оразбекқызы қарындасымыздың айтуынша. Шымкенттегі тойға шақырып қойған Арысбек құда аңысын аңдып отыр екен, анық хабар өзімізден болады, тойға тыйым болса да, құдалыққа ешкім шектей қоя алмайды дейді нық сеніммен. Өзбекстандағы қазақ шайыры, Дүниежүзі қазақтарының өнер фестивалінде Сұлтанбек Қожанов атындағы сыйлықтың иегері болған, әсем әнге айналып кеткен "Тәуелібай" өлеңінің авторы Наурызбай Жарбосынұлы бауырымыз Ташкенттегі Өзбекстан Жазушылар одағы ұйымдастырып жатқан Ердің жасы - 50 жасқа толған тойына шақырып ол жатыр... “Біздің Тәшкенде ешқандай коронавирус деген бәле жоқ" деп қояды шайыр інім.
Иә, Қазақтың тойы ешқандай коронавируске қарамайды... Өйткені, "Той дегенде қу бас домалайды!" Әсіресе, Оңтүстікте - Шымкент пен Түркістан өлкесінде! Құдай тойдан айырмасын!
Бірақ, көпті көрген көнекөз, көзі ашық, көкірегі ояу Қасқабай көкем дұрыс айтады - "Құдай сақтансаң сақтайды!"
Ел аман, жұрт тыныш болсын, ағайын!
Қазыбек ИСА,
Qazaquni.kz