Форт-Шевченкоға Ақкетік аты қайтарылуы керек
2020 ж. 09 наурыз
4148
1
Маңғыстау облысы әкімі С.Тұрымов, Маңғыстау облыстық Мәслихатының хатшысы Н.Тұрмышев, Маңғыстау облыстық Ономастикалық комиссиясының төрағасы Қ.Жұмашев мырзалардың назарына
«Форт-Шевченко – қала. Түпқараған ауданының әкімшілік орталығы. Каспий теңізінің шығыс жағасында, облыс орталығы Ақтау қаласынан солтүстік-батысқа қарай 130 км. жерде орналасқан. Орта ғасырларда бұл жерде теңіз айлағы – Кетікқала қалашығы орналасқан. Бекініс аумағында жүргізілген археол. қазбалар нәтижесі бойынша Кетікқала қалашығы Х-ХҮ ғасырларда Еуропа мен Орталық Азияның экономикалық орталықтарымен сауда байланыстары болғанын айғақтайды. Каспий теңізінің шығыс жағалауын игеру мақсатында 1716 ж. Ресей патшасы Петр І-нің әмірімен А.Бекович-Черкасский басқарған экспедиция осы жерде алғашқы «Әулие Петр» орыс қамалының іргетасын қалады. 1846 ж. штабс-капитан М.И.Иваниннің басшылығымен Ново-Петровск бекінісі бой көтерді. 1857 жылдан бекініс маңында пайда болған қала Форт-Александровск, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Форт-Урицкий, 1939 жылдан қазіргі атымен аталады. Қаланың шетінде Қорғантас тауында қираған бекіністің қалдықтары сақталған. 1882 ж. Форт-Александровск Маңғыстау уезінің орталығы болып, 1896 ж. оған қала атағы берілді. 1850-1857 ж.ж. мұнда украинның ұлы ақыны Т.Г.Шевченко айдауда болды. 1932 ж. Шевченконың мемориалдық мұражайы ашылды (Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет).
Қазіргі тарихи еңбектер болсын, өзгесі болсын бәрі бірі-бірінің аузына түкіріп қойғандай «Бұл жердің (Түпқарағанның) әрбір сүйемі бір-бір сыр шертеді. Украин халқының ұлы перзенті Тарас Шевченко аз ғұмырының жеті жылын (1850-1857) осы жерде (Ақ Кетікте М.Қ.) айдауда өткізген» деп жазады. Атам қазақтың тілде «сүйек жоқ» дегені осы болар, жақында бір тележурналист Шевченконы, тіпті, Маңғыстауға Ресейден келген ең алғашқы «елші» деп соқты. Ақиқатында, Т.Шевченко Маңғыстауда айдауда да емес, елші де емес, ол осы жерді, яғни қазақ даласын жаулап алуға келген патша әскерінің қатарында болды. Дәлел керек болса қарайық: (куәлікке 2011 жылы Алматы баспасынан жарық көрген «Қарашаңырақ» атты кітаптың екінші басылымын тартамыз). Кітаптың «Қарашаңырақ» деген атауы ешқандай ақылға сыймайды. Бұл жерде Форт-Шевченко кімнің «қарашаңырағы» деген сұрақтың өз-өзінен туындары анық. Сонда ол кімнің «қарашаңырағы» Қазақтың ба, әлде орыстың ба? Егер ол қазақтікі болатын болса неге, Форт-Шевченко? Қазіргі қазаққа үш қайнағанда сорпасы қосылмайтын Тарас қалай Адайға кенже ұл, қарашаңырақ иесі болады. Бүкіл Маңғыстау халқының білетіні, Адам Атаның қарашаңырағы Адайда, Адайдың қарашаңырағы Мұңалда (Мұңал ошақтың сыры осы) емес пе?
Осы кітаптың 65 бетінде қала үстіне төніп тұрған құздың суреті берілген, астына «Тарас Шевченко әскери қызмет еткен зеңбірек орналасқан Кетік қыраты қала үстіне төніп тұр» деген жазба. Келесі бетінде Тарастың әскери киіммен түскен суреті. «Т.Шевченконың ескерткіші. Ақын мұражайы жанында орналасқан» деп жазылған. Бұл бейнеде ол мен «айдауда жүрмін» деп отырған жоқ, керісінше бұл жердің қожасы мен отырғаны анық байқалады. Оның бұлтартпас айғағы, үстіндегі патшалық Ресейдің «оқаланған» әскери киімі мен сұсты жүзі. Ал, Тарас пен оның жолдастары атқан зеңбірек, винтовка оғынан қанша қазақ баласы ажал құшты, ол тек қана бір Аллаға аян. Ол кезеңдерде патша әскері мен жергілікті қазақтар арасында талай қанды қырғын соғыс, қақтығыстар болған. Маңғыстау жерін жаулап алып, халқын қанды қырғынға ұшырату осы қаладағы әскери бекіністен басталған. Бекініс Маңғыстау қазақтарын өзіне тәуелді етіп, жерін отарлау үшін салынған. Әйтпесе, Ресей патшалығынан Түпқарағанға әскери бекініс салуды бірден-бір қазақ баласы сұрамағаны анық. Сондықтан мұны ақыл-есі түзу жан жоққа шығара алмайды.
