Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Алғыс айту күнімен құттықтады
2020 ж. 01 наурыз
1586
0
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Алғыс айту күнімен құттықтады. Президенттің құттықтауы Ақорда сайтында жарияланды.
***
Құрметті қазақстандықтар!
Баршаңызды Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Елбасы белгілеген бұл мейрам – өзара құрмет пен сенімнің, мейірім мен ізгіліктің мерекесі.
Қазақ жұрты қиын-қыстау кезеңде амалсыз қоныс аударған миллиондаған адамның құтты мекеніне айналды. Олардың өздері де, ұрпақтары да жерімізден пана тауып, өсіп-өніп, Қазақстанның дамуына зор үлес қосты.
Бұл күні біз елді өркендететін тату тіршілік пен жарасымды сыйластық жолындағы ниетіміздің тоғысқаны үшін бір-бірімізге алғыс айтамыз.
Тәуелсіздік кезеңіндегі табыстарға береке-бірліктің арқасында ғана қол жеткіздік. Бұл – егемен еліміздің баға жетпес байлығы.
Сондықтан бұл қастерлі құндылықтар әрдайым айнымас темірқазығымыз болып қала береді. Ішкі саяси тұрақтылық – әрбір қазақстандықтың зор жауапкершілік пен белсенділік танытуының нәтижесі.
Еліміздің барлық азаматтарына Қазақстанды дамытуға қосқан өлшеусіз үлесі үшін шынайы ризашылығымды білдіремін.
Әр отбасына амандық пен игілік тілеймін!