Теңгеміз қашан тәуелсіз болады?
2020 ж. 14 наурыз
1824
0
Егеменді елдігіміздің ерекше бір белгісі – төл теңгеміз екені баршаға аян. Табанының бүрі кеткен теңгеміз тағы да тайғанақтап төмен құлдырады. Соңғы күндері оның бағамы әлемді жаулаған жасыл қағазбен салыстырғанда ақша айрбастау орындарында бір доллар 400 теңгеге дейін барып қалды. Мұны экономикалық дағдарыс дауылының қайта айналып келіп соққаны деп түсінуіміз керек. Бұл жолғы дауылдың екпіні қатты секілді.
Олай деп айтуға негіз бар. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің және Мемлекет басшысына тікелей бағынышты органдардың жетекшілерін шұғыл жинап алып кеңес өткізді. Кеңесте әлемдегі қаржылық-экономикалық ахуал мен оның Қазақстан экономикасына әсері жөніндегі мәселелерді талқылауы тегін емес. Мемлекет басшысы еліміздің қаржы-валюталық нарығын тұрақтандыру, республикалық және жергілікті бюджеттерді оңтайландыру бойынша тиісті шаралар қабылдауды шегелеп тапсырды. Дағдарысқа қарсы арнайы штаб құруы соның айғағы. Ал, теңге бағамының құлдырауы шынында да тұрғындарымыздың тыныштығын бұзғаны рас. Жұрт қолындағы азын-аулақ ақшасы мүлдем құнсызданып кетпес үшін ақша айырбастау орындарына ағыла бастады. Әншейінде қажетінше сатып алатын доллар да тапшы бола қалды. Ондай айырбастай қоятын ақшасы жоқ, күнделікті тамағын әзер тауып жеп жүргендердің жағдайын ауызбен айтып жеткізу қиын. Өйткені ішер тамақ пен киім-кешегіміздің бағасы АҚШ ақшасына тікелей байланысты. Доллар қымбаттаса болғаны біздегі қалыптасқан әдет бойынша азық-түлік пен тауарлар, қызмет көрсету түрлерінің бәрі бірден шарықтап шыға келетінін бәріміз білеміз.
Бұл жолғы дағдарысқа не себеп болды? Мамандардың айтуынша бірінші кезекте жер бетін жайлай бастаған коронавирус кінәлі болып шықты. Әлемнің жартысынан көбін өз тауарларымен қамтасыз етіп келе жатқан Қытай елі сыртқы саудасын тоқтатып, қара басының амандығын күйттеп кетті. Қауіпті вирус жайлаған аспанасты елімен әлем елдері сауда-саттық байланыстарын тоқтатып, дүниежүзілік экономикалық қатынастар күрт азайды. Екіншіден, осыған байланысты мұнайға деген сұраныс азайып, оның бағасы жылдың басындағы баррелі 65-68 доллардан бірден 30-35 долларға дейін, яғни екі есе төмендеп кетті. Оған мұнай алпауыттары Сауд Арабиясы мен Ресей басшыларының өзара келісе алмауы да өз салқынын тигізіп отыр. «Егер әлемдік нарықтағы мұнай бағасы тұрақталмаса, 1-доллар 400 теңгеден асып жығылуы мүмкін», - деген болжамдар айтыла бастады. «Бірінші сәуірге дейін мұнай өндіруші елдердің өзара келісім жасауына уақыты бар. Егер ешқандай мәмілеге келмей, Сауд Арабиясы бұрынғыдай көп мөлшерде мұнай өндіруін жалғастыра берсе, қара алтын құны 25 доллардан да төмен түсіп кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда АҚШ валютасы 400 теңгеден асып кетеді» - дейді қаржы саласының белгілі сарапшысы Арман Бейсембаев.
Әрине, мұның бәрі болжам ғана. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, қалай болғанда да алда болар жағдайды жан-жақты мүмкіндігінше болжап, талқылағанның артықшылығы жоқ. Бір-екі күндік құлдыраудан соң теңге ептеп есін жиып, еңсесін көтере бастаған сияқты. Бірақ бұл жолғы құлаған терең шұңқырдан жақын арада шыға қояры екіталай. Айырбастау орындарында бір доллар 396-397 теңгеден сатылуда. Бүгінгі бағамның алдағы уақытта қай жағына қарай қисаятынын дәп қәзр ешкім дөп басып айта алмасы анық. Теңгенің құлдырауы банк жүйесіне, жалпы қаржы саласына тікелей әсер етері түсінікті. Қазақстан ақша айырбастаушылар қауымдастығының президенті Аршын Ғалымбаевтың айтуынша ақша айырбастау деңгейі айтарлықтай төмендеген. Доллардың күрт қымбаттауына байланысты Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 12 пайызға дейін көтерген. Демек бұдан былай банктердің беретін несие пайызы жоғарылайды деген сөз. Осыған байланысты несие алушылар да банктерге бара қоймасы белгілі. Ал теңгедегі депозиттердің сыйақы мөлшерлемесі 13 пайызға дейін артады.