Тарас – ұлы ақын. Ол көксеген Бостандық, Еркіндік, Теңдік ешқашан өз мәнін жоймақ емес. Алайда тек қана бұл бүкіл Маңғыстау халқының «қарашаңырағының есімін иелену үшін, кімде-кім мың жерден басын тасқа ұрса да» жеткіліксіз. Оның үстіне ол сөз зергері ретінде Маңғыстау және оның тұрғындары жайлы бір ауыз да қалам тартпаған. Кейбіреулер оны ақтау үшін, оған жазуға тыйым салынған деген желеуді алға тартады. Бұл шындықтың маңына да жуымайды. Әйтпесе, басқасын былай қойғанда, Таушық көмірін зерттеуге келген Антипов экспедициясына еріп бір жаз бойы, Маңғыстау даласын кезіп сурет салмаған болар еді. Оның үстіне жеті жылдан кейін «айдауы» бітіп, еліне барғаннан кейінде оның қолын ешкім ұстап отырған жоқ емес пе?
Шынында да, оның қолын еш жерде ешкім ұстаған жоқ. Ол Маңғыстау да «айдауда» жүргенде күнделік жүргізген. Оның күнделігінде: «Нағыз шөл дала. Тек қана құм және тас, шөп те, ағаш та, тіпті ештеңе жоқ» (Т.С.Досанов «Тайна Руники» Алматы-2013. 170 бет). Маңғыстау жайыеда бар жазғаны осы. Себебі, патша әскеріне қазақ баласы адам емес, жабайы аңмен парапар еді.
Тарастың жергілікті халық алдындағы жалғыз еңбегі Маңғыстаудың тау-тасының суретін салғаны. Сол тау-тастар (шыңдар) әлі сол күйі, сол орнында тұр, өзгерген ештеңесі жоқ. Қазақтардың тұрмыс салтына байланысты салған суреті «Байғұстар», «Қазақ қызы Катя», тағы бірі Қазақ әйелінің тыр-жалаңаш бейнесі. Оны кезінде белгілі ғалым Қабиболла Сыдиықов «Бұл Т.Шевченконың Қазақ тұрмысын көрсетуде ауытқуға барғанын, әдетте қазақ әйелі өзге еркектің, оның ішінде діні бөлек ер адамның алдында ашық-шашық жалаңаш отырмақ емес. Олай ету – өліммен тең, тезек терген қабы мен соңғы алашасын тепшіп кисе де, иінін жабады. Тарастың жалаңаш қазақ әйелін салған суреті соған қарағанда, сөз жоқ, жергілікті халықтың салт-тұрмысын нашар білгендігін сипаттайтын сияқты». Айдауда (узник) болса білер еді, ал басқыншы әскерге оның қажеті жоқ. Тарастың бұл әрекетінің біз білетін әділ бағасы, бүкіл қазақ жұртын және олардың аналарын табанға салып қорлау болып табылады. Есі дұрыс қазақ баласы ол заман түгілі «гендерлік» саясат қақ төрімізде тайраңдаған бүгінгі заманда да ондайға жол бермейді. Бұған басқаша түсінік бере алмайсың. Міне, Маңғыстаудың Қарашаңырағы атауына ие болған Т.Шевченконың Қазақ халқы алдындағы бар еңбегі осы.
Қайталап айтайық, Тарас Шевченконың Украина халқының ұлы ақыны екеніне дауласпаймыз. Бірақ оған құрмет өз елінде аз көрсетіліп жатқан жоқ. Ол кісі қайткенде де қазақтың «Қарашаңырағының» иесі аталатындай бұл Маңғыстауға ешқандай еңбегі сіңбегендігі де ақиқат. Оған сол қаладағы мұражайда жеткілікті.
***
«Мен жиырма жыл бойы әскери қызметте жүріп, қазақтармен болған талай соғысқа қатыстым. Бірақ, дәл мынадай көзсіз және жанкешті табандылықпен жүргізілген шабуылды көрмеп едім. Форттың тағдырын осындай бiрнеше шабуыл шешiп кетуi мүмкiн едi. Онда мұның немен аяқталатынын көзге елестетудiң өзi қорқынышты». Бұл жазбаны 1870 жылы Маңғыстаулық Адайлардың қазіргі Форт Шевченко қаласындағы орыс бекінісіне жасаған шабуылын өз көзімен көрген патшалық Ресейдің корпус офицері, топограф майор Зеленин жазып қалдырған екен.
