Әлімхан Әбжанов: Кемпір-шалдарды сүйрей берудің арты қауіпті болуы мүмкін
2020 ж. 06 наурыз
5089
0
"Ақ жол" партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы, полковник Әлімхан Әбжанов қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің өліміне қатысты өз пікірін білдірді, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.
Ішкі істер органдарында 30 жыл қызмет еткен Әбжанов қоғам белсендісін үйінен түн ішінде алып кеткен полицейлердің әрекеті дұрыс емес деп санайды.
[caption id="attachment_110518" align="alignright" width="262"] Әлімхан Әбжанов[/caption]- Егер ол мас күйде болса, алдымен медициналық айықтыру орталығына орналастырып, сауыққаннан кейін барып ғана тергеу изоляторына қамау керек еді, - дейді ол.
Сонымен қатар, Әлімхан Әбжановтың сөзінше, көшеге шыққан халықты әкімшілік жауапкершілікке тарту да еш нәтиже көрсетпейтін әрекет.
- Билік неге халықпен сөйлеспейді? Неге бірден аяқ-қолдарын бұрап, түрмеге қамайды? Осындай сұрақтар қоғамның да, менің де көкейімде жүр. Бұл тек адамдардың наразылығын көбейте түседі. Көшеге шыққан кемпір-шалдарды сүйрей берсе, арты қауіпті болуы мүмкін. Тура осындай жағдай Шымкентте 1969 жылы болған. Бір жүргізушіні полицияға алып кеп, артынша ол айықтырушы бөлімде қайтыс болды. Кейін соған наразы болған халық, полиция мекемелерін өртеп, түрмедегі адамдарды сыртқа босатып жіберіп, жаппай тәртіпсіздіктер орын алған. Сондықтан, бұндай мәселеде өте сақ болуы керек, - деді полковник.
Еске сала кетейік, бұған дейін қоғам белсендісі Дулат Ағаділ Нұр-Сұлтан қаласындағы тергеу изоляторында қайтыс болған болатын. Бұл іс қоғам ішінде үлкен наразылық тудырды.
Ағаділдің өліміне қатысты “Ақ жол” Демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев Нұр-Сұлтан қаласының прокуроры Б.Мырзакеровке белсенді өлімінің себептерін анықтауды сұрап хат жолдаған еді.
Бұл мәселеге қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз пікірін білдірді.
Аталмыш іске қатысты белгілі ақын Қазыбек Иса да үн қатып, "ПОЛИЦИЯ БІЗДІ ҚОРҒАЙ МА, ҚОРЛАЙ МА, МИНИСТР ТҰРҒЫМБАЕВ МЫРЗА?!." атты мақала жазған болатын.