Байлардың мұртын балта шаппасы белгілі, есесіне қарапайым халық қиналары сөзсіз. Осыны сезінген Үкімет бюджетті қайта қарап, үнемдеуге болатын шығынның бәрін қысқартуға кірісті. Әсіресе кейінге қалдыруға болатын шаралардың шығынын түгел тоқтатып жатыр. Ал әлеуметтік жәрдемақылардың шығынын сол үнемделген қаражат есебінен толықтырып бермекші. Олардың қазіргі басты міндеті – әлеуметтік төлемдердің деңгейін өз күйінде сақтап қалу. Өйтпесе қатардағы қарапайым жұрттың сатып алу қабілеті мүлдем төмендеп, тіпті аштық орын алуы әбден мүмкін. Ал, оның соңы жақсылыққа жеткізбейді. ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов осы отырыста әдеттегідей жұртты тыныштандыру үшін «Зейнетақы, жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмектерді индексациялау үшін шаралар қабылданады. Теңгенің бағамына байланысты бірқатар шығыстар индексацияланады» дегенмен, бұл түпкілікті, тұрақты нәтиже беретін шешім емес. Бұл – өзімізді өзіміз алдау. Ондай тәсілді қолданып келе жатқанымызға отыз жылдай уақыт болды. Ондай жеңілдік жасау өздігінен келмейді, тағы да Ұлттық қордың қамбасын тақырлаймыз. Ұлттық қордың қожынына қайта-қайта қол сұғу мемлекеттің қауіпсізігін әлсірету ғана. Зейнетақы мен жәрдемақыны көтергенмен халықтың қалған басым бөлігі қалай күн көрмек? Жұмыстары баяулап қалған кәсіпорындар еңбекшілеріне беретін жалақыны қалай көтермекші? Бұл туралы ешкім оңтайлы пікір айтқан жоқ, айта алмайды да. «Биыл бұл бюджеттің қаншалық шамасы жететініне байланысты. Ал жеке компанияларды жалақыны көтеруге шақыра алмаймыз. Біз тек жұмыс орындарын сақтап қалуға және жалақының уақтылы берілуіне күш саламыз» - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов дәрменсіздігін танытып. Ол түсінікті де өндіріс ошақтарының оты бықсып жанса олар жұмысшылардың жалақысын қалай көтермекші, өз қалталарынан үнемі қаржы төлей алмайды ғой, ол мүмкін емес.
Әлемдегі, оны ішінде біздің елімізде орын алған жағдайға байланысты сала басшылары өз өресі жеткенінше дағдарыстан шығудың жолын сілтеп, пікірлерін айтып бақты. «Доллардың ықпалынан баға нарығы өзгермеуі керек. Егер баға қымбаттап жатса, оған басқа жағдайлар әсер етуі мүмкін. Мысалы, науқан кезі, тауар айналымына кедергілер, бәсекелестіктің болмауы немесе саудагерлердің өзара келісіп алуы сынды жағдайлар» - деген ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мүлдем айдалаға лағып кетті десек артық емес. Осы жерде министр елдегі экономикалық жағдайды нашар білетінін, халықтың арасында болмайтынын көрсетіп алды. Министр емес, нарықтық қатынастары қалыптасқан шетелден келген сарапшыдай қайдағы бір нарық заңдылықтарының теориялық тұжырымдамаларын айтып әлек болды. Нарық заңын Құдайға шүкір отыз жылда жұрттың бәрі біліп алды. Мәселе сол заңдылықтар күнделікті тәжірибемізде нақты іске аспай жатқанында емес пе? Елдің экономикасына жауапты министр мұны жақсы білуге тиісті. Мұнай мен доллар бағасы көтерілсе неге халық тұтынатын тауарлар құны бірден шарықтап кететінін нақтылап зерттемейді, әлде оған біліктілігі жетпей ме? Олай болса бұл лауазымда несіне отыр? Жалпы алғанда біздің елімізде басы артық мекемелер мен министрліктер көп. Айталық Сауда және интеграция министрлігі немен айналысады? Ештеңемен, түк бітіріп отырған жоқ. Сауда саласындағы баяғы былық сол күйінде қалып отыр, ешқандай интеграцияны, дамуды көрген емеспіз бұл саладан. Сауда да экономика саласының бір тармағы. Сондықтан оны Экономика министрлігімен біріктіріп, оңтайландырған дұрыс. Кез келген министрліктің штатын алып қараңызшы, толған департаменттер мен басқармалардан тұрады. Онда мыңдаған адамдар отыр. Біздің еліміз мемлекеттік қызметкерлер саны жағынан әлемде бірінші орында тұр. Олардың санын қысқартсақ сол мыңдаған адамдарға төленетін жоғары айлық басқа аса қажетті салаларға жұмсалады. Айта берсек, мұндай қажеті жоқ мекемелер бізде өте көп. Мысалы Қаржы министрлігі тұрғанда «Самұрық Қазынаның» керегі қанша? Оның жүздеген еншілес бөлімдерінің өзіне жылына миллиардтаған қаржы кетіп жатыр. Оларды қысқарту туралы әңгіме жылдар бойы айтылып келеді, бірақ нәтиже жоқ. Бәлкім, бұл мекемелер мықты біреулердің тікелей бизнесі шығар, сондықтан да оларды жабу мүмкін болмай отыр.