Тарихқа үңілсек, сол бекініске Адайлар сан рет шабуыл жасаған екен. Ақыр соңында олардың жергілікті қазақтардың шабуылынан қорыққаны соншалық, әскери бекіністі жан-жағынан адам жақындай алмайтын биік шың басына апарып салуға мәжбүр болған. Ал, өздері сол қамалдан ұзап ешқайда шыға алмаған, тіпті айлап, жылдап тау басынан төменге түсе алмаған кездері де болған.
1870 жылғы патшалық Ресейге, 1930 жылғы Кеңес өкіметіне қарсы көтеріліске қатыспаған, не оған қарсы болған бірде-бір маңғыстаулық болмаған. Барлық халық түгел атқа қонған. Бұл ел түгелге дерлік қазақ халқы мен Орта Азия елдерін Ресей патшалығы түгел жаулап алған екі ғасырлық бодан кезінде де оған бағынбады, айтқанына көнбеді, айдағанына жүрмеді. Осылайша, бүкіл Қазақстан мен Орта Азия мойындаған Ресей бодандығына бас иместен Қазан төңкерісіне жетті. «Түздіктердің ең бір ержүрек тайпасы Адайлардың орыс бодандығына берілмеуі Орта Азия хандықтарын орыс отаршылдығынан 150 жыл бойы сақтап тұрды», — деп жазды Ф.Энгельс бұл туралы.
Сол соғыс турыалы ақын Светқали Нұржан ініміз былай деп, жырға қосты:
«...Сонау өткен отыз бірдің жылында,
Үстірт үсті, Самның орғыл құмында
Ту көтерді Мырзалы мен Боқмаш «хан»,
Майдан ашып бәлшебектей зұлымға.
Мендегі жел жабысып ед жатында,
Кете бардым сол ерлердің сапында.
«Елмен бол!» – деп басып берді сонда әкем
Құмай торы ат, бесатарды тақымға.
Жыршылар бар, қарайтын бар жауырын,
Байқастаймыз ел дыбысын, жау ыңын.
Хабар жетті:
«Елу-алпыс «Күпу» кеп
Басты, – деген, – Тұрман ахун ауылын!..»
Жау емінсе, сау елінде жатар ма? –
Сау етістік Самның таңы атарда!
Қырып салдық шошқаларша шыңғыртып,
Бәйбішені кергенде иттер бақанға.
Содан бастап, алағай да бұлағай,
Бұл дүбірден кім қалушы ед, сірә, жай!
Жүз жігіті түрмеде еді Адайдың,
Ақкетікке тарттық содан шыдамай.
Тура шауып құрып қойған ажалға,
Ақкетікті айналдырдық мазарға.
Қалған жағын ту-талақай қылғанмен,
Алдырмады әскері бар казарма.
Ай, сол күні кеме қаптап теңізден,
Пулемет – жүз, айырпылан сегізден,
Оқтан шашу шашты дерсің! –
Теріп жеп
Бір тойындық, басқа жұрттан неміз кем!..
От ішінде салып жүріп алысты,
Амалсыздан, қолдан бердік намысты.
Кете бардық, қанмен жуып ат жалын,
Жауға алдырып екі жүздей арысты! («Адайдың соңғы «бандасы»).
Маңғыстаулықтар Кеңес үкіметімен де қырық жыл айқасты. Х.Досмұхамедов «Адайлардың орыс отаршылдарымен араласы алақандай Форт-Шевченко қаласының аумағынан асып жарыған жоқ. ...Қазақтың Адай сияқты рулары, шындығында, орыс өкіметі Хиуа мен Түрікпенді алғаннан кейін ғана бағынды» деп жазды («Аламан», А. 1991. 409 бет). Олардың орыс мәдениетімен (ілімімен) араласқан кезеңі бар-жоғы елу жылдың айналасы. Қазақ даласы 300 жылға жуық бодандық кезінде қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын жоғалтпай сақтап қалған да осы Маңғыстау. Сондықтан да ол «360 әулиелі Киелі Маңғыстау» деп аталады. Ал біз Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл өткенімен, сол ұлы аталарымыздың жанкешті ерлігін қайталамақ түгілі, сол қаланың тарихи атауында қайтара алмай жүрміз.
Биылғы 2020 жылы: 1870 жылғы Маңғыстау халқының Орыс отаршылдығына қарсы көтеріліске шыққанына 150 жыл, Қазақ жасақтарының Ақ патшаның атаман В.С.Тостов басқарған отты қарумен мұздай қаруланған 15 000 әскерін талқандағанына – 100 жыл, 1930 жылғы Коммунистік Кеңес озбырлығына қарсы көтеріліске шыққанына 90 жыл толып отыр. Айтулы оқиғалардың осылай тоғысуы Алланың қалауы болар.
Сөз соңында айтарым, сол соғыстар да шейіт кеткен арыстарымыздың аруағын еске алып, сол қалаға АҚКЕТІК тарихи атауын қайтаруды ұсынамын.
Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы,
Маңғыстау
qazaquni.kz