Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстанда тұратын барлық этнос шын мәнінде бір ұлт саналады
2020 ж. 29 ақпан
1898
0
Қазақстанда тұрып жатқан барлық ұлттар, этникалық топтар шындығына келгенде бір ұлт саналады. Бұл жайында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев informburo.kz ақпараттық-сараптамалық порталына берген эксклюзивті сұхбатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ертең, 1 наурызда Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барамын. Қордай ауданының қазақтар мен дүнгендер тұратын ауылдарының тұрғындарымен кездесуді жоспарлап отырмын. Біз ұлтаралық, этносаралық қарым-қатынас мәселесіндегі амалдарымызды қайта ой елегінен өткізуге тиісті екендігіміз сөзсіз. Қазақстан достық пен келісім аумағы болды және болып та қала береді. Біздің ұранымыз: сан алуандықтағы бірлік. Осы жерде тұрып жатқан барлық ұлттар, этникалық топтар шындығына келгенде бір ұлт саналады. Шетелді бізді «қазақтар« деп біледі. Өйткені, біздің мемлекетіміздің атауы дәл осы сөзден астасып жатыр», - деді ҚР Президенті.
Мемлекет басшысы Қазақстанда тұрақты тұратын әрбір этностың өзіндік ерекшелігіне нұқсан келтірмеуі тиістігін баса айтты.
«Олардың барлығы өздерінің тілдерін оқып, қолдануға, мәдениеттерін дамытып, әдет- ғұрыптарын сақтауға құқылары бар және болып та қала береді. Бұған қоса, қазақ тілі де жедел дамуы тиіс. Ол болашақта шын мәнінде ұлтаралық байланыс тіліне айналуы тиіс. Бізге әлемдік ғылым мен мәдениет біліміне жол ашқан орыс тілінің тарихи мәнін төмендетіп отырғаным жоқ. Қазақстан тұрғындары оны жоғары деңгейде білуі тиіс. Мұның бізге тек пайдасы бар», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.