Сыныққа айтар сылтаудың бірі – мұнай бағасы дедік. Бізде мынандай бір парадокс бар, мұнай бағасы түссе де бензин құны ешқашан арзандамайды. Жақында «Мұнай бағасы арзандай ма?» деген журналистер қойған сұраққа ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев «Бензиннің бағасы бірнеше жылдан бері еркін нарықта. Ұсыныс пен сұраныстың нәтижесінде реттеліп келе жатыр. Оған қажет бензин, жанармай қоры жеткілікті. Еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарының барлығы штаттық түрде жұмыс жасап тұр» - деп жаттанды жауапты сақ еткізді. Мұндай жауапты біз жылдар бойы естіп келе жатырмыз. Реттелетін болса мұнай бағасы екі есе арзандағанда бензиннің құны неге екі есе төмендемейді? Министр өзінің не айтып тұрғанын білмейтін сияқты. АҚШ президенті Дональд Трамп «мұнай бағасының күрт төмендеуі тұтыншуыларға тиімді, өйткені бензин арзандайды» деп сүйіншілеп жатса, біздің министр бәріне жайбарақат қарап отыр. Оның себебі біреу ғана – бұл сала бір ғана монополистің қолында. Жанар-жағар май, газ саласында нарық заңы талап ететін кәсіпкерлер арасындағы бәсекелестік деген атымен жоқ, бәрі бір монополистің қолында шоғырланған, бағаны қалай көтеремін десе де өзі біледі. Ондай мықтыларға Ұлттық қауіпсіздік комитеті, прокуратура, жемқорлыққа қарсы агенттік, монополиияға қарсы комитет сияқты біздің толып жатқан құқық қорғау орындары да ештеңе істей алмайды. Қарсы шықса өз бастарына пәле табатынын біледі, үнсіз, былықты көріп тұрса да көзін жұмып қарайды. Бұл жалғыз ғана мұнай өнімдері емес, барлық салада да солай. Біздегі нарықтық бәсеке деген – біреудің бизнесі мен кәсібін тұншықтыру, тіпті тартып алу. Сол арқылы өз бизнесі жолындағы қарсыласын құрту үйреншікті жағдай. Өйткені сол бизнестің негізгі иелері қолында билігі мол лауазымдылар. Заңға қайшы болса да бүгінгі мемлекеттік лауазымды қызметте жүргендерінің кем дегенде 90 пайызының өз бизнестері бар. Оның бәрі туған-туысқаны, сенімді таныстарының атына рәсімделгендіктен бұл заңбұзушылықты дәлелдеудің өзі оңай емес. Мысалы біздегі әкімдер мен депутаттардың басым бөлігі бұрынғы бизнес өкілдері. Сонда олар бар байлығын сарқ етіп, басы бүтін халыққа тапсырып мемлекеттік қызметке келгені ме? Әрине жоқ. Ондайлар халыққа адал қызмет етудің орнына мемлекеттік лауазымын пайдаланып сол пайда әкелетін жеке кәсіпорнын қызғыштай қорғаумен ғана айналысады.
Әңгімені теңгемен бастап, мұнай, доллар, экономикаға ауысып кетуіміздің өзіндік себебі бар. Теңге тағдыры экономикамен тығыз байланысты, оның өміршеңдігі өндіріске тікелей тәуелді. Бүгінгі шикізатқа ғана негізделген экономика жағдайында теңгеміздің тұрақтылығын көреміз деу бекершілік. Халық тұтынатын тауарларды түгеліне жуығын шетелден алып жатсақ долларға табынуымыз ешқашан тоқтатылмайды. Өйткені тауарларды әлемдік айналыстағы доллармен ғана сатып аламыз. Егер сол тауарлардың бәрін өзіміздің елімізде жасап шығаратын болсақ бізге доллардың аса қажеті де болмас еді. Өкінішке орай, отыз жылда отандық өндірісті өрістете алмай қойдық, оны мойындауымыз керек. Экономика мен саясатқа шетеледердің ықпалы болғанмен бұл дағдарысқа көпшілік жағдайда өзіміз кінәліміз. Бұдан кейін төл теңгеміз құнсызданып кетті деп кінә артудың қажеті жоқ. Өзіміз егеменді ел атанғанымызбен теңгеміз тәуелсіздікке қол жеткізе алмай келеді. Түр-түсі, сапасы жағынан ешкімнен кем түспейтін теңгеміздің дамыған елдердің валютасымен қашан иық тірестірерін айту қиын. Ол үшін жоғарыда айтылған кемшіліктердің бәрін түзеп, әсіресе елімізді жайлаған жемқорлықты жою керек. Біздің қоғамда қабылданған заңдар өрескел бұзылып жататын қазіргі қалыптасқан жүйеде оны іске асыру мүмкін емес...
Зейнолла АБАЖАНОВ
qazaquni.kz